АБЫРОЙЫҢА ҚҰЛ БОЛ!

АБЫРОЙЫҢА ҚҰЛ БОЛ!

(Репутация хақында)

Кім болсаңыз да, қандай жағдайда да жүрсеңіз де қадір-қасиетті жоғалтпау, ардан аттамау өзіңізге ғана байланысты. Адам болмысын, жаратылысын ешкімнен жасыра алмайды. Сондықтан туа біткен қасиет пен болмыс қағазға хатталып, мөр басылған мінездемеден әлдеқайда шынайы. Қарақан басын ойлаған жан өз мінезі мен халық мінезінің байланысын, парқын ажырата алмайды. Ал ұлт дәстүрін, ата-ана тәрбиесін, ұрпақ болашағын ойлаған адам жақсы аты үшін қам жейді. Осы ретте “Еркіңе би болсаң да, абыройыңа құл бол!” деген халық нақылы тегін айтылмаса керек.  

Советтік аума-төкпе заманда, байырғы дәстүрімізді бұзып алғанымыз өкінішті-ақ. Бұған ұстыны мортыққан, айнымалы қоғам ғана емес, баршамыз кінәліміз. Әуелі отбасын лайықты бағып-күтпеген ата-ана, шәкіртіне жүйелі тәлім бермеген ұстаз, бауырынан қол үзген ағайын, қауымын тексізге талатқан ел ағасы, иманға ұйыта алмаған молда, шалағай оқыған маман, адасқан шөре-шөре ұрпақ -  бәрі көз алдымызда жүріп жатты. Орындалмаған парыз, қызына тыйым салмаған қырық үй - қауым, еңбексіз болдырған еріншек, жегі құрттай жабысқан жұмыссыздық, кәсіпке мойын бұрғызбаған кісәпірлік, іспен қабыспайтын сөзбұйдалық, кез-келген ортаны қырық пышақ ететін қыңырлық, араша сұрайтын арыз, сұраншақтық пен жапатармағай қарыз көз үйренген қалыпты жағдайға айналды. Сайып келгенде, осының баршасы қоғамымыздың дамуын, мәдениетіміздің өрістеуін тежеп келеді.

“Беті ашылып кеткендер” тұрмыс тауқыметіне шыдай алмай, ар-ұяттың пердесін ысырып қойып, үлкен-кішінің көзінше оғаш мінез, ерсі қылық танытып, бейпіл сөзді қарша борататындар шықты. Көптің басы қосылған жиындарда бетің бар, жүзің бар деместен ожарлық, оспадарлық жасауды өжеттікке, батылдыққа балайтындар пайда болды. Онысын сыбайласы таспаға түсіріп, жерден жеті қоян тапқандай әлеуметтік желіге жариялап жатты. Сонда көрер көзге түрпі, естір құлаққа ерсі қылықтан, кикілжіңнен, ұрыс-керістен кімге пайда? Өзгенің абыройын төгуі өзіне опа бола қояр ма екен? 

Әдетте, ұлтымыз кісіні тыңдай білуді, сабыр сақтауды, жөн сөзге тоқтауды - сыпайылық, әдептілік, мәдениеттілік үлгі-өнегесі деп санаған. Қандай да бір дау-шарды шешу барысында ел естияр, егде адамының, ақсақалдың пікіріне құлақ асып жүгінген, әділ төрелікке мойын ұсынған. Өйткені, көңілге түскен кірбіңнің кететінін, ал сүйекке жабысқан таңба ұрпақтан ұрпаққа жететінін ескерген. Оның үстіне “жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық” деген даналық бар. Бұл әрбір отағасын жақсылық жасауға үндейді деп ойлаймыз. Әкенің кез-келген іс-әрекеті, амалы бала-шағасының алдынан шығатынын ұмытпаған жөн. Жазушы Ғабит Мүсіреповтің “Жақсы атағың алдыңда жүреді, жаман атағың артыңда жүреді” дегенінде терең ой жатыр.

Замандастарымыз опық жеп, күйінбес үшін он ойланып, жүз толғанып шешім қабылдаудың орнына, менмендікке бой алдырып, заңсыз, арсыз әрекетке барады. Ертеңгі күніне бас қатырмайтын бүгіншілдер әдепті ұмытып, құлқынға ерік беріп, заңды белден басады. 

Мынандай ескіден қалған есті сөз - имани әпсана еске түседі.

“Отағасы үйінен шығып бара жатқанда әйелі мен қызы: 

”Харам табыстан сақ болыңыз. Біз аштық пен тоқтыққа сабыр ете аламыз. Бірақ тозаққа сабыр ете алмаймыз”, - дейтін көрінеді.

Өкінішке қарай, соңғы кезде мемлекеттік, қоғамдық қызметтің әр түрлі деңгейінде жемқорлық азаймай, өршіп барады. Әшкереленіп, жазаға кесіліп жатса да қылмыскерлер әріптесінен, достарынан, көрші-қолаңынан, жалпы халықтан қымсынбайтын болды. Қоғамды алаңдатып отырған құбылысты қалай түсіндіруге болады? 

Өскен ортасын, алтын ұясын, сүттей ұйыған ұжымын ұяттан безген, не абыройдан жұрдай адам ғана бүлдіреді. Мұндай алаяқты, ашкөзді, тойымсызды атам қазақ бір сөзбен "арсыз" деген. Адамның жақсы атына (репутациясы) сөз ерсе, одан құтылу қиын. Қазақ ондайдан “сүйекке таңба” деп шошынған. Бұл - халық қасиетіне ауыр сын. 

Жалпы, қоғамда атадан балаға мирас жақсы атты сақтап қалу - зор жауапкершілік, айрықша аманат. Кісінің абырой-атағы, жақсы аты -  аса қымбат дүние. Бұл - үлкен әдептің көрінісі, ар-ұятқа байлаулы ұғым, ішкі мәдениеттің мәйегі, адамшылық жолы.

Ол адамның отбасына, Отанына қатысты өмірлік ұстанымынан, жеке қадір-қасиетінен, азаматтығынан, шешімді қадамынан, қарапайым да жүйелі әрекетінен, қағидатшыл ұстанымынан тұрады. Сол арқылы  жақсы ат көпке жайылады, танымалдығы артады. Ол жөнінде көпшіліктің ортақ пікірі қалыптасады. Ал бүкіл әлемде, соның ішінде біздің қоғамда талай құндылық өзгеріске ұшырап жатқанда абыройдың қадіріне жету мен оны сақтау мен бағалау - адамдық өлшемі болып қала бермек. Осы шартқа сай адамдар бар салада да бағы жанып, жолы ашылатыны сөзсіз. Абырой арқалау мақсат емес, адамшылық - мақсат. Бұған өнегелі тұлғалардың өмірі, сіңірген еңбегі, қалдырған ізі куә.

Ғұлама Журайри: “Адамдар исламның алғашқы ғасырында дінмен мәміле жасады. Екінші ғасырда дін әлсіреді де, ұжданмен мәміле жасады. Үшінші ғасырда ұждан жойылды да, әдеппен мәміле жасады. Соңында әдеп те жоғалып, уағыз тек тілде ғана қалды” деген екен.

Жұртқа қадірлі жақсылардың абыройы, қасиеті құрғақ айтылып қана қоймай, ұрпақпен сабақтастық тауып, бүгін жалғасын тапса, бұл - елдік іс. Жақсымен бір жүрсеңіз, өнегесін сіңіресіз. Ортада сый-құрметке бөлейтін қасиет - азаматтың дақ түспеген абыройы. Шәкәрім қажы: 

“Ақ жүрек пен таза ақыл, қылсаң адал еңбек, Бәрінен де сол мақұл артқыға жол бермек!” - дейді. Осы өсиет - абырой мен ар-намысты, жақсы атақ пен іскерлік беделді қорғау мен қолдаудың жөн-жобасы, кепілі деп ойлаймыз.

 

Дархан МЫҢБАЙ

Дархан МЫҢБАЙ, ФБ парақшасынан
25.04.2023

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 867
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6936
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10772
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7006
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7146