Адалдан тапқан тиынды сал да сақта қапшыққа

Адалдан тапқан тиынды  сал да сақта қапшыққа

Ақша туралы әңгіме әңгімелердің ішіндегі ең қызықтысы. Өйткені біз қазір нарық заманында өмір сүрудеміз. Дегенмен баяғы көзқарастан арыла алар емеспіз. Ақшаға деген түсінігіміз әлі де ала-құла. Көпшілігіміз «Аса байлық не керек, ден сау болса, болғаны-ай» деп, қамсыз әндетіп айтатын ойсыз өлеңнің жетегіндеміз. Ақша жөнінде сөз қозғауды ұят санайтынымыз бар. Неге өйтетінімізді түсіндіре де алмаймыз. «Мәселе ақшада емес» деп жақауратамыз. «Ақша деген не?» деген сауалға, «Ақша – қолдың кірі» деп жауап беретіндер кездеседі. «Сол кірден аздап берші» десең, ойланып қалады. Бергісі келмейді. «Демек, ақша қолдың кірі емес, ол маңдай тердің өтеуі»  десең, бұл ойыңа ол салған жерден келісе кетеді. Өйткені қазір маңдай тердің өтеуі тым қымбат екенін халық жақсы түсінеді.

 

Абайдың салиқалы кеңесі

Байлық, денсаулық туралы бұрынғы өткен есті шалдардың өсиет сөздерінен өмірдің шын пәлсапасын ұғасың. «Түстік өмірің қалса, кештік қор жина», «Үш күндігін ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без», «Тарта жесең, тай қалар, қоя жесең, қой қалар, қоймай жесең не қалар?» дейді олар.  Осы ақыл социализмнен капиталистік қоғамға ауысқан қазаққа аса қажет-ақ. 

Осыған байланысты өз басымнан өткен жайды айтайын. 2000 жылы мен жұмыс істейтін «Ана тілі» газеті қаржы жағынан қиындыққа ұшырап, шығу-шықпауы екіталай болып қалды. Журналистердің бірсыпырасы өзге басылымдарға ауыса бастады. Мен болсам, барар жер, басар тауым болмағандықтан, таксиші болып кеттім. 

Бірде таксиге мінген ұлты орыс әйел: «Әрбір табысыңның он пайызын «черный день» үшін банкке жина. Жиырма мың теңге жалақыға өмір сүрген адам, он сегіз мың теңгеге де өмір сүре алады» деп ұлына ақыл айтып келе жатты. Оның бұл кеңесі рөлде отырған маған қатты ұнасын. Ұнайтын себебі менің басыма бұрын-соңды мұндай тамаша ой ұялап көрмепті. Сол сәттен бастап тапқан табысымның он пайызын үш литрлік банкіге сала бастадым. Бірақ әлгі әйел айтқандай «черный день» үшін емес, жарқын болашаққа арнап. Айтпақшы, ақшаны не мақсатқа арнап жинасаң, соған жұмсайды екенсің. Оған кейін, арада төрт жыл өткен соң әлгі жиған ақшама ескі баспанамның жанынан шағын ғана екі қабатты үй тұрғызғанымда көзім жетті.

Осы арада бір кемшілігім мен бір жетістігімді айта кетейін. Кемшілігім – сол жылдары банк депозиті дегенді білмей, инфляция туралы ойламай, ақшаны үш литрлік банкіге жинағаным. Ал жетістігім – не де болса жинауға кіріскенім. Ақша жинауға деген құлшыныс табыстың молаюына жол ашады екен. Табысты болуға деген ізденісті оятып, ақшаны тиімді жұмсауға, үнемшілдікке үйретеді екен.      

Бұл менің отыздан асқан кезім еді. Бұған дейін табыстың талайын көрген екенмін, көбін де, азын да. Бірақ аз тауып кедейшілік кешпеппін, көп тауып байып кетпеппін. Тұрмысым сол баяғыша қоңырқай қалпынан өзгермепті. Кейін түсіндім, бұл менің қаржылық сауатсыздығымнан екен. Оны да араға он шақты жыл салып «Самый богатый человек в Вавилоне» атты және осы тақылеттес кітаптарды оқығанда ұқтым.

Менің басымдағы осы кепті данышпан ақын Абай Құнанбайұлы әлдеқашан-ақ айтып кеткен екен.

Қуанбаңдар жастыққа,

Елірме күлкі, мастыққа.

Көзің қайдан жетеді

Достық пенен қастыққа?

Жастыққа қуанба, мастыққа елірме, қарттық деген кезең келер, бұл өмірде жақсылық қанша көп болса, жамандық та сонша аз болмас, соған қамдан, қыстың қамын жаз ойла дейді. Сондықтан:

Адалдан тапқан тиынды

Сал да сақта қапшыққа, – деп нақты кеңес айтыпты. 

Беталды жанға бой салма,

Қорлық жүрмес сақтыққа.

Елу бесте біз-дағы

Сенісер адам таптық па? – деп, сақтансаң қор болмассың дей келе, өзінің де өмірлік тәжірибесін өкінішпен сөз етеді. Сөзін түйіндеп былай дейді:

Арсыз құмар болғандар

Опыр-топыр, шақ-шұққа

Түспей жүр ме, көрдің бе,

Жалаң-жұлаң, тақ-тұққа?

Ойсыз, қамсыз адам ақыр соңында тақ-тұқ кедейліктің кебін киер деп, өмірлік пәлсапа айтады.

Егер Абай осы қазір өмір сүрген болса, адалдан тапқан тиынды қапшыққа салып сақта демес еді, сақтайтын жердің атын атап, түсін түстеп берер еді. 

Қазіргі адамдар қор жинаудың қажетін білмейді емес, бірақ сонысын қайда сақтау жағына келгенде көбі мүдіріп қалатыны рас. Қаржыны тек қаржылық құрылымдарға (инструменттерде) салған жөн екенін менің де түсінгенім кейін. 

Дүниежүзі бойынша сондай бірнеше қаржылық құрылымдар қалыптасқан. Олар – банк депозиті, жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті түрде өмірді сақтандыру, құнды қағаздар нарығы. Қаржылық құрылымдарға салған ақша активке, салымшы инвесторға айналады. Активке айналу деген сөз – ақшаның жұмыс істеп, пассив табыс табуы. Екіншіден, салынған ақша тікелей өндіріске жұмыс істей бастайды. Содан келіп өндіріс дамиды. Өндіріс дамыса, жұмыссыздық кемиді. Экономика жанданады. Егер Қазақстан азаматтарының барлығы қолда бар ақшасын осы құрылымдарда ұстаса, кішкентай-кішкентай миллиондаған отандық инвестор пайда болған болар еді. Сол миллиондаған кішкентай инвесторлар жиналып келгенде анау-мынау шетелдік инвестицияны жолда қалдырар еді. Ал қазіргі жағдайымыз керісінше болып тұр, өзіміз инвестор болудың орнына, шетел инвестициясына тәуелдіміз. Бір данагөй айтыпты: «Сырттың инвестициясына тәуелді ел оңбайды» деп. 

 

Пассив табыс деген не?

Пассив табыс жоспарлы экономикаға негізделген социалистік қоғамға  жат түсінік еді. Сол себептен табыстың бұл түрі жалпылық сипатқа ие бола алмады. Пассив табыс деген ақшаның жұмыс істеуінен туындайды. Екінші бір жағдайда, бұны бір заманда жасаған еңбегіңнің енді өзіңнің қатысуыңсыз жылдар бойы түсім түсіріп тұруы деп түсіндіруге болады. Ондай табысқа кезінде сазгерлер, жазушылар және сондай интеллектуальды адамдар ие болған. Мәселен, жазушыларға кітабы қайталап басылған сайын қаламақы төленіп тұрған. Былайғы жұрт ондай табыстан мақұрым еді. Нарықтық экономика заңы енді осы табысты кез келген адамға ұсынып отыр. Соны енді әрбір адам пайдалана алады. 

Кейбіреу пассив табысты көлденең табыс деп қазақшалайды екен. Бұл дұрыс аударма емес. Қазақта көлденең табыс деген түсінік бұрыннан бар, бірақ ол күтпеген жерден олжаға кенелу (жолдан бірдеңе тауып алу сияқты) немесе пара алу дегенді білдіреді. Қазақ бұндай зиянкес түсініктен тезірек арылғаны жөн. Ол үшін заңды түрде пассив табысқа ие болуды ойласын. Пассив табыс – адал табыс.

Әңгіме теңгені қаржылық құрылымдарда салып жинау жайында еді ғой. Өмірді ерікті түрде сақтандыру осындай құрылымның бірі. Дамыған шетелдерде өмірін ерікті түрде сақтандырмаған адам болмайды. Біздің елде бұл жаппай үрдіс ала алмай тұр. Әйтпесе сақтандырудың осы түрі басқасынан айрықша ерекше, сондықтан ол ел азаматтарының әрбіріне керек. Бұнда өміріңді сақтандырумен бірге, жарқын болашағың үшін қаржы жинақтау мүмкіндігіне ие боласың. Әрі бұны ерте бастаған тиімді.

Біз бәріміз де бала-шағамыздың болашағын ойлаймыз. Олардың білім алуын, азамат болып жетілуін қалаймыз. Алайда өмірде пенденің қалауы бола бере ме? Адам еңбекке жарамсыз болып қалуы мүмкін, тіпті өмірден өтіп кетуі де кәдік. Ондай жағдайда жас баласының жайы не болмақ? Міне, өмірді ерікті түрде сақтандыру осындай қиындыққа ұшырап қалған жағдайда көмекке келеді. Әрине, ондайдың беті әрмен ғой. Бірақ жаман айтпай, жақсы жоқ емес пе? Өлім-жітімді айтпағанның өзінде әрбір адам ертеңгі қарттық өмірін мемлекеттің мойнына артып қоймай, ерте бастан өзі ойлауы керек. 

 

Өміріңді қалай сақтандыруға болады?

Он сегіз жасқа толғаннан бастап әрбір жас азамат өз өмірін ерікті түрде сақтандыра алады. Бұны медициналық міндетті сақтандырумен шатыстырмау керек. Ол басқа нәрсе. 

Өмірді ерікті түрде сақтандыру қалай жұмыс істейді? Әркім өзі қалаған мерзімді таңдайды. Мысал үшін айтайын, 25 жастағы адам 55 жасқа дейін деп ойлап, өмірін 30 жыл мерзімге, 35 жастағы адам 20 жыл мерзімге, 40 жастағы адам 15 жыл немесе 10 жыл мерзімге сақтандыра алады. Қатып қалған ештеңе жоқ, мерзім көлемін әркім өзі шешеді. Сақтандыру жарнасының мөлшерін де өзі белгілейді. Сөйтіп жыл сайын белгілі бір көлемде ақша салып отырады. Айталық, жылдық жарна 240 000 теңге (немесе одан азырақ, не көбірек) деп алайық. Бұл соманы ай сайын, тоқсан сайын, бөліп-бөліп құйып отыруға болады. Сонда 30 жылдық мерзімді таңдаған адам (240 000 тг × 30 жыл) өмірін 7 200 000 теңгеге сақтандырған болып шығады. Егер сақтандырылған адам осы екі арада бақилық боп кеткен жағдайда, келісімшартта көрсетілген осы сома баласына қолма-қол төленеді. Ал егер ол адам 30 жылын аман-сау өткеріп, өзі ойлаған 55 жасқа жетсе, өзінің салған ақшасы (7 200 000 тг) пассив табысымен, яғни өсімімен қоса қайтарылады. Бұл енді өзі салған ақшадан бірнеше есе көп қаражат. Осынша ақшасы бар адам одан кейін жұмысын жеңілдетуге, қажет етсе зейнетке шығып кетуге мүмкіндік алады. 

Өмірді ерікті сақтандырудың қарапайым схемасы – осы. Бұған қоса адам ауырып қалуы немесе жазатайым оқиғаларға тап болып, қол- аяғын сындырып алуы, сөйтіп мүгедек болып қалуы әбден мүмкін. Ондай жағдайда емдеу шығындары өтеледі. Жазатайым жағдайға ұшырамай, аман-сау болса, сақтандыру жарнасы сақтандырылған адамға мерзімі аяқталған соң еселеп қайтады. Ол адам оны қартайғанда зейнетақы ретінде пайдалана алады.

Сақтандыру компаниялары бұдан басқа да түрлі-түрлі бағдарламаларды қамтиды. Адамның тұрмыс салтының дамуына сай оның түрлері де көбейіп келеді. Соның бірі «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі» деп аталады. Қысқаша айтқанда, бұл бағдарламада ата-ананың өмірін сақтандыра отырып, баланың оқуына төленетін қаржы жинақталады.

Қазақстан нарығында өмірді және инвестицияларды қатар сақтандыратын бағдарлама да пайда болды. Бұның да мәнісі зор. 

Ең бастысы сақтандырудың бұл түрінде салынған ақшаның күйіп кетуі деген болмайды. Қайта еселеп қайтады. Оның үстіне одан тапқан табысқа салық салынбайды. Демек, мемлекет сақтандырудың осы түрін дамытуға мүдделі.

Елімізде өмірді ерікті түрде сақтандырумен айналысатын тоғыз компания бар. Олардың негізгі бағыты бір, ал бағдарламалары мен шарттары әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан ыссылай қаппай, зерттеп, саралап, мәселенің ұңғұл-шұңғылымен алдын ала танысып алған дұрыс. 

Егер құнды қағаздар сатып алу ақша жинақтаумен, сол арқылы пассив табыс табумен шектелсе, өмірді ерікті түрде сақтандыруда бұның екеуімен қоса, аты айтып тұрғандай, адам өмірі сақтандырылады.

Бұл екеуіне де салынған ақша елдегі өндірісті дамытуға тікелей жұмсалатынын тағы бір еске сала кеткен артық емес. Өндірістің табысы артуы –  пассив табыстың да молаюының кепілі. Сонда осы қаржы құрылымдарына ақша салған әрбір адам өзінің болашағын қамтамасыз етумен қатар, мемлекеттің отандық бір-бір кішкентай инвесторына айналады.

Ал егер бұл қаржы құрылымдарына сенбеген адам ақшасын баяғы мен сияқты үш литрлік банкіге сақтай берсін. Онда оның ақшасын инфляция жей бастайды. Биылғы наурыз айында инфляция 18.1% болды. Демек қозғалыссыз тұрған ақша бір жылда соншалық көлемде құнсызданады деген сөз.

Ал табысы аз адам  не  істеуі  керек?  Ол    баяғы «сананы тұрмыс билейді» деген тәмсілден қашып, тұрмысты санаға билетсе, алынбас асу болмайды.

 

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ, жазушы
29.05.2023

Ұқсас жаңалықтар

ҚҰНАНБАЙДЫҢ ТӨРТ ҒИБРАТЫ…
Марфуға ШАПИЯН Online Qazaqstan - 06.05.2024 1
«ӘСКЕРГЕ БАРУ – АЗАМАТТЫҚ БОРЫШЫҢ!»
Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы - 06.05.2024 32
Көп тыңда. Аз сөйле
(с) Бауыржан Момышұлы - 06.05.2024 6
ЖЕТІСАЙДА ШЕКАРАШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 05.05.2024 27
Экологиялық акция жалғасып келеді
«Aq jol» газетінің тілшілер тобы - 05.05.2024 18

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1272
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7319
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11186
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7377
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7526