«Адам ағзасын ауыстыруға рұқсат бермеу керек » дейді халық. Неге?

«Адам ағзасын ауыстыруға рұқсат бермеу керек » дейді халық. Неге?

Жақыннан бері еліміздегі нәзік тақырыптардың бірі көптің көңілін аудара бастады. Негізінде, аты да, маңыздылығы да естіген жанды елең еткізетін трансплантация, мәйіт донорлығы мәселесін дәрігерлер талай жылдан бері ортаға қойып келе жатқан еді. Ал осы өзекті тақырып жақында қайта көтерілді.

Жәмішевтің жанайқайы

2024 жылы 15 қаңтар күні ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-де «Қазақстан халқына» Қорының төрағасы Болат Жәмішев БАҚ өкілдері алдында баспасөз мәслихатын өткізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің бастамасымен құрылған Қордың бір мақсаты «Қазақстан Республикасының халқына денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларында мемлекеттік қолдау шараларынан тыс қосымша қамтамасыз ету мәселелері бойынша қайырымдылық көмек көрсету» еді. Қор жетекшісі Болат Бидахметұлы аталмыш қордың істеген жұмыстары, қаржы көздері мен болашақ жоспарлары туралы баяндай келе денсаулық сақтау саласына айрықша тоқталып өтті.

«С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ университеттік клиникасында 2023 жылдың мамырынан желтоқсанына дейін мүйізді қабықты трансплантациялау бойынша 93 ота жасалды. Шұғыл қасаң қабықты трансплантациялауды қажет ететін 304 пациент трансплантация арқылы көру қабілетін қалпына келтіре алды. Қазақстанда донорлық материалдың тапшылығына байланысты қасаң қабықтарды тасымалдау АҚШ-та жүзеге асырылады. Жобаның бюджеті – 374 млн теңге.

Дәрігерлер қордың ақшасы қажет емес дейді. Біздің елде мәйіт донорлығы қайтадан іске қосылуы үшін заңды өзгерту керек. Біз Үкімет пен жұртшылықты трансплантация, мәйіт донорлығы туралы заңның өзгеруіне итермелеу үшін Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, тиісті конференция өткіздік. Біздің ел осыған байланысты рейтингтің ең төменгі деңгейіне түсіп кетті. 4 мың адамға ағзаларды шұғыл трансплантациялау қажет», – деді Болат Жәмішев.

 

Министрдің ағзасын алуға болады

Осы сөз БАҚ беттерінде жариялана салысымен журналистер қауымы біраз ізденістер жасаған еді. Арада бірер күн өткенде Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың тілшілерге берген жауабы тарала бастады. Мәжілісте өткен жиналысқа қатысуға келген министр ханым журналистер алдында ағза көшіру мәселесіне байланысты сұрақтарға жауап берген. Министр ханымның айтқандарын сараптағанда мынадай қорытынды шықты. «Қоғамдық денсаулық сақтау туралы» кодексте келісім презумпциясы деген ұғым бар. Бұл көзі тірісінде ағзасын алуға тыйым салмаған әрбір дені сау қазақстандық қайтыс болғаннан кейін әлеуетті донор ретінде қарастырылатынын білдіреді. Бірақ ағзаны алу жұбайының жазбаша келісімі немесе қайтыс болған адамның жақын туыстарының келісімімен ғана жүзеге асырылады. Бұл туралы кең көлемде ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Халықтың пікірін білу, олардың дайын екенін түсіну үшін Денсаулық сақтау министрлігінде электрон тізілім бар, eGov арқылы кез келген адам өз пікірін еркін білдіре алады. Бүгінде 40 мың адам өз тілегін білдірсе, оның 15 пайызы тірі науқастарды құтқару үшін ағзасын беруге келісті.

Журналистер министрден: «Қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісесіз бе?» – деп сұрады. 

«Келісемін, тілегімді білдірдім», – деді Ажар Ғиният.

 

Халық қарсы пікір білдіруде

Осы сөздер сайттарда тарала салысымен әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға ұласып кетті. Біз әртүрлі парақшаларда жүріп жатқан талас-тартыстардың біразын сүзіп шықтық. Өкінішке қарай, пікір білдірушілердің арасында ағзаларын зәру болып отырған науқастарға донор ретінде беруге келісетіндердің қарасы аз көрінді. Бұлардың арасында нақты себептерін айтпастан қарсы екендіктерін білдірушілер көп. Ал келесі бір топ адам өз қарсылықтарының басты себебін қоғамның әр саласын жайлап кеткен сыбайлас жемқорлықпен байланыстырып отыр.

Жүздеген адамдардың жазған пікірін сараптап көргенде мынадай уәжге тоқтайтындығын байқадық. Алда-жалда мәйіт донорлығы туралы заң күшіне еніп, дәрігерлер, нақты өсиеті немесе жазбаша келісімі болмаған адамның туыстарының немесе заңды өкілінің келісімінсіз, марқұмның жарамды деген ағзаларын қалағанынша алуларына ерік берілетін болса, мұның аяғы бірден бизнеске айналып кетуі мүмкін көрінеді... Себебі біздің елде ақшаға құныққан адамдар барлық салада бар. Оның үстіне бұл ағзалар алыс-жақын шетелдерге де саудаланып кетуі ғажап емес. Өйткені Қазақстандағы трансплантология орталықтарындағы баға біршама арзан болғандықтан, сонау Германиядан, Израильдан науқастар келіп, емделіп қайтады дегенді дәрігерлер теледидардан мақтанышпен айтып жатыр. Сондықтан ақшаға құныққан дәрігерлердің «запчасти саудасына» жол беретін заңды қабылдауға қазір ерте дейді олар.

 

Шетелдерде қалай жүзеге асуда?

Іргемізде жатқан Ресей елінде 2022 жылдың 1 мамырында ағза донорлығы мен трансплантация ережелерін өзгерткен заң жобасы қабылданған екен. Бұрынғы қолданыстағы заңның ішінара тармақтарына енгізілген өзгерістер 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қолданысқа енген. Мұнда көрсетілген «Адам ағзаларын және (немесе) тіндерін трансплантациялау туралы» Заңның 1-бабында трансплантацияға тек тірі донордың келісімімен ғана жол берілетіні және реципиент, сондай-ақ хирургиялық операцияларды жүргізудің жалпы ережелеріне сәйкес медициналық көрсеткіштер негізінде болатындығы айтылыпты.

Оңтүстікте жатқан көршіміз Өзбекстанда бүйрек пен бауырға жасалатын трансплантацияда ең алдымен науқастың туыстары қарастырылады екен. Яғни жақын туыстарын ажалдан арашалап қалу үшін бір бүйрегін немесе бауырының бір бөлігін бере алады. Ал жүрек трансплантациясын жүргізу мәселесі қазір талқылану үстінде көрінеді.

Әлемде адам ағзаларын саудалау жағынан соңғы 20 жылдың көлемінде алдыңғы орынға шыққан Қытай елінде, адам ағзаларының бағасы қымбатқа түседі. Әдетте олардың келу қайнары туралы ашық мәліметтер көп айтыла бермейді. Осыдан 5-6 жыл бұрын Қытайға барып бүйрегін алмастырып қайтқан әлдебір танысымыздан «ауыр қылмыс жасап, өлім жазасына кесілген адамдардың ағзаларын сұраусыз пайдалануға болады екен» дегенді естігеніміз бар еді... Мұнан сырт өз еркімен бүйрегін сатуға келісімдерін беретіндер де көптеп кездеседі екен. Соңғы 10 жылдың көлемінде бұл мәселе туралы халықаралық тұрғыда Бейжіңге қарата түрлі ақпараттық шабуылдар мен сындар көп айтыла бастаған болатын. 

2023 жылы қазанда Қытайдың орталық үкіметі «Адам ағзаларының донорлығы және трансплантациясы ережелерін» бекітті. Аталмыш ережеде адам ағзаларының донорлығы мен трансплантациясын реттеу, медициналық көмектің сапасын қамтамасыз ету, адам денсаулығын қорғау, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, негізгі әлеуметтік құндылықтарды насихаттау мақсатында әзірленген ережесінде құзырлы мекемелердің қатаң бақылауы астында ғана жүргізілетіндігі баса айтылыпты. Бұл ережелердің бірінші бөлігі құқықтық негіздерді реттейтін болса, екінші бөлігінде нақты шешімдер қарастырылған. Мысалы 8-бапта: «Адам ағзаларының донорлығы еріктілік және ақысыз принципті ұстануға тиіс. Азаматтардың адам ағзаларын донорлыққа беруге немесе бермеуге құқығы бар; ешбір ұйым немесе жеке тұлға басқаларды адам ағзаларын донорлыққа мәжбүрлей алмайды, алдай алмайды немесе итермелей алмайды», – деп көрсетіліпті. 

Ережені қысқаша түйіндейтін болсақ, мынадай қорытынды шығады. Ағзасын беруді қалайтын азаматтар жазбаша түрде келісім беруі керек немесе өсиет қалдыра алады. Азаматтар өздерінің ағзаларын донорлыққа беруге ниет білдіруден бас тартуға құқылы. Ал көзі тірісінде келіспейтіндігін білдірсе, ешбір ұйым немесе жеке тұлға қайтыс болған адамның дене мүшелерін алуға құқығы жоқ. Ешбір ұйым немесе жеке тұлға трансплантациялау үшін 18 жасқа толмаған азаматтардан тірі ағзаларды ала алмайды. Осы қатарда «Мемлекет мәйіт мүшелерінің донорлығын қолдайды», – деп көрсетіліпті.

Адам ағзаларын трансплантациялау мәселесі әр елде әртүрлі құқықтық нормалармен реттелген. Жалпылай қарастырғанда көбінесе Батыс елдеріндегі азаматтардың белсенділігі біршама жоғары деуге болатындай. Органдарды донорлық және трансплантациялау жөніндегі халықаралық ұйымның (International Registry on Organ Donation and Transplantation, IRODT) 2022 жылғы дерегінде, қайтыс болғаннан кейін ағзаларын пайдалануға келісім беретін азаматтар тұратын мемлекеттердің тізімін жариялаған. Мұнда 1-орында Испания, екінші АҚШ, үшінші Хорватия, төртінші Португалия, бесінші Франция, алтыншы Бельгия елдері жайғасқан екен. Бұдан бөлек адам өлгеннен кейін ағзаларын пайдалану мәселесін «бас тарту, қосылу және үнсіз қалу» сынды үш түрлі жағдайда қарастыратындығын көруге болады. Бұл жағы барлық елдерде бірдей емес.

PS: Аталмыш тақырып өте өзекті әрі кезек күттірмейтін мәселе екендігі даусыз. Бұдан бөлек Қазақстандағы медициналық оқу орнында тәжірибе жасауға пайдаланатын мәйіттер де жетіспейтін көрінеді. Әрине, мұның барлығын реттейтін құқықтық нормалардың енгізілуі үшін ең алдымен халыққа жасалатын түсіндіру жұмыстары маңызды болмақ.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
01.02.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1169
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7216
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11080
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7281
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7427