ӘЛЕМДІ ТАҢҒАЛДЫРҒАН АДАЙ ЖЫЛҚЫСЫ ұлттық бренд ретінде танылуы тиіс!

ӘЛЕМДІ ТАҢҒАЛДЫРҒАН АДАЙ ЖЫЛҚЫСЫ ұлттық бренд ретінде танылуы тиіс!

Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы 7 қараша күні Маңғыстау өлкесіне сапары барысында өңір жұртшылығымен кездесуде : «Халқымыз үшін жылқының орны қашан да ерекше. Қазақ Адай жылқысын Маңғыстаудың бірегей байлығы деуге болады. Бұл арғымақтар шөлге ерекше шыдамды, алыс жолға төзімді екенін бәрі біледі. Маңғыстау тұлпарлары алысқа шабатын халықаралық  аламан-марафондарда әрдайым бәйге алып жүр. Жақында өткен «Ұлы дала жорығында» облыс шабандоздары жеке-дара озып келді. Қазақ Адай жылқысын әлемге таныта алсақ, бұл біздің тағы бір тамаша брендімізге айналары сөзсіз», – дей келе, Үкіметке оны ғылыми түрде асылтұқымды мал ретінде тану және көбейту үшін тиісті жұмыстарды жедел қолға алуды тапсырған еді. 

Адай жылқысы жөнінде «Маңғыстау» энциклопедиясында  былай делінеді: «Адай жылқысы – салт мінілетін қазақ жылқысының бір тұқымы. Ежелгі Грек тарихшыларының зерттеулерінде айтылатындай, қазақ даласы – оның ішінде Арал мен Каспий теңіздері арасын мекендеген көшпелілер өмірімен етене, араласа өсіп жетілген. Адай жылқының тұқымдық эволюциялық даму жолы өте күрделі. Мініске шыдамдылық, желгіштік және бірқатарының теңбіл көк түсті болып келуі араб тұқымды жылқыларды меңзейді. Ал қарабайыр, қазанат – жүрдектігі жағынан Түрікмен жылқысы – Ахалтекенің белгілері бар екенін де көрсетеді. Жыл он екі ай жайылымды ғана пайдаланатын, қосымша азықты қажет етпейтін, ауа райына төзімді бұл тұқым күтім талғамайды. Адай жылқысының тұрқы ұзындау, шомбал және сүйектілеу, қысқа, майда жалды, көзі үлкендеу, басы жеңіл, маңдайы онша ұзын емес, бірақ кең, үлбіреген қысқа құлақты етсіз. Мойны қысқа омыраулы, арқасы түзу, сауыры солыңқы, жуан жіліншігі етсіз, мықты құйма тұяқты болып келеді. Орташа шоқтығына дейінгі биіктігі – 140,3 см, тұрқы – 142,7 см, кеуде орамы – 163,3 см, жіліншіктің орамы – 17,6 см. Еті жоғары сапалы, ет түсімі – 52-58%. Тәулігіне орта есеппен 8-11 литр сүт сауылады. Жүйріктері ұзаққа шабады, 40-50 шақырымға шаршамай еркін жетеді. Арнайы сынақтарда тәулігіне 300 шақырымды жүріп өткен кездері болған».

 

Оны асылдандыру  аяқсыз қалмауы тиіс

Маңғыстау өңіріне ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «АMANAT» партиясы, «ЕлАна» сайты, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен «Qazaqstan dauiri» газетінің «Ел аманаты: Ауыл – ел бесігі» атты дәстүрлі экспедициясы аясында сапарлап келген «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның бас директоры, қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы Адай жылқысы дүреген тұқым-текті тереңірек зерделеу  мақсатында Маңғыстаудың ауылшаруашылық саласында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен, мал өсірудің мән-жайын жақсы білетін еңбек  ардагері Түменбай Қалжанұлымен сұхбат құрды. 

«Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын тамамдадым. Оқуға дейін тұрмыс-күйімізге қарай   шопан болып, мал да бақтық.  Елге оралысымен кеңшарда  зоотехник болып қызметке кірістім.  Кеңестік партия билігін жүргізіп тұрған кезеңдерде сан салалы қызметтің құлағын ұстадым. Сол тұста   жер-су жайына жетік, қытымыр табиғаттың долы мінезін елең қылмай, қиын-қыстау күн туса ұтымды шешім қабылдай білерлік тәжірибесі мол жандар биліктің назарына ілігіп, басқару ісіне бейімделетін. Еңбек жолымды кеңшарда зоотехник болып бастадым. Айтпай өтпеске болмас, Кеңес Одағы кезінде жоспарлы экономика болды. Осы күнгідей табиғат пен оның қойнауындағы ресурстарды жөн-жосықсыз, жүйесіз игеруге, пайдалануға жол берілмеді. Өзіңізге мәлім,  Маңғыстау – жартылай шөлді аймақ. Бұл өлкеде жазылмаған заң бар –  міндетті түрде мал жайылымын тиімді пайдалану керек. 

Ата-бабаларымыз кең дала төскейін жаз – жайлауы, қыс – қыстауы ете жүріп, жыл мезгілдерінде жер ыңғайына қарай жайылым алмастырып, мал бағу кәсібінің қыр-сырын әбден жетік меңгерген. Бағзыдан жеткен бұл қағида қай кезеңде де қатаң сақталған. Бұрын Маңғыстауда малшылар  15 мамырға дейін  Үстіртке шығып үлгеретін. Бұған басты себеп –  көшпелі халық үшін Үстірт жазғы маусымға жайлы жайлау, қоңды қоныс. Ал Үстіртке көшкендерге ілікпегендер райком бюросы алдында сөгіс алатын. Біз  Маңғыстау табиғаты мен жер бедеріне  сәйкес жаз жайлау екі жүз шақырымға дейін көшетінбіз. Ол кезде жұмыс реті орныққан тәртіпке сай қалыптасты. Маңғыстаудың үш түбегі бар: Бозащы, Қараған, Ақтаудан Құрыққа дейін Исан түбек дейді. Малшылар Маңғыстаудың ойына қыс қыстаса,  жазға салым Жайық пен Сыр бойы,  Мұғалжардан сонау  Арқаға дейін асқан», – дейді Түменбай Қалжанұлы. 

«Маңғыстауда  1963 жылы «Қызылөзен» түйе совхозы құрылды.  1984 жылы  өңір халқына аса танымал ауылшаруашылығы саласының белді маманы Сәбит Әбішевтің бастамасымен аталған совхоз  асылтұқымды қаракөл қойы мен Адай жылқысын өсіретін шаруашылық болып қайта құрылды. 1988  жылы сол шаруашылықты басқару маған  бұйырды.  Осы тұста айтып өтер дүние, Маңғыстауда кезінде Еділбай қойы өсірілді, кейін өлке табиғатына өте бейімдігі ескеріліп,  қаракөл қойын өсіру қолға алынды.  Ал жылқы түлігінің ішінде қазақтың Адай жылқысы ғана өсірілді.  Ал енді Адай жылқысына келер болсақ,  жылқының бұл түрі халықтық селекциямен пайда болған. Қазақта жылқының 3 тұқымы болған, сонау Шығыста, таулы аймақта – Найман жылқысы, одан бері қарай орталықта – қазақтың жабы жылқысы, Аралдан Каспийге дейін аралықта Адай жылқысының түрі бар. Жоғарыда атап өткенімдей, қонысы мен тұрмысына қарай Маңғыстау халқы қыстау мен жайлау арасына   неше мың шақырымдық жерлерде көшіп-қонған. Ал мұндай жүріс-тұрысқа,  алыс жолды емін-еркін еңсеруге Адай жылқысының ғана тегеурін-қуаты жеткен.  Ол кезде түрікменнің арғымағы мен арабтың жылқысына оңайлықпен қол жетпейді. Адай жылқысының бойында түрікменнің Ақал текесінің қаны бар. Тарих тереңіне бойласақ, Адай тайпасы сан ғасырлар бойы  жаугершілікті де бастан өткерді. Соғысқа  жарамды, күшті, шабысты Адай жылқысы сол уақытта да ел аузына іліккен», – деген пікірін білдіреді ауылшаруашылығы ардагері.  

 

Бұл тұлпарға Мәскеу ерекше назар аударған

«Жоғарыда айтқан «Түпқараған» совхозына қызметке кіріскенімде, бір жыл бұрын шаруашылықтың асылтұқымды статусы алынып тасталған екен. Келер жылы кеңшар жұмысын біріздендіріп, статусты қайтарып алдық. 

Осы тұста өткенге шегініс жасасақ, Адай жылқысын асылдандыру сонау отызыншы жылдары қолға алынған екен.1943 жылы тікелей Мәскеу бұйрығымен  Маңғыстауда  «госплем рассадник по разведению Адаевских лошадей», яғни Гурьев мемлекеттік асылтұқымды Адай жылқысын өсіретін мекеме  құрылады. Орталығы Таушық ауылында орналасады. Шын мәнісінде бұл мекеме Кеңес Одағының маршалы Буденныйдың әскери тапсырмасымен құрылып, соның  құзырында болған.  Мекеме тікелей Мәскеуге бағынып, одақтық бюджеттен қаржыландырылады. Міне осыдан бастап, 1943-1956 жылдар аралығында Адай жылқысын ғылыми-зерттеу жұмыстары аса қарқын алған.  ҚазКСР Ғылым академиясына қарасты  экспериментальды биология институтының профессоры А.К.Росляков  тапсырмасымен арнайы экспедиция құрамы жасақталып, Байдұлла Садықов, Айтжан  Иманғалиев сынды ғалым-профессорлардың жетекшілігімен Адай жылқысының тұқымы мен тегін,  бітімі мен  болмысын, өзіндік ерекшеліктеріне жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізілген», – дейді Түменбай Қалжанұлы.

Деректерге сүйенсек, 1948 жылы салт мінілген Адай жылқылары бір тәулікте 298 шақырым жол жүрсе, 1956 жылы бір тәулікте 354 шақырымды шауып өтіп рекорд жасайды. 1952 жылы Маңғыстауда Адай жылқысының тестілеуден өткенін біреу білсе, біреу білмейді. Жылқылар бір тәулік бойы шабу керек болған. Оған жиырма шақты сәйгүлік қатысып, олардың көпшілігі 360 шақырым жолды бағындырған. Бұл жөнінде Түменбай Қалжанұлы былай дейді: 

«1952 жылы 9-10  мамыр күндері жоғарыда аты аталған ғалымдар сынақ өткізген. Бір тәулікте Адай жылқысы 304 шақырымды еңсерген. Осы экспедиция қорытындысымен Айтжан Иманғалиев «Адай жылқысы» деген кітап  шығарады. Бүгінгі Адай жылқысына сапалық тұрғыдан  баға беруіміздегі  түпкі мағлұматтар мен деректер  осы жинаққа сүйене жазылатындығын ескеруіміз керек. Етті-сүтті бағыттағы және жүріске төзімді бағыты зерделенеді. Зерттеу нәтижесінде ғалымдар Адай жылқысының өнімділік қасиетін жақсартамыз деп, басқа жылқы түрлерімен будандастырар болса, онда барлық  табиғи қасиетін жояды  деген тұжырым жасайды.  Сондықтан ғалымдар Адай жылқысының түрін таза «өз ішінде» будандастырып өсіру қажет деген ұсыныс білдіреді. 

Уақыт өте Адай жылқысын асылдандыруға негізделген шаруашылық ыдырады, ұжымшарларға үлестірілді. Жылқының жақсысын жоғалтпауға  белгілі бір деңгейде  жұмыстар жүргізілгенімен, сол кезеңдегідей лайықты деңгейде зерттелмеді. Сәбит Әбішев – менің ұстазым. Осы кісінің және сол кездегі облыстық мал тұқымын асылдандыру  бірлестігінің басшысы  Өтеген Салманов ағамыздың Адай жылқысына  асылтұқымды статус беру, оны бірегей тұқымға енгізу бағытында атқарған  еңбектері өте зор еді. Ендігі кезекте  Үкімет тарапынан қажетті қолдау танытып, Адай жылқысына асылтұқымды мәртебесін беру  аяқсыз қалмаса деген тілек бар». 

 

Ат үстінде шыңдалған ұрпақ рухты болады

Сәуле Мешітбайқызы  Маңғыстау облысына сапары аясында Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов ауылындағы атбегі-сейіс, ұлттық спорт түрлерінің қанатын кең жаюына күш салып жүрген жігерлі азамат Әлеке Бөлтековпен пікір алмасты. Әлеке Бөлтеков – «Ұлы дала жорығы» аламан-бәйгесіне  «Дәуқара» атты тұлпарын қосқан атбегі. 

 «Мен әскери борышымды Зайсанда өтедім. Екі жыл бойы шекараны атпен де, итпен де қорғаған азаматпын. Әскери билетімде «кавалерист-кузнец» деп жазулы тұр. Ат тағалауды сол жерде үйрендім. Маңғыстауда ат тағаламайды.  Әскерде жүріп, Зайсанда,  Өскеменде бәйгеге ат қостым.  Елге келсем,  Ақтауда ҚР Ішкі істер министрлігінің қазақша күрестен чемпионаты өтіп жатыр екен.  Сол сайысқа қатысып,  алты белдесу өткізіп, басымдықпен жеңіп,  ел біріншілігінде  чемпион атандым. Осылайша  Ішкі істер министрлігінен  жол полициясына жұмысқа  жолдама алдым.   Жеті жылдай осы салада қызмет  еттім. Бірақ қалай қылғанда да   ауылға қарай бүйрегім бұрып тұрды. Марқұм әкем айтушы еді «Әлекемнің бағы бар» деп. Барған жерімде бақсыз болмадым. Жеті жылдық қызметімде  он екі реті мерейім үстем болды.  Бір кездері шешім қабылдап, Түпқараған ауданындағы Сайын Шапағатов ауылына көшіп келдім. Жалғыз атыммен желе жортып, итімді ертіп алып, ауыл айналып, ақсақалдармен амандық-саулық сұрасып, әңгіме-дүкен құрамын. Ауылда ат болғанымен, мінетін халық жоқ. Осы ауылдың байырғы тұрғындары  Көбеген, Күсеп деген кісілер «кезінде осы жерлерде атақты Матай руының  атбегілері болған еді. Солардың бүгінде ізі де қалмады. Жүйрікті таңдап, жаратып, бәйгеге қосар атбегілік өнер қайта жаңғырса» деген тілегін үнемі  білдіріп отыратын. Одан бөлек ауыл азаматтары тарапынан көкпар ойынын қайта жаңғыртсаң деген ұсыныстар болды. 2007 жылы Отпан басында Адай Қосай атаға ас берілді. Аста бәйгеге ат  қостым. Мәрені оныншы болып кесіп өттік.  Келесіде Түпқараған ауданында Қызылөзенде ас беріліп,  ошақ бәйгеге қосып, бірінші орынды алдық. Ертесіне топ бәйгеге қосып, тағы да бірінші келіп, жылқы ұттық. Осылайша аттың санын көбейтіп, атқора салып, жалпы ат спортын дамытуға көңіл бөле бастадым. Көкпарды марқұм Әшімхан Кенжебеков  ағадан үйрендік. «Бәйгеде ат жеке мүддесі үшін шабады, ал көкпар – командалық ойын. Оны үкімет қолдайды. Болашақта осы ұлттық спортты қайта жаңғырту керек»  деген ойын үнемі айтатын.  Жалпы Маңғыстауда  ат спорты ерекше қарқынмен дамып келеді.  Аман Бағдабаев,  Бұғабай Мұқырбаев, Махамбет Көбісов, Сисен Рәтов  сынды ағаларымыз  сонау  Спасск-Рязанскийге дейін сапарлап, халықаралық  алыс қашықтықтағы бәйгелерде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп,  Адай жылқысының мәртебесін көтеріп жүр», – дейді Әлеке Бөлтеков. 

Осы тұста  2015 жылдың өзінде Ресейде өткен Алыс қашықтыққа шабатын ат бәйгесіне Қазақстан атынан маңғыстаулық Адай жылқылары қатысып, бәрі жүлдемен оралғандығын атап өткен жөн. Соның ішінде Маңғыстау ауданы Қызан ауылынан ат қосқан белгілі атбегі Бұғабай Мұқырбаевтың екі жүйрігі жеңіске жетті: 80 шақырым қашықтық бойынша алғаш рет бәйгеге түскен «Бумер» аты мен 120 шақырымнан «Жары» тұлпары І орынды жеңіп алды. Қазіргі таңда Әлеке Бөлтеков жас жеткіншектерді қазақ күресіне баулып,  өскелең өрендерге ұлттық спорт өнерін  насихаттаумен айналысып келеді. 

«Ат жалын тартып мінген азамат рухты болады. Бейнеудің арғы жағындағы Есет елдімекеніндегі екі бөлмелі үйдің жертөлесінде жаттығып, чемпион болған азаматтарымыз. Сол кезде әке-шешеміз Ақтауда өтетін жарысқа жол ақысын өтейтін қаражат тауып бере алмады.  Соны түйсінген біз жарыстан ешуақытта нәтижесіз қайтпадық. Ал қазір шүкір, халықтың жағдайы жақсы.

Маңғыстау облысының бес ауданында ұлттық спорт орталығы қызмет етеді.  Оны «Қара бура» лақап атымен танымал балуанның  бас бапкері Қайрат Бурбасов есімді азамат басқарады. Орталықта жастарды қазақ күресі, тоғызқұмалақ, ат  үстіндегі көкпар, жамбы ату, теңге ілу секілді ұлттық спорт түрлеріне баулиды. Түпқараған ауданындағы аталған орталықта  екі жаттықтырушы  болып жиырмадан астам баланы тәрбиелеп отырмыз. Аудан бойынша бес бала спорт шеберіне үміткер деген корочка алды. Бәйге ұлттық спорт түріне  кірмесе де, өз басым көкпар мен бәйгені қатар алып жүремін. Себебі бала алдымен шабандоз болып өседі. Салмағы қырық бес-елу  келіге жеткенде бұл баланы бәйгеге емес, аударыспаққа, көкпарға бейімдейміз. Атқа шапқан баланың  рухы әркез  биік болады.  Ат спортымен айналысатын азаматтардың көкейтесті мәселесі облыс орталығында әлі күнге дейін лайықты деңгейде жасақталған  бәйге алаңы жоқ. Жеріміз кең, «қара алтынның» үстінде отырмыз деп  айтқанда аузымыз толса да,  ипподром салынбаған.  

Қазір осы Сайын Шапағатов ауылында жиырма бір отбасы сәйгүліктермен айналысады.  Адай жылқысы жоғалған жоқ, арнайы мәртебесі болмағандықтан, етті-сүтті бағытта ғана дамыды. Ал осы «Ұлы дала жорығы»  аламан бәйгесінен кейін Адай жылқысын дербес тұқым ретінде дамыту  қолға алынды. Адай жылқысының ең бірінші мәселесі – құжаты жоқ. Алдымен Адай жылқысының санағын жүргізіп,  жаңа ғылыми-зерттеу      жұмыстары нәтижелі іске асып,  ұлтымыздың теңдессіз бренді ретінде әлемге айғақталса,  асқақ арманның ақиқатқа айналар кезі де алыс емес», – деп ойын сабақтайды Әлеке Бөлтеков. 

Голрох ЖЕМЕНЕЙ
28.11.2022

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: БӘЙДІБЕКТЕ 20-ДАН АСТАМ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛМАҚ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 04.05.2024 2
ТҮРКІСТАН: МӘМС ЖҮЙЕСІНЕ ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАМТУ ШАРАЛАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 04.05.2024 41
ТҮРКІСТАН: «ЖЕТІСАЙ» КОМАНДАСЫ ТУРНИР КЕСТЕСІНДЕ КӨШ БАСТАДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 04.05.2024 21
МАҚТААРАЛҒА ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАНДАНАДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 04.05.2024 46

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1202
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7247
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11113
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7312
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7458