Азық-түлік еш негізсіз қымбаттап жатыр

Азық-түлік еш негізсіз  қымбаттап жатыр

Білікті маман, экономист Мақсат Халық осылай дейді. Ол: «Бүгінде әлемді жайлаған қымбатшылық, көрші елдердегі геосаяси жағдай мен доллар құнының өсуі ұлттық валютаның әлсіреуіне, елімізде де тауар бағасының бірнеше есе артуына себеп болып отыр. Бұл жағдайдың құбылмалы екенін көрсетеді, әсіресе теңге бағамы. Көріп отырғанымыздай, ұлттық валютамыз қайта әлсірей бастады. Оған әсер етіп отырған басты фактор – Американың федералды резерв жүйесінің доллардың негізгі пайыздық мөлшерлемесін көтере бастағаны. Қазіргі таңда ол мөлшерлеме деңгейі 1,75 пайыз болып тұр. Қаржы сарапшылары бұл мөлшерлеме алдағы уақытта да, соның ішінде жыл соңына қарай  бүгінгіден 4-5 есеге дейін көтеріледі деп болжап отыр. Осы үрдіс жалғаса берсе, Американың доллары әлемде өзінің құнын арттыра бермек. Сонымен қоса маусымдық факторды да атап өткен жөн. Жаз келгелі шетелге демалысқа баратын, саяхат жасайтын, не болмаса балаларын оқуға жіберетін азаматтар саны да көбейді. Сөйтіп, долларға сұраныс арта түсті. Бұл жайт та теңгенің әлсіреуіне әсер етіп отырған факторлардың бірі деуге болады. Рас, қазіргі таңда біздің теңге рубльмен салыстырғанда әлсіреп қалды. Бұл Ресейге тауар сататын мемлекет иә азаматтар үшін тиімді. Керісінше, Ресейден тауар сатып алушылар үшін тиімсіз. Статистикаға сүйенсек, өткен жылы екіжақты тауар айналымы 24 млрд долларды құраған. Соның 6 млрд долларына біз Ресейге тауар өткізгенбіз. Ал 18 млрд долларға Ресейден тауар сатып алғанбыз. Осыдан-ақ, мұның кім үшін тиімді екенін көруге болады, яғни біз үш есеге ұтылып отырмыз. Бұл үрдіс жалғаса бермек. Өйткені біз экономикалық жағынан Ресейге тәуелдіміз әрі тауарды қымбат бағаға сатып алып отырмыз. Бұл біздің азаматтардың төлем қабілетіне тағы да кері әсерін тигізеді. Осылайша, әлеуметтік жағдай бұдан әрі қиындайды деп айтуға негіз бар. Сондықтан да теңге мен рубль паритеті бұрынғы 6 теңгенің маңында тұрғаны біз үшін тиімдірек болар еді. 

Фермерлерді тікелей қолдау керек

Ал АҚШ федералды резерв жүйесі доллардың негізгі пайыздық мөлшерлемесін арттыра берері сөзсіз. Жыл соңына дейін 4-5 мәрте көтеретін болса, бұл әлемдік нарықтағы доллардың құнын арттырып, дамушы елдердің валютасын одан әрі құнсыздандырады. Себебі инвесторларға дамушы елдерге инвестиция салғаннан гөрі, сол қаражатты Американың қазыналы құнды қағаздарына салған тиімдірек. Өйткені оның пайызы ұлғайып жатыр. Салдарынан дамушы елдерде тапшылық пайда болып, сол көк қағаздың құнын арттырады. Міне, осы сценарий алдағы уақытта белгілі бір дәрежеде экономикамызға да, теңгемізге де қысым жасайды деп айтуға негіз бар. Қымбатшылық  Қазақстанда ғана емес, күллі әлемде болып жатыр. Мәселен, АҚШ-та инфляция 8,5 пайыз болды, Еуропада да бұрын-соңды болмаған инфляция орын алып жатыр. Азық-түліктің бағасы да шарықтап кетті. Дегенмен мұны қалыпты жағдай деп қабылдамау керек. 

Тапшылық әлемде тек азық-түлікке, яғни астық, бидайдың жетіспеушілігінен болып отыр. Оған Ресей мен Украина арасындағы жайт қатты әсер етуде. Соның салдарынан жалпы азық-түлік қымбаттап отыр. Бірақ бұл бізге қатты әсер етпеуі тиіс. Өйткені бидай өзімізде жеткілікті. Сондықтан да нанның бағасы қатты шарықтамауы керек. Қазір неге қымбаттап отыр? 

Себебі біз бұған дейін Ресейдің арзан бидайын сатып алғанбыз. Біздің бидаймен салыстырғанда, ол арзанырақ. Оның көп бөлігін соңғы жылдары қымбат бағаға Қытайға, Ауғанстанға, Иранға және Орталық Азия елдеріне сатып келдік. Ал қазіргі жағдайды білесіз. Осы себепті сәл қымбаттауы мүмкін, бірақ қатты шарықтап кетуі дұрыс емес. Жуырда Президенттің өзі қымбатшылықтың 80 пайызға жеткенін атап өтті. Сондықтан әлемдегі азық-түлік бағасының қымбаттауы салдарынан бізде де баға өсіп жатыр дегенге сенбеймін. Бұл мүмкін емес жағдай. Ал, шын мәнінде, өзіміз өндірмейтін заттардың, яғни тұрмыстық техниканың, тұрмыстық химия заттарының қымбаттауы заңды. Өйткені бұған дейін біз тұрмыстық химия заттарын Ресейден алып келдік. Қазіргі таңда геосаяси жағдайға байланысты көптеген компания Ресейдегі зауыттары мен фабрикаларын жапты. Осы себепті ол жақтан тауар ала алмаймыз. Енді басқа жақтан сондай тауарларды жеткізген кезде жол шығындары артады. Сондықтан да мұндай тауарлардың қымбаттауы орынды. Ал елдегі еттің, көкөністердің, нанның, ұнның қымбаттауына ешқандай негіз жоқ. Сол себепті Үкімет қымбатшылықпен күрес бағытында жүйелі жұмыс жүргізуі тиіс. Мысалы, жуырда Мемлекет басшысы қымбатшылыққа қатысты бірқатар министрлік басшысына сын айтып, сөгіс жариялады. Президент: «Біздің Үкімет қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күресіп отыр», – деді. Расымен де солай. Мәселен, билік саудагерлермен күрес жүргізіп:  «Тауар бағасын 15 пайыздан артық өсірмеңдер», – дейді. Кейбір тауарлардың бағасын бекітіп тастады. Осындай қадамдар арқылы экономиканы қолмен реттеу жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ іс-әрекет бұлай жүзеге асырылмауы керек. Қазіргі жағдайда Үкімет бақылаушы функция жасауы тиіс. Мемлекет басшысы тұрақтандыру қорларына қатысты мәселені де жақсы көтерді. Шынын айту керек, тұрақтандыру қорлары пандемия тұсында жақсы қызмет істеді. Әр өңірде осындай қорлар құрылып, әкімдіктер супермаркет желілерімен келісімге отырды. Әлеуметтік маңызы бар 19 тауар түрі айқындалды. Осылайша, супермаркеттер сол аталған тауарлардың бағасын өсірмеуге уәде берді. Олардың шығындарын тұрақтандыру қорлары жауып отырды. Бұл сол уақытта өз нәтижесін берді. Дегенмен қазір де сол қорлар арқылы әсер ету процесі жүріп жатыр. Ең қызығы, бүгінгі таңда осындай қорлардың көлемін 100 млрд теңгеге дейін ұлғайту ұсынылып отыр. Ал Президенттің айтуынша, олардың көлемі ұлғайғанымен, тиімділігін көрмей отырмыз. Менің ойымша, тұрақтандыру қорлары ұзақ мерзімде тиімділік беретін жоба емес, тек қысқа мерзімде ғана тиімді болуы мүмкін. Пандемия кезінде тиімді болды, оны мойындау қажет, енді олардың жұмысын жалғастырудың қажеті шамалы. Керісінше, оларды бірте-бірте жабуды қолға алу керек. Өйткені оның шығындары көбейіп келе жатыр: сонымен қоса түрлі схемалар пайда болып, ақшаны жымқырғысы келетін адамдардың бары да байқалуда. Сондықтан да ұзақмерзімді перспективада жұмыс істейтін шаралар қолға алынуы керек. Мәселен, фермерлердің өздерін тікелей қолдау қажет. Қазір олар тұқымды өте қымбат бағаға сатып алып отырғаны жөнінде шағым айтуда. Неге сол тұқымның сапалы, қуаңшылыққа төтеп бере алатын түрін арзан бағаға жеткізіп бермеске? Міне, осындай шаралар жасалса, шаруаларға нақты көмек көрсетілер еді. 

Үкімет делдалдармен ымырасызкүреске бармаса болмайды

Бұдан бөлек ӨКМ операторының қалған ақшасын шаруаларға беру жөнінде айтылып жүр. Негізі жақсы идея. Бірақ бұл өткендегі 4 пайыздық автонесие секілді жырға айналып кетпеуі керек. Бәрі жүйелі түрде ұйымдастырылуы тиіс. Осы тұста, арадағы делдалдардың да көп екенін айта кеткен жөн. Үкімет солармен күресу процесіне араласуы қажет. Сонымен қоса қолдан тапшылық жасайтындар, спекулянттар да аз емес. Міне, Үкімет осылармен жұмыс істеуі керек. Сол кезде тауардың бағасы өспейді. Одан кейін форвардтық келісім деген бар. Мәселен, шаруамен тікелей келісімге келіп, күзде белгілі бір бағада өнім сатып алуға шарт жасалады. Осылай шаруамен тікелей шарт жасалса, кейін сол бағада тұтынушыларға жеткізудің логистикалық тізбегін қамтамасыз ету керек болады. Мұндай жағдайда тауар бағасы тек жол шығындарын көтереді әрі халыққа арзан бағада жетеді. Сонымен бірге спекулянттар мен қолдан тапшылық жасайтындарды жазалау керек. Олар жазаланбағандықтан, басқа адамдар да оның жаза алмағанын көріп, «демек бізге де жасауға болады» деп ойлайды. Бұлардың аты-жөндерін нақты  көрсетіп, жарияласа, басқалары мұндай істен аулақ жүрер еді. Мысалы, өткен жылы дизельдің тапшылығы болды. Негізі болмауы керек еді, өйткені өндірілген өнім көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда бірдей болған. Алайда қолдан тапшылық жасалуы салдарынан, жетпей қалды. Сондықтан Үкімет жанармайдың жайын қазірден бастап қолға алу керек, өйткені күз де жақындап қалды. Сонда шаруалар да қиын жағдайға тап болмайды. Қазіргі таңда ең өзекті мәселелер – осы. Егер мен жоғарыда атап өткен мәселелер шешімін тапса, азық-түлік бағасы да реттеледі. Қымбатшылық осылай жалғаса берсе, халықтың өмір сүруі қиындай береді. Мәселен, былтыр азаматтар табысының 57 пайызын азық-түлікке жұмсаған. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 60 пайыздан асып кетті. Қазіргі қымбатшылыққа байланысты бұл көрсеткіш артпаса, кемімесі анық. Демек кедей халықтың саны артуы мүмкін. Халықтың зейнетақысы мен арнаулы әлеуметтік төлемдеріне бірнеше рет индексация жасалғанымен, олар екі мың теңгеге не бес мың теңгеге ғана өседі. Ал біздегі бір тауардың бағасының өзі екі мыңнан бес мыңға өсіп жатыр. Сонда бұл азаматтар тек бір ғана тауармен шектелуі керек пе? Басқа тауарлар мен азық-түлік ше? Мұның бәрі еліміздегі кедейшілікті одан әрі тереңдетері кәміл. Мемлекет басшысының өзі азық-түлік үшін жұмсалатын несиенің көлемі 16 пайызды құрағанын атап өтті. Демек азаматтарымыз өмір сүру үшін несие алады деген сөз. Бұл әлеуметтік жағдайдың әлі де шиеленісіп тұрғанын көрсетеді. Экономикада неміс ғалымы Эрнст Энгельдің: «Халықтың табысы неғұрлым артқан сайын, олардың азық-түлік шығындары азаяды. Ал табысы неғұрлым төмендеген сайын, соғұрлым азық-түлік шығындары көбейеді», – деген заңы бар. Қазір халықтың табысы артып жатыр дейді, бірақ нақты статистикаға сүйенсек, 3 пайызға азайып кеткен, яғни керісінше «минусқа» кеткен. Бұл бізде кедей халықтың саны артып келе жатыр дегенді білдіреді. 

Мүмкіндіктер жоқ емес, бар

Қазіргі кезде геосаяси фактор – Қазақстан экономикасына үлкен әсер етіп отырған фактордың бірі. Мысалы, Американың федералды резервтер жүйесінің доллардың негізгі пайыздық мөлшерлемесін көтеріп жатқаны дәл геосаяси жағдай секілді қатты әсер етпейді. Біз ЕАЭО-ның құрамындамыз, оның ішінде Ресей мен Беларусь бар. Қазір бұл екі ел санкцияның астында қалды. Оларда болып жатқан жағдайдың барлығы бізге де әсерін тигізуде. Мәселен, Беларусь те дефолтқа ұшырап отыр. Әлемдік рейтинг агенттіктері бұл елдің қаржы жағдайының мүлдем нашар екенін айтуда. Ресейге қатысты да техникалық дефолт мәселесі айтылды. Бұл екі мемлекеттің әлемдік кредиттік, инвестициялық рейтингтері түсіп кетті. Жалпы ішкі өнімге бөлетін болсақ, бұл екі ел ЕАЭО-ның 90 пайызын құрайды. Оның Ресейге – 85; Беларуське – 5; Қазақстанға 7 пайызы тиесілі. Қырғызстан мен Армения бірігіп, 3 пайызын құрайды. Ресей мен Беларусь кері кетіп жатса, бұл – біз үшін де үлкен қауіп. Дегенмен мүмкіндіктерді де көре білуіміз керек. Мәселен, қазір Ресейден көптеген үлкен компаниялар кетті. Олар Ресейден кеткенімен, ЕАЭО нарығынан толықтай кеткісі жоқ. Сондықтан ол компанияларды елімізге шақырып, зауыт-фабрикаларды біздің елде салуды насихаттасақ болады. Бұл біздің инвестициялық мүмкіндіктерімізді арттырып, экономикамыздың өсу әлеуетін жақсартар еді. Сонымен қоса қазір Ресей импорттық тауарларға зәру болып отыр. Сондықтан санкцияның астында қалған тауарларды ғана емес, басқа да тауарларды өзімізде шығарып, Ресейге тасымалдап, оның нарығын пайдаланатын болсақ, бұл елімізге көп табыс әкелері анық. Міне, осындай үлкен мүмкіндіктер де аз емес, дей тұрғанмен қауіп те жоқ емес. Соның мысалы, соңғы кездері Каспий құбыр консорциумы төңірегінде орын алған жағдайлар. Ресей мен Украина арасындағы жағдайдың қашан аяқталатыны белгісіз, сондықтан да мұндай жайттар біздің экономикамыздың алдында белгілі бір сын-қатерлер тұрғанын көрсетеді. Сол себепті біздің Үкімет барынша ширақ қимылдауы керек. Ұлттық қордан 4,6 трлн теңге алып алдық, сол арқылы халықты әйтіп-бүйтіп ұстап тұрамыз дейтін уақыт емес. Нақты шараларды қолға алып, ел үшін, халық үшін еңбек ететін кез келді дер едім. Иә, халық Үкіметке әлі де сенімсіздікпен қарайды. Олар табысының артқанын, әлеуметтік жағдайының түзелгенін қалап отыр. Сол себепті де Үкімет тарапынан нақты істі көргісі келеді. Дегенмен халқымыз да Үкіметке қарап отырмай, «елдігіміз үшін, мемлекетті өркендету жолында мен қандай үлес қоса аламын» деп те ойлануы тиіс», – дейді. Несі бар, миға қонатын пікір. Тек мұны биліктегілер құлағына ілсе деңіз...

Ермек Сахариев
11.08.2022

Ұқсас жаңалықтар

ШАРДАРА АУДАНЫНДА 1000 ШАҚЫРЫМҒА ЖУЫҚ СУ ЖҮЙЕЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛЫП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 20.04.2024 10
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЕСКЕКШІЛЕРІ 4 МЕДАЛЬ МЕН 1 ОЛИМПИАДА ЖОЛДАМАСЫН ЖЕҢІП АЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 20.04.2024 7
 АРЫСТА БАҒДАРШАМДАР РЕТКЕ КЕЛТІРІЛУДЕ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 20.04.2024 16
Жуалыда жаппай тал егу акциясы өтті.
Жуалы ауданы әкімдігі - 20.04.2024 11

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 873
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6942
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10783
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7015
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7154