Бекзаттай бекзат ұлмен қалайша мақтанбассың?!

Бекзаттай  бекзат ұлмен  қалайша мақтанбассың?!

Орал қаласында төтенше жағдай жарияланып, тасқын су елдің мазасын алғанына да бір айдай уақыт болды. Осындай қиын кезде ел-жұртымен бірге болып, қолдан келген көмегін аямаған жомарт жандар аз емес. Тіпті олардың арасында мектеп партасында отырған оқушылар да бар.

Біздің кейіпкеріміз – оралдық 14 жасар жасөспірім, балғын өнер иесі Бекзат Баян республикалық оқушылар айтысынан иеленген 100 мың теңге көлеміндегі ақшалай жүлдесін толығымен қайырымдылыққа жұмсап, тасқынға қарсы күрес шараларына аударған екен. 

Қаламыздағы №49 жалпы орта білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты «Жұлдыз» комьюнити орталығындағы «Күміс қоңырау» жас ақындар үйірмесіне қатысатынын, Д.Нұрпейісова атындағы балалар саз мектебінде дәстүрлі ән бағыты бойынша (ұстазы – дәстүрлі әнші Бейбіт Қажығалиев) білім алып жүргенін білдік. 

Біз дарынды жастың бойындағы талантын ұштап жүрген ұстазы, Бекзат барып жүрген «Күміс қоңырау»  үйірмесінің жетекшісі Орынбек Меңдіқұлға хабарласып, біраз мәліметке қанықтық. Орынбек өзі де ел көлеміне танылып қалған жас ақын, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі. Оның айтуынша, Бекзаттың өнер жолындағы қадамы танымал айтыскер ақын Жансая Мусина атындағы өнер мектебінен басталыпты. Алғашқы ұстазы айтыскер ақын, ұстаз Айдана Сұлтан-Махмуд екенін жеткізді. Кейін «Жұлдыз» орталығындағы жас ақындар үйірмесінде осы жолын жалғастырған. 

 

 

– Бірақ Бекзат үйірмеге келмес бұрында айтысқа дайындық барысында үнемі мені өзіне аға тұтып, ұстаз тұтып ақылдасып жүрді. Осы жылдан бастап жыр додаларына бірге дайындалып жүрміз. Нәтижесінде аз уақыттың ішінде облыстық, аймақтық, республикалық айтыстардың жүлдегері атанып үлгерді. Мәдени-ағарту бірлестігінің қолдауымен соңғы екі-үш жылдықта өңірімізде кенжелеп қалған оқушылар айтысының көші түзеле бастады. Бүгінде облысымызда оқушылар арасындағы айтысқа ұялмай қатыстыратын оннан астам жас ақынымыз бар. Сол бір топ баланың ішінен Бекзат «үйір ішіндегі құла қасқадай» ерекше көрініп тұрады десем артық емес. Себебі Бекзаттың айтыс туралы ойы, сахнада суырып салып айтатын түйдек-түйдек сөздері, отырысы, мақамды шебер меңгеруі оны өзгелерден даралап тұрады. Ең бастысы «ортаға өнеріңмен емес, мінезіңмен сыясың» деп, ұлы Абай атамыз айтқандай, Бекзаттың бекзада болмысы тәнті етеді. Бұл тікелей ата-анасының, мектептегі ұстаздарының тәрбиесі екені анық. Әсіресе, ол білім алатын №49 мектепте тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар көп өтеді, – деді Орынбек Нұрболатұлы. 

Өзінің сүйікті шәкірті Қызылорда қаласында өткен республикалық «Көктем нұры» айтысында қол жеткізген 100 000 көлеміндегі жүлдесін өңірде болып жатқан жағдайға байланысты қайырымдылыққа жұмсағысы келетінін айтқанда көзіне жас келгенін жасырмады. 

– Ел басына күн туғанда ерлік жасау нағыз ердің ісі ғой. Іштей осындай рухты ұрпақ өсіп келе жатқанына қатты қуандым. Бұл – отбасы, ошақ қасында көрген тәрбиесінің жемісі. Бүгінде алты перзент өсіріп отырған Марат ағамыз бен Райхан жеңгеміздің бала тәрбиесіне бей-жай қарамайтын ата-ана екеніне әуел бастан-ақ көзіміз жеткен, – деді Бекзаттың өнердегі ұстазы. Көпбалалы отбасында өскен Бекзаттың әпкесі Тахмираның да осындай ақындық өнері бар болып шықты. Тіпті Фариза есімді бауырлары да аға-әпкесі секілді ақындыққа жақын екен. 

Теңізге тамшыдай болса да үлесін қосқан Бекзаттың аударған қаржысына еріктілер үшін су өткізбейтін жартылай комбинизондар сатып алынған. Ел басына күн туғанда зардап шегушілерге көмектесіп, салқын суды кешіп жүрген ерікті жастарға бұл көмектің өзі  үлкен қолдау болғаны анық. Ал бір бойында ақындық, палуандық, шабандоздық, әншілік, қала берді адамгершілік қасиеттер қатар дамыған Бекзаттай халқына жанашыр ұлдың қадамы кім-кімді де сүйсіндірері сөзсіз. Жаңа Қазақстанның болашағын жасайтын осындай ұлдарымыз көбейе берсін! 

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

БҚО Орал қаласы

26.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

ҚҰНАНБАЙДЫҢ ТӨРТ ҒИБРАТЫ…
Марфуға ШАПИЯН Online Qazaqstan - 06.05.2024 48
«ӘСКЕРГЕ БАРУ – АЗАМАТТЫҚ БОРЫШЫҢ!»
Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы - 06.05.2024 55
Көп тыңда. Аз сөйле
(с) Бауыржан Момышұлы - 06.05.2024 31
ЖЕТІСАЙДА ШЕКАРАШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 05.05.2024 30
Экологиялық акция жалғасып келеді
«Aq jol» газетінің тілшілер тобы - 05.05.2024 22

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1283
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7327
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11196
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7385
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7534