Білім берудегі бағалаудың жаңа жүйесі

Білім берудегі бағалаудың жаңа жүйесі

Білім беру саласындағы қызметті, оның ішінде бағалау түрлері БЖБ және ТЖБ туралы ақпараттық қолдау және түсіндіру туралы материалдар салалық басылымдардан өзге БАҚ беттерінде жиі талқылана бермейтін тақырыптардың бірі деуге болады. Бұл жаңартылған білім мазмұнына көшудің де өзіндік қажеттіліктері болғаны сөзсіз еді. Біз бұл туралы көңілде жүрген бірнеше сауалдың жауабын білу үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-шебер, педагогика ғылымдарының магистрі, «Үздік педагог-2019» атағының иегері Гүлжазира Бекболатқызын әңгімеге тартқан едік

– Жаңартылған білім мазмұны енгізілгелі 5 жылдан асып барады. Мұнда оқушының білімін бағалау БЖБ және ТЖБ үрлері енгізілді. Ең алдымен осы бағалау түрлерінің қолданысқа енгізілуінің басты себебі неде екенін түсіндіре кетсеңіз? Яғни, жаңартылған білім мазмұнына көшу қандай қажеттіліктен туындады?

ХХІ ғасыр – жаңа технология мен ақпараттандыру ғасыры. Елдің ертеңі – ең әуелі сапалы білімде. Елбасымыздың жолдауында айтылғандай: Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін, заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына жеткізетін – білім. «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасы білім берудің ұлттық моделінің қалыптасуымен және Қазақстанның білім беру жүйесін әлемдік білім беру кеңестігіне кіріктірумен сипатталады. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы орта білім беру жүйесінің дамуымен тығыз байланысты. Сол себепті елімізде 2016-2017 оқу жылынан бастап жалпы білім беретін орта мектептер толығымен, яғни, сол жылы 1-сыныпқа қабылданған оқушылар жаңартылған білім мазмұны аясында білім алуды бастады.

Осыған орай, оқытудың парадигмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Мұғалімдердің алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұрды. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттелді. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу, қажетті дағдыларды дарыту үшін мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаздық ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады.

Жаңартылған білім беру мазмұнының негізгі өзегі – оқушылардың оқу жетістігін бағалау. Бұл критериалдық бағалау жүйесі арқылы жүзеге асады. Критериалдық бағалау – оқушылардың оқу-танымдық құзыретін қалыптастыруға жағдай жасайтын, білім беру мақсаты мен мазмұнына сәйкес білім беру үрдісіне қатысушылардың (оқушылар, мектеп әкімшілігі, ата-аналар, заңды тұлғалар және т.б.) барлығына алдын ала таныс, ұжым талқысынан өткен, нақты анықталған өлшемдер арқылы оқушылардың оқу жетістіктерін салыстыруға негізделген үрдіс. Яғни, баға берілетін белгі, бір нәрсені анықтау немесе бағалау, пікір беру өлшемі. Ал критерийлер – оқытудың міндеттерін жүзеге асыратын өлшемдер, атап айтқанда, оқушылардың жұмыс барысында орындайтын іс-әрекеттер тізбесі. Егер балаға оның белгілі бір деңгейге жеткендігін айтса, онда бұл оған үздік нәтижеге жету үшін не істеу керектігін түсінуге көмектеспейді; бұл ретте егер баламен бірге оның жұмысында мұндай бағалауға не әкелгенін және бағалау өлшемдерін түсіндіруге талдау жасаса, онда бұл балаға өзінің нәтижесін жақсарту үшін кейін не істеу керектігін түсінуге мүмкіндік береді. Бұл бағалау жүйесі екіге бөлінеді: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау.

Қалыптастырушы бағалау оқу үдерісінің ажырамас бір бөлігі болып табылады, тоқсан барысында мұғалім тарапынан күнделікті жүйелі өткізіліп отырады. Қалыптастырушы бағалауда баға мен балл қою 2020-2021 оқу жылынан бастап қолға алынды, оған дейін қойылған жоқ. Бұл бағалауда мұғалім мен білім алушы арасында үздіксіз кері байланыс қамтамасыз етіледі. Қалыптастырушы бағалау кезінде білім алушылардың қателесуіне, оны түзетуіне құқығы бар. Бұл білім алушылардың мүмкіндігін анықтауға, қиыншылығын табуға, оң нәтижеге қол жеткізуіне көмектесуге, дер кезінде оқу үдерісін түзетуге мүмкіндік береді.

Жиынтық бағалау мұғалімдерге, білім алушылар мен ата-аналарға ұсыну үшін оқу бағдарламасындағы бөлім/ ортақ тақырыптар бойынша балл, баға қою арқылы белгілі бір оқу кезеңі (тоқсан, триместр, оқу жылы, орта білім беру деңгейі) аяқталғанда өткізіледі. Ол БЖБ мен ТЖБ-дан тұрады. Мысалы, 7- сыныптың қазақ тілі пәні бойынша жіліктеп түсіндіріп өтейін. Бұл пән аптасына 2 сағаттан өтеді, 1-тоқсанда 9 оқу аптасы болса, 18 сағат болады. Біз осы тоқсанда 3 бөлімді өтеміз. 1-бөлім: Ауа райы және климаттық өзгерістер, 2-бөлім: Көшпенділер мәдениеті, 3-бөлім: Денсаулық – зор байлық. Әр тоқсанда 2 рет БЖБ және 1 рет ТЖБ алынады. Яғни біз, 1-бөлімді өткен соң БЖБ №1 аламыз. Қалған 2-3 бөлімдерді кіріктіріп, БЖБ № 2 аламыз. Әр бөлім бойынша оқушының білімін саралау, балаға кері байланыс жасау, оқуда ілгері жылжу үшін алынатын бақылау түрі. Мұғалім барлық тапсырмаларды педагогикалық өлшеуіштер орталығында бекітілген арнайы құжатта/спецификацияда/белгілі іріктеліп алынған оқу мақсаттары мен ойлау деңгейі дағдылары негізінде жасайды. Оқушы өз білімін көрсете алатындай жағдайда тапсырмалар әзірленуі керек. БЖБ алғаннан кейін оқушыға кері байланыс жасалып, қатемен жұмыс жүргізіледі. ТЖБ-да кері байланыс жүргізілмейді, модерация/талқылау/кезеңі болады.

Критериалды бағалауды енгізудің мақсаты: мектепте оқыту сапасын жоғарлату мен мектеп бітірушілердің білімін халықаралық стандартқа сәйкестендіру.

– БЖБ және ТЖБ-ның бұрынғы тест, бақылау жұмысынан айырмашылығы неде?

Жалпы бұл бағалау жұмыстары оқушылардың айтылым, оқылым, тыңдалым, жазылым дағдылары мен ӘТН (әдеби тілдік нормалар) ережелерді қамтиды. ТЖБ-дан кейін модерация жүргізіледі. Оның үш кезеңі бар. Модерация алды, модерация кезі, модерациядан кейін. Жазылым, оқылым дағдылары бойынша алынған жұмыстарға модерация (талқылау) жүргізіледі. Тағы да талдау жасайтын болсақ, қазақ тілі мен әдебиетінен жазылым дағдысы бойынша жұмыстар алынады. Мысалы, 7-сыныптар үшеу болатын болса, сабақ беретін мұғалімдер модерация алдында өз сыныбында бақылау жұмысын алдымен қарап шығады. Әзірленген бақылау жұмысы құжатта (спецификацияда) көрсетілген өлшемдерге сәйкес пе? Тапсырмалар шынайы ма? Оның көлемі мен деңгейі қандай? Белгілі бір уақыт аралығында балалар орындай алады ма?

Міне осының бәрін алдын-ала талқылаудан өтіп, оқушылардың алдына спецификацияға сәйкес жұмыс қана барады. Ал модерация кезінде оқушылардың жұмысы шифрланып, көшірмеден өтеді. Мысалы, мен өз сыныбымда дау тудырған, өзім күманданған, мына баланың жұмысына балды артық немесе кем қойдым ба? Мына бір жауабын ескеруге болады ма? – деп ойлаған жұмысты немесе балы ең жоғары, ең төмен жұмыстарды модерацияға әкелемін. Сол сияқты басқа мұғалімдер де осындай жұмыстарды талқылауға әкеле алады. Бұл жерде бізге баланың фамилиясы маңызды емес, жұмысы маңызды. Мұғалімдер жоғарыда айтылған сұрақтарға талқылау жасайды. Модерация кезінде балл өзгеруі, жоғарылауы немесе кемуі мүмкін. Модерациядан кейін ғана осы жұмыстардың барлығы хаттамаға түсіріліп барып, электронды журналға қойылады. Баланың алған балы қойылып, бағаға айналады.

Жаңартылған білім беру мазмұнында БЖБ мен ТЖБ-да баланың білімі нақты және шынайы бағаланады. Бұрынғы жүйеде біз оқушылардың ойлау дағдыларының деңгейін ескермей, таныс емес тақырыптарда бақылау жұмысын алдық. Мысалы диктантты төрт тоқсан бойы «2»-ге жазатын оқушылар болды. Олармен модерация жұмыстары өтпейтін еді. Жыл бойы оқушы сол деңгейде отыра беруі де мүмкін болды. Ал жаңа жүйеде оқушы өзінің оқудағы жетістіктерімен танысып, ілгерлеушілік бар ма? Соны өзі де бақылап отырады. Мұғаліммен кері байланыс жасайды.

– Бұл бағалаудың білім деңгейіндегі маңызы?

Критериаралды бағалау жүйесінің оқушының оқудағы жетістіктерін бағалауда маңызы өте зор. Бұл анық, нақты, түсінікті, қолжетімді, ашық. Бұны мен өте дұрыс бағалау деп есептеймін. Мысалы, бірінші жағдайда сізге түйенің суретін сал деген тапсырма берілді. Сіз алдыңыз да түйені салдыңыз. Ал екінші жағдайда сізге түйе салу үшін критерий (өлшем) берілді: екі өркешті түйе сал, түсі мынадай болуы керек, салған түйең А4 парағының ортасында орналасу керек. Сіз қай тапсырманы дұрыс орындайсыз? Әрине, екінші жағдай. Себебі сізге критерий беріліп тұр. Сондықтан мен ойлаймын БЖБ мен ТЖБ – түсінген мұғалімге, түсінген адамға ол өте дұрыс бағалау. Тағы да қарапайым мысал, біз үйді бағалау үшін бағалаушы шақырамыз. Ол үйдің қай жылы салынғанына, фундаментіне, т.б. критерийлеріне қарап баға береді. Ал бұл үй жақсы екен, маған ұнады немесе ұнамады деп баға бере алмайды ғой.

Міне, осындай бірнеше қарапайым мысалдар арқылы мен сізге бұл бағалаудың маңыздылығын түсіндіре алдым деп ойлаймын. Әрине кемшін тұстары да бар. Атап айтар болсақ, кейбір ата-аналардың, тіпті мұғалімдердің әлі күнге түсінбей жүргені қынжылтады. Ата-ана бұрынғысынша: «Балам неге 4-ке немесе 3-ке шықты?», – деп түсінбестік танытса, мұғалімдер тапсырмаларды өздері жасамай, біреудің дайын күйінде жасаған жұмыстары бойынша бақылау жұмыстарын алуы. Ал кейбір оқушыларымыз баға үшін оқып немесе төмен балл алсам ата-анам ұрысады деп безектейді. Осы бағалау жүйесі енгізілгеннен бері оқушылардың білімі шынайы бағаланып, үздіктер саны азайды десе де болғандай. Бұл жерде мұғалімнің рөлі өте зор. Мұғалім дайындаған жұмыстарын қандай оқу мақсатына сәйкес әзірледі? Оқушының ойлау дағдыларын ескерді ме? Төрт дағдының қайсысын бала жақсы меңгерді? Қай дағдыда қай оқушыға қиындық туды? Міне, мұғалім осының бәрін жақсы білуі керек. Кемшілік пен түсінбеушілік кімнің тарапынан кетті? Берілген ресурс па? Сыныптың деңгейі немесе баланың деңгейі ескерілмеген шығар, мұғалім осының бәрін бес саусақтай білуі қажет. Мұғалім түпкі оқу мақсатын түсінуі қажет.

– БЖБ және ТЖБ тапсыруға дайындалу үшін оқушылардың жүктемесі шектен тыс молайып кетті деп қарайтын ата-аналар бар. Сіз бұған не айтар едіңіз?

– Меніңше, бұл дұрыс емес пікір. Мысалы бұрын қазақ тілі пәнінен тоқсанына бақылау жұмыстарынан 2 диктант, 1 мазмұндама алып жүрдік. Сонымен қатар сынақ (тест) жұмыстары болатын. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша әр тоқсан бойынша БЖБ саны – 2, ТЖБ саны –1. Ал дайындық күнделікті қалыптастырушы бағалау арқылы жүзеге асады. Егер оқушының бар зейіні мен ынтасы тек сабақта болса, түк қиындығы жоқ.

– Сіз педагог ретінде БЖБ және ТЖБ еліміздің білім саласының сапасын арттыруға, халықаралық стандарттарға жақындауға бірер септігі тиеді деп айта аласыз ба?

– Критериалды бағалаудың мақсаты білім сапасын арттырып, мектеп бітірушілердің білімін халықаралық стандарт талаптарына сәйкестендіру ғой.

Егер үштік, ата-ана, мұғалім бірлікте болса, алынбайтын асу жоқ. Әлем сәт сайын өзгеріп жатқан заманда бұл өте маңызды бағалау. Сонымен қатар болашақ қазақстандық ұрпақ әлемді өз білімдерімен бағындыруы қажет. Ал критериалды бағалау оқушыларымызды сыни ойлауға, жаңа нәрселер ойлап табуға талпындырады. Мен мұғалім ретінде өзімнің оқушыларыма сенемін. Ойымды Ахмет Байтұрсынұлының мына сөздерімен қорытындылайын:

«Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек».

– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет!

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
05.08.2021

Ұқсас жаңалықтар

АРЫСҚА ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР КЕЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 28.03.2024 60
ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ – ДОМБЫРА
Дәулетбек Байтұрсынұлы - 28.03.2024 110
ОТАНСЫЗ ЖЕТІМ, ДІНСІЗ БАҚЫТСЫЗСЫҢ
Нұрлан Байжігітұлы - 28.03.2024 35
АППАРАТТЫҚ КЕҢЕСТЕ
Шу ауданы әкімдігі - 28.03.2024 22

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 339
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6441
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 8153
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6522
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 6657