Болашақтың кілті – ақпарат технологиясы

Болашақтың кілті – ақпарат технологиясы

Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың жоғары білікті IT маманын дайындау міндетін қойып, тапсырма берген еді. Бүгінгі таңда елімізде IT мамандарына сұраныс артып отыр. Өйткені көптеген компания сауатты әрі мамандығын жақсы білетін бағдарламашылар мен әзірлеушілерге мұқтаж. Осы тұста «Елімізде IT саласы қалай дамып жатыр? Мамандар дайындау үшін қандай шаралар қолға алынды, сонымен қоса мықты IT маман болу үшін мамандар қандай дағдыларды дамытуы керек? Әлемдік деңгейде қандай жетістіктеріміз бар?» деген секілді сауалдарға жауап іздеп Қанат Қожахметпен әңгіме өрбіткен едік. 

Қанат Темірғалыұлы IT саласында білім алып, қазіргі таңда сол салада ерен еңбек етіп келеді. Қанат Қожахмет Сүлеймен Демирел атындағы университетте бакалавр, Қазақстан-Британ университетінде магистратураны бітірген. 2014 жылы Информатика, есептеуіш техникасы және басқару бағыты бойынша PhD дәрежесін алды. 17 жылдан бері білім беру саласында жұмыс істеп келеді. Еліміздің бірқатар озық жоғары оқу орындарында сабақ берді. ҚБТУ, SDU, Халықаралық Ақпараттық Технологиялар Университеті сияқты жоғары оқу орындарында профессор қызметін атқарды. Нархоз, SDU университеттерінде ректор болып жұмыс істеді. Astana IT University ашты.

 

 

– Қанат Темірғалыұлы, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз.

IT саласы бойынша ұзақ жылдар бойы сабақ бердіңіз, елімізде IT саласында білім беру деңгейі қандай? Бүгіні мен болашағы қандай? 

– Иә, рақмет, өзіңіз айтып өткендей, 17 жылда бірқатар университеттерде сабақ бердім. Жалпы бүгінгі таңда IT саласы күннен-күнге дамып жатыр деуге болады. Заман талабына сай қазіргі таңда әлем бойынша ІТ саласына сұраныс үлкен. Қазақстан да ақпараттық технология ағымынан қалыспай, технопарктер құру, мамандар даярлауға ерекше ден қойып жатыр. Елімізде қай сала қалай дамып жатыр деп сырттан бақылап, баға беріп жатамыз, сол кезде басты 3 шартқа қарау керек деп ойлаймын. Оның біріншісі – жұмыс орындары қаншалықты көп, сұраныс бар ма, екінші – табысы, үшінші – шығарып жатқан өнімдері. IT саласын қарайтын болсаңыз, бүгінгі таңда елімізде IT мамандарына сұраныс артып отыр, жұмыс орындары көп, кадрларға сұраныс өте үлкен, тауып жатқан табыстары, айлықтары жоғары, шығарып жатқан өнімдер, яғни жобаларымыз да баршылық.

– Қазақ тілін цифрландыруымыз қажет деп жатырмыз, экономика мен цифрлы саланы қазақ тілінде сөйлету мүмкін бе?

– Тіл жойылуының деңгейін ғылыми терминде бірнеше санатқа бөледі. Мәселен, сол тілде сөйлейтін бірде-бір адам қалмаған тілді «жойылған тіл», сол тілде тек қартайған адамдар сөйлейтін тілді «өле бастаған тіл», жасы елуден асқан адамдар ғана сол тілде жақсы сөйлесе, оны «қатты қатер төнген тіл», халықтың жас ұрпағы тілді аздап қана біліп, бірақ сол тілде сөйлегісі келмесе, оны «қауіп-қатер төне бастаған тіл», әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қажетсіз саналып, үлкен тілдің қыспағына түскен тілді «қауіп төнген тіл» деп жіктеген. Ұлттық құндылықтың негізгі күретамыры – оның ана тілі. Заман талабына сай тіл де жаһанданудың үрдісіне ілесіп, дамып отыруы керек. Бізде енді қазіргі өсіп келе жатқан ұрпақ, жастарымыз бұрынғыдан гөрі жақсырақ деуге болады. Қазақ тілінің аясы кеңеюде. Цифрлы салада, қарап отырсаңыз, күнделікті қолданып жүрген «Kaspi.kz», «Яндекс» қосымшалары қазақ тіліне өтуде, қолданысы кеңеюде. Яғни даму бар.  Алдағы уақытта экономикамыз да, цифрлы сала да қазақ тілінде сөйлейді деп ойлаймын. 

– Мемлекет тарапынан IT саласына қолдау бар ма? 

– Қолдау, әрине, бар, мысалы Astana Hub технопаркін келтіруге болады. Бұл IT-стартаптардың халықаралық технопаркі. Ол жерде қазақстандық және шетелдік технологиялық компаниялардың еркін дамуына жағдай жасалынады. Astana Hub миссиясы – инновациялық жобаларды дамыту орталығына айналу, серпінді IT-компанияларды шығару және әлемнің түкпір-түкпірінен жас және дарынды IT мамандарының сыни массасын тартудың ошағына айналу. 2022 жылы Startup Orda бағдарламасы іске асырылды – бұл Astana Hub жергілікті серіктестермен дамытатын өңірлік Startup-инкубаторлар желісі. Startup Orda-ға қатысу үшін ел бойынша барлығы 7674 өтінім түсті. Оқу бағдарламасы кезеңінде 285-тен астам іс-шара ұйымдастырылды, оның 122-сі онлайн форматта өтті, оған өңірлер бойынша IT дамытуға 10 мыңға жуық мүдделі адам белсенді қатысты.  Бүгінде «Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі» корпоративтік қоры базасында IT-мектептерге ваучерлер (гранттар) бөлу тетігі әзірленген 2021 жылы Astana Hub өз қаражаты есебінен 13 IT-бағдарламалау мектебінің 100 студентін қаржыландырған. Бүгінде республика бойынша 77 жоғары оқу орны IT-мамандарды дайындаса, жыл сайын 10 мыңнан астам IT-маман еңбек нарығына жіберіледі. Сонымен қатар Tech Orda – Қазақстан Республикасындағы жекеменшік мектептерде IT мамандарын даярлауға арналған қаржыландыру бағдарламасы бар. Оқушыларға керемет мүмкіндіктердің бірі. Қаржыландыру сомасы (ваучер) бір студентке 600 000 теңгеге дейін. Қолдау бар, жастарға көптеген  мүмкіндіктер қарастырылған. 

– Әлемдік деңгейде мақтанарлық жетістіктеріміз бар ма? 

– Бар, қазір сіз бен біз күнделікті өмірімізді жеңілдете түскен Қазақстанда «Kaspi» сөзі әр адамның әңгімесінде айтылады. «Kaspi-ге ақша аудардым», «Kaspi QR арқылы төлеймін», «Kaspi-ден сатып алдым», «Көлікті Kaspi арқылы қайта тіркедім». Қазақстандықтар күнделікті шаруаның бәрін «Kaspi.kz» мобильді қосымшасы арқылы шешетін сияқты. «Kaspi.kz» әлемдегі алғашқы компаниялардың бірі болып суперқосымшаны іске қосты. Ол іске қосылған кезде мұндай мысалдар болмаған, қазір де сервистердің дәл «Kaspi»-дегідей бір жерге жинақталуы еш жерде жоқ. Қазіргі таңда «Kaspi.kz» – Қазақстаннан сырт жерлерге танымал озық технологиялық компаниялардың бірі. Гарвардта магистратура студенттеріне қазақстандық «Kaspi.kz»-тің кейсі оқытылады. Жалпы «Kaspi.kz» –  отандастарымыз мақтанатын, шетелдіктер таңғалатын қазақстандық компания. Шетелдіктер «Kaspi.kz»-тің инновациялық және технологиялық сервистерінің ерекшелігі мен Қазақстандағы цифрлық қызметтерді енгізу деңгейінің басқа елдермен салыстырғанда жоғары екенін айтады. Өзіңіз мінсіз деп білетін қоғамды елестетуге тырысыңыз. Мықты денсаулық, жақсы жұмыс, қамсыз тірлік, өмір сүруге қолайлы жағдайлар. Бұл тізім ұзыннан-ұзақ жалғаса береді және жеке басымдықтарға байланысты қажетті аспектілермен толықтырылуы да мүмкін. Әйтсе де, мұндай қоғамның ажырамас бөлшегі мемлекет болып табылады. Келесі тағы бір мақтана алатын өнімдеріміздің бірі – EGOV порталы. Электрондық үкімет – ақпараттық технологиялар көмегімен ішінара келісушілікті қамтамасыз ететін, мемлекет пен азаматтар арасындағы, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың өзара әрекеттестігінің бірыңғай механизмі. Мемлекеттік органдарға кезекті қысқартып, анықтама, куәлік, рұқсат құжаттарын және тағы басқаларын алуды жеңілдетуге әрі жылдамдатуға  мүмкіндік берген де дәл осы механизм. Мысал келтіре берсеңіз, көп, тағы бір мысал келтіре кетсек, «Сергек» бейнекамерасы. «Сергек» – отандық жоба. Кешеннің алгоритмдері мен бағдарламасын қазақстандық IT мамандар әзірлеген. «Сергектегі» барлық айыппұл мемлекеттік бюджетке түседі. Айыппұлдан түскен қаражат жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларына жұмсалады. Айта өтейік, «Сергек» жүйесі ауа райының қолайсыз жағдайларына қарамайды. Барлық уақытта бір қалыпты жағдайда жұмыс жасайды. «Сергек» бірінші кезекте қоғамдық қауіпсіздікке жауап береді. Ол жол бойы мен көше қиылыстарынан бөлек мектептердің жанында, аулаларда, сауда орталықтарының маңы мен халық көп жиналатын өзге де орындарда орнатылады. Міне, бұл сіз бен біздің қолданысымыздағы әлемдік аренада мақтана алатын жобаларымыздың бір бөлігі ғана және күннен-күнге даму үстінде. 

– Қазір мектеп саласындасыз, Skillset мектебі жайлы тоқталып өтсеңіз. Басқа мектептерден ерекшелігі неде? 

– Жалпы елімізде IT саласы жоғары оқу орындарында ғана емес, мектеп қабырғасынан бастап оқытылады. Білім министрлігінің мәліметінше, мектептерде 3810 ғылыми-техникалық шығармашылық үйірмесі бар. Өз басым жоғары оқу орындарынан гөрі мектептерде орта білімге көңілім толмайды. Сол үшінде былтыр ғана Астанада еліміздегі IT бағытында оқытылатын алғашқы мектепті аштық. Skillset – 5-11 сынып аралығындағы балаларға арналған алғашқы цифрлық технологиялар орта мектебі, онда орта білім туралы аттестат алуға ғана емес, сонымен қатар тәжірибе жинап, жоғары оқу орындарында оқу және мектепті бітіргеннен кейін IT салада жұмыс істеу мүмкіндігі бар. Жалпы білім беру бағдарламасы мен ағылшын тілін тереңдетіп оқытудан басқа, біздің бағдарламамызға бағдарламалау блоктары (Python, C, Java), 2D дизайны (Photoshop, CorelDraw), 3D дизайны (3ds Max, Maya), UX/UI дизайны (Figma), мобилография кіреді. Оқыту үш тілде жүргізіледі және Case-based және Problem-based Learning негізінде жүргізіледі. Оқыту аясында IT-хакатондар, жәрмеңкелер, жобалар, олимпиадалар, тағылымдамалар және тағы басқалар қарастырылған. Біздің мектеп – IT әлеміне трамплин, ал оқушылар үшін кәсіби арман-мақсаттарына ерте жастан қол жеткізе алатын үлкен мүмкіндік. Басқа мектептерден ерекшелігі – мектепте заманауи инфрақұрылым және цифрлық экожүйе бар. Сондай-ақ Халықаралық емтихандар – SKILLSET - ETS Global компаниясының ресми өкілі – ETS еншілес компаниясы, ол бүкіл әлем бойынша білім беру тәжірибесімен бөліседі. ETS Global TOEIC, TOEFL, GRE немесе TFI сияқты тілдік сынақтардың кең ауқымын, сондай-ақ стандартталған сынақтарды, ана тілінде сөйлемейтіндерді Оқыту құралдары мен шешімдерін ұсынады. Жоғарыда аталған тестілерді тапсыру көптеген беделді шетелдік университеттерге түсу үшін талап болып табылады. ҰБТ-ға дайындық – Академиялық бағдарламадан басқа, мектеп ҰБТ-ға күшейтілген дайындықты жүзеге асырады, сондай-ақ әртүрлі жәрмеңкелер, дәрістер, шеберлік сыныптары және т. б. арқылы оқушыларды кәсіптік бағдарлау бойынша мұқият іс-шаралар өткізіледі. 

– Бүгінде үлкен жетістіктерге жетіп, мақтан тұтар шәкірттеріңіз бар ма? 

– 17 жылда 3000-ға жуық шәкірт тәрбиеледім, қазіргі таңда 40-тан астам шәкірт халықаралық компанияларда жұмыс істейді. 

– Жаңа оқу жылына қандай жаңашылдық пен жоспарларыңыз бар?

– Биыл біз жасанды интеллект туралы бағдарламаны барлық пәндерге енгізуді жоспарлап отырмыз. Былтырғы жылы түрлі жобалар жасалып, нәтиже көрсетілді. Биыл біз Астанада IT жобалар мен жасанды интеллект бойынша ең ауқымды іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз.  

– Мағыналы әңгімеңіз үшін рақмет!

 

 Сұхбаттасқан – РАУАН МУТАИР

 

25.08.2023

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНДА ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМ САХНАЛАДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 24
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАСТАРЫ ҮШІН БИЫЛ АРНАУЛЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНА 15 500 ГРАНТ БӨЛІНЕДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 24
ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ҚАЗЫҒҰРТТА КӘСІПКЕРЛІКТІ ЖАНДАНДЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 30
 СОЗАҚ АУДАНЫ ӨНЕРКӘСІП ӨНІМ КӨЛЕМІ БОЙЫНША ОБЛЫСТА КӨШ БАСТАП ТҰР
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 02.05.2024 26
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА БІРНЕШЕ АУЫЛҒА ГАЗ БЕРІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 24

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1184
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7230
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11095
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7295
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7439