Дос Көшім: Саясаттағы ең қауіпті адамдар – табанының бүрі жоқтар

Дос Көшім: Саясаттағы ең қауіпті адамдар –  табанының бүрі жоқтар

«Qazaqstan dauiri» газеті – мемлекетшіл басылым. Ынтымақ-бірлікті, елдің татулығын насихаттап келе жатқан басылым. Алайда «тура биде туған жоқ» принципіне адал. Керек жерінде ұлттық мүдде үшін өткір-өткір мақалалар басуға мәжбүр. Бұл – ата-баба аманатына адалдық. Болашаққа деген іңкәрлік! Және журналистік мамандыққа тазалық.   Тіл мен ділдің жанайқайын дәл «Qazaqstan dauiri» секілді көтерген газет аз. Үкіметтегі «әттеген-айларды» да дер кезінде сынап отырады. Биліктің жақсы істерін, тың бастамаларын ту етіп көтеріп, кеңірек насихаттауға да намыстанбайды.   Себебі бүгінгі қоғам сергек! Халықтың көзі ашық.  Өткірлікті, туралықты жақсы көреді. Өтірік көлгірсуді, жағымпаздық пен жалтақтықты ұнатпайды.  Сондықтан да осы жолы Президент сайлауына бақылаушыларды оқытып жатқан белгілі саясаткер Дос Көшім мырзаға алда келе жатқан кезектен тыс Президент сайлауы туралы халықтың көкейінде жүрген, әлеуметтік желілерде айтылып қалатын көптеген сауалдарды қоюға тура келді. 

 

Сайлаудан соң өзгеріс болмайды

– Президент Тоқаевтың Республика күнін қайта жаңғыртуын қалай қабылдадыңыз? Ұлттық рухыңыз көтеріліп, Жаңа Қазақстанға жаңа көзқарас пайда болған жоқ па?

– Жақсы қабылдадым. Қоғамда бұл мәселенің көп жылдар бойы көтеріліп, айтылып келгенін бәріміз білеміз... Өкінішке орай, бұған осы уақытқа дейін не Президент, не Парламент көңіл аудармаған болатын. Әңгіме Тәуелсіздік декларация қабылданған күн мен Тәуелсіздік жарияланған күндердің арасындағы «қайсысының деңгейі жоғары» деген жарыста емес, «Тәуелсіздік күнін» Желтоқсанның бір жағы азалы, бір жағы қасиетті күніне «қабаттастырып» қоюында деп білемін. Сондықтан да өзінің ұстанымымен емес, біздің айтуымызбен, Тәуелсіздік тойын 25 қазанға көшіргенді дұрыс деп есептеймін. Бұл шешімге алдағы сайлаудың түрткі болғаны да анық. Қазақ елінің кейбір аймақтарында сайлау кезінде үміткерлер халықтың көңілінен шығуға тырысып, бұрын жасамаған жақсылықтарын жасауға кірісетін. Депутаттыққа түсіп жатқандардың біреулері дауыс алу мақсатында көшеге жарық орнатып берсе, енді бірі медпункт салып береді екен. Демек Тоқаевтың халықтың айтқанын қолдағаны осы тәсілдің ешқашан өзгермейтінін көрсетеді. Ал біз үшін... «Жаудан түк тартсаң да пайда» деген... Бірақ мейрамның мезгілінің өзгеруі ешкімнің ұлттық рухын да көтермейді, «Жаңа Қазақстанға» жаңа көзқарас та қалыптастырмайды. Бұрын жасалмаған шешім қазір жасалса, демек ол – саяси қажеттіліктен туған шешім.

– Кезектен тыс президент сайлауы да өтер. Сайлаудан кейін қоғамда қандай өзгеріс болуы мүмкін? 

– Екіншіден, өзгерісті тек сайлау немесе сол сайлау арқылы келетін бір адам өзгерте алмайды. Бұл – жүйе. Билік жүйесі. Қоғамдық қатынастар жүйесі. Оны сол жүйенің ішінен шыққан, сол жүйеге қызмет жасаған, сол жүйені орнатқан адамдар ешқашан өзгертпейді. Олар өзгерткен сыңай ғана көрсететін болар. Мен оны «демократияның декорациясы» деп атаймын.

 

Қазақ болудан қалып барамыз

– Қазақ ұлтшылдары туралы айтыңызшы. Олар қайда жүр  қазір? Парламентке барғандарының үні неге шықпайды?

– Қазақ ұлтшылы – осы отырған бәріміз. Әр қазақ ұлтшыл. Алаш арыстарынан сталиндік репрессия арқылы құтылған тоталитарлық жүйе ұлтшылдарды ешқашан билікке жолатқан емес. Иә, ұлтшылдар – үлкен күш, олардың артында қазақ халқы тұр. Бірақ сол күш осы уақытқа дейін не біріге алмай, не далбақтап, «сұмдық» деп айқайлайтын кез келген бұлбұлдың соңынан еріп, немесе президент болған адамға мадақ айтып, сан топқа бөлініп, сан қырдың астында жүр. Парламенттің де 80 пайызы қазақ болар. Олардың да үнін естімейміз. Меніңше, бұл феноменнің (халықтың 70 пайызынан асып отырған ұлттың өз мақсатын жүзеге асыра алмауы, шынында да, таңқаларлық феномен!) басты себебі 200 жылдық отаршылдық пен 70 жылдық тоталитарлық жүйенің салдарында болар. Отаршылдық та, әкімшілдік-әміршілдік жүйе де із-түзсіз кетпеді; ұлттың өзіндік құндылықтарын, менталитетін  толықтай өзгертіп жіберді, халықты өзінің басты қасиеттерінен айырды. Бұрын «басты қасиетіміз – «қайсарлық», «ерлік», «батырлық» дейтін қазақ, отаршылдықтан соң, «басты қасиетіміз –  «жомарттық», «қонақжайлылық», «толеранттық» деуге көшті. Көшті емес, біздің қожайындарымыз ес білгеннен «сендер сондай ашық-жарқын жансыңдар, кез келген келімсекке тілдеріңді де, жерлеріңді де бересіңдер, бұдан артық қасиет жоқ!» деп үйретті. Сол аузымызға салып берген жаттанды сөздерді әлі де қайталап келеміз. 1978 жылы Грузияға грузин тілімен бірге орыс тілін мемлекеттік тіл қыламыз дегенде, Тбилисидің ақсақалдары Орталық партия комитетінің алдына келіп, қанжарларымен қолдарын кесіп, «онда біздің өлгеніміз артық» деп ана тілдерін дара тіл етіп алып қалса, біздің ақсақалдарымыз балаларына «орыс тілін үйрен, сонда ғана адам боласың!» деп ақыл айтты, зиялы деген адамдарымыз балаларын орыс мектебіне берді. Халық та азады екен. Қазақ ұлты осы екі ғасырда адам айтқысыз өзгерді. Қазақ болудан қалып барамыз. Қазақ болғанына арланатын адамдар пайда болды. Оны орнына келтіру мүмкіндігі тәуелсіздігімізді қайта алған кезеңде туып еді, бірақ билікті қайтадан басып алған бұрынғы коммунистік партияның басшылары қазаққа аса қажет отарсыздандыру саясатын жүргізуден бас тартты,  сондықтан не ұлттық құндылықтары жаңғырмаған, не билік жүйесі өзгермеген, аты бар да, заты жоқ қазақтардан және көпшілігі бұл елді өз Отаным деп танымайтын өзге ұлт өкілдерінен тұратын дүбәра ел болып шыға келдік. Ондай елде ұлттық мәселесін көтергендерге халық та, билік те «сенікі дұрыс» дейді екен, бірақ біріншілері оның ұранына басын тігіп, атқа қонбайды, ал екіншілері барынша қарсылық көрсетеді.

– Президент сайлауына бақылаушыларды оқытып жатыр екенсіз.  Тәжірибеңіз жетеді. Оларға қандай міндет жүктеледі? Қандай құқықтық ерекшеліктері бар? Сайлаудың әділ өтуі үшін бақылаушылар мен сайлаушылар не істегені жөн? 

– 1999 жылы Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесін құрып, сол қауымдастықты алты жылдай басқардым. Сайлау барысын бақылау, біріншіден, сайлаудың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етеді. Сайлау кезіндегі заңбұзушылық деректерін нақтылауға негіз болады. Сонымен бірге сайлауды бағалауға, сол арқылы, сайлау туралы заңнаманы өзгертуге қажетті ақпарат беруге де үлкен көмегін тигізеді. Естеріңізде болса, 2000 жылдың бас кезінде біздің бақылаушылардың жақсы жұмыс істегені соншалықты, билік бірде жеке куәліктерге штрих-код енгізіп, енді бірде, электронды сайлау жүйесі дегенді ойлап тауып шала бүлінді. Өкінішке орай, бақылаушылар қозғалысы 2010 жылдардан кейін тоқырап қалды. Бірақ 2019 жылғы президенттік сайлау кезінде тағы бір серпіліс болды. Қарапайым азаматтар сайлау процесін бақылауға алудың қажеттілігін түсінді, әр аймақта өздері ұйымдасқан топтар пайда болды. Соңғы жылдары мен бақылаушы болуға тілек білдірген азаматтарды оқытумен айналысып келемін. Шынымды айтсам, олар оппозициялық бағыттағы топтар ма, әлде Парламентте отырған саяси партияның бақылаушылары ма, маған бәрібір. Бақылаушының міндеті барлығына ортақ. Бақылаушы болған адам – сайлаудың не екенін, қазақ еліндегі сайлау жүйесінің қандай екендігін білетін адам. Қысқасы, азаматтық қоғамның сайлауды бақылауы – сайлау жүйесін жақсартудың бір жолы. 

 

Тоқаевты қолдайтындар да, қолдамайтындар да бар

– Досеке, саяси қайраткерлер арасында Президенттікке түсіп жатқан Тоқаев мырзаға қолдау білдіруге үндейтіндер қарасы көп. Қанша дегенмен БҰҰ-да қызмет еткен, Еуропа көрген, өркениетті елдердің  елшіліктерінде қызмет еткен көргені мен түйгені мол саясаткер, дипломат  қой. Байқағаным, сіздің саяси сараптамаларыңыз терең зерттелген  болып шығады. Екі жақты терең зерделеп барып ой айтатыныңыз байқалады.  Тоқаевқа  үміт артуға қалайсыз? 

– Әрине, «Тоқаев мырзаға қолдау білдіруге» үндеушілер көп. Бірақ олар Тоқаевты қолдап отырған жоқ, оның отырған орнын, оның билігін қолдап отырған жандар. Кеше олар «бір адамдай» Назарбаевты қолдады (98 пайызды ұмытқан жоқ шығарсыздар), ертең Тоқаевтың орнына келген келесі президент мырзаны да «бір адамдай» қолдайды. Оған шүбәңіз болмасын! Ал биліктегі адамдардың «ерекше артықшылығын» табу аса қиын жұмыс емес. Біреуі – «қанша дегенмен» қазақ халқының тарихында бұрын-соңды болмаған жаңа мемлекет орнатыпты (қазақ хандарының қарғысына қалған болар...), екіншісі «қанша дегенмен» БҰҰ-да қызмет жасапты, дипломат екен. Меніңше, әңгіме адамның тәжірибесінде, білімінде, керек десеңіз, зиялылығында, тазалығында да емес, оның өзі отырған орнына лайық болуында және сол лауазымын пайдалана отырып халықтың мақсат-мүддесін жүзеге асыруында. Басқасын былай қойғанда, кеше ғана «ана тілі – халықты біріктіруші, ал тіршіліктің тілі – орыс тілі болуы керек» деген пікірді айтқан адамға қандай қазақ дауыс беретінін білмеймін. 

Ашығын айтайын, Тоқаевқа деген үміт менде де болды. Бірақ ол бір айдан аспады. Оның «мемлекет астанасының атын Нұрсұлтан деп өзгертудің қажеттілігін атап өткенін» естіген соң, баяғы жартас – сол жартас болып қалғанын түсіндім. Ал өзінің «болаттай берік» осы көзқарасын үш жыл өтпей тағы өзгерткенде... «Ханның екі сөйлегені – өлгені» дейді халық 

– Тоқаев әділ сайлау өткізуге уәде берді. Бұған сіздің көзқарасыңыз? 

– Өткен 2019 жылы да Тоқаев мырза әділ сайлау өткізуге уәде берген болатын. Сайлауға бармай-ақ, бақылаушы болмай-ақ әлеуметтік желі арқылы сайлаудың қалай өткеніне бәріміз куә болдық деп ойлаймын. 

– Еліміздегі оппозицияның біріге алмауы жайлы не айтасыз? Жалпы бізде оппозиция бар ма?

– Оппозициялық күштер, құрылымдар жоқ, бірақ оппозициялық бағыттағы азаматтар, топтар бар. Алайда осы уақытқа дейін оппозицияның биліктегі топқа, президентке сын айтудан аса алмағаны қарын аштырады. Олар алдарына қоғамды өзгертіп, қазақ халқының жаңарған мемлекетін жасау мақсатын емес, Назарбаевтан құтылу мақсатын ғана қойған сияқты. (Әлі есімде, қырғыз президенті Ақаев биліктен кеткен уақытта оппозиция тарапынан «біздер осы күнге қашан жетеміз» деген сөздерді де естідім. Ақаевтың орнына Бакиев келгенде қырғыз оппозициясы да той жасады. Бірақ ол Ақаевтан да асқан диктатор болып шықты. Ұмытпасам, 82 адамды атты. Егер оны Назарбаев құтқармаса, қырғыздар итше талап тастайтын еді) Қысқасы, билік бір адаммен шектелмейді. Бұл – жүйе. Қазір біз Назарбаев кеткенмен, сол бағыттың жаңа сипатпен сақталғанын көріп отырмыз. Сондықтан оппозицияның тек Назарбаевты, оның жақындарын басты нысана етіп алғаны қоғамды өзгертуге алып келмеді. Меніңше, оппозиция өзінің жоспарлы, құрылымдық деңгейдегі жұмысын 2010 жылдардан кейін тоқтатқан сияқты. Ең қызығы, тәуелсіздік үшін нақты іс-әрекетке барған ұлтшыл топтар Жер дауында да, Шаңырақ шайқасында да т.б. белсенді жұмыс жасап келеді, бірақ оларды саяси күш есебінде не билік, не оппозиция мойындағысы келмейді. Биліктікі түсінікті, олар басым көпшілігі сол биліктің ішінен шыққан оппозициядан емес, ұлтшылдардан қорқады, ал оппозиция болса, мүмкін, мен қателесермін, ұлтшылдарды бәсекелес көретін сияқты. Әлі есімде, 2002 жылы ДВК-нің цирктегі жиынына Хасен Қожа-Ахмет те қатысуға ниет білдіріп еді, оппозиция басшылары оны қатыстырудан ашық бас тартты... Әрине, облыс әкімдері, министрлер мен лауазымды мемлекеттік басшылары жиналған жерде Тәуелсіздікке дейін екі рет сотталған, өмірінің бәрін қазақ елінің болашағына арнаған ұлтшылдың бой көрсетуін оппозицияның қаламағанын түсінуге болады. Ал 2019 жылы ұлтшыл ұйым ұсынған өздерінің әріптесі Әміржанды жамандаймыз деп, шаршағандары сондай, не Тоқаевқа сын айтуға жарамай, не халықты көшеге шығаруға шамалары келмей қалды.

– Ешқандай өзгеріс болмайды. Әрине, үмітсіз шайтан деген сөз бар. Бәріміз жақсылық күтеміз, өзгеріс күтеміз. Бірақ баяғы сайлау заңымен, баяғы сайлауды жүргізетін, ең бастысы, дауыстарды есептейтін адамдармен, баяғы сайлау жүйесімен әділ сайлаудың болмайтыны белгілі.  Назарбаевтың қателігі – жанына жағымпаздарды жинағаны

– Саяси өлік, саяси  сатқындық дегенді қалай түсінесіз? Бізде ондай саясаткерлер бар ма?

– Бұл, меніңше, саяси мәдениеті қалыптаспаған қоғамда жиі қолданылатын сөз тіркестері. Көп жағдайда бұл сөздер жеке бір адамның екінші бір адамға деген субъективті көзқарасын беру үшін қолданылады. Алайда біреулердің «саяси өлік» деп атаған тұлғасы екінші біреулер үшін сыйлауға тұратын адам болуы да ғажап емес. Әсіресе әлеуметтік желіге қадалып, әр блогердің айтқанын құран сөзіндей көретін қоғамда бұндай атаулардан аяқ алып жүре алмайсыз. Менің сөз байлығымда «саяси өлік», «саяси сатқындық» деген сөздер жоқ. Мен көбінесе өзінің азаматтық немесе саяси көзқарасын өзгерткен жандарды «екіжүзді» деп атаймын (мойындаймын, бұл да онша жақсы сөз емес). Мысалы, мен үшін бір саяси партияның басшыларының қатарында болып, кейін екінші бір саяси партияға кірген, солардың басшысына айналған адамдар немесе билікке жұмыс істеп, кейін оппозицияның серкелерінің қатарында жүрген (керісінше, оппозицияның белсендісі болып жүріп, біршама уақыттан кейін билікке барғандар) екіжүзді жандар. Қазақ оларды «табандарының бүрі жоқ» деп те атайды. Саясаттағы ең қорқынышты жандар да осылар. 

– Назарбаев  билігінің ең басты қателігі не деп ойлайсыз? Тақта ұзақ отыруы ғана ма? 

– Өте қиын сұрақ. «Негізгі, басты қателігі – мынау» деп, жеке бір қателікті ешкім де атап бере алмайтын болар. Мүмкін, бір қателігі халықты алдауға болады деген сенімі болар. Екінші бір қателігі байлыққа құныққандығы шығар. (Менің анам «кедей адам ешқашан байымайды» дегенді жиі айтатын. Бала кезімде «неге олай дейсіз? Кедей де бай бола алатын шығар» деген сұрағыма, «Әй, балам-ай! Өмір бойы кедейшілік көрген адам барлық байлықты тыққыштап, жинай береді. Оның қызығын да көрмейді. Қалтырауық келеді, көзі тоймайды. Ол бай болса да, психологиялық тұрғыдан кедей қалпында қалады. Халық сондықтан «кедей  байымайды дейді» деп түсіндіретін). Тағы бір қателігі жағымпаздыққа жол бергені деп білемін. Жағымпаздықты, жеке басқа табынушылықты  сол тұлғаның өзі тоқтатпаса, жағымпаздар тоқтамайды. Әділетті қоғам құруды, қазақ ұлтының мақсат-мүддесіне құлақ қоймауы тағы бар. Ол, мүмкін, қателік емес, өзінің мақсаты болар... Ал негізгі қателігі құдайдан қорықпағаны шығар. Меніңше, бұлардың барлығы қателік емес. Қателік – алға қойған мақсатқа жетудің жолында жасаған жаңсақ қадамдарың. Ал Назарбаев мырза жоғарыдағы «кемшіліктерді» біле отырып жасағаны анық. Ол – қателік емес, ол – сол кісінің ұстанымы.  Ал тақта ұзақ отыру – сол «қателіктердің» нақты нәтижесі ғана.

– Кезектен тыс Президент сайлауын өткізіп жатқан Тоқаев мырза елді соңынан ертіп әкету үшін қандай қадамға баруы керек? Қайтсе көптің көңілінен шығады?  

– Бұл сұраққа биліктің саяси технологтары осы үш жыл бойы сұрақ іздеп, жауаптарын дайындап, жоспарларын жасап қойды деп ойлаймын. 

– Өткір сауалдарға күлбілтелемей өтімді жауап бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
04.11.2022

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 355
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6460
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 8169
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6540
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 6676