Елді ашындырған «әуежай ісіндегі» айыптаулар тым ауыр емес пе?

Елді ашындырған «әуежай ісіндегі»  айыптаулар тым ауыр емес пе?

«Әуежай ісіне» қатысты үкім шыққалы әлеуметтік желі қолданушылары өре түрегелді. Түгелге жуық бұл үкімнің әділетсіз екенін, үкім шығарарда соттың көптеген фактілерді есепке алмағанын жазып жатыр. Жаңа Қазақстанға деген сенімі күйрегенін жазғандар; 20 мың террористің есебін шығара алмай жатып, бір әуежайды бес адам басып алды деген аргумент ұсынған прокуратураны келеке қылғандар; жақында ғана мемлекеттен пәтер кілтін, түрлі марапат алған журналистерді «арашаға» шақырғандар… Солардың ішінде бір сөз ерекше әсер етеді: «Әйгерім жау болса, мен де жаумын». Бұл сөзді бірнеше адам жазды. Әрине, теңдік, әділдік сұрап, ешкім көшеге шыққан жоқ, бірақ әлеуметтік желідегі бұл белсенділік билікті алаңдатқан болуы керек, әлде алдын ала осылай боларын біліп, дайындық жасаған болар, аталмыш үкімді жақтаған, бейбіт сарындағы жазбалар көзге түсе бастады. Тіпті бір-бірінен аумайтын тексті көшіріп жазғандар да бар. Түбіне үңілсең, Алматыны қиратып, стратегиялық нысанды басып алған адамдар әділ жазасын алуы керек; өзгелер заңға бағынып үйде отырғанда, бұлар неге әуежайға барады; Конституция – біздің азаматтардың қауіпсіздігінің кепілі, оны аттағандар – қылмыскер; бала-шағамыз бен туыстарымыздың қауіпсіздігі үшін қатты алаңдадым (Қаңтар оқиғасы кезінде); екінші Қаңтар оқиғасы болмасын десек… деп келеді. Бірақ бәрінің сарыны бір жерге барып тіреледі: Бұл үкім – дұрыс үкім.

«Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» құруға талпынып жатқан елімізде, өкінішке қарай, небір келеңсіздіктер де орын алып жатыр.  Соның нақты мысалы «әуежайды басып алуға» оқталған бесеудің жазасы. Тым қатал емес пе? Қаңтар оқиғасында Алматы әуежайын басып алмақ болғаны үшін кінәлі деп танылған  Әйгерім Тілеужанова – 4 жылға, Қалас Нұрпейісов – 8 жылға, Нұрлан Дәлібаев – 8 жылға, Ермұхамет Шілібаев – 8 жылға, Жанайдар Кәрменов – 8 жылға сотталды. 

Біз, бүгінгі аға буын, кешегі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін көзбен көрген ұрпақпыз. Онда да тап осылай прокурорлар мен соттар қазақ жастарын болмағанды болғандай қылып, ауыр айыптарды мойындарына қиып салып түрмеге тоғытқан. Онда да небір зиялылар, албырт жастардың «бұзақылығынан» жандары түршігіп, өкінетіндерін айтып, көлдей-көлдей айыптау мақалалар жазған. Тарих қайталанып жатқан секілді.       

«Жаңа Қазақстан» деп ұран бастағандар бұл сөздің әжуаға айналып кеткенін ұғып, қателескендерін түсініп, «Жаңаны» бүкіл жерден алып тастап, «Әділетті Қазақстан» дегенге көшкен. Алайда «Әләуләйім таусылса, хәләуләйім тағы бар» деген Алдар көсенің стилін қазақ мазаққа айналдырып алды. Көзіңді бақырайтып қойып, өтірікке сендіру деген неткен сорақылық, сорлылық! Амалы таусылып, суға кетіп бара жатып тал қармағандардың әрекеті бұл. 1986, 2011, 2022. Бұл кезеңдер Қазақ тарихынан ешқашан өшпейді! Оқиғалардың тонын теріс айналдырып түсіндіруге тырысқанмен түк шықпайды! Себебі тым көп өтірік пен тым көп шындық әшкере болып қалды! Оны халық көрді. Мемлекеттік қызметкерлерді қойшы, олардан қайыр жоқ! Ақын-жазушы, журналистер, әртістер неге үнсіз жатқандарына өзім де таңмын. Ал керісінше қаралап жазып жатқандарды көз жас жібере қоймас, жібермейді! Бұған шүбәсіз сенемін.

Әйгерім Тілеужан мен төрт кісіге шыққан үкім халықты есеңгіретіп тастады. Шартты жаза берер деп күтіп едік. Нақты дәлелі жоқ, ақылға қонбайтын айып тағылған іспен 4-8 жылға соттау деген не деген қатыгездік?.. Судья үкім оқыған соң шарасыз туыстары айқайлап жылап, талықсып, есін жия алмай жатты. Әйгерімнің анасы сөйлей алмай қалды тіпті… «Әуежайды басып алды» деген бес кісінің қайсысы, билік айтқандай, шетелде арнайы дайындықтан өткен бандитке ұқсайды, айтыңыздаршы?.. Сотталғандардың бірі – журналист, бірі – мұғалім, бірі – кәсіпкер, бірі – қара жұмысшы, тағы бірі – жұмыссыз жүрген жігіт...

Желтоқсан оқиғасының шындығын кеңестік кезеңнің құрсауынан  шықпағанымызбен жасырып, өзімізді ақтап аламыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әйел базаршы болып бала-шағасын қиындықтан алып шыққанда еркек қазаншы болудан әрі аспадық. Ендігімізге не жорық?!  

Кешелі бері… Ел – ерге, ер жерге қараған күн болды. Осындай сезім биледі бойды. Азаматтар бар ма өзі біздің елде? Бармысыздар?  Мереке-мейрам күндері аспаннан «шұға жауғанда» ғана көрінетін небір зиялылар мен кәсіби журналистердің барын білеміз. Сайлау өтердің алдында ғана депутаттыққа үміткер небір кандидаттардың барын білеміз. Ал кешелі-бергі «бесеудің сотына» қатысты сөзді олардан басқа кез келген қазақ азаматы көптеп айтып жатыр. Шырылдап жанайқайын жеткізіп жатыр. Қарапайым халықтың жанына көбірек батты бұл. Неге әлгілер үнсіз? Күні кеше сайланған депутаттар неге жақ ашпайды? Әлде «Қаңтар қырғынын» «ұйымдастырған» бесеу басқа ғаламшар тұрғыны ма?

 

Алда апелляция. Бәлкім, Президент өзі араласып, «бұл не қылған бассыздық, мен сендерге еркін болыңдар, ашық болыңдар, әділ болыңдар деген жоқпын ба» деп, судьяларды бір сілкіп алса… Бесеуі ғана бір әуежайды басып ала салған белсенділер туралы ертегіге нүкте қойылып қалуы да ғажап емес. Әйтпесе, ешкім сенбейтін ертегі соңына жеткенше ешкімге жақсы ат әпере қойматыны түсінікті... 

(Жалғасы бар)

СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
20.07.2023

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1060
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7102
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10955
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7170
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7313