Мағажан су қоймасының бұзылуына кім кінәлі?

Мағажан су қоймасының  бұзылуына кім кінәлі?

Газетіміздің белсенді тілшісі Аманкелді Жұмашұлы тасқынның зардаптарын өз көзімен көріп, оны жазу мақсатында арнайы барып, бүгінгі алғашқы репортажын жіберіп отыр.

 

Ақтөбе облысы Алға ауданы Бесқоспа ауылынан 25 шақырымдай жерде орналасқан Мағажан су қоймасының басына барып қайттық.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қойма 1972-1975 жылдары салына бастаған екен. Ұзындығы 4-5 шақырымдай, ені 3 шақырым, тереңдігі көзбен өлшегенде 8-10 метрдей болады. Бұл нақты өлшем емес.

Ал жолдың сиқы танкілерді сынақтан өткізетін алаңдарды есімізге түсірді. Өзінің «Нива» маркалы машинасымен алып барған Махмұт Есенов ағамыз 70-ті алқымдап қалса да тың екен. Ол Бесқоспа мен Ақтөбе арасындағы жол азабына әбден мойынсұнғандай. Ал алғаш рет немесе анда-санда ат басын бұратын біздей жолаушылар үшін қиқы-жиқы, бұралаң жолмен селкілдеп жүру ауырлау, бүйрегіңді түсірердей. 

«Жол мәселесін неғып көтермейсіңдер?» –  деген сұрағымызға «Оны кім салады? Әкімдер әне-міне деп жүріп, ауысып жөніне кетеді» деген жауап алдық. Жол-жөнекей осылайша ауыл өмірінен хабардар болып бардық. 

Мағажан (АША деп те атайды екен) су қоймасының басы көліктерге де, адамдарға да толы екен. Біреулері тегін балық аулап жүрсе, екіншілері су табанына төселген тастар арасынан хром рудаларын жинап жүр. Қойманың үш шлюзі де мықты бекітіліп салынған. Су табанынан көзбен есептегенде маған 30 метрдей болып көрінді. Басында жүрген жігіттерді сөзге тартып көрген едік, тілдескілері келмей қашқақтады. Өздерінің нәпақа үшін тастарды әрі-бері қозғап, арасынан табылған мардымсыз хром рудаларын жинап жүргендеріне намыстанған да болар, мүмкін?!

Су бөгеттің тура ортасынан емес, оң қапталын жырып өтіпті. Тасқын судың салған «жаралары» қасынан қарағанда тым ауыр екен. Көзіңе еріксіз жас үйіріледі. Суретке, видеоға түсіріп, ауылға тарттық. 

Байқағаным, адамдар өзара сөйлесіп отырғанда сөзге бай көрінгенімен, біздің сұрақтарымызға сақтана жауап беріп отырды. Әлденеден сескенетіндей көрінді ме, әлде диктофонымның мысы басты ма, іркіліп қалады. Жол-жөнекей топан судың салған ылаңдарын көріп келеміз. Жан ауыртатын көріністер. Айдалада бір жеңіл көлік тұр. Тастап кеткен болу керек, маңынан ешкімді байқамадық.

Ауылға да келіп жеттік. Мұнда үлкендер бір-бірін түрткілеп, «сен айт та, сен айт» деп, сөзден қашқақтап отырды. Солардың арасынан Айтжанов Мақсат деген байырғы тұрғын, зейнеткер әңгіменің тиегін тарқатты.

«Бесқоспа –  ақын Ізтай Мәмбетовтің туған ауылы. Ізтай ағамыздың «Табантал» деген өлеңі де бар. Қазақтан шыққан тұңғыш әскер ғылымын зерттеген ғылым докторы, полковник Ким Серікбаев та біздің жерлесіміз. Ақтөбе облысының экс-әкімі болған Аслан Мусин де осы ауылда туған. Әкесі Есболай Мусин атында көше бар.

Баласы Момынның айтуынша, Нұрпейіс Байғанин атамыз да осы ауылда демалғанды дұрыс көріпті.

Бес өзеннің ағып келіп тоғысатын жері болғандықтан, «Бесқоспа» деп аталады. Ол өзендерді де айтып өтейін, оқыған жастардың естерінде қалсын. Бірінші – Табантал өзені. Су қоймасы осы өзенге салынған. Екінші – Шолақ Тамды өзені. Үшінші – Есет жылғасы. Төртінші – Мәндібай өзені (Калинин). Бесінші – Ақтасты (Семёновка) өзені. Осы өзендер Шаған сағасы арқылы Елек өзеніне құяды.

Бесқоспа алғашында «20 лет Казахстана» болып 1950 жылы құрылды. Колхоз басқармасы болып алғаш Сағи Сарин деген ақсақал тағайындалады. Қуанышқали Сарин деген немересі бүгінде менің көршім. Бесқоспа алты колхоздың орталығы болған. Крупская, Елек, Қызылту, Бұлақ, Темірей... Сағи Сарин колхоздың шаруашылығын дамытқаны соншалық, миллионер колхоз атанып, 1956 жылы СССР басшысы Н.С.Хрущев осы ауылға келіпті... 1961 жылы Алға совхозы (Бестамақ) құрылды. Сол жылы М.Горький совхозы құрылады да, Бесқоспа осы совхоздың 4-бөлімшесі болып қалды. Негізгі шаруашылығы ірі қара мал бағатын. Қой отарлары да болды. Егіншілікпен айналысты. Бәріміз осы ауылда туып-өстік. Жұмыс істедік. Бәріне жұмыс табылатын еді. Қазір өз күнімізді өзіміз көріп отырмыз. Ауылымыз жақсы дамып келеді. Газ, су тартылған. Енді тасқын суға келер болсақ, 5 сәуір күні басталды. Судың екпіні өте күшті болды. Екі көшеге су жайылды. Менің ауламның іші толы су болды. Іргесі биіктеу болғасын ішке кірмеді. Саманнан салынған қора құлады. Талдарды жұлып әкетті. Жем-шөптерді ағызып әкетті. Алға ауданының әкімі Нұрбол Бақытжанұлы Ертаев халықпен бірге болды. Астанадан Төтенше жағдайларға жауапты министрліктің өкілі де, өзіміздің Бестамақ ауылдық округінің әкімі Даулеталин Қанат Сағынғалиұлы да елмен бірге жұмыс істеді. Әкімдерімізге ризамыз! Шешуші сәтте елімен бірге болды. Құлаған электр желілерінің бағаналарын тез арада іске қосып берді. Бірреттік берілетін 300 мың теңгелік көмекті де алдым. Суға кеткен мүліктің де ақшасын берді», – деп ағынан жарылды Мақсат.

Бесқоспа ауылының алғашқы басқармасы болған Сарин Сағи ақсақалдың немересі  Қуанышқали Сариннің де үйіне су кіріпті. Үш бөлменің еденге төселген линолеумдері көтеріліп кеткен, ылғалданған, көгіс иісі қолқаны қауып тұр. Бірреттік төлем ретінде 370 мың теңге беріпті. Жөндеу жұмыстарына көмек көрсете алмайтындарын айтыпты.

«Су қоймасының қожайыны Мықтыбек Сұлтановтан өндіріп алыңдар» депті. 

Сол аймақты жақсы білетін зейнеткер Сансызбай Сарымсақов «мемлекет ешкімді де алаламай бәріне бірдей көмектессе екен» дейді. Тілдескен адамдардың айтуларынша, 30-40 жылқы суға кеткен екен. Шығандап кетті ме екен, кім білсін?! Табылмай жатқан малдар да бар дейді. «Мал ашуы – жан ашуы» деген, бірақ олардың су қоймасының иесіне алғашқыдай емес, ашулары басылған тәрізді.

Өз тарапымыздан айтарымыз, облыс басшылығы барлық адамдардың мұң-мұқтажына бірдей қарап, әділеттік көрсетеді деп сенеміз. Осы сапарымызда алғалық атпал азамат ініміз Алмас Әбдіғали көп еңбек сіңірді. Алла Тағала екі дүниенің де бақытын нәсіп етсін!

26.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

ҚҰНАНБАЙДЫҢ ТӨРТ ҒИБРАТЫ…
Марфуға ШАПИЯН Online Qazaqstan - 06.05.2024 49
«ӘСКЕРГЕ БАРУ – АЗАМАТТЫҚ БОРЫШЫҢ!»
Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы - 06.05.2024 55
Көп тыңда. Аз сөйле
(с) Бауыржан Момышұлы - 06.05.2024 32
ЖЕТІСАЙДА ШЕКАРАШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 05.05.2024 30
Экологиялық акция жалғасып келеді
«Aq jol» газетінің тілшілер тобы - 05.05.2024 22

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1283
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7327
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11196
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7385
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7534