Мен таныған Бердібек Һәм халықшылдығымен ел есінде қалған тұлға жайлы толғам

Мен таныған  Бердібек  Һәм халықшылдығымен ел есінде қалған тұлға жайлы толғам

Әр күніміз тарихқа айнала бастағаны осы болар, кеше ғана  ортамызда ойнап-күліп жүрген асыл азаматтар келместің кемесіне мініп асығыс аттанып жатыр. Бәрі де Алланың ісі. Жақсы адамдардың орны ойсырап, жоқтығы сезіліп, тұлғасы сағынышқа айналары ақиқат. Жақсылықтарын жарыса айтып, сағына еске алып жатқанымыз содан. Мемлекетшіл, кісілігі мен кішілігі қатар жүретін санаулы ғана жақсылардың бірі Бердібек Сапарбаев еді. Бірнеше өңірде әкім болды. Өнегелі, білікті де қабілетті басшы екенін халық мойындады. Елден алған алғысы, ерен еңбектері Алланың мейіріміне бөленуге жол ашсын.

 

Отанына шексіз адал қызмет еткен «кризис менеджері»

 

Бердібекпен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан араластым. Ұлтын шексіз сүйген, қазақы дәстүрді мейлінше бойына көп сіңірген  нағыз тұлға болатын. Әр кездескенде әр қырынан танитынмын. Болмыс бітімі ерекше жаратылған, ұлты үшін отқа түсуге бар өлермендігі байқалып қалатын. Абай ғұламаның: «Осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?» – дейтіні еске оралады осындайда. Қазір Бекеңді мақтап, мадақтап жатқандар көп. Соны көзінің тірісінде айтуға болмас па еді?

Өмір бесіктен мәңгілік сапар – жер бесікке аттандыруға Алматы шаһарына өңір-өңірден жаназасына жиылған қарақұрым жұртшылықтың саны көп болғанын көзім көрді. Үлкен қызметте болған тұлғаның көпке жағуы неғайбыл негізі…

Десе де жаназаға жиылған ресми өкілеттіліктен бөлек, бұқараның санына қарасақ, Бекеңнің ел сүйер ісінің көп болғанын аңдағандаймыз. Қайраткер һәм тұлға Бердібек Сапарбаевтың сүйегі Кеңсай-2 қорымына табысталды. Қаралы жиынды ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің өзінің  жүргізуі үлкен құрметтің белгісі болғаны сөзсіз! Елордадан келген Президент аппараты, министрліктердің уәкілдері, ақын-жазушылар, ғалымдар қарасының көптігі Бекеңнің ұлтына сіңірген еңбегіне берілген баға. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген, міне, осы!

Қызмет бабында Бердібек  Мәшбекұлымен еліміздің бірқатар өңірлерін бірге аралап, ол кісінің халыққа жақындығы мен әлеуметтің әрбір мәселесінен қанықтығына куә болған едім. Еңбек ұжымдары, жастар мен зиялы қауым, басқа да қоғамның белсенді өкілдерімен кездесулерде ұсынған байыпты, оңтайлы шешімдеріне тәнті болдым. Мемлекеттік басқару жүйесіндегі үлгілі тәжірибелері мен жетістіктері біздер үшін үлкен мектеп екені анық. Оның ғибратты өмір жолын, өскелең ұрпақ жалғастырарына кәміл сенемін.

Ауырды ма, әлде қоғамдағы текетірес өмір шаршатты ма, неге өмірден ерте кетті? Қандай қызметте болмасын спортпен шұғылданып, жастарға үлгі болушы еді. Халықтың оған «кризис менеджері» деген атақ бергені жайдан-жай емес-ау. Оны үнемі саяси, экономикалық ахуалы нашар жерлерге жіберуші еді ғой. Бәрібір бәрі де жүрекке әсер етеді емес пе, халықтың, маңайына топтасқан қызметкерлердің  тілін тауып  жұмыс  істеу  оңай  емес.      Ұлтжанды, елі сүйген,  елін сүйген азамат еді. Өкінішті-ақ,  енді ғана зейнеткерлікке шығып, демалуға бет алғанда қандай ауыр қайғы еді...

Елінің құрметі болар, алғашқы бейсенбісін туған өлкесі Қызылорда берсе, екінші бейсенбісін Шығыс Қазақстан облысы атап өтті. Үшіншісін Жамбыл, төртінші Түркістан, бесінші бейсенбісі Ақтөбе облысында... Осыдан-ақ оның абырой-беделін саралай бер. Өз басым осы Шығыс Қазақтан облысында әкім болып тұрғанда жақсы қарым-қатынаста болдым. Сол облыста жүргенде елді шулатпай бір-ақ түнде Ленин ескерткішін Абай бейнесімен ауыстыра салды. Не болғанын халық түсінбей де қалды. Бұл әккі саясаткерге ғана тән ірілік! Бұл Отанына адал перзенттің ұлы ісі!

Бір барғанымда терезенің алдына шақырып алды да: «Келіңізші, көріңізші», – деп, тау шыңында тұрған «Қазақстан» деген жазуды көрсетті. Жүзіне қарап едім, балаша мәз.  Айқайламай-ақ, дабыралатып маңайын шулатпай-ақ  ерге тән іс тындырғанына куә болдым. «Кейбіреулер Қазақстанда тұрғанын сезінбейді екен. Сол үшін...» деген сөзі әлі де жаңғырып тұр.

Ақтөбеде облыс әкімі болып тұрғанда дандайсыған қытайлық менеджерге елдің иесі мен киесі бар екенін қатаң ескертіп, «Бұлар қайда жүргенін білулері керек» деп талап қойғаны ел есінде. Қай жағынан болса да бүгінгі шенеуніктерге үлгі болуға лайық тұлға еді! Бір ғажабы, қай уақытта телефон соқсаң да, кері байланысқа міндетті түрде шығатын. Мысал ретінде айтып жатырмын, әйтпесе босқа мазаламайсың ғой. Бос уақыты болды-ау дегенде ғана болмаса... 

Халықпен етене жақын болатын. Жақсы тәрбие көрген білікті басшы ғана емес, руханияттың жоқшысы да еді. Бүгінде министр тұрмақ оның орынбасарына жолығу мұң. Сондайда Бердібек есіме түседі.

Жамбыл облысынан қызметінен кетердегі халықтың қимастықпен шығарып салғанын қайтіп ұмытарсың?! Әлеуметтік желіге «Мұндай білікті азаматты Ақорда өзіне жақын ұстап, ақыл-кеңесін шенеуніктерге пайдаланса» деп жаздым да... Әттең!..

Ақтөбе облысы әкімі Ералы Тоғжановқа айтар алғысым шексіз. Көзі тірісінде Б.Мәшбекұлына «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағын берді. Өзі бір кезде қызмет еткен өзге облыстар да осындай атақ берсе, артық етпес еді-ау.

Мен бүгінде, үш айдың жүзі болды, Оқу-ағарту министріне кіре алмай жүрмін. Қостанай облысы әкіміне жолығудан Президентпен кездесу оңай. Екеуінің де жекесіне жаздым. Тіпті маңайындағыларға, ішкі саясатына желтоқсанның аяғына дейін бір кірермін деп ескертіп те қойдым. Хабар жоқ.  «Ұлық болсаң, кішік бол» деген даналық қайда? Елмен бірге болған, олардың арыз-шағымына құлақ асқан Бердібектер кем болды ма? Жоқ, қайта көкке көтерілді. Бүгіндері халқы сағына еске алуда. Лауазымды адамға бұдан асқан бақыт бар ма?  Осындай атпал азаматтан қапыда айырылып қалдық.   Ол қайтыс болды деген хабар келгенде төбемнен жай түскендей болды. Себебі азаматтығы, қайраткерлігі, қарапайымдылығы, кішілігі, кісілігі ғажап еді. Енді міне, сол азаматтың қырық күндік асы да келіп қалды. Маған бүкіл қазақ даласы оны аза тұтқандай көрінеді. Қалың бұқараның қабырғасын қайыстырған қаралы хабарды күйзеліспен қабылдадым. Ел үшін туып, туған Отанына шексіз адал қызмет еткен мемлекетшіл тұлға, қоғам қайраткері Бердібек Мәшбекұлы келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекеніне аттанғалы да қырық күн.

Адамгершіліктің ақ туын аласартпай, үнемі абырой биігінен көрінетін ол баршамызға үлгі еді. Алланың ісіне амал бар ма? Асыл азаматты жоқтаған күллі қазаққа, ағайын-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Жатқан жері жайлы болсын! Алла иман нұрымен нұрландырсын! Қош болыңыз,  ұлтжанды тұлға!

 

«Әкімдердің ұстазы» десек, қателеспейміз

 

Енді марқұм жайлы естеліктер сөйлейді. Бекеңді қимас азаматтардың жүрекжарды ойлары айтылады. Ұрпаққа ұлағатты істері насихатталады. Қазақтың ең ұлы қасиетінің бірі өлгенді ғайбаттамайтыны ғой, шіркін! Алланың құдіреті де сонда, тек марқұмның жақсы істерін ғана ойыңа салатыны! Әйтпесе кінәсіз, күнәсіз адам бар ма жер бетінде? Пенде болғасын қателесу, шатасу, ашуға берілу үйреншікті жайт. Жұмыс барысында ондай жағдайлар кімде болмайды? Айтайын дегенім, жаман адам болмайды, оны перделенген, көрмейтін көз ғана бар.

Белгілі   мемлекет және қоғам қайраткері, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне айрықша үлес қосқан,  көпшілікке қамқоршы бола білген Сапарбаев Бердібек Мәшбекұлының мезгілсіз қазасы қабырғамызды қайыстырғанын айттық.  Өткен шақ жайлы сөйлеу өте ауыр болса да еске алмасқа шара жоқ.  «Ажал айтып келмейді» деген рас-ау. Көкшетауда демалыс орнында қайтыс болыпты. Аттан аялдап түспеген арда азамат осылайша бір демалысында аттанып кете барды. Дүние жалған деген осы!

Бердібек Мәшбекұлын  көптеген әкім-қаралар өзіне ұстаз санағанын біреу білсе, біреу білмес. Соның бірі Иманғали Тасмағамбетов мырза болғаны өзінше бір тарих. Марқұм Бекеңнің қаламынан туған «Региономика» атты кітабын бәрі болмаса да, біраз облыс әкімдері оқығаны анық. Ондағы ой толғамдар қандай, шіркін!  

Әлеуметтік желінің қай түрін ашсаң да, жаппай Бер-ағаңды жоқтаған қазақтың жазбаларын көріп бір қуанып, бір күрсіндім. «Жақсы адамның қазасы да өнеге» дейді қазақ. Сол рас екен.  Бекеңнің өлімі бүгін қызметте отырып, маңайына менменсіне қараған, бірді бірге соғыстырып, интригалардан қолы босамайтын, мемлекеттің қазынасын өз әмиянымен «шатастырып алған» талай шенеунікке ой салса нетті.

«Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.

Ертең өзің қайдасың, білемісің,

Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ» демей ме Абай? Ертең сіз өлгенде, Бер-ағаңды жоқтағандай, осылай мақтап, Алла алдында ақтап ала ма сізді халық? Соны ертерек ойла, атқамінер!..

Баласындай болған шәкірттерінің бірі Ержан Жылқыбаев: «Туған әкем қайтыс болғандағы күйзелісім есімде... Бердібек ағаны естігенде тура сондай жағдайда есеңгіредім, тілмен айтып жеткізу мүмкін емес», – десе, тағы бір шәкірті Е. Бұраханов: «Ағайдан кісілік пен кішілікті үйреніп едім. «Жігіттер! Дүние қумаңдар, абырой жинаңдар!» деген сөзі мәңгі жадымда қалады. Бір өкініштісі – бейнетінің зейнетін көрмегені», – дегені кім-кімді де ойға батырар салмақты пайым. Не айтамыз, иә, Ернұр қарағым, сенің айтқандарыңа қосыламын, жанында жүріп шапағатын көрмесем де, жалпы халықтың пікірімен және Бекеңнің мемлекетімізге жасап жатқан игілікті істерінен хабардар болып, тәнті болушы едім. Әрине, ерте кеткеніне көп жан қайғырып өкінулі, қадірлі жанның қазасы күні-түні менің де ойымнан шықпайды.

Мен Жамбылға іссапармен барып, Бердібектің қабылдауында болғанымда жүрегі езіліп тұрып: «Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың  әкесі жедел ковидтен қайтыс болды, ауыр қайғы... Басынан сипап, аналық батаңызды беріп, көңіл айтыңызшы», – дегені есімде.

 Клара Смаилова деген ханым: «Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тұрғанда жиі-жиі біздің ауданға іссапармен келетін. Әртүрлі деңгейдегі іс-шараларға қатысатын. Ауылдардағы кішкентай балаға дейін танитын. Адамгершілігі мол, қарапайым басшы еді... Өкінішті!..» – деп күрсіне еске алыпты. Бұл да дәтке қуат. Бар қазақты алаламай, бауырына тартатын, жақсылыққа жаршы, әр ісі, әр сөзі елдікті ғана айтатын  халықтың шын перзенті Бердібек  бауырым-ай...  Орның ойсырап қалды-ау, қайтейін. Елі үшін еңбегі зор ер еді...

 

 

Бекеңнің қадір-қасиетін түсінген, оны өлімге қимаған азаматтың бірі Нартай Өтеген мырзаның ФБ-дағы жазбасына тебіренбеген адам жоқ.  «Өмірде әртүрлі азаматтар кездеседі. Біреуі бар, көңілі дарқан даладай, біреуі бар, көңілі балғын баладай. Енді бірі жұрты үшін жүрегін жұлып беретіндей болса, енді бірі бәрін өзіндей көретіндей іс қылады. Міне, осындай азаматтардың арасынан жеке-дара бөліп-жара айтатын ағаларымыздың бірі Бердібек Сапарбаев болатын. Жастайынан мемлекет ісіне араласқан ағамыз зейнеткерлікке шыққанша ел үшін аянбай, шаршап белін таянбай еңбек етті. Қай өңірдің жағдайы төмен болса, сол жердің әл-ауқаты мен үйілген түйінді мәселелерін шешу үшін, үзілген үміттерін жалғау үшін басқартуға, жағдайын жақсартуға жіберіліп отыратын. Оны облыстағы «ойрандалған» істерді бері қаратып бола бергенде, келесі «қиын» аймаққа ауыстыра салатын. Құдды бір мемлекет қызметкерлерінің ішіндегі «жедел жәрдемі» болған сияқты. Бірақ, қайда қызмет етпесін, Бердібек Сапарбаев барған  жерде іс өрге қарай домалап кете баратын. Әрине, күрмеуі қиын күрделі істерді атқару барысында соңынан «май шам» алып жүгіргендер де аз болған жоқ. Алайда ақылын өзіне серік қылған ағамыз ондайларға қыңған жоқ. Жүрекке салмақ салардай «сойқан» тосқауылдарды сабырлылық танытып жеңе білді. Соңында атқарған жұмыстарының нәтижесіне көз жеткізген халық басқа жаққа ауысып бара жатқан арда азаматтарын алғыс айтып,  қимай шығарып салып, тіпті,  көздеріне жас алып қошеметтегендерінің де куәсі болдық. Бүгінде бес облыста  әкім болған Бердібек ағамыздың атқарған үлгілі істерінің ізі сайрап жатыр. Үкіметтегі істері де. Өшпейтін іздер... Ал, атқарған істерін бағалап, саналы тірліктерін саралап үлгі тұтатындар да аз болған жоқ. Енді бұлар іштарлықтан гөрі жан баласына құштарлық таныта алатындар жағынан еді. Олар ағамыздың еңбегін бағалай білді, екі адамның бірі істей алмайтын жұмысты істегенін көре білді. Сөйтіп, шын ықыласты  көңілдерін білдіре алды. Ондай кезде ағамыз марқайып қалса да, шалқайып қалмайтын. Ары қарайғы тынымсыз тірлігіне кірісе кететін. Міне, сондай жандардың пейілі ағамызға күш-қуат беретін сияқты көрінетін...

Бердібек Мәшбекұлы әлеуметтік салаға басшылық ететін Премьер-Министрдің орынбасары болғанда, Әлеуметтік қорғау министрі болғанда өте жақын жұмыс істедік. Бірнеше өңірді басқарған, үлкен басшылық тәжірибесі бар, бойындағы ерекше адамгершілік қасиеті бар осындай тұлғамен жұмыс істеу мен үшін үлкен абырой әрі өнеге болды.  Министрліктің қызметкерлері Бекеңді ерекше сыйлайтын, «үйренеріміз көп» деп, барлығы үлкен құрметпен қабылдаушы еді.  Бір күні  аяқ астынан мен келіп кетейін деп телефон соқты министрлікке. Сосын келіп, орынбасарларым мен департамент басшыларын жинап алып, күтпеген жағдайда бәріне алғысын айтып, «егер бір сұрақ шешілмей жатса, маған келіңдер, ортақ жұмыс қой, көмектесеміз» деп айтқаны әлі де есімде. Әріптестерім Бекеңнің жылы сөздерін естіп, қолдауын көріп, ерекше шабыттанып еді.  Жамбыл облысында әкім болғанда ковидке қарсы вакцинаны әзірлеуде, заманауи стандарттағы вакцина жасайтын зауыттың іргетасын қалауда айрықша еңбек етіп, көмектесті. Ел мүддесін әркез жоғары қойып, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын еді марқұм. Нағыз мемлекетшілдіктің, кәсібилік пен біліктіліктің нышанына айналған ағамыз ерекше жақсы адам болды», – депті.

Бердібек Сапарбаев. Тағы айтамын, елге кеңінен танымал есім еді.   Ұлт болашағы үшін шырылдап өтті марқұм. Зейнетке шықса да жанын күтіп жата алмады. Биыл Мемлекеттік басқару академиясында профессер қызметінде магистранттарға дәріс оқып бастаған. Мол тәжірибесімен бөлісіп үлгермеді, әттең! Ұстаздыққа ертерек кіріскенде дұрыс болар ма еді дейсің баяғы. Артында өлмейтұғын, өшпейтұғын із қалдырған тұлға жайлы өткен шақта сөйлеуден ауыры жоқ. Жүректің түбінде «әлі берері мол еді ғой» деген сенімнің сыры ақы сұрап тынышталар емес. Қимастық қой...

 

Арысын қимаған  жұрттың көз жасы

 

Өскемен  қаласының  әкімі                Жақсылық Омардың қимастық сөзі де терең ой тұңғиығына батырады.

«Ұстазымыз Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев ел басқару ісінде тұтас мектеп қалыптастырып, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген көрнекті мемлекет қайраткері еді.

Тәлімін алып, тәрбиесін көрген бір топ ізбасар інілері мен шәкірттері бүгін Өскемендегі іргесін өзі қалап, мұнарасын көтерген орталық мешітте рухына құран бағыштап, ас берді. Мұның ерекше маңызы бар, өйткені өздеріңіз білетіндей, ол Шығыс Қазақстанды алты жылдай басқарды. Өлкенің өсіп-өркендеуіне, дамып, дәуірлеуіне өлшеусіз үлес қосқан басшы ретінде шығыс халқы ешқашан ұмытқан емес. Сондықтан да қайраткердің қазасына қайғырған қалың елдің басын қосып, бағыштап құран оқуды шәкірттік парызымыз деп түсіндік. Оқылған дұға, берілген ас қабыл болсын!» – дейді ол.

Бірге қызметтес болу бақыты бұйырған жандар ағынан жарылып-ақ жатыр. Барлық дүниеге байыппен қарап, жеті өлшеп, бір кесетіні айтылуда. Әр шешімін тәпсірлеп, түсіндіріп отыратыны ұрпаққа үлгі болса, қане. 

Бекеңнің өлімі бір ғана әулеттің емес, тұтас халықтың төбесіндегі бұлттың бауырын сөгіп, жүрегіне салмақ түсіретін ауыр естірту болғаны рас. Алтай мен Атырау арасындағы әр қазақтың қабырғасы қайысты, әр топырағы күбірлеп дұға айтты деп білемін. Қайырын бергей, қабыл болғай! 

Иә, асыл азамат өмірден өтті. Жамбылдан кетерінде «мен барынша Жамбыл облысында адал қызмет атқардым», – дегені есімнен кетпейді…

Білімі мен асқан тәжірибесінің арқасында бір емес, бірнеше облысты басқарған, ұзақ жыл бойы Үкіметте қызмет атқара білген, мемлекеттің өркендеуіне үлкен үлес қосқан асыл азаматтың қазасы қабырғамды қайыстырды.  Елінің баласы бола білген жаннан көз жазып қалу бір отбасы ғана емес, күллі Қазақ жұрты үшін ауыр қайғы.

Өнегелі адамның өлімі де үлгі екеніне осы жолы көзім анық жетті. Өле өлгенше өнерге, әдебиетке қолдау көрсетіп кеткені баршаға аян. Соның нәтижесі ғой, ақындар да егіле, емірене жырлады Бекеңді. 

Артына мықты шәкірт қалдыруда да қателеспеген секілді. Оны Бекеңді еске алуға күш салып жатқан азаматтардың іс-әрекетінен байқау қиын емес.  Шығыста қызметте жүргенде сол өңірдің біраз жігіттерін шыңдады.   Жақсылық Омаров,  Нұрғали мен Ерболат... Айта берсем, бұл тізім ұзаққа созылар. Қай өңірде басшылықта болса, сол өңірдің жақсы кадрларын құшағына тартып, қызметке баулыды. Кешегі азалы күнде сол жігіттердің бәрі жүрекжарды сырларын ақтарды. Кемсеңдеп, қимастықпен шығарып салды...

 

 

Бір өкініш – бейнетінің зейнетін көре алмағаны. Енді артында қалған ұрпағына амандық тілеймін.

«Елге қызмет ету – әрбір қазақстандық азаматтың парызы» деген ұстанымы бар Бердібек ағаның артқан сенімін ақтап, елге қызмет істеуге бар күш-жігерімді жұмсадым. Берілген тапсырманы уақытылы орындап, түрлі жаңашыл идеяларды жүзеге асырдым, өмірлік тәжірибе жинадым. Мұғалжардан кеткеннен кейін (халық Облсобес дейді) Әлеуметтік және жұмыспен қамту басқармасына шақырды, ол кезде ағамыз сол саланың министрі болған еді. Өзіңізбен қызметтегі қарым-қатынасымыз сыйластыққа ұласып, әкелі-балалыдай болдық. Елдің игілігі үшін берген тапсырмаңызды әкенің баласына берген тапсырмасындай қабылдап, мүлтіксіз орындаудан аянбадым. Облыстағы әрбір аудан басшысы осылай жасауға тырысатын. Себебі сіз қазақ елінің саясаттағы әкесі бола білдіңіз. Сіздің елге, соның ішінде Ақтөбе өңірі мен оның шалғай жатқан ауылдарының көркеюі үшін іске асырған жобаларыңыз, жүріп өткен жолыңыз халық жадында мәңгі сақталады» деп толғанды бір шәкірті.

 

Түйін: Ұлтына адал қызмет етті

 

Бекеңнің жастық шағы туралы көп жұрт біле бермейді. «Болар бала – басынан» деп қазақ бекер айтапаған-ау. Бердібек Сапарбаев жас кезінен еңбекке құштар, маңдай терімен адал еңбек етуге талпынған бала болыпты. Осыдан 4 ай бұрын түсірілген «Сапарбаев» деректі фильмінен үзінді келтірейін. «7 бауырымды асырасын деп ата-анама салмақ түсірмей қара жұмысқа да шығып, шаруаға ерте араластым…» – депті марқұм. Міне, саған ізгі адам! 

Жалпы тағайындалып жатқан кадрлар, әкімдер жайлы пәлен-түген деп, сырттан әңгіме айтқанды ұнатпаймын. (Айтар ойымды жазып тастаймын. Сөйтіп газетке жарқ еткіземін).  Мемлекет басшысы тағайындаса, демек тәжірибесі, білігі болғасын тағайындады деп ойлайсың ғой. Бірақ бір түсінбегенім – Абай облысы құрылғанда, тым болмаса алдында бір облыс басқарған адамды немесе мықты қаржыгерді, не шаруашылықтан хабары бар, сол салада тәжірибесі бар маманды неге тағайындамады деп қынжылғаным рас. «Тіпті сол орынға тәжірибесі бар Сапарбаевты уақытша болса да тағайындаса, шіркін!» – деп армандадым да. 

Өзі жаңадан құрылып жатқан облыс, бір облысты екіге бөлу оңай шаруа емес қой. Бүкіл мекеме, техника, құрал-сайман, ғимараттарға, заттарға дейін бөлінеді. Бөліс кезінде көп зат бұрынғы өңірде қалатынын, талай айқай-шу, бір-бірімен соттасуға дейін барғанын Түркістан мен Шымкент бөлінгенде естідік. Әйтеуір тәжірибесі бар Шөкеев әкім болып, реттеліп кетті ғой.

Онсыз да пәлен жылдан бері билік тарапынан жөнді көңіл бөлінбей, тозып кеткен Семейден бөлек, жаңағыдай проблемаларды шешу оңай дүние емес. Жаңадан құрылған облыстарға тәжірибелі, іскер азаматтарды қоюға болмас па еді?

Жаңа әкімдердің бәрі әйтеуір команда ауыстырғыш, өз адамдарын қоюмен ғана әлек пе деген ой келеді кейде. Сондайда марқұм Бекең есіме түседі. Кадр таңдауда шебер еді... Әлемжеліні қарап отырсаң, «тып-тыныш, тойған қозыдай томпиған» облыс жоқ. Бір жерде өрт, бір жерде қаптаған қызыл су, бір жерде басып қалған топан су, бір жерде су жоқ, бір жерде жанып жатқан газ, бір жерде газ жоқ, барлық жерді жайлаған ұрлық, барлық басшылардың (астанадан ауылға дейін) жауапсыздығы (тек өзін бекіткен жоғарыға деген жауапкершілігін есепке алмаймын), бір жерде айлық жоқ (ақшаны жеп қойған), бір жерде мектеп жоқ (ақшаны жеп қойған)...жоқ, жоқ және де жоқ деп әлі де бір бет жазуыма болады, бірақ тоқтайын. Әкімдер халықтың жағдайына қарамайды, бірақ олардың жыл сайынғы есебін тыңдасаң (қарасаң) қой үстіне бозторғай жұмыртқалап жатыр екен. Яғни біз коммунизмде өмір сүріп жатыр екенбіз. Жоғарыда айтылғандай, Бердібек Сапарбаевты қай жерде қиындық бар, сол жерге жіберуші еді. Барған жерін мұнтаздай қылып, халықтың да көңілінен шығып жүретін жарықтық.

Бүгінгілер әкім болса болды, шіреніп, ыздиып шыға келетін, қымбат машинамен жүйткіп, қолынан басқа түк келмейтін, ал ақша жеудің түрлі айла-тәсілін меңгергендер өте көп. Солардың қырсығы ел ахуалының төмендеуіне әкелді, ол түгілі жай мекеме басшысының өзі нөкер жинап әлек болады, біреудің арқасында күнін өткізіп, айлық алып жатқандар әйтеуір. Білікті басшы, шаруашылықтың жағдайын білетін маман деген адыра қалды, себебі олар төменнен бастамайды, бұрын ауылда жұмыс жасап, одан аудан, одан барып жоғарыға іріктелетін еді. Қазір оқу бітіріп диплом алғаннан-ақ үрпек балапанның қолдаушысы болса, бірден әкімшілікке, министрлікке тыға бастайды. Жылдар өте сол жігіт билікке ұмтылады, міне, біздегі даму, өркендеу жүйесінің түрі!

 

 

Шіркін, Бердібек Сапарбаев, Иманғали Тасмағанбетов, Асқар Мырзахметовтер дәуірі көзден бұл-бұл ұшқандай күйде жүрмін. Олардың халықшылдығы, жұртпен сөйлесе алатындығы, қазақылықтары қандай еді! Бүгінгі жастар солардың жолымен жүрсе ғана бүгінгі қоғам тығырықтан шығады. Әйтпесе... 

Артына    өшпес    із    қалдырған Б.Мәшбекұлы жайлы көп нәрсе айтуға болады.

Өмірден өткен Бердібек Сапарбаев ел есінде несімен  қалды дегенге бір тоқталып кетейін. Ел есінде 5 облысты басқарған әккі әкім, Сыр бойынан шыққан салиқалы саясаткер және елге еңбек еткен ерен ер ретінде қалды деп жатады. Осы орайда оның саяси-қоғамдық алаңда жүріп өткен жолы мен өмір иірімдеріндегі қызықты сәттерін еске түсіруді жөн көрдім.

Ол  1953 жылы Қызылорда облысының Бесарық ауылында дүниеге келген. Кейін 1977 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «экономист» мамандығы бойынша тамамдайды. 1977-1988 жылдар аралығында Қазақ КСР Қаржы министрлігінде жұмыс істеді. Алдымен экономист, содан кейін аға экономист, жетекші, бас экономист, бөлім бастығының орынбасары болады. Содан кейін Білім министрінің орынбасары, Президент және министрлер кабинеті аппаратының басшысы, Еңбек және әлеуметтік қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары сияқты қызметтерді атқарады. Әкімдік пен министрліктегі қызметі жайлы айтсам, тереңге кетемін.

Өмір бойы мемлекеттік қызметте болған Бердібек Сапарбаев Қазақстан тарихында 5 облысты басқарған алғашқы қайраткер. Ол алғаш рет әкім болып 1995 жылғы қыркүйекте тағайындалады. Сол кезде 42 жастағы Бердібек Мәшбекұлы туған өлкесі Қызылорда облысына басшы болып барады.  Сыр елінде 4 жыл қызмет етіп, 1999 жылдың шілдесінен сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалып, онда 2002 жылдың тамызына дейін қызмет атқарады.

Осыдан кейін ол Үкіметке ауысып, алдымен Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы, содан кейін Қаржы вице-министрі, Премьер-Министр кеңсесі басшысының орынбасары, Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі болып, 2007 жылғы тамыздан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымына тағайындалды. Осылайша 54 жасында алғаш рет министр болып жұмысқа кіріседі. Алайда кейін 2 жылдан кейін қайта әкім болып кетеді. Бұл жолы Шығыс Қазақстан облысының басшысы болып тағайындалып, ел шығысында 5 жыл қызмет атқарады.

Шығыс Қазақстан облысын басқаруға барғанда Өскемен қаласына өзі іскерлігіне көзі жеткен Ислам Әбішті астанаға вице-министр болып бара жатқан жерінен шақырып алып, әкім етіп тағайындады. Еңбек десе сағатқа қарамай жұмыс істейтін екі тарлан Шығысқа шырай кіргізіп, Өскеменді өскелең қалаға айналдырды. «Красный Восток» атанған қалада ешкім істемек түгілі, ойларына да алып көрмеген коммунизм көсемі Лениннің облыс әкімдігі алдындағы ескерткішін алып тастап, асқар Алтай төріне асқақтатып, ұлы Абайдың алып ескерткішін тұрғызды, – дейді депутат Қазыбек Иса.

Бердібек Сапарбаевтың Өскеменде  Орта Азиядағы ең еңселі мешіт салғанын да айту парыз. Алтай бөктеріне еліміздегі ең биік Ту тігілді. «Шығыс шынары» халықаралық мүшәйрасы төрт жыл дүрілдеп өткенін қайтіп ұмытуға болады?

Кейін бір жылға Үкіметке қайта оралып, 2015 жылы ел батысына аттанады. Сөйтіп, зейнет жасына бір жыл қалғанда Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысының әкімі қызметіне келеді.

Ел батысында 4 жыл қызмет етіп, 2019 жылы қайтадан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымына тағайындалып, Үкімет басшысының орынбасары болып жұмыс істеп үлгереді. Дегенмен 2020 жылғы 10 ақпанда осымен 5-ші рет әкімдік жұмысқа тағайындалады. Осылайша 67 жастағы зейнеткер Жамбыл облысының әкімі болып қызмет етеді. Ол бұл қызметті 2022 жылғы 7 сәуірге дейін атқарып, отставкаға кетеді. 

Енді есте қалған сәттеріне тоқталайын. Қазақстанның саяси аренасында 45 жыл жүрген Бердібек Сапарбаевтың істеген істері мен айтқан сөздері ел есінде қалғаны анық. Сондай сәттердің бірнешеуін Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса еске алады. Бердібек Сапарбаевтың Оңтүстіктегі оңды жұмысынан ол кісінің ел аузында қанатты сөзге айналып кеткен «Ер екеніңді білейін, Шымкентті басқарып көрші» деген сөзі қалды. Ал Ақтөбе облысында  әкім болып тұрғанда мұнайымызға қолын майлаған қытайлар облыс әкімі қатысқан үлкен жиналыста аудармашысымен қосылып, қазақ жеріндегі жиында  қытай не орысша сайрап жатқанда тоқтатып қойып: «Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі! Қазақ тілінде сөйлеу керек! Қытайда қытай тілінде сөйлемеуге бола ма?!» деп тыйып тастағанда, ел бір серпіліп қалған еді, – деп жазады депутат.

Осындай халық арасында қалып, БАҚ пен әлеуметтік желіде кең тараған сәттерін еске алып көрейік. «Меншігімде Астанада үйім бар, көлігім бар. Одан кейін немерелерім. «Мына Сапарбаев бес облысты басқарған шіріген бай» деп ойлайтындар бар шығар. Егер мен шіріген бай болсам, бес облысты басқармас едім. Онда маған сенім болмас еді.  Әр уақытта «Құдайға шүкір», «тәубе» деп  айтамын. Мүмкін, сол тазалығым шығар. Егер мен таза болмасам, осындай жасымда бесінші облысқа әкім қылып жібермейді ғой. Мемлекет басшысы осының бәрін есептеп, сенім артқан шығар», – дейді марқұм  өзі туралы.

 

 

«Менің балам да адам. Оның өз отбасы бар. Мемлекет дамуына үлес қоссам деп жүр. Қазір Астана қаласының әкімдігінде жұмыс істейді. Әрине, балам болғаннан кейін оған ақылымды айтып, кеңес беремін. Ең бірінші адал жұмыс істеу керегін, ел мүддесін жоғары қоюды, халық алдында кіші болуды айтып отырамын. Ізімді жалғастырушы жалғыз ұлымнан адами қасиеттен айырылмауды сұраймын», – дейді өзінің ұлы жайында.

Кезінде Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің де ізіне шам алып түскенін ешкім ұмыта қоймаған болар. «Еліміздің жоғарғы оқу орындарын Бас прокуратураға жаппай тексертемін. Саналы студент емес, болашақ жұмыссыздарды әзірлеп жатқан  университеттер мен колледждердің есігіне қара құлып салынады. Облыстарды айтпағанда, Астанадағы мақтаулы екі оқу орнын көріп ұялдым», – деген болатын Бердібек Мәшбекұлы.

«Егер мен әлеуметтік желіде жұмыс істейтін болсам, қазіргі жұмысымның жартысын тастауым керек болады. Шынында, уақытым жоқ. Өзім кешкі 21:00-ге дейін жұмыста болып, үйге түнгі 22:00-де келемін. Кейде түнгі 00:00-ге дейін жұмыс істеймін. Себебі өзімнің аяқталмай қалған жұмыстарым болады. Содан соң мен түнгі 02:00-ге дейін әлеуметтік желілерде отыратын болсам, қай кезде демаламын?!» – деген еді министр болған тұста.

«Көптеген жастар ауылға барып, жұмыс істегісі келмейді. Жалақысы аз дейді. Аздан бастау керек. Егер сен жақсы жұмыс істеп, бүгін 50 мың теңге алсаң, ертең 60 мың теңге алатын боласың. Енді бәріміз де жас болдық, бәріміз де солай бастадық қой. Ешкім бірден бастық болып 200-300 мың теңге алған жоқ. Барлығы бірден келмейді ғой. Мен де «грузчик» болдым. Өйткені маған жанұямды асырау керек болды», – деп еске алған еді жастық шағын.

«Ең негізгісі кейбір адамдар көзіңше мақтайды, былай шыққан соң артыңнан даттайды. Одан кейін адамдардың маған деген сенімі. Ол мен әкім болайын, басқа болайын. Сол маған деген сенімнен айырылып қалам ба деп қорқамын. Одан кейін балаларды ойлайсың, өмірдің тәттісін де, ащысын да көрдім. Кезінде балам қайтыс болды, сол жағын ойлап, осылардың бәрі аман болса екен деп алаңдайсың», – деген еді өз қорқынышы жайында.

«Бұрын отбасыма көп көңіл бөлген жоқпын. Олармен бірге бір жаққа шығып демалған емеспін. Екіншіден, денсаулығымды сақтау үшін спортпен айналысуым керек. Қазір ең кемі 15-20 км жүремін. Туысқандарымның жиындарына да барған емеспін. Қазір соның бәрін қайтарып жатырмын», – деген еді соңғы сұхбаттарының бірінде.

Бердібек Мәшбекұлы 45 жылғы мемлекеттік қызметтегі жұмысы осындай жарқын сәттермен есте қалған екен. Халық пен билік арасында «Кризис менеджері» атанған тау тұлғаның ұзақ жылғы еселі еңбек жолында лауазымды қызметтерді абыройлы атқарып, еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өркендеуіне және өңірлерді дамытуға мол үлес қосты.

Ел есінде қалған тағы бір игі ісі қазақ аналарына деген ерекше құрметі еді.  2021 жылы қазан айында  тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Жамбыл облысының әкімі боп тұрғанда Бердібек Мәшбекұлы Тараз қаласында «Анаға тағзым» орталығын ашты. Алдымен бұл орталық Ақтөбеде салынып, халықтың игілігіне берілген болатын. Енді мұндай орталық «Таразға тарту» жобасы аясында бой көтерді. Бұл нысанды «АрайСтройМаркет» ЖШС директоры Арман Еділбаев өз қаражатына салып берді. Орталықта заман талабына сай салынып, ұлттық нақышта безендірілген. Жұмыс істеуге барлық мүмкіндік бар. Ал алдына ақ жаулықты аналардың құрметіне еңселі ескерткіш орнатылған.

«Анаға тағзым» орталығының ашылуына қатысқан сол кездегі облыс әкімі Б.Сапарбаевтың өткеннің өнегесін бүгінгі жас буынның бойына сіңіру керектігін айтып, орталықтың алдағы уақытта атқаратын жұмысына тоқталғаны қайтіп ұмытылар? «Қандай заманда да абзал аналарымыз халықпен бірге ерлеріне сүйеніш, еліне тірек бола білген. Айша бибі, Қыз Жібек, Мәншүк, Әлия секілді көптеген тұлғалар ел өмірінде ойып тұрып орын алады. Небір қиын-қыстау кезеңдерде де аналарымыз тек отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, ауырлықты еңсеруге белсене араласты. Бабаларымыздан қалған «Әке ұлды тәрбиелейді, ана тұтас ұлтты тәрбиелейді» деген асыл сөз бар. Ана мен баланы қолдау, отбасылық құндылықтарды нығайту және дамыту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі. Осы орайда пайдалануға беріліп отырған «Анаға тағзым» орталығы бір жағынан сұлулық пен ізгіліктің бейнесі, екінші жағынан тұтас еліміздің дамуына ұйытқы болар қазақтың анасы деген атқа лайық XXI ғасыр әйелінің қалыптасуына ықпал етеді деп ойлаймын. Бұл жер ардақты әйел-аналарымыз бен қыз-келіншектеріміз үшін ұлтымыздың құндылықтарын дәріптей отырып, қазіргі заманның талабына сай қасиеттерді бойына сіңіретін басқосу алаңы болады деп есептеймін», – деген еді. Осындай ұлтым деп еміренген, қазағымның анасы деп тебіренген тұлғаның ертерек кетіп қалғаны ғана өкініш! Қайтеміз енді, Алланың ісіне шара бар ма, халқым!

Қасым-Жомарт Тоқаев та оның еңбегін жоғары бағалады. Қаралы жиында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Тоқаевтың көңіл айту хатын оқып берді.

«Бердібек Мәшбекұлы ұзақ жылғы еселі еңбек жолында лауазымды қызметтерді  абыройлы атқарып, еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өркендеуіне және өңірлерді дамытуға мол үлес қосқан еді. Мемлекетіміздің сындарлы саясатын үлкен біліктілікпен жүргізе біліп, Қазақстанның беделі мен мәртебесінің арта түсуіне қажыр-қайратын жұмсады. Азаматтық қадір-қасиетімен ел ішінде құрметке бөленді. Соңына өшпес із қалдырған Бердібек Мәшбекұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жаннатта болсын!» – делінген Президенттің көңіл айту хатында.

Мен де осындай азаматпен аралас-құралас болғанымды мақтан тұтамын. Қырқы да жақындап қалған екен, іштегі  шерімді, Бекеңе  деген  құрметімді  көпшілікке       айтқым  келді.  Алла  Тағала  оны алдынан жарылқасын. Мекені жұмақ болғай! Ел үшін істеген істері сауаптан болғай! Отбасына, қалың елі қазағына қайғыра көңіл айтамын. Бекем болыңыздар!!!

Бекең жайлы еске алу мақаламды Сапарбаевтар отбасының халыққа жолдаған хабарландыруымен аяқтағым келеді.

«Асқар тау әкеміз, мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Мәшбекұлы осыдан бір ай бұрын дүниеден озды. Әке әркімге қымбат, өйткені ол отбасының ең басты мүшесі, яғни жанұя басшысы.  Осы уақыт аралығында әкеміздің тек қана біздің отбасы үшін емес, мыңдаған қазақстандықтар үшін қадірлі де сүйікті тұлға екендігін тағы да жан-тәнімізбен сезіндік.

Кезінде Бердібек Мәшбекұлы басқарған Түркістан, Шығыс Қазақстан, Шымкент, Жамбыл өңірлерінде әкемізбен әріптес, дос болған тұлғалардың басын қосып, еске алу садақасы берілді. Осы орайда, бірінші кезекте халқымызға, жоғарыда аталған аймақтардың басшыларына, әкеміздің әріптестеріне, белсенді азаматтарға отбасымыздың атынан ризашылығымызды білдіреміз!»

Осы жерде ерекше айтқым келетіні, Бердібек Мәшбекұлы үшін ерекше ыстық болған Ақтөбе облысында  жуырда ас берілетіндігі туралы да хабарланады.  Ақтөбе қаласында 13 шілде күні бейсенбісі беріліп, Бас қала Астанада  20 шілде күні  қырық күндік асы өткізілмек. 

Бұл да болса елі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимеген азаматқа көрсетіліп жатқан құрмет. Ел есінде қалдыруға деген құптарлық іс!

 

 

СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, публицист
14.07.2023

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1070
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7113
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10965
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7181
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7325