«Оның артында үлкен күш тұрған»: сарапшылар үштілділік саясаттың кемшін тұстарын айтты

«Оның артында үлкен күш тұрған»: сарапшылар үштілділік саясаттың кемшін тұстарын айтты

Бұл жүйемен білім алған оқушылардың алғашқы легі қазір 6-7-сыныптарға аяқ басты

Маусым айының басында лауазымы ауыспай тұрып, сол кездегі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұдан былай бастауыш сынып оқушылары үш тілді кезең-кезеңімен үйренетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы жылдары жүргізілген мониторингтің нәтижесі мұндай жүйе алты жасар балаға өте ауыр екенін көрсеткен. Azattyq Ruhyтілшісі жаңа бағдарламаның қандай болатынын және оқу жүйесіндегі мұндай қателіктің неліктен дер кезінде тоқтатылмағынын сарапшылардан сұрап білді.

 

Білім беру саласындағы белгілі сарапшы Аятжан Ахметжан қазіргі ведомствоның мұндай олқылыққа дер кезінде тосқауыл қоюына мүмкіндігі болмағынын айтады.

ЖАҢА ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫН ЖАҢА МИНИСТРЛІК ӘЗІРЛЕЙДІ

«Өткен министрлік корпустың қателігін келесі министрліктің мойындауы оңай нәрсе емес. Сондықтан да қиынға түскені анық. Сонымен қатар үштілділіктің авторлары билікте өз ықпалдарын жоғалтқан жоқ. Сол себепті бұл мәселені түбегейлі теріске шығаруға құзыреттілік мүмкіндік болмады. Оның үстіне заңды нормалар бар. Яғни оқулық алмастыру, бағдарламаны өзгерту сынды мәселелердің өзіндік заңдық жүйелері бар. Мәселен оларды төрт жылда бір рет қана жаңартуға болады. Жылда оқулық жаңартуға қаражат бөлінбейді. Бір сыныптың оқулығы 4 жыл қолданыста болады. Тек содан кейін ғана жаңартуға мүмкіндік бар.

Қазіргі министрлік бес жыл бойы іске асырылып келген бұл жүйенің қате екенін толыққанды түсінді. 2015 жылдың соңы мен 2016 жылдың басында осы бағдарлама іске қосылатын кезде қарсылық танытқандар көп болды. Олардың қатарында ата-аналардан бөлек, талай қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері де болды. Түрлі мақалалар жазып, сараптама мен талқылау да жасадық. Алайда ол кездегі корпус «біздікі дұрыс» деген ұстанымнан айныған жоқ. Өйткені оның артында үлкен күш тұрды. Ал сол тұстағы білім саласына жауапты министр Ерлан Сағадиев осы мақсатты іске асыру үшін келді. Ақыры сол жоба іске асырылды. Ол кезде қоғамның пікірі тіпті ескерілген де жоқ. Өйткені ол үлкен күш болды. Үштілділіктің жаңартылған авторлық бағдарламасының артында Назарбаев зияткерлік мектептері тұрды. Сондықтан да бұл жоба бүгінге дейін созылды», - дейді ол.

Бұл жүйемен білім алған оқушылардың алғашқы легі қазір 6-7-сыныптарға аяқ басты. Алайда олардың үш тілді қаншалықты жетік меңгергендеріне баға беруге ерте.

«Бұл бағдарлама аясында білім алған балалалардың білім деңгейіне дәл бүгін сараптама жасау мүмкін емес. Әлі ерте. Бұл ретте бір маңызды дүниені айтып өткен жөн. Жаңадан әріп танып жатқан балаға екі алфавиттегі үш тілді оқыту өте үлкен салмақ. Жалпы бастауыш сыныпта үш тілді оқыту – оқушы үшін ауыр», - дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы №90 гимназияның директоры Аятжан Ахметжан.

ОРЫС ТІЛДІ СЫНЫПТАР ҚАЗАҚ ТІЛІН ЕКІНШІ СЫНЫПТАН БАСТАП ОҚИДЫ

Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі 1 және 2-сыныптарда шет тілін оқытуды алып тастау бойынша білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына, үлгілік оқу жоспары мен бағдарламасына өзгерістер енгізіп жатыр. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің басқарма басшысы Нәзира Әбдірахманова айтты.

«Әдістеме тұрғысынан және жүргізілген зерттеулер мен талдаулардың нәтижесінде біз бұл дұрыс бағыт екенін көрдік. Себебі 1-сынып оқушысына бірден 3 тілді меңгеру қиын. Бұл тиімсіз. Бала алдымен ана тілінде оқып, жазуды үйренуі керек. Сонымен қатар біз шет тілін оқытуды ұйымдастырудың шетелдік тәжірибесін зерттедік, көптеген Еуропа елдерінде мектептерде бірінші шет тілін оқыту бастауыш мектептен басталады. Алайда шет тілін міндетті түрде үйретудің жасы әр түрлі, мысалы Жапонияда, Финляндияда, Қытайда және Францияда 10 жасқа дейін балаларына шет тілдерді үйретпейді. Ресей мектептерінде шет тілі 2-сыныптан бастап оқытылады. Көптеген ғалымдардың пікірінше, 7-10 жастағы баланың жасы оның оқуға дайындығын анықтайды және бастауыш сынып оқушыларының 1-деңгейіне сәйкес келеді (2-ден 4-сыныпқа дейін немесе 3-тен 4-сыныпқа дейін)», - дейді Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің басқарма басшысы. 

Бұған дейін министр Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылынан бастап мемлекеттік тілде оқитын балалар алдымен қазақ тілін, яғни ана тілін меңгеретінін айтқан болатын. Олар оқу мен жазуды танып білген соң, екінші сыныптан бастап орыс тілін үйренуге көшеді. Сәйкесінше орыс тілді сыныптар да қазақ тілін екінші сыныптан бастап оқиды. Ал үшінші сыныпта ағылшын тілін меңгеру басталады. 

Нәзира Әбдірахманованың айтуынша, бастауыш мектепте ағылшын тілін үйрену қажеттілігі бірнеше факторларға байланысты. 

«Біріншіден, физиологиялық ерекшеліктер ерте кезеңде (6-13 жас аралығында) тілдерді үйренуге мүмкіндік береді, бұл халықаралық зерттеулермен дәлелденген. Зерттеулерге сәйкес, ерте жаста тілдік дағдыларға жауап беретін ми бөліктері тез дамиды. Екіншіден, тілді ерте үйрену шет тілін үйренуге оң мотивация қалыптастыруға ықпал етеді. Үшіншіден, ағылшын тілін 3-сыныптан бастап үйрену негізгі мектепте тілді неғұрлым терең деңгейде және орта мектепте пәнді ағылшын тілінде оқу үшін жеткілікті сағатты қамтамасыз етеді», - дейді Нәзира Әбдірахманова.

«ОРЫС ТІЛІН ШЕГЕРЕЙІК ДЕСЕК, ОНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ МӘРТЕБЕСІ БАР...»

Аятжан Ахметжан мұндай өзгерістің жеткіліксіз екенін айтады. Себебі бұдан оқушылардың жүктемелері айтарлықтай бірден жеңілдемейді.

«Қазірдің өзінде бұл шегіністің жеткіліксіз екенін айтып жүрміз. Себебі біздің апталық жүктемелер ауыр. Әлеммен салыстырсақ, біз бағдарламасы біршама күрделі елдердің қатарындамыз. Біздің мектептерде үш тіл оқытылады. Тілдің айналасындағы пәндер жалпы жүктеменің 40 пайызын қамтиды. Сондықтан мектептен орыс тілін алып тастау ең дұрыс шешім болады. Бірақ ондай қадамға біз әлі кемі 15-20 жыл бойы бара алмайтынымыз анық. Өйткені біздің елді Ресеймен жеті жарым мың шақырым жер байланыстырып жатыр, оның үстіне бірқатар одақтың мүшесіміз. Осы себептерді ескерсек, біз ағылшын тілін де орыс тілінің алдына шығарып жібере алмаймыз», - дейді ол.

Сарапшы оқушыларға шет тілін бастауыштан кейін үйреткен жөн деп санайды. Бірақ ол кезде орыс тілді сыныптар үшін қазақ тілін меңгеру кешеуілдеп басталатыны анық. Қысқасы парадокс жағдай болуы мүмкін.

«Бұл жерде де барлығы заңдық нормаларға келіп тіреледі. Мәселен орыс тілін шегерейік десек, оның конституциялық мәртебесі бар. Яғни қазақ тілді сыныптардан орыс тілі сабағын алып тастайтын болсақ, соған сәйкес орыс тілді сыныптардан да қазақ тілін алып тастауға тура келеді.  Ал егер орыс тілін бесінші сыныптан бастап оқытқызар болсақ, онда қазақ тілі де солай шегінеді. Сондықтан да министрліктің қазіргі шешімі өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын тиімді амал. Егер де референдуммен тіл саясатына өзгерістер енгізілгенде, яғни қоғамның басым бөлігінің талабы орындалғанда, мәселе басқаша шешілер еді. Десе де қазіргі министрлік біраз шешім қабылдап жатыр. Оны жоққа шығаруға болмайды. Мәселен орыс тілінде оқытпайтын мектептерден орыс әдебиетін алып тастау, оның орнына қазақ тілінде әлем әдебиетін оқыту сынды жаңашылдық өте дұрыс шешімдердің бірі», - дейді Аятжан Ахметжан.  

МЕКТЕПТІ 11 ЖЫЛ ОҚЫҒАН БАЛА ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ НЕЛІКТЕН ШОРҚАҚ?

Қоғамда оқушылардың тілді меңгеруіне қатысты әлі де шешімін таппай жүрген бір өзекті сұрақ бар. Мәселен мектепті 11 жыл орыс тілінде оқыған бала неліктен қазақ тіліне шорқақ?

«Қарға қарғаның көзін шұқымайды. Бірақ біз бұл мәселені әлі де көтеріп жүрміз. Біріншіден, орыс тілді мектептердегі қазақ тілі бағдарламасын әлі күнге дейін көп нәрсеге міндеттей алмай жүрміз.  Екіншіден, орыс сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиетін беретіндердің басым бөлігі кезіндегі неміс, француз тілдерін оқытқан мамандар. Жалпы мұғалімдердің біліктілігін тестілеу деген дүние бар. Аталған тесттен өте алмайтындардың көбі осы орыс сыныптарына қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалімдер. Бұл ретте біз өз ұсынысымызды айттық. Қазір ол орындалып жатыр. Яғни мектепті қазақша оқып, университетте қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітірген маман қазір орыс мектептерінде жұмыс істеуіне мүмкіндігі бар. Бұрын ондай болған жоқ», - дейді сарапшы.

Аятжан Ахметжан сөз соңында «мектепте тілді міндеттеп үйрету дұрыс емес» деген пікірін айтты. 

«Тіл әркімнің өзі үшін керек. Оған мемлекет бас қатырмауы керек деп ойлаймын. Мемлекеттік тіл оқытылсын. Ал қалғанын әркім өзі біледі. Мәселен мектепте 11 жыл бойы мүлдем ағылшын тілін оқымай, алайда IELTS-тан жоғары көрсеткішке ие болғандарды білемін. Олар ағылшын тілін өздері үшін үйреніп алғандар. Сол үшін міндеттеу деген нәрсеге мен қарсымын», - деді ол.

Әсел Оршыбекова, azattyq-ruhy.kz
26.06.2022

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 354
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6459
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 8168
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6539
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 6675