Отбасы болып үлгермей, ажырасып жатқандар көп

Отбасы болып үлгермей, ажырасып жатқандар көп

Былтыр елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде тұрмыстық зорлық 4 есе көбейген болса, биыл отбасындағы жанжал мен тұрмыс тауқыметін тартқан 3 мыңнан астам әйел дағдарыс орталығына жіберілген. Сондай-ақ отбасылық жәбір көрген ана мен баланы қорғау, сауықтыру мақсатында өткен жылы мемлекеттік дағдарыс орталықтарына бюджеттен 4 млн 682 мың доллар қаражат бөлінген. Соңғы жылдары елімізде ажырасу көбейіп, ана, әйел құқығы, бала құқығы сияқты мәселенің күн тәртібіне шығуына байланысты «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» салалық заңды қайта қарап, өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыстар қолға алынған болатын. Осы орайда Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға басымдық беру мәселесі жан-жақты талқыланып, нәтижесінде 2009 жылы қабылданған «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» салалық заңының құқықтық негіздерін басшылыққа ала отырып, құжатқа министрліктің бастамасымен 12 рет өзгеріс пен толықтырулар енгізілген.

Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюктің айтуынша, Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» салалық заң полицейлердің өкілеттігін кеңейтті. Полиция қызметкерлеріне тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау қаупі туған жағдайда жәбір көрсетушіге жәбірленушіге жақындауға, онымен кез келген тәсілмен, оның ішінде телефон арқылы сөйлесуге тыйым салу құқы берілді. «Мұндай шектеудің қолданылу мерзімі 1 айды құрайды. Бұл шара арнайы қорғау нұсқамасы ретінде рәсімделеді. Тыйым салу мен шектеуді бұзған адам бір тәулікке әкімшілік қамауға алынады мүмкін. Тұрмыстық жанжал кезінде ұрып-соғу немесе жеңіл дене жарақаты болса, құқық бұзушыға 10-15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу түрінде қатаң жаза қолданылуы мүмкін», – дейді Алексей Милюк.

Министрлік өкілінің айтуынша, соңғы 6 айда отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылық көрсеткіші 8%-ға төмендеген. Алайда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккендер көбінесе көрген қорлығын жариялағысы келмейді. «Жалпы қылмыс құрылымында отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтың үлесі жоғары емес. Бұл көрсеткіш 0,7%-ды құрайды. Алайда тұрмыстық зорлық-зомбылық жасырын сипатқа ие. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккендер көрген қорлығын жариялағысы келмейді. Олар көбінесе полицияға шағымданбайды», – деді Алексей Милюк. Оның айтуынша, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты көбінесе мас адамдар жасайды. Олардың 80%-ға жуығының тұрақты жұмысы болмайды.

Соңғы жылдары жас отбасылардың ажырасуы қалыпты жағдайға айналғаны сонша, былтыр 2 300 жұп 1 жыл тұрмай ажырасып кеткен.

Мұндай жағдай толық емес және аз қамтылған отбасы санын арттырып, алимент төлемеу сияқты әлеуметтік мәселені асқындырып отыр. «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің күштік әдісін белсенді қолдану отбасылық қатынастағы шиеленіс деңгейін арттыруға және ажырасу көрсеткішінің жоғарылауына ықпал етеді. Бір 1-4 жыл аралығында ғана некеде тұрғандардың саны 14 700 адамды құрап отыр. Министрлік халықтың әлеуметтік-экономикалық мәселесін шешуге бағытталған репрессиялық бағыттағы шараларды өзгерту бойынша белсенді жұмыс атқарып жатыр. Біздің ойымызша, құқық бұзушылармен де, зорлық-зомбылық құрбандарымен де кешенді оңалту және психо-түзету жұмысын жандандыру қажет», – деді Алексей Милюк.

Жаңа заңнамаға сәйкес бір отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық екінші рет қайталанса, тараптарды татуластырудан бас тарту тәртібі енгізілді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, полиция органдары жәбірленушінің өтініші бойынша әкімшілік іс қозғауға құқылы. Бірақ жәбірленуші жұбайына психологиялық және қаржылық тұрғыдан тәуелді болғандықтан, көбінесе мәселе «жабулы қазан…» күйінде қалып, қозғалған әкімшілік өндірістің 60%-ы тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылады. Салдарынан отбасындағы жанжал қайталанып, мәселе ушыға береді. Сондықтан «Біз тараптардың татуласу рәсімін қайта қараймыз. Алдағы уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі қайталанған жағдайда татуласу мүмкіндігін толығымен жоюды жоспарлап отырмыз», – деді ішкі істер министрлігінің өкілі.

Осы орайда тағы бір мәселе – елімізде зорлық-зомбылық құрбандарымен, яғни әйелдермен, балалармен жұмыс істейтін кешенді оңалту және психо-түзету орталықтары болғанымен, көбіне ер адамдардың психологиялық мінез-құлқына қатысты сөз қозғалмайды. Дегенмен былтыр агрессор еркектермен жұмыс істейтін арнайы жоба қолға алынған екен. «Қазақстанда жәбірленушілермен дағдарыс орталықтары жұмыс істейтін болса, агрессор еркектермен жұмыс жүргізілмейді. Осыған байланысты арнайы жоба қолға алынды. Бағдарлама аясында отбасындағы агрессияның пайда болуының негізгі себебін анықтаймыз. Жақындарына қол көтеріп үйренген ер адамға ашуды жеңудің әдіс-тәсілдерін үйретеміз. Психолог, психотерапевт мамандар оның ызасы не себепті пайда болғанын, неге біреуді ұруға әуес екенін зерттейді. Негізгі мақсатымыз – агрессордың істеген зорлық-зомбылығының қылмыс екеніне көңіл аудартып, мойнына жауапкершілікті алуына және келешекте осындай қатыгездікке қайта бармауына ықпал ету», – дейді жобаның психологы Салтанат Маусеитова.

Алайда агрессор еркектермен нәтижелі жұмыс істеу үшін қаржылай қолдау да қажет. Ал үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттен ақша бөлінбейді. Негізінен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін пайдалану қажет. «Үкіметтік емес ұйымдар тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына баспана береді, құқықтық, медициналық, әлеуметтік, сондай-ақ психологиялық көмек көрсетеді. Бүгінгі таңда 49 дағдарыс орталығы полициямен өзара әрекеттеседі, олардың 39-да жәбірленушілерді уақытша тұратын баспанамен қамту мүмкіндігі бар», – деді әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
30.07.2021

Ұқсас жаңалықтар

ТАУ БАУРАЙЫНДАҒЫ АЩЫСАЙ АУЫЛЫН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 23.04.2024 20
БІЛІМДІ ҰРПАҚ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ
Мақсат Қазанғапов Талас аудандық білім бөлімінің басшысы - 23.04.2024 8
ОТЫРАРДА «ЖАСЫЛ АЙМАҚ» АПТАЛЫҒЫНДА ИГІ ІСТЕР АТҚАРЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 23.04.2024 16

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 963
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7016
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10860
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7081
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7222