Өткеннің ертегісін емес, дәуірдің ертеңін ойлайық!

Өткеннің ертегісін емес, дәуірдің ертеңін ойлайық!

«Қуатты елдің ұлттық болмысы»

«Егемен Қазақстан» газетінің 13 қыркүйек күнгі санында осындай тақырыпта көлемді мақала шықты. Бұл мақала күнделікті шығып отыратын материалдардан өзгеше мазмұнымен, өзектілігімен ерекшеленеді. Мақала иесі ҚЖО-ның мүшесі, қаламгер, драматург, әлденеше аударма, әдеби эссе, әңгіме, ой-толғаулар жинақтарының авторы Мәлік Отарбаев мырза тарапынан ортаға ұсынылып отыр. Онан да маңызды сипат алатыны, ол – Президенттің ең жас кеңесшісі. Осы кезге дейін халықаралық Түріксойда, Қазақстанның Түркиядағы елшілігінде, елімізде Түркістан облысы әкімінің орынбасары, Мәдениет және спорт министрлігінде жауапты қызметтер атқарған, тәжірибеден өткен адамның қаламынан туған жаңа идеялар екені анық. «Жас келсе – іске» деген, жаңа дәуірге жаңа күш, оқығаны да бар, тоқығаны да бар рухани ізденіс үстіндегі терең азамат. Ана тілінің уызына жарыған, орыс, ағылшын, түрік, араб тілдерінде еркін сөйлейтін жас буын зиялылар шоғырына жататын басшы. Нағашы атасы, жазушы Шерхан Мұртазадан ылғида «Тұлпар мініп, ту ұста!» деген бата алып отырған құймақұлақ шәкірт, шынында бүгінгі таңда тұлпар мініп, ту ұстаушыға айналған қоғам қайраткері.  

Оның мақаласы кезектегі елдің нақты жағдайынан дерек береді. Ұлттық идeологияның негізгі ұстыны, өмірге үйлескен үндеу, биліктің басшылыққа алатын бағдары секілді дүние екен. Бұл пікірді айтқан адам алыстан емес, Президенттің қасынан үн қатып отыр. Демек, біз талқылауға тиісті, билік тармақтары күн тәртібіне алып қарайтын мәселе екені анық. «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» деп осындайды айтса керек. «Асыл тастан шығады, ақыл жастан шығады» деп бабаларымыз айтқандай, жаңа Қазақстанға керек жігерлі жігіт, іскер басшы.  Ең бастысы тілі қазақ, менталитеті ұлттық, жүрегі нұрлы иманға толған адам. 

Ендеше, оның мақаласында ортаға қойылған мәселелерге назар аудара отырып, көз алдымыздан өткізіп көрелік. «Ұлытауда жаңғырған ұлы рух мемлекетімізді кемел келешекке бастайтыны анық. Сондықтан біз ұлттық мүддеге ғана жұмыс істейтін мемлекет моделін темірқазық етіп, алдымызға биік мақсат қойып, зор үмітпен алға жылжыдық» дейді. Өткенді айыптай бергенмен, өткен уақыт қайта оралмайды. Бізге бүгіннен басталатын болашаққа бет алу бәрінен маңызды. «Болашақ алғашқы қадамнан басталады» депті, өткеннің ертегін айта бермей, дәуірдің ертеңін айтқан абзал.  

«Мәдениетсіз қоғамның дамымайтыны, рухани қазынасынан айырылған елдің еңсесі көтерілмейтіні бесенеден белгілі. Экономика мен саясатты қатар алып жүріп дамыту – уақыт талабы». Осы кезге дейін «алдымен экономика сонан соң басқасы...» дейтін шалағайлық тұмсығымызды жарға соқтырды. Құс ұшқанда бір қанатыммен ұша тұрайын, екінші қанатымды артынан қозғайын демейді. Екі қанаты тең қағылса ғана ұша алады. Тұтас өмірдің заңы осылай. Міне, осы қағида қатаң ескерілетін шақ туды. Бірін дұрыстап алып, сонан соң екіншісін дұрыстайық дегенмен, ол бізді күтіп тұрмайды. Оның әлдебір «иелері» табылып, теріс алып кететінін көрдік те. 

«Жастар адамзаттық және ұлттық құндылықтардан алыстап, жат дүниелерге санасыз түрде кіріп кетіп жатыр. Тіршіліктің заңдылығы мен құндылықтардың орны ауысты» . «Біз бұл мәселені ашық айтып, ел болып, жұрт болып талқылауымыз керек».

«Жастардың осындай қиын жағдайға түсуіне себепші болып отырған басты мәселенің бірі қоғамдағы әділетсіздік пен жұмыссыздық екені анық» дейді Мәлік Отарбаев. Кез келген ауруға ем-шипа жасау үшін алдымен аурудың диагнозын анықтау керек. Жоғарыда айтылған тұжырым қоғамның сырқаты, жастардың бас ауруы екені анық. Ендеше, жауырды жаба тоқымай, осы шындықты мойындаудың өзі шындыққа бір табан жақындау. Ауруға қойылған диагноз.  

«Жастар – ұлттың үлкен күші, еліміздің болашағы. Ұлттың заманға лайық мәдени коды жастардың жан тереңіне сіңірілуі керек. Осы себептен Президентіміздің тапсырмасымен болашаққа бағдар болатын жастар концепциясы дайындалып жатыр» деп, жастар ісінің билік тарапынан қолға алынғаны анық баян етіледі. «Елсіз дала жау шақырады» демекші, қараусыз қалған жастарды әр топ, әр ағым өздеріне жауынгер еткісі келетіні анық. Солай болды да!.. Ендеше, мал екеш малдың да иесі бар, демек мемлекетіміздің ертеңі – жастар неге қараусыз, тәрбиесіз, бетімен кету керек?! Оның иесі – Отан, жөнге салатын Қазақстанның атқарушы билігі. Шамасы Ақордада маңызды мәселелер қолға алынып жатқанын сеземіз. Бұл жаңағы диагнозға қолданып жатқан ем шарасы, яғни жазылып жатқан рецепт  екені сөзсіз. 

«Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Өткен өтті, өткенді қуғанды қойып, осы күйіңді түзеуге жөн іздеу керек» деген болатын» депті. Отыз жылдың қатқан қоясы мен былығын айта бергенде отымызды біреу жағып, дастарқанымызды біреу жайып бермейді. «Сондықтан біз мақсат еткен басты саяси ұстаным – жаһандану жағдайында ұлттық құндылықтарды дамыту, ұлттық рухты күшейту» деген пайымын алға тартады. Құндылықтар құнсызданып, ақшаға табыну мен жеке басқа табынудың дәуренін көзбен көрдік. Соның зардабынан арылу басталып кетті. Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады... Іс басталды, жұмыстар қолға алынды. Оны, әрине, бір адам атқарып тастауы мүмкін емес, бағыт белгіленген соң, қозғалыс ретке келтірілсе, елде қимыл болады. 

«Жаңа буынды жат дүниелерден арылту және ұлттық құндылықтардың негізінде қалыптасқан білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке мән беру – басты міндет». Сөз астарынан адамды тек білім ғана жеткізеді деген сыңаржақтылық қате екенін сеземіз. Құндылық пен тәрбие қосылғанда ғана мемлекетке, ұлтқа пайдалы буын қалыптасады. Бұл бұлтартпас ақиқат екенін отыз жылдың соқпағы дәлелдеді. 

«Біздің идeология «майданының» алдында өз тұлғамызды тәрбиелеу міндеті тұр»... Бәрінен маңызды нысан осы екенін қадап айтыпты. Мақаланың өзегінде жібек жіппен тартылған арқау бар, ол: «Қоғамдық мәдениет пен көркем мінез» мәселесі. «Көркем мінез» мәселесі шенеунік біткеннің терминінде жоқ сөз. Тіпті байыбына бармайтын ұғым. Мәлік мырза осы түйінге қайта-қайта соғып, жадымызға салады. Көркем мінезсіз, мейір-шапағатсыз білім құрғақ, саясат салқын, адамдар дөрекі, қоғам тұрпайы күйінде қалар еді. Айтар болсақ, көркем мінез – адамдықтың өлшемі, құндылықтың асылы.  

«Соңғы ширек ғасырда біз кітап шығарумен ғана айналыстық. Бірақ көркем әдебиетті мемлекеттік деңгейде дамытуға толыққанды қолдау жасамадық» деген ойды төтесінен айтты. Отыз жыл қарап отырмай, әр жанрда кітаптар шығарылды, қаламгерлердің талап-тілегі өйтіп-бүйтіп ескерілді. Ақша бөлінді, қаржы игерілді... Нәтижесі кімге, неге пайдалы болды?.. Ол жағы өлшеніп, таразыға тартылған жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік идeологиясының қажетіне жарайтын дүниеге назар аудару лайығында жасалмағаны жалпыға аян. Автор сол жағын ащы да болса айтты. Ендеше, «Ұлттық қор құрып, талантты тұлғаларға қолдау көрсетуіміз керек» (М.О.) 

«Ақпарат саласында мемлекеттік тілдегі интернет-контентті дамыту – басты мәселе. Қазақ тіліндегі ұлттық мультипликация мен компьютерлік ойындарды интернет желісінде көбейту қажет. Ендігі кезек – жасөспірімдерге арналған телеарна. Рейтинг қуатын, жастарымызды адастыратын бейәдеп ток-шоуларға шектеу қойылатын уақыт жетті. Тоқсан жылдық тарихы бар республикалық «Балдырған» балалар журналы, «Ұлан» газеті сияқты басылымдарды жаңа сапаға көтеру – кезек күттірмейтін шаруа» деген екен. Бұл – тұтас қоғам талабы, қазақтың талғамы. Орынсыз, дырду, ұятты ток-шоуларды тазалайтын кез келді. Адамдарды ой ойлаудан гөрі ойын қуатын, көзі бар соқыр, миы бар ессіздерге айналдыратын қоқысқа толы «көк сандықтар» көбейді. Ендеше, елдіктің туын көтерген жаңа ұрпақ өткір сөз, өтімді шара қолданар тұсқа келдік. 

«Балдырған», «Ұлан» басылымдарының жанында біз де бармыз. Біздің «Мөлдір бұлақ» та бұл үрдістен тыс қалмайды. Бәріміз бір терінің пұшпағын илеп жатырмыз. Шыға бастағанымызға 20 жыл болса да, уақытпен үндесіп, заманмен жарысып, олқылықты толтырып, балаларға қызмет етіп келеді. «Жақсы сөз – жарым ырыс», бүгінгі бала – ертеңгі дана. Басылым – кітап оқулықтан бөлек аса қажетті құрал. Мектепте газет-журнал оқымаған жерде, «Оқуға құштар мектептің» болуы мүмкін емес. Оқушыларын газет-журналға жаздыруды қаламайтын директорлар оқуға құштар мектепті мүлде жасай алмайды. Республикамызда балаларға арналған басылымдар өте аз. «Балдырған», «Ұлан», «Ақжелкен», «Айгөлек», «Бала би», «Фараби шәкірті», солардың қатарында біздің «Мөлдір бұлақ» бар. Қаншалаған ақша орынсыз шоуларға шашылып жатыр. Одан да осынау басылымдарға қолдау танытса, оның пайдасы ұлт үшін салынған инвестиция болар еді. Тіпті олардың саны онға да жетпейді, соның өзін артық жүк көретін жоғарғы жақ ұрпақ тәрбиесін қайтіп ауызға алмақшы?   

«Жаңа Қазақстан идеясы – еліміздің келешек дамуының бағдары. Осы даму жолында біздегі этностардың басын біріктіретін – тіл саясаты. Бұл – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Қазақ тілі бұған дейін де ұлтаралық тіл болған. Кешегі Қазақ ордасы, оның арғы жағындағы Ақорда, одан арғы Алтын орда мемлекеттерінің тілі қазақ тілі (қыпшақ тілі) болған». Ендеше, бүгінгі Қазақстанның мемлекеттік тілі неге қазақ тілі болмасқа?! Кешегі заманда орыс та, қытай да қазақ тілін тыңдап, қазақ тілінің иесі – қазаққа алым-салық төлеп тұрған. Біз сол аталған алып империялардың заңды мұрагеріміз. Біздің идeология осы ұлы құндылықтарды әр санаға сіңіруге тиіс. Біз Шыңғыс хан, Жошы хан және олардың ұрпақтары десек, ат-тонымызды ала қашамыз. Бұл – тегінен айнып, теріс кету деген сөз. Біздің хандық тарихымыз бен империялық айбынымыз Шыңғыс ханнан бастау алады. Соны таныған күні өзіміздің осал емес екенімізге көзіміз жетеді. 

«Ендеше, мынандай екі фактор біздің қоғамдағы мәдениеттің түйінді проблемаларын шешетін негіздеме болар еді. Олар: біріншіден, ар-ождан. Екіншіден, көркем мінез»... Осы мәселе көптің көңіліне қонатындай сараланған. Қазақ тілі Қазақстандағы этностардың ұйтқысы, мемлекетті құрушы тіл ретінде үні жарқын естіліп тұру керек. Күні кеше Президентіміз қытай басшысының алдында ұлт тілінде қазақша сөйледі. Отыз жылда болмаған жаңалық деуге тұрады. Осы жолғы кездесу мен келісімдер барысында ұлттық мінез көрсетілді. Терезесі тең ел ретінде дипломатиямыз көзге ұрып тұрды. Қазақ тілі биік мінбеден естілді. Дәлел деген – осы. 

«Баршаңызға белгілі дін жолы дегеніміз – мейірім мен сүйіспеншілік жолы. Өзіңді шексіз ғаламның бір бөлшегі ретінде сезіне отырып, ұлы құдіретпен санасу. Ендеше, соңғы жылдары түрлі жолмен әр салада тамыр жаюға қарекет жасап жатқан жат діни ағымдарға қатаң тосқауыл қойып, халқымыздың ынтымағы мен бірлігін сақтауға аянбай үлес қосу ел патриоты ретінде әр азаматқа парыз» депті кеңесші. Қаңтардағы оқиғалар, дүбірі жер жарған бұзып-шағудың артында орайшыл жат пиғылды дін күштерінің болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Атамандары тұтқындалып, тергеу жүріп жатыр. Мың жылдар бойы ұлтымызды ұятқа қалдырмаған Имам Ағзам Әбу Ханифа ислам жолы дәстүрлі дініміз, даңғыл жолымыз болатын. Осы мың жылда дін Исламнан алауыздық, қантөгіс болмаған екен. Өйткені ол ұлы ақиқат, қазақтың табиғатымен бірге сіңіп кеткен тура жол болатын. Отыз жылда саңырауқұлақтай қаптаған дәстүрлі исламға жат аздырғыш ағымдар бізге сабақ болу керек. 

Қысқасы, Президенттің кеңесшісі ұсынған мақала орны бөлек, алда атқарылатын жұмыстардың қалыпқа түскен өлшемі деуге тұрарлық материал. Алдымен ең дұрыс сөз, соңынан қарекетке айналған іс-шара болуға тиіс. Осынау есті сөз Президенттің жанындағы Мәлік Отарбаевтың аузынан айтылып отыр. Хатқа түсіп, мемлекетіміздің бас газетінде жарық көрді. Демек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырза бәрін көріп отыр, сезіп отыр. Осы мақалада айтылған мазмұндар әр министрлікке, әр облысқа, әр салаға сілтемесімен жіберіледі деген ойдамыз. Кей тұстары заңды құжат, пәрменді нұсқауға айналады деген сенімдеміз!.. Алдағы жерде билік тармақтары басшылыққа алатын құжат болғаны анық. 

Сөз соңында Мәлік Отарбаевтің осы мақаласына қатысты айтылған пікірлер тоғысын топтастырдық, соны ұсынуды жөн көрдік.

 

Осындай зор серпіліс, жігер, қайрат қажет

 

Ділдар МАМЫРБАЕВА. КҮНГЕ БЕТ АЛҒАН КЕРУЕН | Қазақ Әдебиеті - QazaqAdebietiБилікте Мәлік секілді жастардың «тиражын» көбейту керек. Қазақы қаны бар, тілі қазақша шыққан, тарихты білетін, сыртта да болған азамат бәрін салыстыра отырып, ортақ жол таба алады. Отанымыздың жасап жатқан жұмыстарының өскен тұсы мен кері кетіп бара жатқан жерін көре біледі. Оған өз бағасын бере алады. Елдің дамуына күш беріп, тоқырауынан құтқару шарасын қолдануға қауқарлы. Қарапайым ортада және биліктің тармақтарында істеп көрген, қаламгерлігі жағынан мөлдіретіп шығарма жаза алатын, шет тілдерінен аударма жасайтын, газет-журнал шығарып, ақпарат ісінің қыры-сырына қанған мұндай азамат – бізге таптырмас кадр. «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан мақаласын оқыдым. Өте байыпты, байсалды, жоғары деңгейде  жазылыпты. Жастар ісінде осындай ақ пен қараны білетін, олардың өмірін зерттеп жүрген кісі керек. Біз жастардың арманымен, тіршілігімен есептеспейтін болып алдық. Оларды бетімен жіберген сайын берекесіздіктер жамырайды. Мемлекеттік жүйе деген біз секілді сан бөлшектерден құралады. Сол ағзалардың кей жерінде ауру бар. Оған диагноз қоя білетін Мәлік Отарбаев секілді «дәрігер» керек. Әрине, дұрыс диагноз қойған адам қатесіз рецепт жазады, дұрыс емдеу «процедурасын» да жасай алады. 

Ділдар Мамырбаева, қаламгер, ҚЖО-ның мүшесі 

 

***

ШИПАГЕРЛІК БАЯН» ҚАШАН МЕДИЦИНАМЫЗДЫҢ ШАМШЫРАҒЫ БОЛАДЫ?Мәлік Отарбаев «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақаласында тамаша айтқан екен. Міне, бізге осындай зор серпіліс, тың идея керек. Президенттің төңірегіне осындай дарынды жас, жігерлі толқындар көптеп келуі керек, ол – уақыт талабы. Отыз жыл бойы миша былықтырған ескі жүйенің жіп-шуын жиятын кез келді. Енді кедергі келтіретін ескі күштер шептен шығып дем алып, жаңа, жалынды жақсы адамдар тартылуға тиіс. 

Шаяхмет Қали, ақын, математик 

 

***

ұлттық дүниетанымның кодыҰлттық идeологияның өзегін құрайтын құндылықтардың барлығын қамтыған маңызды мақала болыпты. Бәрі оңынан болғай, енді осы сөздер атқарылуы керек. 

Нұрлан Асқаров, ғалым, қоғамтанушы 

 

***

Әбділдабек Салықбай - ӘңгімелерСалмақты, салиқалы мақала екен. «Ар-ождан», «көркем мінез» деген сөздер құлаққа жағымды, ұлттық құндылықтарды түгендеу талабы ойға қонымды шығыпты. 

Әбділдабек Салықбай, жазушы, ҚЖО-ның мүшесі

 

***

«Егемен Қазақстанды» оқып шықтым. Қуатты мемлекеттің негіздері – тамыры мен діңі, іргесі мен қаңқасы ұлттық құндылықтармен толтырылып көмкерілуі тиіс. Жаңашылдыққа да бейім болуы тиіс. Бірақ құры көшірілмей, дәстүрдің құнарлы топырағына қондырылғаны жөн. 

Бақытжан Сатершин, философия ғылымдарының докторы, мәдениеттанушы 

 

***

Саят Қамшыгер | muslim.kzМақалада «Ұлттық қор құру керек» деген ұсынысы маған ұнады. Ақылды, білімді, өнерлі жастарды қолдап, басқаларға үлгі ету туралы да жақсы айтқан екен. Ұлттық мәдениетімізге қайта оралғанымызда көп мәселенің шешімі бірден табылады.

Саят Қамшыгер, ақын, баспагер, ҚЖО-ның мүшесі 

 

***

Болат ШАРАХЫМБАЙ: БІЗДІҢ ӘР ЖАЗҒАН ШЫҒАРМАМЫЗДАН ЖУСАННЫҢ ИІСІШЫҒЫП ТҰРУ  КЕРЕК | Қазақ Әдебиеті - QazaqAdebietiҮміт Мәлік Отарбаев секілді осындай жан-жақтылы жетілген жігіттерде. Олар бүгінгі күннің білімін де иеленген, рухани тереңдікке де бойлаған. Өз нәпсілерін меңгеруді біледі. Олардан тек жақсы жаңалықтарды күтуге болады.

Болат Шарахымбай, ақын, баспагер, ҚЖО-ның мүшесі 

 

***

Сафуан Рысбай - "ENTREPRISE" - YouTube«Егемен Қазақстандағы» Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жазған мақаланы оқып шықтым. Ол туралы Дәулетбек Байтұрсынұлының сараптамасын да санамнан өткіздім. Мәкеңді қолдау  Мемлекеттігімізді қолдау деп қараймын. Сөзіміз түзеліп келеді. Енді ісімізді, харекетімізді түзей алсақ, елдің болашағы бар. 

Сафуан Рысбай, актер  

 

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, ақын, ҚЖО-ның мүшесі. ҚР Ақпарат саласының үздігі, Түркі дүниесі ақындары жыр мүшәйраларының жеңімпазы
30.09.2022

Ұқсас жаңалықтар

ШАРДАРА АУДАНЫНДА 1000 ШАҚЫРЫМҒА ЖУЫҚ СУ ЖҮЙЕЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛЫП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 20.04.2024 10
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЕСКЕКШІЛЕРІ 4 МЕДАЛЬ МЕН 1 ОЛИМПИАДА ЖОЛДАМАСЫН ЖЕҢІП АЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 20.04.2024 7
 АРЫСТА БАҒДАРШАМДАР РЕТКЕ КЕЛТІРІЛУДЕ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 20.04.2024 16
Жуалыда жаппай тал егу акциясы өтті.
Жуалы ауданы әкімдігі - 20.04.2024 11

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 874
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6943
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10784
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7016
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7155