Қаһарман, қайсар Сейдағаң

Қаһарман, қайсар  Сейдағаң

Сейдахмет Құттықадам 1946 жылы 9 мамырда қасиетті Түркістан шәрінде дүниеге келген еді. Әкесі Рысқожа ақсақалдың туған жері Қазақ тарихында ерекше орны бар атақты Торғай өңірі болатын. 1930 жылдардағы толқулармен қабаттаса келген ашаршылық Құттықадам әулетін айналып өтпегені белгілі. Ата-анасынан айырылған Рысқожа көршілес Ырғыздағы жетім балалар үйінде тәрбиеленеді. Кейін екінші дүниежүзілік соғысқа қатысады. Соғыстан кейін Түркістан шәріне келіп, осынау қасиетті мекенде тұрақтап қалады.

Алшын руының Рсай Төреқұлқызы деген ақылды, салмақты, дінімізден, салт-дәстүрімізден хабары мол апамызға үйленеді... 

 Анасы қасиетті Құран Кәрімді қастерлеп, төрге іліп қояды екен. Адам баласының қандай болып қалыптасуына, ұяда көрген тәрбиесіне көп байланысты екені баршаға мәлім.

Өзі былай деп әңгіме шертетін:

 «Бала кезімізден әкеміз біздерге көп кітаптар әкеліп беретін. Сол кітаптарды оқып, оқуға деген ынтам күшейді. Үйде жоқ кітаптарды кітапханадан жаздырып оқитын болдым. Менің кітапқа деген ынтамды байқап, кітапхана қызметкерлері қандай кітаптарды оқу керектігін айтып көмектесетін болды. Сөйтіп, бірте-бірте қалыптастым», – дейтін еді.

 Студенттік кезі ерекше болған екен. Шымкенттегі Қазақ технологиялық-химиялық институтында оқып жүргенде көптеген үйірмелерге қатысады. Жазда студенттік құрылыс жасақтарына барады. Яғни, бос уақыттары болмаған. Баяғыдай емес, үйіне де жиі-жиі келе беруге уақыты болмайды.

 1969 жылы институтты жақсы бітіріп, Атырау қаласында орналасқан мұнай зерттеу ғылыми институтына жолдамамен барады.

Адамның болашақта қандай болып қалыптасуына алғашқы жұмыс ұжымының әсері өте күшті болатынына Атырауда көз жеткізіпті. Кейіннен Қызылордадағы, Жамбыл гидротехникалық институтының филиалында басшы қызметтерде болды. Содан кейін Арқалық педагогикалық институтының деканы болды.

1989 жылы Совет халқының сүйіп оқитын газеттерінің бірегейі Мәскеуден шығатын «Литература» газетінде көлемді көпшілікті толғандырып жүрген саяси тақырыпта жазған аты шулы «Оберегая корни, сохраняем себя» мақаласынан кейін С. Құттықадамның журналист ретінде беделі арта түсті. Ол кезде билікте демократияның нышандары бар еді. Сол себепті 1991 жылы ақпанда Алматыға шақырылып, «Арай – Заря» газетінің бас редакторының орынбасары болып қызмет атқарды. Кейін ақпарат министрлігіне жауапты қызметке ауысты. Министрдің орынбасары да болды. Қандай қызметке барса да, барған жерінде жаңашылдығымен көзге түсіп жүрді.

 «Аргумент факты. Казахстан» басылымында саяси және экономикалық шолушы болған жылдары өте маңызды тақырыптарды көтеріп, халықаралық деңгейдегі журналистермен иық теңестіріп қоймай, кейбір саяси мәселелерде олардың алдына да шығып кетті. 

С.Құттықадам үш рет мәжіліс сайлауына да түсіп көрді. Әрине, демократиялық жолды емес, авторитарлық жолды таңдаған билікке Сейдағаң сияқты білімді, алған бағытынан ауытқымайтын харизмалық тұлғалар қажет емес еді.

1998 жылы қара күзде Сейдахмет Құттықадам саяси қозғалыс ашайын деп жатыр деген хабар тарады. Бұған дейін екі ұйымда болып, саяси көзқарастарымыз айқындалып қалған болатын.

Жиындарына барып қатыстық. Кілең ығай мен сығайлар сияқты көрінді. Барлық салалардың өкілдері де бар екен. Саясаткерлер, журналистер, әдебиетшілер мен тарихшылар, кәсіпкерлер, қарапайым жұмыссыздар... яғни барлық әлеуметтік саланың өкілдері бас қостық!

Сейдахмет Құттықадам алғашқыда қатал, тұйықтау көрінді. Мақалаларын бұрыннан оқып жүрсек те, жүзбе-жүз бірінші рет кездесіп тұрғандықтан шығар. Сұрақтарға қысқа жауап беріп отырды.

«Келесі аптада келіңдер, ниет білдіріп жүргендер, бас қосамыз», – деді.

Айтқан уақытынан ертерек бардық; адам қарасы біршама екен. Белгілі адамдарда жеткілікті. «Азат» қозғалысында «Азат» газетінің бас редакторы болған белгілі шоқайтанушы ғалым, журналист марқұм Батырхан Дәрімбеттер де бір топ болып келді. Танитын адамдардың қарасы көбейгесін солармен әңгімелесіп тұрдық.

 Жиынды Сейдахмет ағаның өзі жүргізіп отырды. Қазақша, орысша еркін сауатты сөйлейді екен. Ағып тұрған шешен!

Қысылып-қымтырылғанымызға қарамай, бізді де сөйлетті. Қазақша ойымызды айттық. Орыстілділер көп болғасын, өзі әдемілеп аударып берді.

Аптасына үш рет кездесіп, пікір алмасып жүрдік. Отырыстан қалмайтын болдық. Барған сайын қызық бола түсті. Алғашқыдай емес, біздер де ашыла түстік. 1998 жылдың қараша айында іріктелу жиналысы болды.

Саяси ұйымның не мақсатпен құрылғанын айтып, алда болатын қиындықтар туралы да ескертті. «Менімен аяғына шейін бара аласыңдар ма?» – деп ашығын айтты.

Сейдахмет Құттықадам ағамыздың харизмалық тұлғасы, адам тани білетін қасиеттері күннен-күнге айқындала түсті.

Әр облыстан танитын адамдарымыздың тізімдерін жасадық. Солардың бәрімен жеке сөйлесу үшін тұратын қалаларына барып, көзбе-көз жолығып, қозғалыстың филиалдарын ашты.

1999 жылы көктемде Алматыда үлкен республикалық жиын өткіздік. Барлық облыстардан делегаттар келді. Күні-түні шала ұйқымен жүріп, дайындалған едік. Офисте түні бойы жұмыс жасаған күндеріміз де аз болған жоқ.

Михаил Есеналиевті жанына алып, өзі бас болып, көшелермен әндетіп, шерулетіп, Сейфуллин даңғылы мен Қарасай көшелерінің қиылысында орналасқан «Демократтар Үйінде» жиын өткіздік.  

1999 жылдың күзінде өткен Мәжіліс сайлауына да жақсы дайындықпен кірістік. Сейдахмет аға Алматы қаласы № 5 Алатау сайлау округінен түскен болатын.

Негізгі қарсыласымыз РНПК партиясының белді мүшесі энергетик Макалкин болды.

Сайлау қорытындысы бойынша билік Макалкинді таңдады. Мен бақылаушы болып отырған сайлау учаскесінде Құттықадам  154 дауыс алды. Макалкин 77 дауыс алды.

«Құттықадам жеңді!» – деп, сайлау учаскесінің төрағасы мені құттықтап қолыма тиісті протоколды мөрлеп тұрып табыс еткен еді.

Басқа үміткерлердің де сенімді өкілдері қуана құттықтап жатты. Сөйтіп, жеңіп тұрған Құттықадамды билік Макалкинге жығып берді. Соттасып та көрдік. Қаншама жеңіп тұрған дәлелді хаттамаларды алға тарттық. «Тоқпағы қатты болса, киіз қазық та жерге кірер» деген, тоқпағы Назарбаевтың өзі болғасын, не үміт, не қайыр?!

2006 жылы ғылыми-танымдық «МЫСЛЬ» журналына бас редактор болып барды. Керемет саяси тарихи кітаптары бірінен соң бірі басылып шыға бастады. Бұрынғы үзеңгілес серіктерінен де қол үзбеген еді. Ара-тұра барып ақылдасып, кездесіп жүрдік. 

Біздер апарған ұжымдық хаттарға оқып шығып, ойланбастан қолын қоятын еді.

 ТҮЙІН: Сейдахмет Құттықадам ағамыз біздің тұйықталып қалмауымызға, көпшілік алдында еркін сөйлеуімізге көп әсер етті. Сейдағаңның үйінде талай рет қонақта болдық.

Марқұм Балташ Тұрсымбаев ағамызбен Сейдағаңның үйінде таныстық. Сейдағаңа көптеген басшы қызметтерде болған ақсақалдар көп келетін. Мысалы: Қазақ ССР министрлер кеңесінің 14 жыл төрағасы болған Байкен Әшімов,  Ерік Асанбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Заңгер Сабыр Қасымов, Парсы әдебиетін зерттеуші, тегі ирандық Абдолла Сафаро т.б. қайраткерлермен Сейдағаң арқылы таныс болдық. Марқұм Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз, Сейдағаң Алматыға келсе, кешке шақырып алып, әңгімелерін айтып, жібергісі келмей қона сал дейді екен. Бірде Сейдағаң Астанаға үйіне барып, жазу үстелінде жұмыс жасап отырса, Әбдіжәміл ағамыз телефон соғады.

«Әй, Сейдахмет, мен Астананың аэропортында отырмын, келіп, мені алып кет!» – депті.

Дереу барса, үй ішінде киетін киімімен аяғында тапочка... дейді.

«Неғып жүрсіз, аға?» – десе: «Сені сағындым, әңгімелескім келді. Ұшаққа билет алдым да, Астанаға келдім. Кеткенімді үйдегілер білмейді», – депті...

 «Геродот Независимого Казахстана» деп, Гүлжан Ерғалиева айтқандай; Сейдағаңның саясат туралы жазған еңбектерін талай жас саясаткерлер мен журналистер жастанып оқуда. 

С. Құттықадам Тәуелсіздіктің туын жоғары деңгейде көтеріскен айтулы тұлға еді. Әлі де бергенінен берері көп еді. Әттең!.. 

Сейдахмет ағамыздың жатқан жері жайлы, иманы саламат, жаны жаннатта болсын деп тілек айтамыз.

 

АМАНКЕЛДІ ЖҰМАШҰЛЫ

 

11.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1142
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7187
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11048
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7251
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7398