Қазақ ураны қазаққа пайдалы болса...

Қазақ ураны қазаққа пайдалы болса...

5 ақпан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповты қабылдады. Бұл туралы «akorda.kz» сайтында хабарланды. 

Әдеттегідей кездесу

Кездесу барысында Мейіржан Юсупов Мемлекет басшысына «Қазатомөнеркәсіптің» былтырғы атқарған жұмыстарының нәтижесі туралы есеп беріп, компанияның қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективаға арналған мақсаттары мен жоспарларын таныстырған.

 Президентке өткен жылдың қорытындысы бойынша уран өнімдерін өндіру көлемі 21 мың тоннадан, ал сату көрсеткіші 18 мың тоннадан асқаны жөнінде баяндадым. 2023 жылы Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы тасымалданған уран өнімдерінің үлесі айтарлықтай артты. Қазақстаннан батыс елдеріне жөнелтілген уранның 64 пайызы осы транзит дәлізі арқылы тасымалданады. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына «Қазатомөнеркәсіп» компаниялар тобы жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобалар, сондай-ақ өндіріс орындары орналасқан өңірлерді дамытуға және қолдауға бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобалар туралы мәлімет берілді. Бұған қоса минералдық-шикізаттық базаны кеңейту және толықтыру жұмыстары жайында айтылды, – дейді «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ басқарма төрағасы.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазатомөнеркәсіп» жұмысының тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

 Уран өндірісіндегі көшбасшы

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ әлемге танымал кәсіпорындардың бірі саналады. Оның жай-жапсары да түсінікті болса керек. Бізді ғаламға мәшһүр етіп отырған жер астындағы уран байлығымыз соңғы кезде тіптен танымал бола түсті. Бұған орыс пен украин арасындағы соғысқа байланысты Ресейге салынған санкциялардың да әсері бар секілді. Яғни уранды пайдалану арқылы энергия өндіріп отырған елдерге жеткізілетін отын мәселесі маңызды орынға шыққан еді. Дегенмен Ресейдің сыртқа экспорттап жатқан уран көлемі ешқандай кедергісіз жүріп жатыр дейді тәуелсіз БАҚ-тар...

Қазақ даласы – уранға бай ел. Қазіргі таңда 14 орында уранды қазу, байыту жұмыстары жүргізіліп жатса, резервте 42 кен орны бар екендігі айтылған. Бұл өз кезегінде қазақ уранының болашағы зор екендігін айқындайтын көрсеткіш дер едік. 

Investment News Network (INN) мәліметі бойынша 2022 жылы дүниежүзіндегі уран (U3O8) өндіру 58 201 тоннаны құраған. Мұның ішінде 21 227 тонна жалғыз Қазақстанға тиесілі болып, әлем бойынша 1-орынды иеленген екен. 2- орында Канада 7 351 тонна, Намибия 5 613 тоннамен 3-орынға шыққан. 

Үш елдің біріккен өндірісі әлемдік уран өндірісінің 59%-ын, ал Қазақстанның ғана өндірісінің 36,47%-ын құрайды.

Қазаққа қайыры болса...

2024 жылы 15 қаңтар күні «Азаттық» радиосының сайтында «Қазақстан ураны кімнің қолында?» атты көлемді мақала жарияланды. Көптеген деректерге тоқталып өткен мақала авторы оқырманға ой салатын біраз жайды «қысқа қайырыпты». Біз шағын мақаламызға осы жерін өзгеріссіз беруді жөн көрдік.

«Уран өндіретін 14 компанияның екеуі ғана «Қазатомөнеркәсіпке» 100% тиесілі.

Қазақстан уранының жартысына жуығын шетелдік компаниялар өндіреді.

Шетелдіктермен бірлескен 12 кәсіпорынның (БК) тең жартысының ортақ құрылтайшылары – «Росатомның» еншілестері. Ресей мемлекеттік корпорациясы Қазақстандағы 14 кен орнының бесеуінен уран өндіреді.

Уран өндіретін кем дегенде үш бірлескен кәсіпорынды (меншік үлесі – 50 пайыздан кем) «Қазатомөнеркәсіп» қадағаламайды.

«Қазатомөнеркәсіп» қадағаламайтын үш компанияның екеуі уран кені резерві бойынша үшінші және төртінші орында.

Қазақстанның уран секторында шетелдік компаниялардың үлесі артып келе жатқанына, осы саладағы оның серіктестері уран байыту бойынша көш басында тұрғанына қарамастан, еліміздің бұл технологияларды өз аумағында қолдануға мүмкіндігі жоқ. Оған қоса, Қазақстан мұндай технологиялар қолданылатын шетелдік кәсіпорындардағы өз үлесінен бас тартып жатыр» делінген.

Бажайлап қарасаңыз, көңілге күдік ұялататын, ойландыратын жағдайларды аңғару қиын емес. Бұған сенбесеңіз, аталмыш компанияның экс-басшысы, біраз жылын абақтыда өткізіп шыққан Мұхтар Жәкішевтің сұхбаттарына ой жүгіртіп шықсаңыз да болады. 

PS: Соңғы кезде қазақтың ураны деген тақырыпқа келгенде Қытай басылымдары айрықша көңіл бөлетін болды. Олар ең алдымен Қазақстан жеріндегі уран кен орындарының мол қоры сақталғандығын айта келіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдету туралы уағдаластыққа, Қазақстаннан уран сатып алу туралы келісімдер туралы ақпараттарды түрлендіріп беріп жатыр. Соның арасында қазақ даласынан кен орындарын игеру, бірлескен кәсіпорындар құру туралы ойларын да жасырмайды. Шетелден инвестиция тарту – Президентіміздің баса назар аударып отырған экономикалық саясаттарының бірі. Осы тұрғыдан алғанда қазақ уранына «құда түсушілердің» арасында қытайлардың дауысының өктем шығатын күні таяу сияқты.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
07.02.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНДА ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМ САХНАЛАДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 15
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАСТАРЫ ҮШІН БИЫЛ АРНАУЛЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНА 15 500 ГРАНТ БӨЛІНЕДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 17
ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ҚАЗЫҒҰРТТА КӘСІПКЕРЛІКТІ ЖАНДАНДЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 24
 СОЗАҚ АУДАНЫ ӨНЕРКӘСІП ӨНІМ КӨЛЕМІ БОЙЫНША ОБЛЫСТА КӨШ БАСТАП ТҰР
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 02.05.2024 20
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА БІРНЕШЕ АУЫЛҒА ГАЗ БЕРІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 19

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1175
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7221
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11086
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7287
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7432