Қазақ жері саудаланып жатыр

Қазақ жері  саудаланып жатыр

Осыдан бірнеше күн бұрын журналист Ерлан Мазанұлы өзінің Facebook парақшасында елді елең еткізген бір жаңалық жариялады. Онда «ойда жоқта Қытайдың жер жалдау сайтына тап болып, таң қалдым. Әлгі Жер кодексі арқылы шетелдіктерге жалға берілмейтін болып шешілген ауылшаруашылық мақсатындағы қазақтың жері ол сайтта арзан бағамен ашық саудаға салынып жатыр. Бұл енді барып тұрған бассыздық қой!» – депті. Автор бұл сөздеріне қоса сайттан скриншотталған фотоларды жариялап, сайттың сілтемесін де қоса берген. 

 

Министрлік жауабы

Бұл мәселе әлеуметтік желіде жұрттың күшті аңысын қозғады. Көп өтпей ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов заңның тармақтарынан дәлелдер келтіре отырып жауап берді. Комитет төрағасының сөзін сол күйінде беруді жөн көрдік. 

«Қайырлы күн қымбатты достар!

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 24-бабының талаптарына сәйкес, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары, халықаралық ұйымдар, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтар, сондай-ақ қандастар ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жекеменшік немесе жер пайдалану құқығымен иелене алмайды, яғни ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн шетелдіктерге беруге қатаң тыйым салынғанын атап өтеміз.

Сонымен қатар, ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты) Қазақстан Республикасының азаматтарына жекеменшікке және жер пайдалану құқығымен беруге жол берілмейді.

Әлеуметтік желіде жарияланған Қытай елінің сайтындағы Қазақстан аумағындағы жерлердің сатылатындығы туралы ақпарат жалған екендігін мәлімдейміз.

Егер кез келген субъектілер тарапынан аталған заң нормаларын бұзу деректері анықталған жағдайда оларға жол берген субъектілер заңнама талаптарына сәйкес жауапқа тартылады және бұл мәселе Министрліктің тұрақты бақылауында.

Құрметпен, Мұрат Теміржанов» делінген.

 

Қытай сайттары не дейді?

Аталмыш мәселені зерделеп көру үшін біз де аталған сайтқа үңілдік. «http://www.tuliu.com.cn» атты сайт «TULIUGROUP» дейтін әжептәуір корпорацияға тиесілі екен. «Tuliu Group Co. Ltd. «жерді құндырақ ету» миссиясын ұстана отырып, 2009 жылы құрылған. Ол ақпараттық қызмет көрсету платформасын, транзакцияларға қызмет көрсету орталығын, ауылдық қаржы технологиясын және ауылдық қызмет көрсету платформасын біріктіретін ауқымды интернет-кәсіпорынға айналды. Ауылды жандандыру стратегиясын жан-жақты ілгерілету аясында Tuliu Group бірте-бірте Қытайдағы цифрлық ауылдарды шешудің жалпы провайдеріне айналуда. «Жер мен ақшаның» үш элементі қытайлық ауылдық аймақтарға қанатын кеңге жаюға көмектеседі» депті өздері туралы таныстыруларында. 

Сайттың ішінде жалға берілетін және саудаланатын жерлерді ҚХР-дың іші және «Әлемдік» деп екіге бөлген. Біз шетелдік жарнамалар тұрған бағанды аштық. Онда «Аймақты таңдаңыз» деген сілтеменің ішінде Океания, Шығыс Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия, Оңтүстік Азия, Орталық Азия, Батыс, Солтүстік Еуропа, Шығыс Еуропа, Орталық Еуропа, Батыс Еуропа, Оңтүстік Еуропа, Солтүстік Африка, Шығыс Африка, Орталық Африка, Батыс Африка, Оңтүстік Африка, Орталық Солтүстік Америка, Кариб теңізі, Оңтүстік Америка қатарлы аймақтар көрсетілген екен. Осының ішіндегі Орталық Азияның 5 мемлекеті қатар тұр. Қазақстанның жерлері көрсетілген бағанды ашқанымызда бірден 9 бөлек жер шыға келді. Кейбіреулері Мемлекеттік актісінің фотосын да қоса беріпті. Көлемдері әртүрлі ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер жекеменшікке тиесілі болса керек. Кейбіреуі 5 жылға, кейбіреуі 20 жылға жалға берілетіндігі айтылса, тағы бір-екеуі 45-49 жылға жалға беретіндіктерін жазыпты.

 

Қазақтар ғана сатып жатыр

Өкінішке орай, осындағы «Орталық Азия» деген бағанда 5 елдің аты қатар жазылып тұрғанымен, Қазақстаннан өзге Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан елдерінде жалға берілетін жер туралы бірде-бір ақпарат табылмады. Яғни тұтас Орталық Азия аймағында жалғыз қазақстандықтар ғана жерлерінің қытайлықтарға жалға беруге даяр отыр деген сөз. Былайғы жұрт «Тәжікстан Памирдың қақ жартысын Қытайға бөліп берді. Тәжікстан аумағында Қытай армиясының базасы салынды. Тәжікстан болашақта Қытайдың бір провинциясына айналады» деп байбалам салып жатқан Тәжікстанда ұлтарақтай жерді қытайлықтарға жалға беруге жарнамаға шығармаған екен.

Осыдан мөлшермен 10 жылдың алдында Қытайдың Үрімжі қаласында тұратын бір кәсіпкер ағамызбен кездескенде, Қазақстаннан келген кейбір азаматтардың жекеменшік жер телімдерін ұзақ мерзімге жалға беру немесе сату үшін Қытайдан аларман іздеп табуға көмек беруін өтінетінін айтып қынжылғаны бар еді. Ал кейін келе жер мәселесі жөнінде билік пен халықтың пікірі екіге жарылып, ақыры халықтың батыл талабынан кейін ғана билік амалсыздан жерді сатпайтын, жалға бермейтін заң қабылдаған болатын. 

Ал, мына тұрған жарнамалардың иелері не үшін заңды елемей отырғаны түсініксіз болып отыр. Ескі хабарлама дейін десең, жарнамаға шыққан 9 бөлек жер телімінің «Ең соңғы жаңартылған мерзімі» деген бағанның ішінде барлығы да 2022-2023 жылдарды көрсетіп тұр. Яғни ескі жарнама деуге келмейді. Осындағы 9 бөлек жердің жалпы аумағы 160 243,7 гектар болады екен.

 

Назарбаев жер сатуға қарсы болған жоқ

Қазақтың жерін шетелдіктерге сатуға, жалға беруге мемлекетті ұзақ жыл басқарған экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаев қарсы болған жоқ. Сол жылдары мемлекеттегі әрбір жұмыс Назарбаевтің мақұлдауынсыз жүзеге аспағанын жұрттың барлығы білетін шындық деп ойлаймыз. Нұрсұлтан Назарбаев 2000 жылдардың басында қытайлық кәсіпкерлердің Қазақстаннан ауылшаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін жалға алуға ниетті екендігін баспасөз беттерінде бірнеше рет айтқаны бар. Кейін келе қазақстандық сайттардан мұндай ақпарат алынып тасталғанымен, Қытай сайттарында «Қазақстаннан жер алу туралы келісімдер» болғаны жайлы ақпараттар ашық таратылған болатын. 

Нұрсұлтан Назарбаев тағы бір жолы Қостанайға барған сапары кезінде тағы да жер туралы айтқаны есімізде. «Жерді игеру керек. Мысалы, қазір арабтар бізден егін егуге жер сұрап жатыр...» деген сөзін теледидардан естіп, жағамызды ұстағанымыз бар... Сондай ұстанымда болған басшының жер туралы заңнамаларға «жасатқан» өзгертулеріне бола 2015-2016 жылдары халықтың қарсылығы жоғары деңгейге жетті. Қаншама азаматтар митингке шығып, сотталып та кеткенін ешкім ұмытқан жоқ.

 

Қазір де шетелдіктерге берілуде

Қазақстанның ауылшаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің шетелдіктерге сатылмайтындығы, жалға берілмейтіндігі туралы ақпараттар қытайлық сайттарда да көптеп жарияланған еді. Яғни заңмен бекітілген дүниені қытайлардың білмей қалуы мүмкін емес деген сөз. Ал, бұл жарнамалар не үшін тұр? Әлде меншік иелерінің өтінішіне сай тұр ма, ол жағы белгісіз. Сайттағы ақпараттарға қарап отырып, жердің кімге тиесілі екендігін де бірден анықтай алмайсыз. Ол үшін жоғарыдағы «https://world.tuliu.com» сайтындағы делдалдарға ақысын төлеп, олардың талаптарын орындағаннан кейін ғана меншік иесімен байланысқа шыға аласыз...

Еліміздегі ауылшаруашылығы мақсатындағы жер телімдері әлі де жасырын түрде шетелдіктерге жалға беріліп жатыр. Бұл жөнінде бейресми ақпарат көздерінде көп айтылады. Мысалы, биыл ақпан айларында бізге Ақмола облысы Ерейментау ауданында 12000 гектар жердің техникаларымен бірге (расталмаған ақпарат бойынша меншік иелері депутаттар делінген) 50-50 шартымен жалға берілетіндігі айтылып, қытайлық кәсіпкерлерге сұрау салып жатқандығы туралы ақпарат келіп түскен еді. Көп өтпей «қожайын» көрінбей кетті. Кешелі бері сол 12000 гектар жердің өзбекстандық кәсіпкерлермен бірлесе игерілетін болғандығы жайлы ақпараттар алып жатырмыз. Бұл туралы алдағы уақытта зерттеулер жасау ниетіміз бар. Бұдан өзге де талай азаматтар «бірлесіп игеру» шартымен шетелдіктерден «инвесторлар тартуға» құлшынып отырғандығы белгілі. Бұлардың барлығы да айналып келгенде, көкейін ақша тескен адамдардың қазақ жерін кім көрінгеннің пайдалануына бермекші болған намыссыздығы дер едік.

Жер дауы, жесір дауы, құн дауы дейтін қазақтың тарихтан бері келе жатқан үш үлкен дауы бар. Кейінгі екеуіне заңмен тыйым салуға болар. Ал жер мәселесі – қазақтың ең жанды жері. Онымен қалжыңдасу, бабадан қалған байтақ даланы жатжұрттықтардың табанына таптатып қою қазақ үшін өліммен тең! Сондықтан осы нәзік тақырыпқа әрбір намысты азамат бей-жай қарамаса екен дейміз.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
29.05.2023

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 835
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6909
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10748
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6978
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7119