«Qazaqstan dauiri» газеті Тәуелсіздіктің төл құрдасы

«Qazaqstan dauiri» газеті   Тәуелсіздіктің төл құрдасы

Қазір қоғам арасында беделі артып, зиялы қауымның сүйіп оқитын басылымының біріне айналған  «Qazaqstan dauiri» газеті Қазақстан Тәуелсіздігінің төл құрдасы саналады. Өйткені ол Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы 17 қаңтарда ашылған-ды. Аталған газет сол тұста  Қазақстанда ашылған тұңғыш шетелдік еларалық еркін басылым болды. Содан бергі уақыт кеңістігінде біздің басылым түркі руханиятын көтеруге және осы елдің байырғы халқы – қазақ ұлтының сөзін сөйлеп, қазақ мүддесіне қызмет ету жолынан айныған емес. Қазақстан мен Түркияның арасындағы екiжақты ресми байланыстың орнағанына да биыл 30 жыл толды. 

Жалпы айтқанда газеттің қалың оқырман арасына көп тарап, өрісін кеңітіп, қанатын кеңге жаюына Қалтай Мұхаметжанов ағадан бастап Қазақстан Республикасы мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Ислам Жеменей, т.б. осындай көрнекті қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері де зор еңбек сiңiрді. Бiр қызығы бұл газет Қазақстан тәуелсiздiгiнен бiр ай, бiр күннен кейiн, тіпті  Қазақстандағы ресми Түркия елшiлiгi aшылмай тұрып дүниеге келді. Алғашқы редакторы – ардақты ақсақалымыз Қалтай Мұхаметжанов басылымның тұңғыш нөмiрiне 1992 жылы қаңтардың 12-сi күнi қол қойып, ол қаңтардың 17-і күні жарыққа шықты. Бұл газеттiң алғашқы санына Түркия Республикасының Президентi Тұрғыт Озал, Премьер-министрi Сүлеймен Демирел және Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев пен сол кездегi Премьер-министр Сергей Терещенконың құттықтау сөздерi басылып шықты. 

 

Тұрғыт Өзал — УикипедияТұрғыт Озал, Түркия Республикасының президенті

– Аса қымбатты бауырлар! Тек-тамыры бір, қан-қапсіреті ортақ, алыс дәуірден тарихи тағдыры сабақтас, қилы-қилы замандарда ауыр соқпақ, азапты жолдары тоғысып жатқан Түркия мен Қазақстан елдері соңғы кездері өзара сауда, мәдени қатынастардың сан саласында ынтымақ тауып өркендей түсудің алғашқы адымдарын бастады. 

Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсап арман еткен тәуелсіздік туы желбіреп, бұрын емеуріндегі егемендік енді еңсесін көтеріп, биікке бет түзеген шақта Қазақстанның әлемдік дамудан алар еншісі аз болмаса керек. Оған атамекеннің бай табиғаты, жомарт жерінің қойнауындағы ұшан-теңіз қазынасы кепіл. Осы орайда екі елдің рухани байланысының ині нышаны  біздің  – «Zaman» газетінің қанаттасы «Zaman-Қазақстан» газетінің шыға бастауының жөні бөлек. Мұны екі жақтың да тиімді пайдалануының саяси-әлеуметтік мәні зор. Түркиядағы мән-жайды жан-жақты танып, қазақ жұртына жеткізе білсе, Қазақстанда болып жатқан оң өзгерістермен дер кезінде бізді хабардар етіп отырса, нұр үстіне нұр деп білер едім. «Zaman-Қазақстан» осы мақсатты ұстанар деген берік сеніммен сәтті қадам тілеп, қуана құттықтаймын! Қазақстанның аса қадірлі басшыларына, туысқан қазақ халқына жүрегімді кернеген шынайы сезімімді жолдаймын. 

 

Назарбаев, Нурсултан Абишевич — ВикипедияНұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев,ҚР ТҰҢҒЫШ президенті 

– Қымбатты достар! Сіздерді Түркия-Қазақстан халықтарының өркен тартып, өсе бастаған достық қарым-қатынасы мен ынтымақ-бірлігінің тұңғыш қарлығашы – еларалық «Zaman-Қазақстан» газеті бірінші санының жарыққа шығуымен шын жүректен құттықтаймын. Қатал уақыттың себептерімен екі бауырлас елдің арасындағы байланыстың ұзақ уақыт үзіліп қалғаны мәлім. Түркия президенті Тұрғыт Озалдың біздің Республикаға, менің Түркия Республикасына барған сапарымыз туыстық қатынасты қайта жаңғыртып қана қоймай, оны жаңа белеске көтерді. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі «Zaman-Қазақстан» газеті Түркия-Қазақстан халықтарының көзі қайта ашылған бұлақтай алуан салалы байланысының, берекелі бірлігінің, ықыласты ынтымағының ықпалды жаршысы болады деп сенеді. «Zaman-Қазақстан»  газетінің беттерінде тәуелсіз еліміздің бүгінгі тарихи сын кезеңдегі өмірі, нарықтық қатынасқа көшудің күрделі процесі, әлеуметтік-мәдени жағынан жаңғыру барысы өз көрінісін табады деп сенемін, туған халқымыздың және онымен тағдырлас-талайлас басқа да ұлттар өкілдерінің биік адамгершілік қадір-қасиеттері мен рухани тазарып кемелденуі, ауызбірлік пен татулықтың ізгі мұраттары жарқын көрсетілетін болар деп ойлаймын. «Zaman-Қазақстан» газеті лайымда парасат пен парықтың, имандылық пен инабаттылықтың, ізгілік пен ибалылықтың үні болғай! 

 

Ispartalı İşadamı Şevket Demirel'in Vefatı Nedeniyle Taziye Mesajı -  Süleyman Demirel ÜniversitesiСүлеймен Демирел, Түркия Республикасының Премьер-министрі

– Қадірлі қазақ туысқандар! Осынау Жаңа жылда жаңа басылым бетінен сіздерге ыстық тілегімді жолдап отырғаныма шын жүректен қуаныштымын. Ғасыр аяғында дүниеде сан алуан өзгерістер болып жатыр. Сол оң өзгерістердің ықпалымен сіздер де тәуелсіздік алып отырсыздар. Бұл шын мәнінде естен кетпес қуаныш. Біз бұл сезімімізбен ресми түрде де бөліскенбіз. Біз сіздерді етбауыр жақын, туыс санаймыз. Өйткені тегіміз де, дініміз де, тіліміз де бір, ең бастысы, тамырымыз бір. Бұл тамырластық екі ел арасындағы қарым-қатынастың негізі. Осы орайда Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстан секілді туысқан елдерді алғашқылардың бірі болып ресми тануымыз бізді мақтаныш сезімге бөлейді. Ендігі жердегі қатынасымыз одан әрмен өсе берсін дейміз, әрі тиісті жәрдемімізді кез келген сәтте беруге дайын екенімізді мәлімдегім келеді. Қадірлі туысқандар! Түркияны да өз шаңырағыңыз, алыста тігілген өз отауыңыз секілді көріңіз дегім келеді. Өйткені біз сіздерді өзіміз деп білеміз. Тарихи еншімізді сіздермен бірге бөлісуді мақтан тұтамыз. Жаңа жылда зор денсаулық, бақыт, әрі бейбіт өмір тілеймін! 

 

Сергей Терещенко: Призываю всех, у кого есть земля или дача, засадить всё  овощами и фруктами — Business FM KazakhstanС.А.Терещенко, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі

– Қазақстанда тұратын қазақ, түрік, өзге де түркі халықтары өкілдері! Жаңалыққа жаны жақын қадірменді оқырман жұртшылық! Сіздерді Орта Азия аймағында алғаш жарық көріп отырған еларалық еркін газет – «Zaman-Қазақстан»газетінің тұсауы кесілуімен шын жүректен құттықтағым келеді. «Zaman-Қазақстан» тәуелсіз Қазақстан Республикасында дүниеге келуі заңды да. Өйткені 1991 жылғы көктемде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдап, жебеуімен республикамыздың жиырмадан астам танымал журналистері Мәскеуде арнаулы оқу-тәжірибе жоспары бойынша халықаралық дәрежедегі журналист мамандығына бейімделу дәрістерін алып қайтқаны белгілі. Оның үстіне Қазақстанда болып жатқан, әрі жақын келешекте бола бермекші ірі де ілгері саяси және экономикалық жаңару-жаңғырулар еларалық басылымның шыға бастауына салмақты бір демеуші болғаны да рас. Шынайы тілеулес оқырман ретінде айтарым: «Zaman-Қазақстан» экономика тақырыбында білгірлік пен біліктілік танытсын! Халықтар арасында достық, татулық рухын сепсін! Саясатта да, экономикада да ізгі қатынастар орнауына жәрдемші болсын! Бір елдегі жарқын да жақсы жетістіктің екінші елде көктеуіне көмектессін. Ел-жұртын көркейтіп, гүлдендіруде еңселеніп көрінген іскер басшыларды, саясаткерлерді, ілгерішіл кәсіпкерлерді жарқын бейнелеп, жақсылығын жалпақ жұртқа жариялап, нұрын тасытсын. Ең бастысы, газет қаламгерлерді өз республикасын ұлы асқарларға бастайтын өрісті жол әлеуметтік-экономикалық өркендеуде жатқанын бір сәт те жадынан шығармаса екен деймін. Іске сәт! 

 

НАТО әскерінің Ауғанстаннан кетуі Қазақстандағы лаңкестік қаупін күшейтеді  деген пікірмен келісесіз бе? Alashainasy.kzАхмет Аляз, газеттің бұрынғы басшысы 

 – Газет сол уақыттан бермен қарай шын мәнінде екi ел арасында бейресми елшiлiктiң рөлiн атқарып келеді. Рас, еларалық газет бiрден қанаттанып кете алған жоқ. Өкiнiшке қарай, 1993-1994 жылдар аралығында алты айдай тоқырап барып, 1994 жылдың екiншi жарты жылдығында баспа жүзiн қайта көрдi. Тәуелсіздікпен бірге жасасып келе жатқан басылым кезінде түрлі жағдайларға байланысты бірнеше рет өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Әйтсе де қайта-қайта жасалған талпыныстардың арқасында газет қайта жанданып, өз миссиясын жалғастырып  әкетті. Бұл кезде басылым тiзгiнiн Жұмабай Шаштайұлы ағамыз алды. Сол тұста газет қазаққа етене танымал болып, қазақтың жоғын жоқтап, байырғы ұлт сөзiн сөйлейтiн дәрежеге көтерілген болатын. Соның арқасында ол 1994-1999 жылдары нағыз зиялы қауымның газетiне айналып, өзiнiң миссиясын дұрыс жолға қойғанын байқатты. Газет басшылығы және қазақ зиялыларының ұсынысына орай, 2005 жылы газеттің аты «Қазақстан-Zaman» болып өзгердi. Оған Түркиядағы басшылық бiрден келiсiм бердi. Қайта күш алған газет бүгiнде қазақ баспасөзiнiң бiр тiрегiне айналды. Еларалық газет Америка, Германия, Франция сияқты Еуропа елдерiнде, Аустралияда, Әзербайжан, Түркiменстан, Қырғызстан сынды ТМД елдері мен  Балкан елдерiн қосқанда, бүгiнде 26 елде шығады. Осы 20 жылдық тарихында «Қазақстан-Zaman» басылымы Түркия мен Қазақстан арасындағы рухани көпірге айнала білді. Бұл ретте екі елдің зиялы азаматтары мен ұжымдағы журнлистердің де еңбегін ескермей кетуге болмайды. Қазірге дейін Түркияда жарияланып жатқан Қазақстан турасындағы материалдардың басым бөлігі біздің басылымнан алынатыны жасырын емес. 

     Газеттің жарыққа шығысымен үзбей көтеріп келе жатқан басты мәселесінің бірі әрі бірегейі – мемлекеттік тіл – қазақ тілінің бүгіні мен болашағы. Бұл жайлы басылымның бас директоры Ахмет Аляздың: «Қазақстанда тіл мәселесінің жиі бой көтеруінің бірнеше себептері бар. Әдетте қазақ тілінің проблемасы Кеңес өкіметі тұсынан басталды деп жатамыз. Анығын айтсақ, бұл мәселенің түп-тамыры тым әріде, тереңде жатыр. Тілдің бұзылу құбылысы бұрынғы жаугершілік замандардан-ақ бастау алған. Сондықтан да асықпай, дендеп ішке енген дерттен құтылу ұзақ уақытты, асқан төзімділікті, байыптылықты қажет етеді. Ақпараттар тасқыны қарқын алған қазіргі заманда қам-қарекетсіз отыра беруге болмайды. Қоғам мүшелері тілдік дерттің алдын ала алмағанмен,  оның себеп-салдарларын анықтап, түзету әдістерін жан-жақты ойласып, іске қосуы қажет. 

Өкінішке қарай, бұл мәселеге келгенде қарапайым халық пен биліктің пікірі мен ұстанымдары көп жағдайда бір-біріне қарама-қайшы келіп жатады. Әдетте елдік мәселелер сөз болғанда зиялы қауым өкілдері мен қаламгерлер аталған мәселенің көлеңкелі тұстарын көп қаужайды. Жоқ деп айту оңай болғанмен,  барды бар деп бағалау аса қажет. Мысалы жоғарыдағылар тіл мәселесін уақыттың еншісіне бағындырып, халықтың демографиялық өсуімен байланыстыра шешкенді қалайды. Қарапайым халықтың көпшілігі мен қазақтың саяси белсенді ұлтшыл патриоттары болса тіл проблемасын созбақтай бермей, нақты заң бойынша түбегейлі шешіп, қалған іске заңдық тұрғыдан талап етумен бірден нүкте қойғылары келеді. Бірақ осынай қарама-қайшылықтардан шындыққа ұмтылу үрдісі пайда болып, қазақтың рухы оянып, туған тілге деген қызығушылығы арта бастағанын аңғару қиын емес. Күні кеше ғана біз тілдік мәселеде «50 де 50» ұстанымынан аса алмай, мұндай жағдайларда кейін шегіне беретінбіз. Қазақ тіліне басымдық беру арқылы өзге ұлттардың наразылығын тудырамыз деп ойлайтынбыз. Қазір бәрі басқаша сипат ала бастады. 

Қазақстан өзінің Тәуелсіздікке қол жеткізген 30 жылдық белесіне үлкен табыстармен жетіп отыр. Қалай болған күнде де қазақ қалаған дүниелер рет-ретімен жүзеге асып келеді. Әрине әлі де іске қоспаған жобалар мен ойға алған мақсат жетерлік. Демек қоғамда пікір алуандылығы мен түрлі көзқарастардың болуы белгілі бір істің оң шешімін табуға ықпал ететінін өмірлік тәжірибенің өзі көрсетіп отыр. Байқасаңыз, қазір көптеген жиын мен басқосуларда қазақ тілі алдыңғы қатарға шыға бастады. Бұған қоса мекемелер өздерінің іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізе бастады. Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері де қазақ тілін меңгеруге ден қойды. Бұл өз кезегінде қазақ жастарының ана тіліне бет бұруына ықпал етті. Мұның бәрі – қазақ рухының жаңғыра бастағандығының белгісі. Қоғамның сілкінуі мен талапшылдығы жоғары жақтағыларды да ойландыра бастады. Осындай бір рухани жаңару орын алып тұрған кезеңде  ұлттық идеологиялық бағыттағы үгіт-насихат жұмыстары жүйелі түрде қолға алынуы керек. Бұл ретте негізгі күш бұқаралық ақпарат құралдарына түспек. Себебі ақпараты өз тілінде сөйлеген мемлекеттің мықты болары даусыз. Қағазға басылған газет те, кітап та ешқашан құнын жоймайды, өлмейді де. Ешқандай озық технология адамзаттың осы бір құндылықтарын ығыстыра алмайды. 

Меніңше, әркім өз елінің патриоты болуға тиіс. Бүгінде әлемде қызуқанды, әсіреұлтшыл жастар тобы қалыптаса бастады. Бұл жерде біз жалған патриотизм мен нағыз патриотизмді айыра білуіміз қажет. Ұлттың сөзін сөйлеп, елге болысу үшін ортаға шығып айқайлай беруден ештеңе шықпайды. Өз ұлтыңды жақтап, өзгелерді тұқырту ұлтжандылыққа жатпайды. Еліне өз еңбегімен адал қызмет етіп, бүкіл бір ұлтқа пайдасын тигізетін адамды ғана нағыз патриот деп айтуға болады. Қазіргі әлем жағдайында біз әсіресе түркі дүниесінің тұтастығын көп ойлауымыз керек. Алматыда өткен Түркітілдес тәуелсіз мемлекеттердің саммитінде және басқа да жиындарда бұл мәселе биік мінбеден айтылды да.  

Жалпы түркітілдес елдер өзара ортақтасатын болса, ортақ қиындықтарымызды бірлесе шешуге мүмкіндігіміз артады. Негізі, Түркі халықтарының одағы мәселесін кезінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен түріктің қайраткер тұлғасы Тұрғыт Озал бастап көтерген еді. Бұл идея бүгінде өзінің жемісін бере бастады. Осындай тарихи кезеңнің ұтымды тұстарын пайдалана отырып, біз енді «түркілік сананы» қайта жаңғыртуымыз қажет. Ол үшін түркінің рухани әлеміндегі тарихи тұлғаларымызды ортақ танып-білуге ден қоюымыз керек. Біздің біріккен күшіміз берік болса, әлемдік саясаттағы мүддемізді де ортақ қорғайтын боламыз», – деген пікірі бүгін де, ертең де өзектілігін жоғалтпасы кәміл. 

 

Дайындағандар – Ермек САХАРИЕВ,

Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ

 

03.02.2022

Ұқсас жаңалықтар

ШАРДАРА АУДАНЫНДА 1000 ШАҚЫРЫМҒА ЖУЫҚ СУ ЖҮЙЕЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛЫП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 20.04.2024 10
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЕСКЕКШІЛЕРІ 4 МЕДАЛЬ МЕН 1 ОЛИМПИАДА ЖОЛДАМАСЫН ЖЕҢІП АЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 20.04.2024 7
 АРЫСТА БАҒДАРШАМДАР РЕТКЕ КЕЛТІРІЛУДЕ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 20.04.2024 16
Жуалыда жаппай тал егу акциясы өтті.
Жуалы ауданы әкімдігі - 20.04.2024 11

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 873
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6942
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10783
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7015
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7154