Қазақстан – көпұлтты емес, моноұлтты мемлекет

Қазақстан – көпұлтты емес, моноұлтты мемлекет

Бүгінгі таңда қоғамымызда ұлттық құндылықтар туралы нақты қалыптасқан пікір жоқ. Әдейілеп анықтамалық кітаптарды, интернеттің ішек-қарнын ақтарып, ұлттық құндылыққа қатысты формула, қағида іздеп көрдік. Өкінішке қарай, мұндай қалыптасқан қағида жоқ екен.  

   Пікірлер сан алуан. Этнографтар «ұлттық құндылық – әдет-ғұрпымыз» дейді. Педагогтер «ұрпақ тәрбиесі» депті. Енді біреулер «ұлттық құндылықтың көкесі – өнер» депті. Саясаттанушылар «Ұлттық құндылық – ел бірлігі» дейді. Тағы біреулер «Ұлттық құндылық – біздің қонақжайлылығымыз» деп білгішсінеді. Осы жерде поляк саяхатшысы Адольф Янушкеевичтің: «Шіркін, дүниежүзін қазақ жайласа, жер шарын тегін айналып шығар едім», – деген сөзі еске түседі. Әркім өзінікін дұрыс деп есептейді.  

Ал шынтуайтында, ұлттық құндылық дегеніміз не? «Қазақстан Республикасының Ұлттық идеологиясы» деп аталатын еңбектің авторы ретінде мен үшін ұлттық құндылықтардың ең бастысы – Қазақстанда Ұлттық мемлекет құру. Ұлттық мемлекет құру үшін басты шарт – оның ұлттық тілінің шынайы мемлекеттік тілге айналуы. Өкінішке қарай, бізде мемлекеттік тіл – қазақ тілі әлі күнге өзінің тұғырына қона алмай келеді. Ұлттық мемлекет құру жолындағы күрес – бүгінгі таңда мемлекеттік тілімізді өмірдің барлық саласына сыналап енгізу жолында жалғаспақ. Өйткені Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп ескертеді ғой. Егер тіліміз жоғалар болса, қазақ мемлекеттілігі туралы әңгімеміздің бәрі текке айтылған болып шығады. 

    «Алаш» партиясының 1917 жылы 21 қарашада «Қазақ» газетінде жарияланған бағдарламасында «әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болып, әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді» деген сипаттамалар арқылы Ресей құрамындағы автономиядан мүмкіндігінше жеке мемлекет болуға бет түзейтіні меңзеледі. Үш жылға жетер-жетпес өмір сүрген Алашорда үкіметін құрушылар Кеңес өкіметі тарапынан амнистия жарияланғанына қарамастан, кейін қуғын-сүргінге ұшыратылды, ақыры көпшілігі атылды. Олардың көздегені қазақ халқының өз мемлекетін құру болатын. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, бүгінгі буын үшін де алашордалықтар мақсаты өзекті күйінде қалып тұр.  

     Халқымыздың мемлекеттік тіл, дін, тарих, әдет-ғұрып, әдебиет пен мәдениет және отбасы болып жалғасатын ұлттық құндылықтар тізбегі ұлттық мемлекет құруға және оны нығайтуға жетелейді. Осының бәрінің басын қосып мемлекеттік мүддеге айналдыратын ұстанымдарды ұлттық идеология деп атайды. 

   Өкінішке қарай, бізде ұлттық құндылықтарымыз кешегі кеңестік идеологияның қоқыр-соқырымен араласып жатыр. Айталық, Қазақстанда 130 ұлт тұрады деген аңыз әлі күнге жалғасып келеді. Ақиқатында Қазақстанда жалғыз ғана ұлт – қазақ ұлты ғана тұрады. Мемлекет құраушы қазақ халқымен бірге бірқатар ұлттардың диаспоралары тұрады. Әрі саны жүз мыңнан асатын сегіз ғана диаспора бар. Дәлірек айтқанда, орыстар (2,9 млн), өзбектер (614 мың), украиндар (387 мың), ұйғырлар (290 мың), немістер (226 мың), татарлар (218 мың), әзірбайжандар (145 мың), кәрістер (118 мың). 

     Өткен жылы Қазақстан халқы 20 миллионнан асты. Оның 14 миллионы, яғни 71 пайызы қазақ халқы. Біріккен Ұлттар Ұйымының қалыптасқан практикасы бойынша халқының үштен екісі бір ұлтты құрайтын болса, ол мемлекет моноұлтты мемлекет саналады. Яғни Қазақстан іс жүзінде қазір көпұлтты емес, моноұлтты мемлекетке айналды. Мемлекеттік саясат осы тұрғыда түбегейлі өзгеруі қажет. Бұрынғыдай мемлекет құраушы қазақ халқын диаспора деңгейінде көруге болмайды. Керісінше, саясат Қазақстанда тұратын түрлі диаспораларды қазақ халқының төңірегіне шоғырландыру, мемлекет құраушы ұлтқа құрмет бағытында өрбігені жөн болады. Мемлекеттік тіл этносаралық тілге айналуы керек. Шынайы ұлттық құндылық мемлекеттің қолдауымен міне, осылай қалыптасады.        

    Біздегі қалыптасқан жағдай қазір күрделі. Көпшілік мемлекеттерде ұлттық құндылықтар дайын ұлттық мемлекеттілігін сақтап қалуға қызмет етсе, Қазақстан жағдайында қазақ халқының ұлттық құндылықтары ұлттық мемлекеттілігімізді құруға және оны нығайтуға бағытталуы тиіс. 

    Бұл қазақ халқына қатысты тағдыршешті құжаттарда да айтылған. 1990 жылы 25 қазанда жарияланған Егемендік Декларациясында не делініп еді? Еске салайық, айрықша маңызды құжаттың 2-бабында Қазақстан: «ұлттық мемлекеттiгiн сақтау, қорғау және нығайту жөнiнде шаралар қолданады» делінген. Бірақ отыз жыл билеген қылмыстық билікке мұндай саяси бағыт керек болмай қалды. 

    Тәуелсіздігімізді қайтарып алған 1990 жылдардың басында біз Қазақстан дереу ұлттық мемлекетке айналады деп үміттендік. Әрі оған қажетті барлық алғышарттар биліктің қолында болатын. Өкінішке қарай, Назарбаев режимі қазақстандық ұлт жасаймыз деген коммунистік аңыздардың жетегінде жүріп, ұлттық мемлекет құрудың орнына коррупциялық мемлекет құрды. Ұлттық құндылықтарымызды елемеудің салдарынан Қазақстанда ұлттық мемлекеттен гөрі азаматтық мемлекеттің сипаты басымдыққа ие болып кетті.    

   Ал қазір «Әділетті Қазақстан» жолын ұстанған кезеңде алдағы дамуымыз – елдегі түрлі диаспоралардың азаматтық құқықтарын қорғай отырып, Ұлттық мемлекет құру деп ойлаймын. Көзге көрініп тұрған мақсатымыз сол. 

     Тарихқа қатысты ұлттық құндылықтарымызды да қайта қарастыру да өткір күйінде тұр. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алған жоқ, ол тәуелсіздігін қайтарып алды. Қазақ мемлекеттілігінің тарихы Назарбаевтан басталмайды. Қазақ мемлекеттілігінің тарихы бүгінгі қазақ халқын құрап отырған ру-тайпалардың кемінде 2,5 мың жылдық тарихынан басталады. Осы ресми мойындалғаны дұрыс. Көрші елдермен одақтық байланыстар да қайта қарастыруға мұқтаж. Әйгілі итальян ойшылы Николло Макиавелли: «…тот, кто является причиной могущества другого, уготовляет свою погибель…» дейді ғой. Қазақшаласақ, «…бөтен елдің күшеюіне себеп болған ел өзінің жойылып кетуіне жол ашады…». Адамдыкі сияқты мемлекеттің де өзін-өзі қорғау инстинкті қалғымауы керек!   

Атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары да қазақ халқы үшін өзіндік орны бар құндылықтардың қатарында. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқай: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халықтың мүддесі мен мұқтажын жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды», – дейді. Сондықтан да ұрпағымызды ұлттық құндылықтармен, ұлттық рухта тәрбиелеуге мән берейік!

Марат ТОҚАШБАЕВ
16.02.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНДА ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМ САХНАЛАДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 24
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАСТАРЫ ҮШІН БИЫЛ АРНАУЛЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНА 15 500 ГРАНТ БӨЛІНЕДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 24
ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ҚАЗЫҒҰРТТА КӘСІПКЕРЛІКТІ ЖАНДАНДЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 30
 СОЗАҚ АУДАНЫ ӨНЕРКӘСІП ӨНІМ КӨЛЕМІ БОЙЫНША ОБЛЫСТА КӨШ БАСТАП ТҰР
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 02.05.2024 26
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА БІРНЕШЕ АУЫЛҒА ГАЗ БЕРІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 24

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1184
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7231
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11095
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7295
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7439