«QazTrade»-ты БІЛЕСІЗ БЕ?

«QazTrade»-ты БІЛЕСІЗ БЕ?

Еліміздің экономикалық саясатын дамыту және стратегиялық бағытын жоспарлау шаралары жыл сайын жаңаланып, кемелденіп келе жатыр. Бір кездері Қазақстанның шетелдерге тауар экспорттаушылары мемлекетке баж салығын төлеген болса, қазір бұл белгілеме тарих қойнауына еніп кетті. Есесіне экспорттаушылардың шығындарын мемлекет есебінен өндіру мәселесі жолға қойылып жатыр. Бұл өз кезегінде қазақстандық тауарларды шетел нарығына көптеп шығаруды, сол арқылы отандық өндірісті дамытуды көздейтіні түсінікті болса керек.

САЯСАТ ТҮЗЕЛДІ. КӘСІПКЕР, СЕН ДЕ ТҮЗЕЛ!

 

ҚР Үкіметінң 2017 жылы қабылдаған «Ұлттық экспорттық стратегия» бағдарламасын бекіту туралы қаулысына сай, алға қойған мақсаттарын белгілі деңгейде орындай алды деуге болады. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – «Шикізаттық емес экспорт көлемін 2022 жылға қарай 1,5 есе ұлғайту үшін жағдай жасау, сондай-ақ тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өткізу және экспорттау нарықтарын әртараптандыру» делінген еді. Осындай стратегиялық жоспарлардың арқасында 2023 жылы Қазақ елінде өндірілген өнімдер әлемнің 106 еліне жеткізілді. Осы орайда қаржы көлемінің жыл сайын артып келе жатқандығын ерекше атап өткен жөн. Сондай-ақ жасалып жатқан келісімдер мен өнімдерін экспорттауға өтініш білдіруші отандық компаниялар да жыл сайын көбейіп келе жатыр. 2022 жылғы есеп бойынша өңделген өнімдердің экспорты мөлшермен 26,5 млрд АҚШ долларын құраған. Сауда және интеграция министрлігі таратқан мәліметтерге сенсек, аталмыш мекеме өңделген өнімдердің экспорт мөлшерін 2025 жылға қарай 41 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр екен. Бұл жерде мемлекеттің қолдауы, стратегиялық жоспарлары  шикізаттық емес өнімдерді сыртқы нарықтарға саудалауға, тауар позицияларының санын кеңейту арқылы экспорттың өсуін арттыруға бағытталып отырғандығы белгілі. Яғни Ұлттық экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау шаралары жылдан-жылға кемелденіп келе жатқандығы қуантады.

Сауда және интеграция министрлігінің деректерінде қазақстандық өндімдердің экспорты мыс және мыс катодтары, ферроқорытпалар, уран, мұнай өнімдері, қоспасыз болаттан жасалған жалпақ қаңылтыр, күміс, ауылшаруашылығы өнімдері, минералды тыңайтқыштар, бидай немесе бидай мен қара бидай ұны, мырыш, табиғи газ, жеңіл автокөліктер, сутегі, инертті газдар және басқалар сынды бірнеше түрді құраған. Бұл жерде әлі де болса табиғи байлықтарымыз бен Жер-Ананың ырысы мемлекет қазынасына құт әкеліп отырғандығын байқауға болады.

«Мың шақырымдық ұзақ жол бірінші қадамнан басталады» демекші, біздің ел енді біртіндеп дайын өнімдерді өзімізде өндіруге, сондай-ақ шикізаттық емес өнімдерді шетел нарықтарына шығаруды жүйелі түрде қолға алып жатыр. Бұл тұрғыда мемлекеттік қолдаулардың арнасы жыл сайын кеңейіп келеді. Мәселен бір кәсіпкер өзінің зауытында жасалған дайын өнімді шетелге шығаруды жоспарлаған болса, оның алдағы жұмыстарды қалай жалғастыруы керек екендігі жайлы толық ақпарат беруді мемлекет мойнына алған. Осыған жалғас кәсіпкердің шығындарының белгілі бір бөлегін мемлекет көтеру жағы да жақсы жолға қойылып келеді. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтің БАҚ алдында жасаған бір баяндамасында егжей-тегжейлі айтылғаны есімізде.

 

«Біз отандық экспорттаушыларға жаңа мүмкіндіктер ашу бойынша жүйелі жұмысты жалғастырамыз. 2020 жылдан бастап қолданыстағы құрылымдарды оңтайландыру жұмысын жүргіздік. Осылайша, экспорттаушыларға қолдау шаралары көрсетілді. Бұл экспорттаушылардың да, уақыттың да сұранысы болды. Нәтижесінде экспортты қолдау институттарының саны екі есе қысқарды. Қазір олар – KazakhExport қаржылық шаралар операторы және QazTrade қаржылық емес шаралар операторы болып табылады. 

 

Біздің негізгі шараларымызға оралсақ, әрбір шара салынған бюджет ақшасын қайтару арқылы нәтиже көрсетеді. Мәселен, акселерация бағдарламасы бойынша қайтарым 158 теңгені құрады. Маркетплейстерге шығару бойынша салынған әрбір бюджеттік теңге үшін 213 теңге қайтарылды. Сервистік шаралар бойынша – 652 теңге. Акселерация бағдарламасы – біздің флагмандық бағдарламаларымыздың бірі. Бағдарлама шикізаттық емес бизнесті халықаралық нарықтарға тиімді шығаруды қамтамасыз етеді. Бұл бағдарлама халықаралық серіктеспен бірлестікте жүзеге асырылмақ. Ол кәсіпорынды диагностикалауға және өнімнің нысаналы нарықтарға шығуға дайындығын бағалауға қолдау көрсетеді. Бұл компаниялардың бизнес-процестерін және өнімін жақсартуға арналған нақты Жол карталары. Оған кем дегенде үш халықаралық сарапшы қатысады. Бұл – нысаналы нарықтарда серіктестер іздеу және олармен B2B нүктелік келіссөздер ұйымдастыру. Біз үшін басты нәтиже – жалпы ел бойынша кәсіпорындардың экспорттық әзірлігінің көрсеткіштерін жақсарту. 

Сауда және интеграция министрлігі шағын және орта бизнес үшін электрондық коммерция нарығына қолжетімділікті жеңілдету мақсатында ынтымақтастыққа және бірлескен жұмысқа дайын. Біз олардың мол тәжірибесін пайдалана отырып, өз күш-жігерімізді қазақстандық кәсіпорындарды цифрлық нарыққа шығаруға бағыттаймыз.

Экспорттаушыларды қаржылық емес қолдау құралдарының бірі – отандық экспорттаушыларды Alibaba.com электрондық платформасына шығару. Жалпы 2020-2022 жылдары Alibaba платформасында 220 компания орналастырылды. Платформада орналасқан компаниялар үшін шағын сайттар құрылады. Платформада жұмыс істеу және тауар сату үшін вебинарлар өткізіледі. Сонымен қатар 2023 жылы наурыз айында Астанада ресейлік Ozon компаниясының фулфилмент-орталығының құрылысы аяқталды.

 

 Логистикалық хаб қазақстандық кәсіпкерлерге онлайн-бизнесті масштабтауға, бірінші кезекте интернет-тапсырыстарды орындауға, тауарларды тұтынушыларға жеткізу мерзімдерін қысқартуға және өңірде 2 000-нан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 

 

Деректерге сәйкес бүгінгі таңда алаңда 15 000-ға жуық қазақстандық сатушы тіркелген», – деген еді Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев. Біз шағын мақаламызда мемлекеттік қолдаулар мен стратегиялық жоспарларды жолға қойып отырған ресми мекеменің жауапты тұлғасының сөзін өзгертпей беруді жөн көрдік. 

«QazTrade» САУДА САЯСАТЫН ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫ 

 

Жоғарыда вице-министр айрықша атап өткен «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» акционерлік қоғамы қазіргі күні кәсіпкерлер үшін маңызды ұйым. Бұл ұйым алғаш рет 2006 жылы Үкіметтің қаулысы бойынша құрылған. 2019 жылы «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы акционерлік қоғамына өзгертілген. Ол ең маңыздысы экспорт бойынша шығындарды өтейтін Бірыңғай оператор, сондай-ақ Қазақстандағы сауда индустриясының негізгі аналитикалық орталығы болып табылады. 

Мұнда Отандық өңделген тауарларды ілгерілету бойынша индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу қызметін істейді. Сыртқы сауда және интеграция бағытында отандық экспорттаушыларға қолдау көрсету. Сауда және интеграция министрлігіне ішкі сауданы дамыту бойынша сараптамалық-талдамалық қолдау көрсету. Экспорттаушыларға аналитикалық және консалтингтік қолдау. Мұнда қазіргі әлемдік тенденцияларды талдау, жаһандық сигналдарға уақытылы жауап беру Қазақстанның мақсатты экспорттық портфелін анықтау, Өндірушілердің проблемаларын анықтау және экспорттық экожүйені жақсарту бойынша ұсыныстар қалыптастыру Cыртқы нарықтарға шығатын компанияларға кеңес беру қызметтерін ұсыну қатарлы бірнеше мазмұнда қарастырылған.

 

Жалпы «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» акционерлік қоғамы Ұлттық экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау жағында өте жақсы жұмыс істеп жатқан ұйым болып табылады. Дәл қазір «QazTrade» АҚ Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен 2024 жылғы 1-31 наурыз аралығында «Экспорттық акселерация – 2024» және Alibaba.com халықаралық сауда платформасына отандық компанияларды шығару бойынша бағдарламаларына қатысу үшін іріктеу жүргізіп жатыр. 

 

«Биыл экспорттық акселерацияға қатысу үшін машина жасау, химия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі сияқты салалардың, сондай-ақ қызмет көрсетушілердің  120 кәсіпорны іріктелетін болады. Бағдарламаның негізгі міндеті – мемлекеттік қолдаудың кешенді шараларының көмегімен қазақстандық компаниялардың экспорттық әлеуетін арттыру. Жоба шағын және орта бизнестің шикізаттық емес бағыттағы перспективалы кәсіпорындарына бағытталған», – деп хабарлады «qaztrade.org.kz» сайты.

PS: Қазіргі таңда Ұлттық экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау шаралары жыл сайын жетілдіріліп келе жатыр. Мұның түпкі мақсаты Қазақстанда жасалған дайын өнімдерді халықаралық нарыққа шығару, сол арқылы орта-шағын бизнесті дамытып, өндірісті өркендету екендігі белгілі. Бізде әзірше экспортқа бағытталған өнімдердің түрлері тым көп емес. Дегенмен мемлекеттің осындай қолдаулары жалғаса беретін болса, «Made in Kazakhstan» деген таңбасы бар бұйымдар жер бетіне жайылатын күн де алыс емес шығар деп ойлаймыз.

 

ЕРҚАЗЫ СЕЙТҚАЛИ
28.03.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1037
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7087
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10935
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7152
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7296