Қырғыз-тәжік шекара дауы шешімін табады

Қырғыз-тәжік шекара дауы шешімін табады

Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан арасындағы шекара дауы Орта Азиядағы түйткілдердің бірі ретінде аймақты алаңдатып келген еді. 2022 жылы қыркүйекте екі ел шекарасында қақтығыс болып, салдарынан 100-ден астам адам қаза тапқаны есімізде. Осыдан кейін халықаралық ұйымдардың белсене араласуы және екі ел басшыларының өзара диалогтарынан кейін шекара мәселесін біржолата шешіп алу жұмыстары басталған болатын. Арада екі жыл өткенде осы күрмеуі қиын, тартысқа толы даулы мәселенің екіжақты келісімдер негізінде аяқталуға таяп қалғандығы мәлім болды. Бұл туралы Түркияның TRT арнасының сайтында 9 ақпан күні хабарланды. 

«Тәжікстан жер ресурстарын басқару және геодезия мемлекеттік комитеті мен топографиялық жұмыс тобының төрағасы Ориф Хоказаде ел астанасы Душанбеде өткізген баспасөз мәслихатында Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы даулы шекараға байланысты мәлімдеме жасады. Хоказаде: «2023 жылы Тәжікстан мен Қырғызстанның топографиялық жұмыс топтары 15 кездесу өткізіп, нәтижесінде 169,48 шақырымдық мемлекеттік шекара сызығын анықтау жұмыстары жүргізілді. Осы таңға дейін жиыны 889,45 шақырымдық Тәжікстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасының белгіленуі аяқталды», – деді. Осы уақытқа дейін анықтаған ортақ шекараның Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы жалпы шекараның шамамен 90 пайызын құрағанын түсіндірген Хоказаде мәселенің тез арада шешілуін қалайтындарын айтты», – делінген шағын ақпаратта.

2022 жылғы Қырғыз-Тәжік шекара дауы кезінде Ресей Президенті Владимир Путин екі елдің басшыларымен телефон арқылы сөйлесіп, мәселені талқылағандығы айтылып еді. Сол кезде кейбір сайттардың «Мәскеудегілер тәжіктердің қолтығына су бүркіп отыр» деп жорамал жасағаны есімізде. Қызды-қыздымен Ресейдің Тәжікстандағы әскери базаларының жай-күйі туралы сараптамалар айтылып, Мәскеудің Орталық Азияға ықпалы туралы болжамдар ортаға шыға бастаған болатын. Сол қанды оқиғадан кейін Қырғыз Республикасы кезекті рет әскери жаттығу өткізіп, Түркиядан сатып алған «Байрақтар» дронын аспанға ұшырды. Бұл дегеніңіз Қарабақта әзербайжандарға жеңіс сыйлаған түркиялық қарудың, қажет болса Баткен облысында да кәдеге жарауы мүмкін... деген емеурін секілді сезіліп еді. Дегенмен екі жақ ары қарай жауласа беруді тоқтатып, бейбіт келіссөздерді алға шығарды.

Негізі екі елдің арасындағы 972 шақырымдық ортақ шекараның 519 шақырымы 2020 жылға дейін жүргізілген түрлі келіссөздер нәтижесінде шешімін тапқан еді. Пандемияға байланысты саябырлап тұрған мәселе, 2022 жылы қыркүйекте аяқ астынан қарулы қақтығысқа ұласты. «Тәжіктер арнайы дайындықпен шабуыл жасады» деп болжаған қырғыздар, барлық жауапкершілікті Душанбеге артты. Сонан бері жиі-жиі басқосулар мен талқылаулардың нәтижесінде даулы шекараның 90 пайызға жуығы оң шешім тапты дейді қырғыз ақпарат көздері.

Өткен апта Түркия мен Қырғыз Республикалары үшін маңызды апта болды. Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Бішкекке келіп, маңызды кездесулер өткізді. Бұдан соң Түркияның Көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Уралоғлу Қырғызстан Көлік және коммуникация министрі Тілек Текебаев және делегациясымен кездесті. 9 ақпан күні Түркияның вице-президенті Джевдет Йылмаз және Қырғызстан Министрлер Кеңесінің төрағасы Ақылбек Жапаров ел астанасы Анкарадағы Президенттік кешенде жеке және делегация аралық кездесулер өткізіп, Түркия мен Қырғызстан арасында 11-ші кезекті Түркия-Қырғызстан бірлескен экономикалық комиссиясы хаттамасы мен 62 тармақтан тұратын іс-қимыл жоспарына қол қойды.

Ал Бішкектен кейін Душанбеге ұшып барған Сыртқы істер министрі Хакан Фидан тәжік Президентімен өткен кездесуден соң, журналистерге берген сұхбатында: «Біз үшін Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы шекара мәселесінің шешім табуы өте маңызды. Бұл мәселе бойынша келісімге осы жылдың наурыз айында қол қойылады деп күтеміз», – деді. Бұл жерде Анкараның да белгілі дәрежеде рөл ойнап отырғандығын байқау қиын емес еді...

Қазіргі таңда қырғыз сайттарының хабарлауынша, Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы 972 шақырымдық ортақ шекараның шамамен 90 пайызына сәйкес келетін 889,45 шақырымдық учаске бойынша келісімге қол қойылған. Қырғызстанның Баткен қаласында 30 қаңтар мен 5 ақпан аралығында соңғы рет кездескен тараптар шекараның 3,71 шақырымы бойынша келісімге келіп, хаттамаға қол қойылыпты. 12 қаңтарда Баткен облысында Қырғызстан мен Тәжікстан үкіметтік делегацияларының тең төрағалары Камчыбек Ташиев пен Саймумин Ятимовтың кезекті кездесуі өткен. Кездесуден кейін олар бірлескен мәлімдеме жасаған еді. Камчыбек Ташиев өз сөзінде: «Біз Мақсат ауылынан басталып, «Втрчер» ауданына дейінгі 15 шақырымдық аумақ туралы шешімге келдік. Енді біздің комиссия осы келісімшартқа қол қоюы керек. Бұл шешімге көңіліміз толды», – деген болатын. Ал тәжік тобының төрағасы Саймумин Ятимов: «Біз Қамшыбек Қыдыршаұлы Ташиевпен маңызды сәттер мен іргелі мәселелерді талқыладық. Аса маңызды Құлунду-Мақсат-Арқа бағыты да сөз болды. Бұл жөнінде біз хаттаманың жобасын дайындадық, оны барлық тараптар келіскен. Осылайша біз оң қадам жасадық. Біз мемлекет басшыларымыз бен халқымыздың талаптарын орындай отырып, Қырғызстан мен Тәжікстанның шекарасын делимитациялау процесін аяқтау үшін жұмыс істеп жатырмыз», – деген еді.

PS: Осылайша екі елдің арасындағы шекара дауы біржолата шешім табуға таяды. Бұл өз кезегінде Орталық Азия аймағының тыныштығы мен тұрақтылығына әсер етіп қана қоймай, аймақтағы ықпал күшін арттыруға барын салып жатқан алпауыттардың арынын басатын айтулы оқиға болатын түрі бар.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
16.02.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНДА ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМ САХНАЛАДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 17
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАСТАРЫ ҮШІН БИЫЛ АРНАУЛЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНА 15 500 ГРАНТ БӨЛІНЕДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 17
ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ҚАЗЫҒҰРТТА КӘСІПКЕРЛІКТІ ЖАНДАНДЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 24
 СОЗАҚ АУДАНЫ ӨНЕРКӘСІП ӨНІМ КӨЛЕМІ БОЙЫНША ОБЛЫСТА КӨШ БАСТАП ТҰР
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 02.05.2024 20
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА БІРНЕШЕ АУЫЛҒА ГАЗ БЕРІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 19

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1176
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7222
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11087
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7287
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7432