САЙЛАУДАН КЕЙІНГІ САРАБДАЛ ОЙЛАР ҚОЙ ҮСТІНЕ БОЗТОРҒАЙ ҚАШАН ЖҰМЫРТҚАЛАЙДЫ?

САЙЛАУДАН КЕЙІНГІ САРАБДАЛ ОЙЛАР ҚОЙ ҮСТІНЕ БОЗТОРҒАЙ ҚАШАН ЖҰМЫРТҚАЛАЙДЫ?

Ұлтшыл, жалындаған жастарды қолда!

Демократиясы мықты елдерде президент сайлауы деген – көзге көрінбейтін алапат майдан ғой. Саясат қазаны сарт-сұрт қайнап, үміткерлері бұлбұлдай сайрап, халыққа жаққысы келгендері бағдарламаларын сайлап, көпшілікпен талдап,  уәде-қайрақтарын қайрап,  дебатқа шыққанда бірін-бірі  тұқыртып сөзбен жайпап, алды-артын байқап,  жарнамалары жер жарып «ойхой» дегізіп елеңдетіп жататыны рас. Біздегі президенттікке  үміткерлер саны (Тоқаевты қоспағанда) бесеу болды. Бесеуі жабылып дәу төбе болуға жарамады. Бесеуін де ел толық танымайды. Әйтсе де бесеуі өздеріне жүктелген рольдерді жақсы ойнап шықты. Дауыс беруші халықтың екі-үш пайызының дауысын алып  мәреге жетті. Сонымен бәрі бітті.  «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей кеп баяғы.  Бейресми дерек бойынша кезектен тыс президент сайлауына 20 миллиард теңге қаржы жұмсалыпты. Тоқаевтай тұлғамен иық теңестіре алатын бір жампоз шыққанда,  сайлаушылардың дауысынан билік басындағылар ыққанда,  әділ сайлау деп жақсылар ұққанда, жасықтар бұққанда 20 миллиард теңгені «жоқтамауға» да болар еді. Әттең, тонның келтесі-ай, жоққа жүйрік жеткен бе?! Армансыз адам өткен бе?..

Кезектен тыс президент сайлауында сыртқы күштердің айтағына еріп  ел дүрліккен жоқ ең бастысы.   Сайлау күні әр-әр жерден президент сайлауына қарсылар бірен-саран төбе көрсеткенімен,  қаңтардағыдай қалың қауымды көзіміз шалмады.  Бәрі ішінен тынып, ақырын күтіп отырғандай меңіреу тыныштық құшағында болды. Жә, дейік, қазақтың төзімділігі 30 атанға жүк болар.  Бір-ақ атан ақырса, барлығы да жоқ болар... Мұхтар Әуезов айтпақшы, төзе беруге ғұмыр қысқа, әттең!..

Сайлау уақытында елдің арасында жүрдім. Ұлытау, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе мен БҚО облыстарында болдым. Аңғарғаным халық әбден шаршаған. Билікке деген сенімдері жоғала бастаған. Көздерінде мұң, жігерлері құм. Қымбатшылық титықтатқан.  Бұл негізі жақсылық нышаны емес. Отыз жылдық саясаттың зардабы. Өтірік уәделердің салмағы.  Жеткізбейтін бағдарламалардың  салдары. Халықтың енжарлығы билік үшін өте қауіпті құбылыс. Халық деген – алмас қылыш, бір күні болмаса бір күні жарқ ете қалуы мүмкін. Оған Қаңтар оқиғасы жарқын дәлел. Олай болса Президент Тоқаевқа тыңнан түрен салмаса қиын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім болмаса да, үміт артты.

Ел аралап жүріп игі бастамаларға да куә болдым. Соның бірі –  «Аманат» партиясы құрамында  жалындаған жастардың  қатары көбейгені. Ел ертеңі жастар болғандықтан, бұл үрдіс жалғаса беруі керек. Билік басына келген басшы осындай тың идеяларымен, тосын пайымдарымен, арда ойларымен ерекшеленсе, қандай жарасымды?!  «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Келесі 7 жылда қазақ жұрты сіз айтып келе жатқан реформаларды сөз жүзінде емес, іс жүзінде көреді деген сенім бар. 

«Жаңа Әділетті Қазақстан» орнатуға шақырған кезде ескі-құсқы, «бояуы кеткен» саясаткерлерді емес,  халықтың ортасынан шыққан ақылды, іскер, белсенді азаматтарды әкеліп, бүкіл елдік коллаборация жасап, ел дамуына серпінді күштің негізін жастардан қалау керек! Жастарды қолдаңыз, қолдан келгенше жастарға мүмкіндік беріңіз!» – депті бір желі пайдаланушы  парақшасында.  Осы тәріздес менің де пікірімді қолдайтын қаншама халық тұр артыңызда. Бірақ жасық жастар емес, ұлтшыл, жалындаған жастар керек біздің бұл іске.

Жасырмаймын, ел арасында жүріп кіжінгенді де көрдім, ашуын тізгіндегенді де көрдім.  Сабырға бой алдырып,  ел тыныштығы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа үміттенді, сол кісіге дауыс беруді өздеріне міндеттеп алған қауымды да көрдім. Өйткені басқа президент болуға лайық тұлғаны ешкім көре алмай тұр.  Саяси салмағы бар бір кандидат назарға  ілікпеді-ау...  Ел болғасын ер туары анық. Бәрі сол  ерінің ерік-жігеріне байланысты... Бәлкім өлара шақта өлермендік көрсетуге қаймықты ма?  Халық ақымақ емес, бұл жерде де саяси ойынның көзге көрінбейтін қақтығыстары мен соқтығыстары болғаны анық. Бәлкім мәмілеге келді. Бұра тартып бұлғақ жасауды қаламаған да болар. Ел арасына іріткі салудан қорықты ма, кім білсін.  Бұлар қазір айтылмас, алайда  түптің түбінде шындық ашылар.  Сонда ақиқаттың нөсері моншақтай болып шашылар.   

Иә, шындық бәрінен қымбат. Мен көрген жұрт Тоқаевты қолдайтындарын жасырмады. Оған мүмкіндік беру керектігін баса айтқандар да жеткілікті. Мен де солардың қатарындамын. Бұрынғы «Нұр Отан», қазіргі «Аманаттың» мүшесімін. Қанша қатты айтып жүрсем де, Еланасы деген атым бар, тура жолдан тайғым келмейді.  Ел табысы  бейбіт күнде ғана артады. Өркендеу, даму тек тыныштықты қалайды.  Бәлкім біз аңсаған күнге әлі ерте болар. Отыз жыл бойы сіріскен тоңды бірден жібіту оңай шаруа емесі де белгілі. Қаймана халық ойлағанды Президент ойламауы мүмкін бе? Бір отбасын әрең тәрбиелеп отырып, Президентті сынайтындар қарасы көп бізде. Ішкі-сыртқы жаулардың қыбын табу, тамырын дөп басу да бір өнер. Кландар арасындағы талас-тартысты қайда қоясың? Тамыры тереңге кеткен жемқорлықпен күресуге де уақыт керек.   Мұның бәрін шешу үшін дипломатия мен ішкі түйсік, саяси көрегендік, сабырлы мінез керек.  Бәлкім бірін алдап, бірін арбамаса тағы болмас. Бабаларымыз «көп – қорқытады, терең – батырады» дегенді бекер айтпағаны анық. Қорқытқанға қоқаңдай берсе, батырғанға бақыра берсе, саясаткерде не қадір-қасиет қалмақ?..

 

Қ.ТОҚАЕВТЫҢ АЛДЫНДА ТОҚСАН ТАРАУ ЖОЛ ЖАТЫР

Шетел көрген, БҰҰ-да қызмет еткен, саясатқа жетік Қасым-Жомарт Кемелұлына дауысымды бердім. «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтатыны» – менің өзгермес ұстанымым. Мәңгілік қағидам. Осы мақала сөзіме айқын дәлел. Құдайшылығын айтайық, Тоқаев билікке өте қиын кезеңде келді. Жолы ауыр болды. Өрт пен су да, қымбатшылық та, Қаңтар оқиғасы да тарих жылнамасының еншісіне жазылар. Болашақ ұрпақ өзі таразылап, танып алар!  Ар сотының алдында кімнің ақ, кімнің қара екені тайға таңба басқандай танылар!

Үш жыл Президент болғанда Тоқаев не бітірді дейтіндерге жауап бере кетейін. Үш жылдағы Президент Тоқаевтың ерен еңбегінің бірі –  «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын бекіткені. (Әрине, әлі ести қойған жоқ. Оған да уақыт керек екені белгілі). 2019 жылдың қыркүйегінде Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің Жолдауында Қазақстанда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын енгізу қажеттігін мәлімдеді.  Бұл азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы кері байланысты қалыптастыру үшін азаматтардың сындарлы сұраныстарына жедел және тиімді жауап беру моделі деуге тұрарлық шешім еді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясы мемлекеттік аппараттың халықтың сұранысына сезімталдығын арттыруды, билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың озық технологиялары мен тәжірибелерін әзірлеуді көздейтіні кейін дәлелденді.

Көпшілік арасында Парламенттік оппозиция туралы көп айтылып жүретін. Ол да Президент Тоқаевтың тұсында іске асты. Заң арқылы бекіді. Нақтылап айтсақ, маусым айында Тоқаев «парламенттік оппозиция» ұғымын, яғни билеуші партияға кірмейтін депутаттарды енгізетін заңға қол қойды.  «Бейбіт жиналыстар туралы»  заң да тәуелсіздік жылдарында арманға айналған дүние еді. Оған да  аз уақытта қол жетті. Осы жылдың мамыр айында Тоқаев құқық қорғаушылар мен азаматтық белсенділердің көптеген сынына қарамастан, бейбіт жиналыстар туралы Заңға қол қойды. Бұл заң бейбіт жиналыстардың «хабарлама» сипатын енгізді, бұрын митинг өткізу үшін әкімдіктен рұқсат алу қажет болса, қазір қала әкімшілігіне хабарлау жеткілікті. Түзетулер саяси партияны тіркеу үшін қажетті мүшелер санын 40 мыңнан 20 мыңға дейін төмендетуді көздейді.  Әлі де заңды толықтыра түсу керек шығар. Әйтсе де Тоқаевтың бұл әрекеті демократияға нақты қадам болды деп санаймын. 

«Біз өзара байланысты үш қағидат негізіндегі жаңа мемлекеттік саясатқа көшеміз: 

 

ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ– ӘДІЛЕТТІ ЭКОНОМИКА – ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ 

Барлық шешімді ашық әрі әділ, ең  бастысы қоғам мүддесі мен талабын ескере отырып қабылдаймыз» деген де Тоқаев. Енді осы айтқандарын жүзеге асыруға мүмкіндік беруіміз керек қой.  Атамыз қазақ «Айтылған сөз – атылған оқ» деген. Берген уәдесін орындай алмаса, өзіне сын!  Бұны азсынсаңыз, Мемлекет басшысы 16 қараша күні Алматыға сапары кезінде президенттің қоғамдағы орны мен қызметіне қатысты: «Менің түсінігімде, Президент – жалдамалы менеджер, халық онымен белгілі бір мерзімге келісімшарт жасайды. Азаматтардың еркін таңдауының нәтижесінде елдегі ең жоғары мемлекеттік лауазымға ие болған адам миллиондаған отандастарының дауысымен бекітілген келісімшартқа қол қояды. Сондықтан Президенттің лауазымы – артықшылықтан бұрын зор жауапкершілік. Бұл қызметті атқарған және атқаратын әрбір адам ең қатал үш соттың – халықтың, тарихтың және өз ар-ұжданының алдында жауап береді», – деді ол. Тоқаев сондай-ақ сенім елдің игілігі мен дамуына, халықтың ынтымағына негіз болатын қастерлі ұғым екенін жеткізді. Сол жолы бірнеше күннен кейін президенттік сайлау өтетінін еске салған Тоқаев бүкіл сайлау науқаны секілді дауыс берудің өзі де таза, ашық әрі әділ өтуі керек екенін баса айтты. «Сайлаудың нәтижесі Қазақстанның алдағы 7 жылда қалай дамитынын анықтайды. Сайлау кезінде әділдікті мүлтіксіз сақтау азаматтардың мемлекетке деген сенімін одан әрі нығайтудың кепілі болмақ», – деді тағы.

Бір айта кетерлігі, Қазақстанның сайлау жүйесі жылдан-жылға саяси либерализм мен плюрализм қағидаларына сәйкестеніп келе жатқанын көріп отырмыз. Әсіресе, осы сайлауда алғаш рет дауыс беру бюллетенінде «бәріне қарсымын» деген қатардың пайда болғанын айтуға болады. Сайлаушылардың 5,8 пайызының осы қатарды таңдауы – елімізде саяси еркіндік бар екенінің дәлелі. Мұның өзі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезең-кезеңімен жүргізіп жатқан саяси реформалардың алғашқы нәтижесі деуге болады.

Өзі айтпақшы,  алдағы жеті жыл Тоқаев үшін үлкен сынақ. Және оған берілген үлкен мүмкіндік.   Exit poll-дың нәтижесі жарияланғаннан кейін Республикалық қоғамдық штаб мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін ерекше, тарихи науқан өткенін атап өтті: 

Токаев о президентских выборах 2022 года: «Эта кампания, несомненно,  останется в нашей истории» - Аналитический интернет-журнал Власть

– Бұл науқанның біздің тарихымызда қалатыны сөзсіз. Exit Poll-дың алдын ала нәтижесі шықты. Әрине, ресми қорытындыны күтеміз. Дегенмен қазірдің өзінде халқымыз маған Президент ретінде және баршаңызға үлкен сенім артты деп айтуға болады. Халықтың сенімі – бұл ең құнды нәрсе. Сондықтан халықтың сенімін бәріміз ақтауымыз керек. Бүгін, міне 21 қарашадан бастап бәріміз жұмысқа кірісуіміз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар мықты мемлекет құрамыз десек, ең алдымен, әділдік орнату қажет екенін, онсыз ешқандай да реформа болмайтынын да жасырмады.  Қасым-Жомарт Тоқаев Президент сайлауы жаңа саяси дәуірге жол ашатынын айтып, алдағы уақытта басты билік институттары түгел жаңғыртылатынын жеткізді.

– Конституциялық реформаны толығымен және нақты жүзеге асырамыз. Еліміздің саяси құрылысын жаңа қалыпқа түсіреміз. Экономиканы түбегейлі өзгертеміз. Халқымыздың әл-ауқатын арттырамыз. Соның бәрін ойдағыдай атқару үшін бізге бірлік керек. Сондықтан әрдайым бірге болайық! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бейресми хабарларға көз салып отырсақ, 11 млн 936 мың сайлаушының үштен бірі кезектен тыс президент сайлауына қатыспаған. Бұдан да көп болуы мүмкін. Ол заңдылық.  Цифр деген кейде өзі сөйлеп тұрады ғой. Демек  үш сайлаушының бірі дауыс беруге бармаған. Бұл дегеніңіз – жемқорлық жайлаған  жүйеге халықтың үнсіз қарсылығы. Мұны да жоғары билік ескерер. Ескермесе, шерулеткен халықтың үнімен кеш көрер. Сөйтіп, кейінгілер өзгерер де өзгертер!

 

ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫҢ ЖОҚТЫҒЫ ТҮБІМІЗГЕ ЖЕТТІ

Нұрлан Есенғазы | ВКонтактеНұрлан Ізденұлы Есенғазы деген азамат әлеуметтік желіге былай жазыпты: «Қазақ Республикасының Президенті, Сенат, Үкімет  Алаш Орда арыстарының жолымен жүргенде, 30 жылда орда бұзып, дамыған елдердің алдында болатын едік. Қазақ ұлттық құндылықтарын білетін жастар барлық салада жетістікке жететінін ескеру қажет еді. «Ештен кеш жақсы» дегендей,  сайланған Президент Дамыған, Жаңа, Әділетті Қазақ Республикасы жолына түсетін шығар? Қазақ ұлттық құндылықтары (қазақ тілі, тарихы, діні, әдебиеті, мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, өнері, спорты т.б. ) бастау алатын қазақ тілін – мемлекет тілін білмейтін басшылардан құтылсақ ғана Қазақстан Республикасы дамып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнайды! Аты-жөні қазақ тіліндегі азамат – ата-баба әруағын сыйлайтын адам! Ата-бабасын құрметтейтін адам ғана халыққа адал қызмет етеді», – депті. Талғамда талас жоқ. Дегенмен бүгінгі халықтың саяси көзі ашық. Талабы күшті. Президент маңайындағы жанашырлар әлеуметтік желідегі халықтың жанайқайы мен ұсыныс-пікірлерін Мемлекет басшысына жеткізіп отыруы парыз. Бұл – үлкен  жанашырлық. Бұқараның не ойлайтыны, көзқарасы, ашуы мен қуанышы Ақордаға жетіп отырса құба-құп. Одан екі жақ та ұтылмайды. Қайта пайдаға шығады. Иә, бүкіл жүйе өзгерумен қатар халықтың да,  билік басына келетін шенеуніктердің де  санасы даму керек. Ұлттық идеология болу керек. Біздің түбімізге 30 жыл бойы ұлттық идеологияның жоқтығы жетті. Тілді мансұқтау –   ұлтты мазақтаумен бірдей іс.  Кім билікте көбірек отырғысы келсе, ұлтының тілі мен ділін және дінін көркейтуі ұлы міндет.

Президент Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы керемет. Бірақ өз басым Президент мықты болғанмен, Үкімет басындағылар (қалғып-шұлғып отыратындар, қазақ тілін қақпайтындар, бұрынғы биліктің шинелінен шыққандар) тегіс ауыспай, жаңалық болады дегенге сенбеймін. Бізде заң осал, кейде күштінің диірменін тартып кетеді, сондықтан да ешкім үкіметтен қорықпайды. Сосын білгендерін істеп үйренген. Қарапайым халық көнбіс, бір қалыпты күн көруде...

Бұл жолғы сайлауда «әттеген-ай» деген тұстар болғаны анық. Кемшілік іздеген адам табады.  Елшілік іздеген адам кемшіліктің бетін жабады. Болар іс болып, бояуы сіңгеннен кейін аттандағаннан ұтарымыз аз. Құртарымыз көп. Мына пікір менің көзқарасымды қуаттай түседі. Меніңше, бұл сайлау азаматтарымыздың саяси белсенділік танытуына үлкен мүмкіндік берген сайлау болды. Оның бір дәлелі – сайлау бюллетеніндегі дауыс берудің бұрын-соңды болмаған  «Бәріне қарсымын» деген тармағы. Аз ғана пайызды (4,22%) құраса да, осы белгі арқылы еркіндік сүйгіш елдің конституциялық құқы да бой көтерді, жаңа саяси  көшбасшылықтың потенциалды электораты да су бетіне шыға алды. Демек еліміздегі дәрменсіз демократияның аяғындағы шідер алына бастады деп емін-еркін айтуға болады. Бұл сайлау жеңіске жеткен Қ.Тоқаевқа енді дәл қазірден бастап Ескі Қазақстанның елесінен біржола ат құйрығын кесетін карт-бланш берді! Бас биліктегі мәртебесі ресми түрде бекитін Президент шынайы әрі қарқынды саяси реформаларға жол ашуы тиіс. Сондай-ақ, жаңа сайланған Президентіміз ең алдымен қоғамды меңдеп алған бюрократия және сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресті қолға алатын болады. Әртүрлі деңгейдегі шенеуніктердің бюрократиясын жоюдың жолы – олардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейту. Ал біздің, қарапайым халық өкілдерінің парызы – «билік басына кім келсе де, қарсы шығып, өре түрегелетін», өмір бойы «оппозицияда болуды ұнататын», «әйтеуір билікке қарсы боп жүре беремін!» деген қатып-семіп қалған пайыммен «оппозицияның солқылдақ  шапанын» жамылып алған жалған аттаншылардан бойды аулақ ұстау. Шындығына келсек, оппозицияның да оппозициясы бар. Идеялық, нақты саяси ұстанымдарына адал азаматтарды әрқашан құрметтеуіміз керек. Олардан біздің жаңа Қазақстанымызға пайда болмаса, зиян келмейді. Әділетті қоғам, әділетті мемлекет, әділетті экономика осындай кіршіксіз көзқарастардан бастау алмақ. Осы күнге дейін биліктің басты кемшілігі – ұлттық идеологияға көңіл бөлмеуі. Президент осы өте    маңызды мәселені дереу қолға алмаса, бәрі бекер. 

Айгүл Орынбек: «Ұлттық кеңес ұлтымызды, тәуелсіздігімді сақтап қалу үшін  құрылды» | Qazaq газетіОсы ретте әлеуметтік белсенді Айгүл Орынбекқызының түйінді сөзі көкейіме қонды. Жігерімді жонды. «Еліміз дамыған өркениетті елдер қатарына қосылу үшін ауыл, аудан әкімдерін сайлауда – оның адал еңбегіне, әділдігі мен сауат-біліміне  аса мән беруіміз керек!  Әкімдердің сайлауында: «Менің туысқаным, менің руымнан болады, менің құдам еді» деген бармақ басты,  көз қысты түсініктер мен «шәй-мәйді» мүлдем жоюымыз керек! Біз трайбализм, рушылдықты, жершілдік көзқарастарды қызметте емес,  тек отбасылық байланыста ғана қолдануымыз қажет! Мемлекеттің мызғымас тұрақтылығы, ел болып алға дамуы бәрімізге керек. Ол үшін әрбіріміз жеке бастың, рудың және қалтаның қамын емес, тұтас бір Ел болашағы үшін жұмыла жұмыс жасауымыз керек! Заң қабылдау қажет болса, қолданыстағы заңнамаға өз ұсыныстарымызды айтып, пікір білдіре Ұлт болашағы үшін бірігейік! «Анау сатқын, мынау сатқын,  опасыз» деп жаға жыртысып,  ұрысып отырғанымызда, сырттағы алауыздарға жем болу қаупі бар. Басты байлығымыз – Халқымыз, одан соң тәуелсіз еліміз екенін ұмытпайық! Бізге бірігетін уақыт келді».

 

ПРЕЗИДЕНТ МАҢЫНА ЕЛ ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНГЕН АЗАМАТТАРДЫ ЖИНАУЫ КЕРЕК

Осы жолы да кезектен тыс сайлау өткізу «тәуекелімен» бетпе-бет келдік. Бұл бір ғана тұлғаның (Президент) мүддесі үшін емес, елдің ертеңі үшін жасалып отырған тарихи тәуекел екенін кейбір саяси топ түсіне де, қабылдай да алмады. Ал бізге өзгеру керек. Отыз жылғы олқылықтың орнын толтырып, жіберген қателіктер мен кемшіліктерден сабақ ала отырып, билік функцияларының мазмұнын өзгерту талабы туындады. Бұл мәселе тарих таразысына әлдеқашан тартылған еді. Батыл шешім тағдыршешті талғамнан туындайтыны белгілі. Осы орайда, өткеннің озығын сақтап, тозығынан бас тарту тәуекелін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асырарына сенейік.

Касым-Жомарт Токаев в Республиканском общественном штабе ознакомился с  итогами Exit-poll

Сайлаудан кейін өткір ойларымен қара қылды қақ жаратын Арман Шораев ФБ парақшасына былай жазды. Бұл жазбаның астары терең, ойы кенен. Қалай қабылдасаң, солай қарай жүзесің. Сонымен Арманның «Жаңа Қазақстан қалай болады?» деген арманын тыңдайық:

«Санаға салмақ салмаған сайлау өтті. Жеңімпаз анық. Әрі қарай не болмақ?!

Мен жаңа Қазақстанды көруді армандаймын.

Барлық адам заң алдында бірдей болатын әділетті, жаңа Қазақстан.

Онда судья болу барынша құрметті әрі жауапты. Себебі судья ешкімге тәуелді емес.  Президентке де, сот төрағасына да тәуелсіз. Өзінің ар-ожданы, халыққа берген антынан басқаға алаңдары жоқ.

Жақсылығы мол жаңа Қазақстанда  кенттік және облыстық әкімдерден бастап барлығын халық сайлайды. Демек олар қарапайым халықтың игілігі үшін жұмыс істейді, бюджет ақшасын ұрламайды. Ешкімге қажеті жоқ мега жобалардың орнына барынша сапалы әрі арзан білім ошақтары мен тамылжыған саябақтар, саясы мол скверлер, теп-тегіс, айнадай жалтырап жатқан жол салады.

Бал күлкілі балалар балабақшаға, мектепке тегін барады. Заман талабына сай сапалы және лайықты білім алады. Білім ошақтарында тегін әрі дәмді тағамнан татады. Барлық жерде де. Тіпті, шалғайдағы шағын ауылдарда да.

Жаңа әлемде ана болу өте құрметті әрі пайдалы. Өйткені бірінші баладан кейін отбасы жеңілдетілген пайызбен ипотека алуға құқылы, әрі ипотека 30 пайызға азаяды. Төртінші сәбиден кейін ипотекалық қарыздан біржола босатылады.

Жаңа Қазақстанда бюджеттен ақша ұрлау Отанға опасыздық жасаумен тең. Сол себепті қатаң жазаланады. Мемлекеттік қызметкер болу құрметті, бірақ олар бай емес. Мемлекеттік қызметкер барлық жағдаймен қамтамасыз етілген, сөйте тұра өзіне ешқашан «Бентли» сатып алып, аумағы үш гектар жерге сәулетті вилла сала алмайды.

Онда студенттер жоғары оқу орындарында тегін оқиды әрі нақты білім алады. Жеке университеттер деп аталатындардың көпшілігі жабылады. Іле ұмытылады.

Жаңа Қазақстанда балалар үйі мен қарттар үйі болмайды. Өйткені қариялар мен балаларды тастап кету сүйегімізге таңба.

Барша азаматтар мемлекеттік тілді мейлінше жақсы біледі әрі құрметтейді. Қазақ тілін жетік меңгеру үшін барлық есік ашық, тіл білгендер артықшылыққа ие.

Көлікті түнде ашық қалдыра аласыз және оған алаңдамайсыз. Өмір сүру деңгейі өте жоғары болғандықтан, біреудің мүлкін ұрлау арқылы өмір сүрудің еш қажеті жоқ.

 Кез келген жұмысшы, күзетші, құрылысшы, жүргізуші және басқа мамандық иелері жақсы жалақы алмақ.

Жаңа Қазақстанда кәсіпкерлер өз есеп шоттарындағы мыңғырған миллиондардың саны емес, жұмыс орындарының санын мақтаныш көреді.

Әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған туристер біздің елдің дидарын көрсек деп дәметеді. Олай болатын себебі, ежелгі ертегілердегідей жақсы да жайлы қонақүйлер салынған. Керемет табиғат, шағын авиациялық ұшақтар, тегіс жолдар, қауіпсіз орта кімді болсын қызықтырмай қоймайды.

Онда барлық дамыған елдердің инвесторлары біздің елімізге инвестиция салу үшін  кезекке тұрады. Себебі жемқорлық та, ұры шенеунік те жоқ. Ал әділ заң жекеменшік құқығын және оның мызғымас беріктігін қорғайды.

Онда көлік кептелісі болмайды, қалалардың үстіндегі қара түтін жоқ. Заңсыз құрылыстар бұзылған, оның орнын гүл көмкерген саябақтар мен ажарлы алаңдар басқан.

Жаңа Қазақстанда тұру пайдалы әрі тиімді. Ауыл тұрғындары өз елін ғана емес, жер шарының жартысын қажетті өнімдермен қамтамасыз етеді.

Жастар бір-бірін сүйіп қосылады. Олар тұрақты табысқа кенелген әрі қанағатты біледі.

Жаңа Қазақстанда өте кәсіби әскер бар. Сондықтан көршілер көзін алартады деген қорқыныш жоқ. Онда азаматтар шетелдердегі ең жақсы сыбағаны іздемейді.

Өздерінің көк түсті төлқұжаттарымен мақтанады. Осындай төлқұжаты бар адам әлемнің кез келген елінде қалаулы және визасыз қонақ есебінде».

Сайлау! Үйреншікті науқан ғой! Етіміз өліп кеткен! Барсаң да, бармасаң да, даусыңды берсең де, бермесең де 98% дауыс алдық деп, шулап жүретін топ барын талай көрдік…

Қасым-Жомарт Тоқаевтың білімі мен білігі, халықаралық дәрежедегі салмағы көпшілікке ұнайды.  Халықтың  жүрегіне үміт отын жаға білгені рас. Көп істің басы басталды, арғы жағын уақыт көрсетер…  Жақсы істердің жалғасын тауып, халықтың еңсесі көтерілгенін қалаймын! Кісі ақысын жемейтін, халқының жүрегіне құлақ түретін билігі бар әділетті Қазақстанның шынымен орнауын қалаймын! Тоқаев мырза қасына білімді де білікті Асқар Мырзахметов, Арман Шораев, Мұхтар Жәкішев, Ораз Жандосов сияқты азаматтарды көптеп тартқанын қалаймын. Сонда ғана әділетті Қазақстанға қол жеткіземіз.

Шындықтың бетіне тура қарайтын журналист Дина Елгезектің мына жазбасы да күйініштің жемісі-ау: «Жаңа Қазақстан» деген саяси терминді 2019-дағы сайлауда Қосанов енгізіп, 2022-дегі сайлауда Тоқаевпен аяқталған секілді.

Қосановтың жүйенің жобасы екенін көзі қарақты қауым билік пен «оппозицияға» ортақ осы атау арқылы көз жеткізген.  Әйтпесе Қосановтың «Жаңа Қазақстаны» қалайша Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанына» айнала қалды деген дүдәмал сауал көптің көкейінде жүрді.  Сонымен, хош, жүйе 5 жыл бұрын дайындаған транзиттік жоба –  «Жаңа Қазақстан» шын мәнінде жаңару мен жаңғырудың жолы бола алды ма?  Саяси трансформация олигополия, монополия, жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты түп-тамырымен жұла алды ма? Саяси-экономикалық кеңістікте әділ ойын ережесін бекітті ме? Жауапты мен емес, сіздер іздеп көріңіздер. Биліктің ендігі саяси девизі «Әділетті Қазақстан» екен. Әділеттің жолы ауыр. Сұрауы бар. Әлбетте, Құдай мен халық тарапынан.

Әділетті болу үшін ең алдымен 30 жыл елді құрдымға тыққан  бас ұрыны жауапкершілікке тарта алады ма?

«Чтобы научить людей любить справедливость, надо показать им результаты несправедливости» дейді Адам Смит.

Осыны жасай алады ма әділеттіқазақстандықтар? Бұл сұраққа да жауап берілер кейін.

 

ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНҒА – ӘДІЛ ПРЕЗИДЕНТ!

ТҮЙІН: Елдік мұрат жолындағы күрес ешқашан тоқтамақ емес. Елім деп еңіреген ерлерді халық үнемі қолдап келеді. Ер ел басына қиындық туған кезде танылады. Күрес үстінде шыңдалады.  Қазақстан бүгінде сын сағатта тұр. Оны бәріміз көріп отырмыз. Маңайымыз анталаған жат пиғылға толы. Елдің іргесі сөгілсе, аттандап кіруге дайын.  Әлемде болып жатқан түрлі толқулар мен саяси ойындар, қақтығыстар елімізді айналып өтіп жатқан жоқ.  Қайта реті келсе үйіріп соқпақ. Табанға салып таптап өтпек.  Осындай сәтте ел тізгінін ұстар перзентің болғанға не жетсін?! Ол перзент саясат сахнасында шыңдалған, елдің өткені мен жеткенін білетін,  өтпелі кезеңдерде елмен бірге  болған тұлға болса, зор мақтаныш. Өзіңнен шыққан ұл өзегінен тепкілесең де өзгермейді. Қайта жаныға түседі.  Алла Тағала оспадар келімсектен, әпербақан басшыдан сақтасын бізді.   Себебі «Қаңғып келген шүрегей көлге пана болмайды» ешқашан.  Олай болса дәл қазіргі қым-қуыт замана белесінде, желдің өтіне ұстар жалғыз тұлғасын халық таңдады, ол  – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Өткен күндерді саралап отырсақ, бәрі көз алдымыздан жүйткіген пойыздай  жылжып өте береді. 2019 жылғы 19 наурызда Қазақстанның бұрынғы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігі тоқтатылғанын мәлімдеп, халықпен қоштасты.  Келесі күні Сенат спикері Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Мемлекет басшысының міндетін уақытша атқаратыны белгілі болды.  Өйткені Тоқаев тәуелсіздіктің алғашқы күнінен қызметке араласып, елмен бірге «Еңку-еңку жер шалды». Халықпен бірге соқтықпалы-соқпақсыз жолдарды жүріп өтті.  Сол жылдың маусым айында президенттік сайлау өтті, онда Тоқаев мырза 80 пайыздан жоғары дауыс жинады.  Бұл – халық тарапынан көрсетілген  үлкен сенім. Президент Тоқаев  мұны түйсінді. Жан жүрегімен сезінді. Дереу іске кірісті.  Үш жарым жыл ішінде көптеген кедергілерге қарамастан,  мемлекеттік тірліктің барлық салаларында үлкен реформалар жасауға тырысты. Тіл мен діл мәселесіне көңіл бөлді. Елдегі тұрақтылықты сақтады. Әлем алдындағы Қазақстанның беделіне нұқсан келтірмеуге бар күш-жігерін салды. Президент Тоқаев (тағы айтамын) билікке келген тұс өте қиын кезең еді. Пандемия, қымбатшылықтың қара бұлты әлемді тұмандай басып, экономикалық кризис ғаламды шарпып тұрған болатын. Ол аз десеңіз, ел ішіндегі түрлі келеңсіздіктер еңсені басып, жемқорлықтың да жегі құрттай маңайын жалмап жатқаны естен сәрі да шықпас.

Осы жерде белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлының мына пікірін бөліскім келіп отыр: «Отыз жыл секілді жеті жыл да өтеді. Президент артында қандай саяси жүйе, нендей қоғам қалыптастырады, қай деңгейде экономика жасайды, тарихта сонысымен қалады. Алғыс па, қарғыс па, оны уақыт көрсетеді. Билік балансын, заң үстемдігін, сөз бостандығы мен адам құқығын қамтамасыз ететін дұрыс жүйе құра алмаса, әдемі сөздер  мемлекеттің ең биік мінберінен айтылып, уәде берілсе де, нәтижелі бола бермейді. Себебі толықтай жүйе жұмыс істемесе, бір адамның бүкіл мемлекеттік мекемені бақылап, қадағалауы мүмкін емес. Нәтижесінде, ескілер кетсе де, орнына жаңа жемқорлар мен  олигархтар тобы қайта пайда болады. Бұл жол – тұтас елдің отыз жылын ұрлаған, мемлекетті тығырыққа тіреген тайғақ жол. Жүйе өзгермесе, уәде етілген «әділетті Қазақстан» орнамайды. Жаратқан елімізге жарқын болашақ нәсіп етсін!» – дейді.  Бұл қауіп бірдің емес, мыңның жүрегінде тұр.

Сонымен кезектен тыс Президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев 82 пайыздан аса дауыс жинады. Халыққа берген уәдесін орындауға мүмкіндік берілді. Сөз бен іс жарасым тапса, Президенттің ізгі мақсаты жүзеге асар. Құр сөз болса, ел-жұртынан береке қашар.

Иә, өзгеріс күткен қазақ қоғамы  әрі-сәрі күйде. Бұқараны да түсінуге болады. Ел байлығын ту-талақай еткендерге өкпелері қара қазандай. Ұлттық құндылықтар мен идеологияның әлсіздігі де қазақты мазақ еткендей көрінеді. Қазақ тілінің келешегіне бұқара алаңдаулы. Тіл болмаса, ұлт болмайды. Президент Тоқаев осы проблеманы түпкілікті шешуі тиіс!  Бұдан бөлек айтарым, өткенді қазбалай бергеннен енді ештеңе өнбейді. Жазықтылар жазасын алар. Жауапқа тартылар. Бізге ұлт болып ұйысып,  ел болып қалу маңызды.   Әділ сын айтамын деп, елді әбігерге түсіргеннен ештеңе өнбейді. Өткеннен сабақ алу да үлкен мәртебе. Ол үшін әр қазақ өзгерісті өзінен бастауы керек.

Бірінші, өз ісімізге адал болу. Екінші, жемқорлықтан, пара беруден, пара алудан алшақ жүру. (Жолда тәртіп бұзып,  полицияға ақша беру арқылы мәселені шешу де осыған жатады). Үшінші, білімді азаматтарды қолдауға, оларға сенім артуға әуестік таныту. (Мектеп директорлары мектепке де қызметке тамыр-танысын емес, білімді маманды тартуға күш салса).   Төртінші, әр қазақ ана тілінде сөйлеуге,  балаларын қазақ  мектебіне беруі талпынса;  Сабыр Адай бауырым айтпақшы, әр қазақ  – менің жалғызым деп тіршілік кешіп,  Қазақстан – жалғыз Отаным деп таң атырса, жетістікке тезірек жетеріміз анық. Бәрі өзімізге байланысты.  Өзгерісті әр қазақ өзінен бастауы тиіс. Өсек-ғайбат дамуды кешеуілдетеді. Дау-дамайға апарады.  Ынтымақ-бірлікке сына қағады.   Ғұлама Мәулананың: «Мына дүниенің өсегі тозаң сияқты. Жан дүниеңнің айнасын жауып қалады. Сен ақыл-есіңді жина да, үндемей жүруді әдетке айналдыр» дегенін жадымызға мықтап түйсек игі.

Президент Тоқаев өзгерісті қалайтынын,  ол үшін үлкен реформа жасауға дайын екенін айтып қалды.  Соның алғы шарттарын жасауға кіріскені байқалады.  Неге сенбеске, неге мүмкіндік бермеске?

Ескіні жаңа алмастыратын заман туып келеді. Қазақта білікті,  ел мен жерінің қамын жейтін тұлғалар жетеді.  Тек соларды қолдап отырсақ, нұр үстіне нұр.  Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан шығады?» дегені осы орайда айтылса керек. Төле би бала кезінде  Әнет бабаға барыпты деседі. Жасы жүзге келіп қалған Әнет баба ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырса керек. Бір орайы келгенде бала Төле: «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ?» – деп сұрайды қарт бабадан. Сонда абыз  жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады.

– Балам, мынаны сындырып көрші.

Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.

– Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы.

Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт еткізіп, оп-оңай сындырып береді.

Әнет баба:

– Бұдан не түсіндің, балам? – дейді.

Сонда Төле бала:

– Түсіндім, баба, бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой. 

– Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ, қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, – депті.

Ел қашанда  қариясымен айбарлы, анасымен көрікті.  Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы өз бағдарламаңызда елді ынтымақ пен бірлікке ұйытатын қариялардың үні әлсіз деп бекер айтпағаныңыз анық. Осы тұста батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды: «Шал қария ақсақал және абыз деп төртке бөлген. Отбасы ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қарт-шал. Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты қария деп, тұтас бір ауылдың жыртығын бүтіндеп, айдынын асырып отырған қартты ақсақал деп, елдің дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты АБЫЗ» деп атаған. Өкінішке орай, Әділетті Қазақстанға АБЫЗДАР керек-ақ.

 Иә, ақсақалдар мен ел аналарының дауысы бәсең. Ардагерлер кеңесі сияқты белсенді емес. Себебі Аналар кеңесі Ассамблеямен бірге. Осы жерде айта кетер жайт, Аналар кеңесі әр өңірде шашырап жүр, бастарын біріктіру – уақыт талабы. Бүгінгідей алмағайып заманда жастарымызды «жалғыз көзді дәу» компьютер мен ұялы телефон баурап алып бара жатқанда ата мен әженің тәрбиесі ауадай қажет. Сол себепті  ұлан-ғайыр даланың егесі, салт-дәстүрдің берекесі – шегесі  қазақтың аталары мен әжелері өз алдына орда тіккені абзал. Ақсақалдар мен Аналар кеңесін Ассамблеяның қасына топтастыру аяқ-қолды матаумен тең.  Әрқайсысының өз орны  мен атқаратын ролі бар.  Ел өзіңізге сеніп отыр.  Жеңісіңіз құтты болсын!  Ел басқаруда өмірлік тәжірибеңіз жетеді. Тарихтан да хабарыңыз мол.  Үлкен жауапкершілікті арқалағаныңызды өзіңіз де айттыңыз! Берер батам: айдарыңыздан жел ессін, айбарыңыздан тау шөксін! Халқыңыз ырысты болсын, игі ісіңіз өзгелерге де жұғысты болсын!  Жастарымыз білімді болсын,  тіккен қосыңыз  іргелі болсын!  Кемеңіз өрге жүзсін, ана тіліміз тұғырына мінсін! Әумин!!!

Сөз соңында айтарым,  Билік халықпен санасуы тиіс! Халық – Алланың бір аты.  Заң жұмыс істеуі керек ол үшін. Ата Заңнан ешкім аттап кетпеуі – әділдіктің салтанат құрғаны. Жердің асты мен үстінің байлығы да халыққа тиесілі. Ол да халықтың несібесі. Халықты несібесінен қағу билікке сын. Тіл – ұлттық болмыстың айнасы. Тілдің жоғалуы – орны толмас қасірет. Олай болса тұғырын нығарлап алған, алдағы жеті жылға сеніммен аттаған Тоқаев мырзаға қазақ тілі аманат! Еліміз, жеріміз, дініміз аманат! Аманатқа қиянат жоғын Кемел жазушының ұрпағы жадына тоқып жүреріне сенім зор.

 

 

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
28.11.2022

Ұқсас жаңалықтар

АРЫСҚА ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР КЕЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 28.03.2024 64
ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ – ДОМБЫРА
Дәулетбек Байтұрсынұлы - 28.03.2024 118
ОТАНСЫЗ ЖЕТІМ, ДІНСІЗ БАҚЫТСЫЗСЫҢ
Нұрлан Байжігітұлы - 28.03.2024 48
АППАРАТТЫҚ КЕҢЕСТЕ
Шу ауданы әкімдігі - 28.03.2024 39

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 343
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6445
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 8157
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6526
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 6661