Шер-ағаның ескерткіші лайықты жерде тұруы керек

Шер-ағаның ескерткіші  лайықты жерде тұруы керек

Шілденің 21-і күні халықаралық «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газетінің кезекті нөмірінде Сәуле Мешітбайқызының «Ескерткішіне қарап, елін таны» атты көлемді мақаласы жарияланды. Осы мақала қазір әулиеаталықтарды мазалап жүрген тақырыпқа арналыпты. Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның ескерткіші қандай болмақ және ол қай жерге қойылады? Негізгі мәселе қойылатын жерде болып тұр.

Осыдан біраз уақыт бұрын Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді. Тақырып – Шер-ағаның 90 жылдығын жоғары деңгейде атап өту. Сол жиында Шер-ағаға ескерткіш қою туралы мәселе қызу талқыланды. Нұржан Молдиярұлы комиссия құруды ұсынды. Комиссияға кім мүше болатынына ол араласпады, жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдері өздері құрды.

 Комиссия басым дауыспен ескерткішті халықаралық Тараз инновациялық институты «Студенттер үйінің» алдына қою керек деген шешім қабылдады. Мен осы пікірді қолдадым. Бірақ әлеуметтік желілерде біраз адамдар бұл шешімге қарсы пікір білдіре бастады. Кейбір пікірлерде бұл институттың жеке тұлғалардың меншігі екендігі, негізгі бағыты ауылшаруашылық мамандарын даярлау екені айтылды. Шер-аға болса жазушы, журналист, ауылшаруашылығына еш қатысы жоқ. Сондықтан ескерткішті сол жерге қою дұрыс болмайды деді сол пікірлердің авторлары. 

Иә, институт мемлекеттік емес. Бірақ сол мемлекеттік емес институтта «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылған. Шерхан көкем келісімін де, батасын да өзі беріп, орталықтың ашылуына қатысқан. Талапты ауылында Батырхан көкемнің үйінде сақталып жатқан көп қолжазбаларын, жеке мұрасындағы құнды құжаттарын сол орталыққа тапсырды. «Шерхантану» орталығы өз қызметін басқа ғылыми-зерттеу орталықтарына үлгі боларлықтай жақсы атқарып келеді. Осы постты жазып жатқанымда фейсбукте Асқар ағамыздың (Абдуалы) көлемді пікірі жарияланды. Асекең «Шерхантану» орталығының жұмысын жан-жақты талдапты. Сондықтан ғалымның сөзіне сүйенейін: «Орталықтың негізгі міндеттерінің бірі зерттеу жұмыстарын жүргізумен қатар, студенттерді ғылыми-танымдық жұмысқа баулу болып табылады. Осыған орай, студенттерге Ш.Мұртазаның шығармалары бойынша курстық, дипломдық, магистрлік жұмыстардың тақырыптары ұсынылады, белгілі жазушылардың және жергілікті қаламгерлердің қатысуымен студенттерге арналған «Шерхан Мұртаза сабақтары», Республикалық әдеби «Ш.Мұртаза оқулары» ұйымдастырылып өткізіліп келеді. Орталықтың жұмысы Халық жазушысы Ш.Мұртаза шығармашылығын зерттеумен шектелмейді, бүгінгі әдеби процесс, сонымен қатар облыс көлеміндегі әдеби-тарихи тұлғаларды, белгілі бір тарихи жағдайды бейнелейтін халықтық туындыларды зерттеумен, жалпы әдебиеттану ғылымының көкейкесті мәселелерімен де айналысады. Осы уақыт аралығында «Шерхантану» орталығы бүгінгі күнге дейін біраз тірлік атқарды. Қазақтың Шер-ағасы» атты көптомдық шығармалар жинағы жарық көріп, 1-кітабы 2010 жылы 1000 данамен жарыққа шығып, биылғы жылы бұл жинақтың саны 12 томға жетті», – деп жазыпты Асекең. Ескерте кетуім керек, бұл ол кісінің постынан қысқаша ғана үзінді. Осыдан кейін ауылшаруашылық мамандарын даярлайтын жекеменшік институт Шерхан Мұртазаға қатысы жоқ деп қалай айтамыз?

Бұл аз болса, тағы айтайын: ескерткішті орналастыратын жерді дайындауды институт өз мойнына алып отыр. Шамамен 24 млн теңге жұмсалмақ. Қателессем, мені түзетер. Бұл жөнінде құрметті Асқар Бегәділұлы өз ойын былай жеткізеді: «Шерхан Мұртаза ескерткіші облыс орталығының Жамбыл даңғылы бойындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты алдына орнатылатын болды. Бұл, меніңше, дұрыс шешім. Себебі Жамбыл даңғылы – қаламыздағы ірі көшелердің бірі, әдемі сквер жасалған, қала тұрғындарының тынығып, демалуына да қолайлы жер. Ол ескерткіш кейбір айтылып жүргендей, «Студенттер үйінің» ғана емес, институттың заманауи Бас корпусы алдына қойылмақшы. Болашақта ол жерде ашық аспан астында «Шерхан оқулары» байқауы, жастарды студенттер қатарына қабылдау, жас түлектерге дипломдар тапсыру рәсімі, сонымен қатар жастар мен қала жұртшылығы үшін маңызды мәдени-рухани іс-шаралардың, кездесулердің болатындығы айтпаса да түсінікті.

Орнатылған ескерткіштің айналасын абаттандыру, гүлдендіру, көркейту және болашақта тазалығын қадағалау да Халықаралық Тараз инновациялық институтының еншісінде болатындығын баса айтқым келеді. Түсінген адамға мұның өзі үлкен еңбек пен жауапкершілік». Асекеңнің сөзіне қосатыным – Шер-ағамыздың ескерткіші орнатылатын жер мынандай болмақ: 

Сәуле әпкем күрделі бір мәселені көтеріпті. Ол – біздің Таразда ескерткіштерді ары-бері көшіру. Мен кезінде Бауыржан атамның (Момышұлын айтамын) ескерткішін таңдап, қоятын орнын белгілеу туралы комиссияның мүшесі болғанмын. Комиссия мүшелері: Шерхан көкем, Бақытжан көкем (Момышұлы), Зейнеп жеңешем (Ахметова), Мекемтас көкем (Мырзахметұлы), Әлібек Әмзеұлы (сол кезде облыстық мәдениет басқармасының басшысы). Комиссия төрағасы – облыс әкімінің орынбасары Кеңесбек Демеш. Конкурсқа көп мүсіншілер қатысты. Олардың ұсынған макеттерінің ішінде бәріміздің назарымызды баурап алған мынау еді: 

Бірақ сол кездегі облыс архитекторы «ойбай, болмайды, ақшамыз жетпейді!» деп аузымызды жапты. Ары-бері тартып, аяғында қазіргі ескерткіштің макеті өтті. Неге солай болғанын кейін білдік. 

Енді ескерткіштің қоятын орнын таңдау керек болды. Шерхан көкем бірден: «Ойланатын несі бар, орны дайын тұр», – деді. Сол кезде қазір Бәйдібек бабамыз тұрған жер бос еді. Ленин тұғырынан алынып тасталып, постаменті ақ матамен жабылып тұрған. Шер-аға осы жерді айтты. Бірақ архитектор тағы қарсы шығып, ол жерге қаланың жобасы бойынша үлкен тарихи-мемориалдық кешен құрылады деді. Сол кешен қайда? 

«Ондай болса қарама-қарсыдағы бұрынғы қалалық партия комитеті ғимаратының алдына қояйық», – дедім мен. Бауыржан батыр орталық алаңда тұруға лайықты дегенім ғой. Архитектор осы ұсынысты да қайырып тастады. Басқа да ұсыныстар болды. Бақытжан көкем өте сабырлы адам еді ғой, жарықтық. Үндемей отырды. Шерхан көкем: «Сен не дейсің, Баха?» – деп сұрады. Сонда Бақытжан көкемнің айтқаны: «Әкем жалғыздықтың ащы дәмін талай татқан адам. Сол жалғыздықтың әсері ме, тыныштықты жақсы көретін. Ақыры қаланың ішінде оған орын табылмай тұр, Тараздан Жуалыға шыға берісте бос орын бар, сол жерге қояйық. Ауылына қаратып», – деді. 

«Ол қай жер?» – деппіз бәріміз. Сөйтсек, қазіргі Жәнібек пен Керей хандардың ескерткіштері тұрған жер болып шықты. Бұрынырақта бұл жерде шағын ғана алаңша бар болатын, ауылшаруашылығы техникалары тұратын. Қаланың сырты. Қазір ол жер үлкен орталыққа айналды ғой.

Бұны естіген архитекторымыз қаланың шеті, ұят болады деп тағы да қарсылық білдірді. «Ондай болса өздерің біліңдер», – деп, Бақытжан көкем орнынан тұрып кетті. Аяғында ескерткіш облыстық драма театрының алдынан бір-ақ шықты. Театрға қарауыл табылды деп ел күлді. Осындай жағдай басымыздан өткен. Ал ескерткіштің қалай жасалғаны – бөлек әңгіменің тақырыбы.

Сәуле әпкем Асқар Мырзахметов туралы жылы пікірлерін білдіріпті. Өте орынды. Сол кісінің тұсында Таразымыз көркейіп келе жатыр еді... Басқаны айтпағанның өзінде Бауыржан атамыздың ескерткішінің орнын дәл тапты! Мың алғыс Асекеңе! Осы орайда бір ой келді: неге Асқар Исабекұлынан Шер-ағамыздың ескерткішін қай жерге қойған дұрыс болады деген пікірін білмеске? Біздің қаланы жақсы біледі, өзі керемет дизайнер, ойлы адам. Меніңше, Асқар              Исабекұлы біздің комиссияның шешімін дұрыс дейді-ау. 

Бекет Момынқұл
04.08.2022

Ұқсас жаңалықтар

АРЫСҚА ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР КЕЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 28.03.2024 60
ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ – ДОМБЫРА
Дәулетбек Байтұрсынұлы - 28.03.2024 110
ОТАНСЫЗ ЖЕТІМ, ДІНСІЗ БАҚЫТСЫЗСЫҢ
Нұрлан Байжігітұлы - 28.03.2024 35
АППАРАТТЫҚ КЕҢЕСТЕ
Шу ауданы әкімдігі - 28.03.2024 22

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 338
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6440
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 8152
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6521
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 6656