Шерхан және Мұсатай

Шерхан және Мұсатай

Шерхан Мұртаза ағамыздан бастап, Жуалыдан шыққан ақын-жазушылар Мұсатайды жақсы көреміз. Өйткені әдебиетті, өнерді сүйеді, қолынан кітап түспейді. Әдебиет пен өнерге жақын адамның жан дүниесін кір баспайды, айнадай жарқырап жүреді. «Ауыл жайлы, оның адамдары туралы жазғыларың келсе, Жуалыға барып, базарком Мұсатайдың әңгімесін тыңдаңыздар», – деуші еді жарықтық Шерхан Мұртаза ағамыз.

Мұсатай мырзаның жүрген жері – ән, әдемі әзіл-қалжың. Ол жымиып қойып, әңгіме айтқанда, небір мықты сатира-юмор артистері айдалада қалады. Базаркомның тұла бойының өзі толып тұрған юмор, Мұсекең туралы елге тарап кеткен, еріксіз езу тартқызатын әңгімелер көп.

Бірде Мұсатайдың кабинетіне балуан денелі екі жас жігіт баса-көктеп кіріп келді. 

– Ағасы, крышаң қандай? – дейді рэкеттің бірі.

Сөзі түйеден түскендей мына жігітті өрт сөндірумен айналысатын мекеменің инспекторы деп ойлаған Мұсатай әлгі екеуді сыртқа алып шығады. 

– Көріп тұрсыңдар ғой, кеңсенің крышасы – шифер, – дейді ол шатырды көрсетіп. Рэкеттер базаркомға таңдана қарап кетіп қалады. Олар араға үш тәулік салып қайта оралады: 

– Ағасы, крышаң қандай? – дейді рэкеттің бірі. 

– Әй, жігіттер, – дейді Мұсатай ашуланып, – өткен жолы айттым емес пе. Крыша шифермен жабылған деп. 

– Директор мырза, өзіңіз барып тұрған «нөл» екенсіз, – деп қос рэкет кабинеттен жылыстап шыға беріпті.

Есік шалқасынан ашылып, түсі суық бейтаныс біреу директорға гүрілдей сәлем береді. Өзі де түйедей, сөзі де түйедей ұзынтұра Мұсатайға таңдана қарайды. 

– Мен зонадан келдім, – дейді зэк әй-шәй жоқ, – сонда отырған қаракөз бауырларыңа көмек қажет. Олардың да аузы бар. 

Керекті заттар жазылған тізімді қарап шыққан Мұсатай шошып кетеді: 

– Бауырларым-ау, мына сұрап отырған заттарыңа бір емес, екі қыздың тойын жасауға болады ғой. 

– Түйе сұраса, бие беретін қазақтың бірі деп келіп отырмын, көкесі. Жөн білетін жігітсің, – дейді сақалды дүңк еткізіп. 

Мына қызыл көз пәледен оңайлықпен құтылмайтындығын сезген базар директоры шама-шарқынша азық-түлік, арақ-шарап беріп жібереді. Көп ұзамай-ақ әлгі зона көсемінен сәлем хат келеді. 

– Үлкен рақмет! Сені осында отырған бауырларың керемет сыйлайды, хан көтеруге бар. Түсінетін жігітсің ғой, мына тізімдегі заттарды тезірек салып жіберетініңе сенемін...»

Бірде Мұсатайға құрдасы Серғазы келе қалады. Оның көзі дәл төрде тұрған креслоға түседі. 

– Мына креслоң ханның тағындай екен, – дейді Серғазы оны ұстап көріп. 

– Әдейілеп қойдым, – дейді Мұсатай, – кіріп келген дұшпандардың мысы оны көргенде басылып қалады. Үлкен есікте бір тыным жоқ, біреулер кіріп жатыр, енді біреулер шығып жатыр. «Айран сұраған шелегін жасырмайды» демекші, келген ағайындардың көбісі бірдеңе сұрай келеді. 

– Мына қазақтар екеуміздің емін-еркін әңгіме айтуымызға мұрша беретін емес, маневр жасап келсек қайтеді, – деп Мұсатай құрдасына қарайды. 

– Түсінбедім, Мұсеке... 

– Қабылдау бөлмесінде бәле іздеп келген біреулер отыр, ананы-мынаны айтып, миымызды ашытады. «Бәледен машайық қашыпты» деген. Қазір бір шаруамен асығыс шығып кеткен болып, кеңсенің артқы жағындағы ұрын есіктен кабинетке қайта кіріп, әңгімемізді жалғайық, – дейді Мұсатай қулана күліп. – Әйтпесе, бұл ағайын маза бермейді екеумізге. 

Құрдасы екеуі «маневр» жасап, көп ұзамай үзілген әңгімені қайта жалғапты...

Салық инспекциясының жігіттері орынсыз тиісе берген соң, бір күні Мұсатай олармен қақтығысып қалады. Екі инспектор қара аспанды төндіріп, «ұрып-соқты, әке-шешемізден түк қалдырмай боқтады» деп, ішкі істер бөліміне құлаштай етіп арыз жазады. Бәле іздегендерге аяқ астынан куәлер де табыла кетіп, базардың директоры он бес тәулік мерзімге абақтыдан бір-ақ шығады.

Күйеуін он бес тәулікке отырғызып қойғанын естіген аудандық ЗАГС-тің меңгерушісі Рызагүл Апбасова жанұшыра жетіп келеді. 

– Ойбай-ай, абақтыға түсетіндей не бүлдіріп қойдың, Мұсатай? – дейді жылауға шақ тұрған келіншегі. – Дос бар, дұшпан бар, елдің бетіне қалай қараймыз, ұят болды-ау! Масқара! Енді не істейміз? 

– Рызагүл, ештеңе етпейді, абыржыма, ұлы адамдардың бәрі де түрмеде отырған, – дейді Мұсатай жайбарақат. – Не көрмеген бас, абақтыға да жатып көрейін...

Абақтыға алғаш күні түскенде лампочка бітпен күйіп кетіп, қара ормандай қап-қараңғы болатын. Мұсатай қарамағындағы бір жігітке тапсырма беріп, электр шамдары жарқырап, күзетшілердің көзі ашылып қалды. Он бес тәулік мерзімі бітіп, ертең үйге қайтайын деп отырғанда, Ясная-Полновка ауылындағы орта мектепте директор болып қызмет атқаратын сыныптас досы Серғазы артынып-тартынып келді. Аш құрсақ болып жүрген сержант та ақкөңіл жігіт екен, ет жеп, сорпа ішіп, ағынан жарылды: 

– Мұсатай аға, сіз сияқты тәртіп бұзушылар көп болса ғой, шіркін! Абақтымыз тастай қараңғы еді, он шақты лампочка қойғызып, жарқыратып қойдыңыз. Алты айдан бері жалақы ала алмай, тоя тамақ ішпей жүр едік, сіз келгелі бері кәдімгідей ет жеп, сүйек мүжіп, адам болып қалдық. Не дейміз, аға, мына кішкентай абақтымызда жата беріңіз. 

– Әй, сержант, жата бер дегенің не, аман-есен шығыңыз деп айтпайсың ба? – деді жанында отырған учаскелік инспектор ескерту жасап. 

– Әрине, аман-есен шығуыңызға тілектеспін ғой, – деді сержант тоқпан жілікті қолына алып, – бірақ, сіз кетіп, түрмеміз қаңырап қалатын болды, бізге жиі-жиі келіп тұрыңызшы...

 

ӘКІМДЕР НЕГЕ ҚАШТЫ?

1997 жылдың күзінде Жамбыл қаласындағы Тұрар Рысқұлов атындағы санаторийдің бастығы Көпжасар ағасы Мұсатайды өзінің 60 жылдық торқалы тойына шақырды. Шерхан Мұртазаға туыс болып келетін Көпекеңмен «Путь коммунизма» колхозында қызмет атқарып жүрген кезінде, шаруашылықтың төрағасы Сәбит Қадыровтың қарашаңырағында танысқан болатын. Адам баласын жатырқауды білмейтін, аңқылдап қалған ақкөңіл, әзіл-қалжың десе қамшы салдырмайтын ағасымен Мұсатай тез тіл табысып, небір әңгімелерді айтып, әбден күлдіргені бар. Содан бері қанша уақыт өтсе де, сәлемдері түзу. Көпжасар үлкен басымен ашық-жарқын інісін сыйлап, жаны қалмай тұрады. Көптеген жылдар бойы Шымкент қаласында тұрып, медицина саласының өркендеп-дамуына үлкен үлес қосқан атақты дәрігер 1990 жылдардың басында Жамбыл қаласына қоныс аударып, Тұрар көкесінің атындағы санаторий ашқан болатын. Бұл шипалы орын аз уақыттың ішінде бір Жамбыл өңіріне ғана емес, бүкіл Қазақстанға белгілі болды.

Көпжасар ағасының 60 жылдық торқалы тойы өзі іргесін қалаған санаторийде өтетін болып, Мұсатай шақырылған жерге өз уақытында келді. Есімі белгілі, ел, халық сыйлайтын беделді азаматтың тойына 250-дей кілең ығай мен сығайлар шақырылыпты. Қазақтың тойы әдеттегідей кеш басталады емес пе, дегенмен біраз адам жиналып қалыпты. Облыс әкімінің орынбасары, аудан әкімдері қоршап әңгімелесіп тұрған Шерхан ағасына сәлем беріп, Мұсатай сәл шеттеу барып тұрды. «Төрге шықсаң, есік жаққа қарап отыр» демекші, Шерхан Мұртаза адам жанын түсіне білетін, сезімтал жан. Ол Мұсатайдың топтан шеттеу, елеусіздеу тұрғанын байқап: «Әй, Мұсатай мырза, сен шеттемей, бері келсеңші!» – деді. «Сарыағаш» базарының бастығы аяғын жайлап басып, кілең мықтыларға жақын¬дады. 

– Мұсатай мырза! Сенің әңгімелерің қызық қой, бір әңгімеңнен айтсаңшы, – деді Шер-аға Мұсатайдың арқасынан қағып. 

– Не айтайын, Шер-аға! Әңгіме айтқыштардың небір дүлдүлдері жаныңызда тұр емес пе? 

– Дегенмен сенің айтатын әңгімелерің маған ұнайды, жұрт та естісін. 

– Шер-аға, мына әкімдерді қалай жеңуге болады? – деді Мұсатай жазушы ағасына күтпеген сұрақ қойып. 

– Ой, Мұсатай-ай! Сен маған өте күрделі сұрақ қойып тұрсың, – деді Шерхан Мұртаза басын шайқап. – Қалмақ пен қазақтың соғысын білесің бе? Қазақтың қалмақты қалай жеңгенін білетін боларсың? 

– Білмеймін, Шер-аға. Ол кезде мен жоқ едім ғой. 

– Білмесең, біліп жүр, Мұсатай мырза, – қазақтар қалмақтарды бір сайға қуса, екінші сайға қашып, ол жерден қуса, үшінші сайға қашып, қалмақтарды әбден титықтатып өлтірген. Әкімдерді де өстіп титықтатып жүріп, жеңесің.

Мұсатай Шер-ағасының сөзін төмен қарап, күліп тыңдап тұрған, басын көтеріп еді, бірде-бір әкімқара қалмай, Шерхан Мұртаза екеуі ғана қалыпты. 

– Мұсатай, мыналардың бірде-біреуі қалмапты ғой, – деді Шерхан Мұртаза – қайда кеткен? 

– Білмеймін, Шер-аға. Қалмақтар сияқты титықтатып өлтіреді деп қорыққан болу керек, қашып кетіпті ғой. Уақыт біраз болып қалды, той неге басталмай жатыр, Шер-аға? 

– Тойды басқаратын тамадалар келмей жатқанғаұқсайды, Мұсатай мырза. 

– Сонда тамадаларға ақша төлемегені ме? 

– Мұсатай мырза, бәрін білесің де, мұны білмегенің қалай? Қазір басты тамада облыс әкімі емес пе? Шымкенттен Халықов, ал Әулиеатадан Қалмырзаев деген тамадаларды күтіп тұрмыз. Оларсыз той қалай басталады!? Жүр, ішке кірейік, дөкейлер келсе келе жатар...

 

«МЫНА ЖІГІТ БҰЗЫҚ ҚОЙ...»

1998 жылы Шерхан Мұртазаның атақты «Ай мен Айша» атты романы жарық көріп, шынайы жазылған көркем дүниеге әдебиет сүйер қауым үлкен баға беріп жатты.

көрерменге ой салған қойылым

Жас әдебиеттанушы Хамит Есенаманның Тараз қаласында шығатын «Жамбыл» журналында жарияланған әдеби-сын мақаласындағы мына үзіндіге кім де болмасын бейжай қарамайды.Жас сыншы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көркем сөздің шебері Шерхан Мұртаза туралы:

«Табалдырықтан асқан тау жоқ, сол сияқты туған жерден биік тұғыр да болмайды. Іңгәлаған сәтіңнен іргелі тұлға болғанға дейінгі аралық – ешқашан қайталанбайтын ұлы ақиқат. Ал жазу дейтін жауһар әлемнің ішінде тағдыры тебірентетін жалғыз ғана қасиет, жүз бұратын құбыла да туған жер.

Арманшыл жүрек алысқа жетелейді, талапшыл тұлғаны қалыптастырады. Біздіңше, жақсылық диқаншысы да, ізгілік себепшісі де тек әдебиет адамы сияқты болып көрінетін. Әлі де солай болса керек.

Ілгеріде «Интернат наны» деген әңгіме оқыдым, авторы Шерхан Мұртаза екен, тағдыр туралы тәмсілді сонда түсініп едік. Әлтайдың тұтас болмыс-бітімі, түр-тұлғасы көз алдымызда. Әдебиет дегенде әсемқоңыр әуенге елтіп сала беретін көңіл әсте жалғыз әңгімемен қанағаттана қоймаған. Кейін бала Барсхан бейнесі бірде қуантып, бірде мұңайтып жүрді. Туған әкенің түлеп ұшқан топырақтан жырақ кетуі, жалған жаланың кесірінен жат жерден топырақ бұйыруы, одан кейінгі ауылдағы сүреңсіз өмір, әсіребелсенділердің әкіреңдеген айқайы, жетім баланың жарым көңілі, жесір ананың көңілін бағу, одан зұлмат соғыс, жоқшылық... бала Барсханның басындағы кеп осы. Мұңайтады, әрине. Ал қуантатыны – ол жасық емес еді. Абзал әкенің қарашаңырағын қасиеттеп ұстайтын, қадірлеп күтетін парасатты перзент еді. Бүгінгі отбасының тірегі, бәлкім болашақта баба жолын, ата салтын ұстанған сөз мұрагері...

Осы жайдың бәрін де Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» шығармасында жазғанымен, бұл адамзаттың азабын арқау еткен ғұмырнама. Өмірден не көрдің, неге жете алмадың, неге жеттің, бәрі осында. Шығармада әуелгі Барсханның, кейінгі Шерханның азаматтық болмысында, жазушылық ұстанымында қалыптасқан қағидалар бар. Тіпті, шығармадағы өзі тізген оқиғалардың ішінен өзінің шығармашылық тағдырын айқындаған, жазушылық кемелдігін танытқан сәттерді де көруге болады», – деп тебірене жазды.

Кеңес дәуірі кезінде болса, Қазақстанның Халық жазушысы Мұртаза ең кем дегенде 60 000 сом қаламақы алып, шалқақтап жүрген болар еді, Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда жазушы-ақын ағайындар өгей баланың күйін кешіп, қаламақы дегенді тек түсінде көретін болды. Ол аздай, шыққан кітаптарын өздері сатуға мәжбүр.

Мұсатай базардың ішіндегі жұмыс кабинетінде Серғазы және Құнанбай деген класстастарымен шай ішіп отырған. Кенет есік ашылып: «Базарком бастығы Мұсатай осында отыра ма екен?» – деп Шерхан ағасы кіріп келді.

Мұсатай орнынан ұшып тұрып, жақсы сыйлайтын ағасымен сәлемдесіп, шайға шақырды.

– Шер-аға, мені мақтап жүреді екенсіз, екі жолдасыммен шай ішіп отыр едім. Келгеніңіз жақсы болды. Ат-көлігіңіз аман ба?

– Мұсатай, мына жігіттер кімдер? – деді Мұртаза дастарқан басында отырған екі жігітке қарап.

– Серғазы да, Құнанбай да Жуалының мықты азаматтары, мектеп-интернатта бірге оқығанбыз, – деді Мұсатай жолдастарын таныстырып.

– Өзіміздің жігіттер екен ғой, – дейді Шер-аға басындағы қалпағын шешіп. – Мұсатай, саған бір шаруамен келіп едім. Жақында жарық көрген «Ай мен Айша» романының он данасын әкеліп едім, соны өткізіп бер, ақшасы керек еді, бар болса, қазір бер, болмаса кешке «Талаптыдағы» Батырханның үйіне апарып тастарсың.

– Мақұл, Шер-аға, кешке дейін жеткізіп берейін, – деді Мұсатай қалбалақтап.

– Мына жолдастарың менің кітабымды алмай ма? – деді Шерхан Серғазы мен Құнанбайға бұрылып.

Серғазы көздері жыпылықтап, төмен қарады. Қандай шайтан түрткенін бір ит білсін, Құнанбай Шерхан Мұртазаға қарап: «Біз сіздің кітабыңызды оқымай¬мыз, сатып алмаймыз», – дегені. Мұсатай жолдасының мына сөзі үшін жерге кіріп кете жаздады.

– Мұсатай батыр, мына жігіт бұзық адам ғой, – деді Шер-ағаң басын шайқап.

– Мұны қандай шайтан түрткенін біл¬меймін, дұрыс жігіт сияқты еді, – деді Мұсатай досы үшін ұялып. – Аға,рұқсат болса, сізбен елу грамм коньяк ішейік.

– Мұсатай, сенімен ішуге болады, – деп, Шер-ағаң алдында тұрған ішімдікті бір-ақ тартты. 

 

«ЖАҚСЫ АДАМНЫҢ АШУЫ...»

Тараз қаласында Сарқырама деген көрікті жер бар. Сол жерде бой көтерген зәулім мейрамханада белгілі бір азаматтың мерейлі тойы болып, Алматыдан жұбайы – Ақбикені ертіп, Шерхан Мұртаза келді. Мұсатай көппен бірге жазушы көкесімен амандасып, өзінің орнына жайғасып, той дүркіреп басталып кетті. Көп болса бір сағаттай өткен, тойды тамашалап отырған Мұсатай Шерхан көкесінің бірдеңеге ашуланып, шығып бара жатқанын аңғарып қалды. Артынан екі жігіт қуып жетіп, басу айтпақ болып еді, қолын бір-ақ сілтеді.

Сол жылдары Жуалы ауданының әкімі Айтқазы Қарабалаев деген жігіт болатын. Ол Мұсатайдың жанына келіп: «Мұсеке, сыртқа бір минутқа шығып кетіңізші», – деп өтініш білдірді. Амалдың жоқтығынан, Қарабалаевтың соңынан ереді.

– Мұсатай аға, Шерхан көкем біреулерге ренжіп, тойдан шығып кетті. Сізді жақсы көретінін білем, ашуын басып, тойға ертіп келіңізші! Мен барайын десем, әкемді танытып, қуып жібере ме деп сескеніп тұрмын. Сөйтіңізші, аға, Шер-аға сізді тыңдайды, – деді әкім жалынғандай болып.

Шерхан Мұртаза мейрамхананың бір шетіндегі ағаш орындықта жалғыз өзі шошайып отыр, қабағы түсіп кеткен. Сырт қараған көзге жаралы жолбарыс сияқты көрінеді.

Мұсатай жүрексіне аяқ басып, көкесінің жанына келіп: – Ассалаумағалейкум, Шер-аға! – деп сәлем берді.

– Уағалайкүмассалам! Мұсатай батыр, сен де жүрсің бе бұл тойда?

– Иә, «Шақырғаннан қалма, шақырмағанға барма» деген, Шер-аға, – деп ағасының жанына отырды.

– Шер-аға сізге бір әңгіме айтып берейін.

– Ол неғылған әңгіме? – деді әлі ашуы басыла қоймаған Шерхан Мұртаза мұрты тікірейіп.

– Бір ақкөңіл жігіт болыпты, – деді Мұсатай әңгімесін бастап. – Әбден сүрбойдақ болып жүріп, көрші аудандағы бір қызға үйленіп, дүркіретіп той жасапты. Екі жыл өткен соң, енесі келіпті, ол да түбі түскен шелектей даңғырап қалған ақкөңілдің ақкөңілі екен. Екеуі шай ішіп шүйіркелесіп, әңгімелесіп отырады.

– Апа, сіздің қызыңызды қыздай алдым емес пе, келіншегім тумай жүр, – депті күйеу баласы.

– Ол сорлықараға не болған? – депті ақкөңіл енесі. – Ауылда жүргенде, жылда қоян құсап туып жатушы еді ғой.

– Ойпырмай, ә! Осындайда ақкөңіл жандар болады екен-ау. Ой, Мұсатай, сенің де таппайтының жоқ.

Шер-ағаң ішек-сілесі қатып, иығы селкілдеп күлді.

Осы кезде аудан әкімі Қарабалаев та келе қалды. «Жақсы адамның ашуы – жібек орамал кепкенше» деген осы. Шер-аға түк болмағандай, орнынан тұрып той залына бет алды.

Осыдан біраз жыл бұрын Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті қоғам қайрат¬кері, Қазақстан Республикасы Мемле¬кеттік сыйлығының лауреаты Шерхан Мұртазаның 80 жылдығы туған жері – Жуалыда, облыс орталығы – Тараз қаласында аталып өтіп, соңы тойға ұласты. Мұсатай көптеген жерлестері сияқты осы игі шараның басы-қасында жүрді.

Қазақтың Шерағасы өмірден өтті. Қаламгер шығармалары - өшпес мұра: 10  октября 2018, 15:39 - новости на Tengrinews.kz

Шерхан Мұртаза 2015 жылы жүрек талмасына ұшырап, төсек тартып қалғанда, Алматыда тұратын бір топ жазушы-журналистермен бірге барып, көңілін сұрағанда, Мұсатайды таныды, бірдеңе айтқысы келді, бірақ айта алмады. Мұсатай да бұл жолы пайғамбардай сыйлайтын көкесіне ауыл әңгімелерін айта алмады.

Көп ұзамай-ақ Шерхан Мұртаза дүниеден өтті деген қаралы хабар келді...

Доқтырхан Тұрлыбек, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
17.08.2022

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 325
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6428
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 8041
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6508
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 6645