Теңгеш Қаленова: Мемлекеттік комиссияның қарауына рұқсат берілмеген құпия құжаттар әлі де бар

Теңгеш Қаленова: Мемлекеттік комиссияның  қарауына рұқсат берілмеген құпия құжаттар әлі де бар

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жылы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылды. Қазақ тарихындағы ақтаңдақтарды ақтауға арналған комиссия қазір қызу жұмыс істеп жатыр. Халқымыздың қилы тарихын түгендеу, советтік саяси қуғын-сүргін шындығын ашу, құпия құжаттарды зерттеп, зерделеу арқылы зұлмат жылдардың заң жүзінде әділ бағасын беру – бүгінгі күн талабы. Отандық тарихшылар мен зерттеушілердің қажырлы еңбегі мен табанды ізденіс, зерттеулерінің нәтижесінде құпия құжаттарға «тіл бітіп», ғылыми айналымға енгізілмек. Осы орайда, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-і саясаттану кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Ақмола өңірі бойынша Саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санатын толық ақтау және зерттеу жұмыстары бойынша  құрылған Өңірлік комиссияның сегізінші жұмыс тобының мүшесі Теңгеш Қаленовамен  сұхбаттасқан едік.

– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрылған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы қазір қандай бағытта, қалай өрбіп жатыр?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы негізінде елімізде республикалық және өңірлік деңгейде 10 комиссия құрылғаны белгілі. Комиссия алдына қойылған басты міндет  – кеңестік билік кезінде Қазақстанда 1920-1950 жылдары әртүрлі санатпен істі болып, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды анықтап, оларды толық ақтауға негіз болатын мұрағат құжаттары мен басқа да дәлелді деректерді зерттеп-зерделеу.

Республика бойынша мемлекеттік комиссияның жалпы жұмысын ұйымдастырып, үйлестіру белгілі заңгер, қоғам қайраткері Сабыр Ахметжанұлы Қасымовтың жетекшілігімен Жобалық кеңсе қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында жүзеге асып жатыр. Комиссияның жұмысы күштеп ұжымдастыру, байлар шаруашылығын тәркілеу, 1920, 1930 жылдардағы аштық, кеңестік саяси науқандарына қарсы халық көтерілістері, босқындар, соғыс тұтқындары мәселелерін, сонымен қатар, Алаш зиялыларының қоғамдық-саяси қызметін зерттеуге және Қазақстанның территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен жекелеген адамдар мен топтарды, қоғамдық-саяси ұйымдарды, сондай-ақ осы идеялары үшін мемлекеттік бақылау мен қуғын-сүргінге ұшыраған қызметтік, ғылыми, мәдени және басқа салалардағы тұлғаларды заңдық және саяси тұрғыдан толық ақтауға бағытталған. Мемлекеттік комиссия құрамында тарихшы-ғалымдар, архив қызметкерлері, басқа да қажетті салалардан зерттеушілер, мәселен, соғыс тұтқындарын зерттеумен айналысатын әскери қызметкерлер, арабша жазылған деректерді оқитын араб тілі мамандары бар.

– Білуімше, Ақмола өңірі бойынша қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарын толық анықтау және зерттеу жұмыстары бойынша құрылған Өңірлік комиссияның мүшесісіз. Жұмыс барысы қандай бағытта, қалай жүріп жатыр?

– Иә, Президент Жарлығының негізінде Астана қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 26 қаңтардағы Қаулысына сәйкес Ақмола өңірі бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Өзім Ақмола өңірі бойынша қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарын толық анықтау және зерттеу жұмыстары бойынша құрылған Өңірлік комиссияның сегізінші жұмыс тобының мүшесімін. Біздің топ тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Күлпаш Мырзамұратқызы Ілиясованың жетекшілігімен жұмыс атқаруда. 

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ҚР Ішкі істер министрлігінің арнайы архив қорларындағы құжаттар, Астана қаласының Мемлекеттік архиві, сонымен бірге, Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архив материалдары негізінде Ақмола өңірі бойынша  тоталитарлық жүйе құрбандарын толық ақтауға қатысты ғылыми ізденістер жүргізілуде.

– Ақмола өңірі еліміз бойынша аштық зардабын қатты тартқан, ең бір қасіретке толы аймақ. Зерттеу, тексеру жұмыстары барысында қандай құжаттарға жолықтыңыздар?

– 1921-1922 жылдардағы ашаршылық кезінде Ақмола губерниясы республиканың аштыққа ұшырамаған аудандарының қатарында саналып, Қостанай ашыққандарына жәрдем беруге міндеттелгені туралы білетін боларсыз. Бірақ архив құжаттары бұл жылдары Ақмола өңірін де  аштық жайлағанын, тіптен кейбір аудандарда аштықтан адам етін жеу оқиғалары да болғанын айғақтайды. Сондай-ақ, 1924 жылы Ақмола уезінің бірқатар елдімекенінде аштық болып, уезд бойынша ашыққандар саны 25000 адам, соның  7000-ын қала тұрғындары құраған. 

Қазіргі уақытта 1920-1950 жылдары Ақмола облысы мен Ақмола қаласы бойынша 6 832 адам қуғын-сүргінге ұшырағаны, 6216-сы  ақталғаны, 616 адам ақталмағаны анықталды. Астана қаласының Мемлекеттік қалалық архивіндегі 65 қорда 1930 жылдары Ақмола өңірі бойынша жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырап, істі болған азаматтардың  1,5 мың құжаты сақталған. Осы материалдарға талдау, зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ондағы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың «Қашан, қандай айыптаумен, қандай қылмыстық баппен сотталғаны» жайында құжаттық негізде база жасалуда.  Осы жұмыс нәтижесінде де Ақмола өңіріне қатысты бұрын беймәлім болған жазықсыз жапа шеккен азаматтардың жаңа есімдері анықталатыны сөзсіз.

– Атқарып жатқан жұмыстарыңыздың ғылыми негізі қарастырылған ба?

– Әрине, комиссия жұмысы барысында жинақталған барлық мұрағат құжаттары мен басқа да дереккөздері шынтуайтты, нақты фактілерге сүйенген, ғылыми негізді, дәлелді болуы үшін кең ауқымды зерттеу жұмыстары жүргізіледі. 

– Жұмыс барысында қандай да бір кедергі келтіргісі келген жағдайлар кездесті ме?

– Кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргінге қатысты құжаттар 1991 жылға дейін «аса құпия» санатында болып келді. Кеңес Одағы ыдырап, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана бұл тақырыпқа қатысты материалдарды қарауға мүмкіндік болды. Алайда сол кезде де, қазір де құжаттардың біршамасы құпиясыздандырылмағаны мәлім. Осы ретте кейбір құжаттарды жариялауға мүмкіндік жоқ. Әрине, алдағы толыққанды зерттеу жүргізу үшін бұл мәселелердің тиісінше шешілгені абзал болар еді.

– Зерттеу, тексеру барысында өзіңізді таңғалдырған қандай да бір құпия құжаттарға кездестіңіз бе?

– Жоғарыда айтқанымдай, Астана қаласының Мемлекеттік қалалық архивіндегі 65 қордың материалдарымен жұмыс жасағанда 1930 жылдары Ақмола өңірінде қуғын-сүргінге түсіп, істі болған азаматтардың дені 20 мен 50 жас аралығындағы қазақ ер-азаматтары болғанына көз жеткіздім. Тіпті, кеңестік зұлмат заманында 15 жастан  бастап саяси қуғын-сүргінге ұшырағанын айғақтайтын архив құжаттарын да кездестірдім. Бұл – өте өкінішті жағдай. Өйткені  осылайша біздің ұлттың өрімдей жастары, «тепсе, темір үзетін» ер-азаматтарымыз жаппай репрессиялаудың құрбаны болуы салдарынан қазақ ұлты өсіп-өнбей, саны қысқарып кетті деп ойлаймын.

– Мемлекет тарапынан әлі де құпиясыздандырылмаған, яғни әлі де «тиісуге болмайтын» құжаттар бар деп отырсыз... Екі жыл мерзім аяқталып та қалды. Комиссияның жұмысы қашанға дейін жалғасады?

– Мемлекеттік комиссия жұмыс топтарының зерттеу жүргізіп отырған хронологиялық шеңбер ауқымы өте кең, яғни 1920-1950 жылдар, сонымен бірге, 1917-1920 жылдардағы еліміздің қоғамдық-саяси жағдайы да қоса қарастырылуда. Осындай аралықтағы қуғын-сүргін құрбандарын анықтау, қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың жаңа санаттарын айқындау, зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуге біраз уақыт қажет. Сондықтан алдағы уақытта да осы игі жұмыс жалғасын табады деп ойлаймын. Дәл қазіргі уақытта 10 жұмыс тобынан 3 топ жасақталып, қарқынды жұмыс атқаруда.

– Екі жылда атқарған еңбектеріңіз қандай да бір жинақ болып шыға ма?

– Ақмола өңірі бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысының бір нәтижесі ретінде «Ақмола өңірі архив құжаттарында. 1920-1940 жылдар» және «Ақмола өңіріндегі қуғын-сүргін (ХХ ғасырдың 20-40 жылдары)» атты құжаттар жинағы баспадан шығаруға әзірленуде. Бұл жинақты 3 тараумен шығару жоспарлануда. Жинаққа 1917 жылдан бастап, 1940 жылдар аралығындағы Ақмола өңірінің қоғамдық-саяси өмірін жан-жақты ашып көрсететін архив құжаттары мен баспа материалдары енгізіледі.

– Жалпы Мемлекеттік комиссияның жұмыс қорытындысынан қандай нәтиже күтуге болады?

– ҚР Президенті Жарлығының негізінде Мемлекеттік комиссияға келесідей міндеттер жүктелген болатын: 1. Саяси қуғын-сүргін және заңсыз қудалау құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмысын аяқтау; 2. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық заңдық және саяси ақтау үшін заң жобаларын және өзге де заңға тәуелді актілерді әзірлеу жөнінде Үкіметке ұсыныстар әзірлеу және енгізу; 3. Жазықсыз сотталған және саяси қуғын-сүргінге, өмірі мен бас бостандығынан айыруға, психиатриялық мекемелерде мәжбүрлеп емдеуге, елден шығаруға және саяси нанымдар, таптық, әлеуметтік, ұлттық, діни немесе өзге де қатыстылығы бойынша құқықтар мен бостандықтары өзге де шектеулерге ұшыраған тұлғаларды ақтау процестерін ғылыми зерделеу және жүргізу әдіснамасын анықтау; 4. Қазақстанда іс жүзінде ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандары санаттарының толық тізбесін айқындау, оның ішінде: қолданыстағы заңнамада қамтылмаған құрбандар санаттары; заңнамада аталған, бірақ іс жүзінде ақталмаған құрбандар санаттарын айқындау. Міне, осы міндеттерді жүзеге асыруда Мемлекеттік комиссия тұтас ұйымдық құрылым ретінде қалыптасып, қажетті әдістемелік база әзірлеп, мемлекеттік, ведомстволық, шетелдік архивтерде кешенді іздестіру жұмыстарын атқаруда. 

Елімізде 1920-1950 жылдары саяси қуғын-сүргін құрбандарының жалпы цифрлық базасы жасалып, жинақталған архив материалын талдамалық және сараптамалық бағалау жұмыстары жүргізіліп, олар жинақ, ғылыми еңбектер түрінде баспадан жарияланып, көпшілікке қолжетімді болады. Осылайша, тоталитарлық жүйенің тауқыметін тартқан құрбандардың есімдері анықталып, ел жадында сақталуы тиіс.

– Мемлекеттік комиссия жұмысы, яғни Сіздердің атқарып жатқан қажырлы еңбектеріңіз қазақ халқының ұлттық рухани жаңғыруына, ұлттық код, тарихи жадтың оянуына, ұрпағымыздың ұлттық санасының қалыптасуына әсері қаншалықты болады деп ойлайсыз?

– Кеңес заманында қазақ халқына «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені аян.  Сол зұлматты кезеңдегі саяси қуғын-сүргінге ұшыраған әрбір азамат жөнінде тарихи әділдікті қалпына келтіру – Мемлекеттік комиссияның басты міндеті. Бұл игі іс қазақ халқының рухани жаңғыруы үшін де, ұлттық коды мен тарихи жадын, әсіресе жас ұрпақтың ұлттық санасын қалыптастыруда өте маңызды екендігі еш даусыз деп санаймын. Өйткені дана халқымыз айтқандай: «Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес».

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
28.11.2022

Ұқсас жаңалықтар

АРЫСҚА ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР КЕЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 28.03.2024 60
ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ – ДОМБЫРА
Дәулетбек Байтұрсынұлы - 28.03.2024 111
ОТАНСЫЗ ЖЕТІМ, ДІНСІЗ БАҚЫТСЫЗСЫҢ
Нұрлан Байжігітұлы - 28.03.2024 45
АППАРАТТЫҚ КЕҢЕСТЕ
Шу ауданы әкімдігі - 28.03.2024 35

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 339
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6441
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 8153
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6522
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 6657