Ұлағатты әулет

Ұлағатты әулет

   Мен ол кісілерді көптен бері білемін. Көрген сайын осынау жұптары жарасқан ерлі-зайыпты екеуіне қызыға қараймын. Сөйлеген сөздері мен   жүріс-тұрыстары,  іс-қимылдарынан-ақ биязылық, ізгілік, мәдениет пен зиялылықтың лебі есіп тұрғандай сезінемін. Оларды көрген жандардың өздері де дәл осындай болуға ұмтылатыны анық. Қазақта «әдемі қартаю» деген ұғым бар. Отағасының жасы 80-ге, апамыздың жасы 75-ке келсе де, «сырлы аяқтың  сыры кетсе де сыны кетпес» дегендей, жастық шақтарында  жылы жүзді де шырайлы, сабырлы да салиқалы  жандар болғаны көрініп тұр. «Қазіргі қазақ отбасына лайық деп кімді айтар едіңіз?»  деген сұрақ қойылса, ойланбастан осы екі жұпты ұсынар едім. Оған енді біреулер дау айтып, менімен таласа қоймас деп ойлаймын. Бәрін басынан баяндайықшы.

55 жыл  бір шаңырақта бас қосып, 5 бала тәрбиелеп өсіріп, бірге тұрып келе жатқан Сәбит Иманғалиев пен Зүбайра Қыстаубаеваның өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге десек те болады. Сәбит аға – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы. Негізгі мамандығы – мұғалім және дәрігер. Ол Қазақстанның әр жылдары астанасы болған Қызылорда, Алматы, Астана қалаларындағы көшелерге аты берілген танымал тұлғалар жайлы зайыбы Зүбайрамен  бірлесіп, 3 тілде 5 кітап  жазған. Екеуінің «Астаналардағы көшелер» атты кітабы 2014 жылы Германияның Майндегі Франкфург және Түркіменстанның  Ашхабад қалаларындағы Халықаралық кітап көрмелеріне қойылған. Отанасы Зүбайра – Қазақстан білім беру ісінің үздігі. 1988-2007 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде,  Алматы экономика және статистика академиясында, Қазақ-Америка университетінде аға оқытушы болып қызмет істеді. 1989 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан  кешкі орта мектептің 9-11 сыныптарына арналған «Қазақ тілі» оқулығының авторы. 1999 жылдан бастап екеуі де шығармашылық жұмыстармен айналысты. Зейнеткерлікке дейін жоғарғы оқу орнында студенттерге дәріс оқыды.

Бір-біріне мықты тіреу, сенімді сүйеу болып келе жатқан олардың бас қосқаннан бері айнымас отбасылық қағидасы бар. Ол – этнопедагогика, халықтық тәлім негізінде балаларына ұлттық тәрбие беру, тамаша ғұмыр кешуге тәрбиелеу. Осы берекелі де ырысты, ынтымағы жарасқан отбасындағы балалардың барлығы да ата-ана үмітін ақтап, өмірдегі өз орындарын тапты. Ұлдың үлкені Бауыржан Л. Гумилев атындағы Еуразия университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты, белгілі жүргеновтанушы, кіші ұл Сәтжан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері, «Болашақ» бағдарламасының (Ұлыбритания) түлегі, заң ғылымының кандидаты, Гүлназ елордадағы заң университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты, Гүлжан Абылай хан атындағы Әлем тілдері университетінің аға оқытушысы, магистр, Гүлсара ҚР Қаржы министрлігінде білікті маман.  Ата-аналары осылардан 20 немере, 6 шөбере сүйіп отыр. Сондай-ақ Сәбит аға мен Бауыржан екеуі де Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Құрметті азаматы. Иманғалиевтер әулетінде 17 кітап жазылыпты. Балалары мен немерелері бірнеше тіл меңгерген. 

2008 жылы бұл отбасы халықаралық «Қазақстан ZAMAN» (қазіргі «Qazaqstan dauiri») газеті жариялаған «Үлгілі отбасы» байқауында жүлделі орын алды. Ал 2018 жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының Алматы қалалық іріктеу кезеңіне қатысқан 131 отбасының арасынан Бас жүлдені  (Гран-При) иеленді. Сондай-ақ сол жылы қыркүйек айында елордада өткізілген республикалық байқауға «Иманғалиевтер отбасы» ғана қатысқанын атап айтқанымыз жөн болар. Қашанда қазақша салт-дәстүрді сақтаған, өнер мен спорт саласын да қатар алып жүрген осындай отбасының әркез мерейі үстем, мәртебесі жоғары болмақ!

                               

 Шәкірттер сыр шертеді... Ертай Айғалиұлы, «Qazaqstan dauiri» газетінің Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі: Ұстазыммен  мақтанамын!

 

Бәрі де балалық шақтан басталады ғой. Әсіресе алтын ұя мектептегі арман қанатында қалықтаған балауса шақтардың орны бөлек. Ауыл мектебі қазір де, Кеңес дәуірінде де рухани орталық болып есептеледі. Расында да 60-70 жылдары жаңадан құрылған Аққыр ауылындағы болып өткен жайттарды енді сағына еске аласың. Аядай ғана шағын ауылдағы қазандай қайнап жатқан тіршілік сан-салалы еді. Сол қарбалас істер, думанды шақтардың бір жағында балалар да жүретінбіз. Бір ғажабы ауылымызда, мектебімізде неше түрлі үйірмелер жұмыс істейтін. Үрмелі аспаптар, домбыра дейсің бе, бәрі де бар. Сондағы шәкірттерден құралған оркестрлер ауыл клубында дүрілдетіп концерт қоятын. Осының бәрін ұйымдастыратын сан қилы мамандық иелері, жас мамандар болатын. 

Солардың көш басында сол кездері тепсе темір үзетін жалындаған жігіт, қазір 80-ге келіп абыз атанған Сәбит Иманғалиев ағамыз жүрді. Әу баста Сәбит ағамыз ауылдағы медпунктте (кейін аурухана болды) меңгеруші болып жұмыс істеді. Өте білікті дәрігер болатын. Кейін мектепке мұғалім болып ауысты. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, менің ұстазым әрі ақылшы ағамыз  80-нің сеңгіріне шықса да, әлі де тың, сол баяғы елгезек, белсенді қалпы. Менің білетінім қай жаста, қай жерде жүрмесін, Сәбит аға осы ғажап қасиеттерінен өмірбақи ажыраған емес. Мектепке жұмысқа ауысып келгенде де тынымсыз, ізденгіш, еңбекқорлығымен көзге көрінді. Өзінің беретін пәнін жақсы көретінін ол кісі нақты істерімен дәлелдеді. Мәселен маған жасаған бір зор қамқорлығынан осыны аңғаруға болады. Ол кезде 9-класта оқитынмын. Сәбит аға қазақ әдебиетінен сабақ беретін. Бір күні мені шақырып алып: «Алматыда оқушылардың арасында көркем әңгіме жазудан байқау өтіп жатыр екен. Соған әңгіме жазып, бағыңды сынап көрсейші», – деді. Екі күн отырып «Қызыл етік» деген әңгіме жаздым. Ағайым қарап шығып, ол әңгімені өзі байқауға аттандырып жіберді. Кейін сол байқаудың жүлдегері болдым. Алғашқы тырнақалды әңгімемді жазуыма себепкер, дәнекер болған ұстазымның бұл жақсылығын мен үнемі айтып жүремін. Менен сұхбат алғанда да «жазушы болуыма көмектескен, ықпал еткен Сәбит ағайым!» деп бірден жауап беремін. 

Сәбит ағамның шығармашылығымен жақсы таныспын. Ара-арасында бізге де жазып тұрады. Мысалға өткен жылы «Жоғын түгендемейтін қазақтың болашағы жоқ» деген зор мақаласы шығып, көпшіліктің арасында үлкен резонанс туғызды. Ақсақалдық сөзін ащы-ащы етіп айтты. Ұлтының, мемлекетінің болашағына алаңдап, болашақта не істеу керек екенін қадап-қадап жеткізді. Қазір «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп атойлап жатырмыз. Бұл мақалада айтылғандар соған дайын бағдарлама десе де болады. 

Ағаның өмірбаянына бір сәт үңілсек, сона-ау 1959 жылы мектеп бітіргеннен бастап, тек ізденістің алтын іздерін көресің. Жай мұғалімнен бастап директор болу, әсіресе облыстық «Қазақ тілі» қоғамы мен Тіл басқармасының басшысы болу және онда қыруар шаруалар атқару анау-мынау адамның қолынан келмейтін, нағыз қара нар көтеретін ауыр жүктер. Сол кездері жоқтың қасы «Орысша-қазақша сөздікті»  құрастыру қаншама ғазауат еңбек, ісқағаздарын жасау ол кезде тыңға түрен салғанмен тең. Содан кейінгі көшелер жайында бірнеше сүбелі еңбектер жазды. Базбіреулер айтуы мүмкін: «Ей, қойшы, мұндай еңбекті мен де жазамын» деп. Жо-жоқ, қателесесіз! Мәселен мен жазушымын десем де, қиын да ауыр, жауапкершілігі мол дүниені жазу қолымнан келмейді. Қазақ мұндай ауыр еңбекті «Инемен құдық қазғандай» деп әдемі жеткізген ғой. Осындай салмағы бар еңбектер, кітаптар еліміздің алтын қорынан нық орын алатынына сенімдімін. 

Сәбит ағамның маңдайының бес елі бағы бар адам. Неге дейсіз ғой? Себебі таудай. Әрқашанда ағамыз өмір бәйгелерінде маңдайы жарқырап келіп, бабының келісіп отырғанына зор үлес қосатын, үнемі жанында болатын, рухани жағынан күш-қуат беретін бір нәзік жан бар. Ол біздің апайымыз, ұстазымыз, қазақтың ғажап аналарының бірі де бірегейі, отбасының отанасы Зүбайра тәтеміз. Сәбит ағамызды жар таңдаудан қателестірмеген бір Аллаға шүкір! Ағамыз қандай еңбек, кітап жазбасын Зүбайра апайымыздың көмегіне жүгінетіні сөзсіз. Апайдың да бітірген оқуы, істеген істері, жұмыстары, ат үркетін атақтары бірінен-бірі асады. Жазсаң, тізсең көшқұлаш тізім шығар еді. Әсіресе ол кісінің қазірге дейін мектептерде қолданыста жүрген «Қазақ тілі» атты оқулығы бір төбе. Зүбайра  апайдың  бойында қазақ анасына, әйеліне тән ғажайып қасиеттердің бәрі бар. Біз, шәкірттері, ол кісіні мақтаныш тұтамыз. 

Мен үлгілі отбасылардың қатарына Сәбит аға мен Зүбайра апайдың шаңырағын ұсынар едім. Үлгі алсын өзгелер! Қазақ тілін төрге отырғызып, балаларына ұлттық, заманауи тәрбие бергеннің арқасында осы отбасыдан 3 ғалым шығыпты. Бауыржан, Гүлназ филология ғылымының, Сәтжан заң ғылымының кандидаты. Гүлжан да үлкен университетте аға оқытушы, Гүлсара қаржы саласының бас маманы. Бұл отбасының республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында Алматы қаласы бойынша бас бәйгені жеңіп алғанының өзі неге тұрады! Иә, 80-нің шыңына шығып, жан-жағына ой көзімен қарап отырған Сәбит ағамыз және оның отбасы, әулеті жайында шерте берсек, әңгіме көші 80 нарға жүк болады десек, артық айтқандық емес. Сәбит аға, «Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен көрікті» демекші, сізді және  отбасыңызды Аллам осы берекесі мен мерекесінен айырмасын! 

                                                        

Нұрлыбек Саматұлы, «Таңшолпан» журналының  Бас редакторы, жазушы: Аман жүрсін жақсы адам!

 

Жақсы адамдар туралы жазған қандай ғанибет! Өйткені жақсы адамдар – адамзат қоғамының қазынасы. Олар туралы сөз қозғағың келе беретіні де сондықтан. Адамзат қоғамының жер бетінен жоқ болып кетпей, қиын да болса өркениетке қарай жылжып келе жатқаны осы жақсы адамдардың арқасы. Әйтпесе адам баласы бірін-бірі аяқтан шалудан, тобықтан қағудан, бірін-бірі орға итеруден көз аша алмай келе жатқан жоқ па? Жекелеген зұлым адамдардың кесірінен мемлекет пен мемлекет соғысып, мың-миллион жазықсыз адам көз жұмған оқиғалар тарихта жетіп артылады. Адам адам болғалы әлі күнге дейін бейбіт өмір сүре алмай келе жатса, ол да жамандықтың жақсылыққа жол бермей, үнемі кесел келтіруінің кесірі. Осыны еске алғанда жақсы адамдар туралы ғана ойлағың келеді. Жақсы адамдар туралы ойлау – жақсылықты аңсау деген сөз. Себебі біздің әлеміміз жақсылыққа зәру ғой.

Жақсы адамдар деп өзің жақсылығын көрген адамдарды айтпаймыз, жақсы адамдар деп адамзат қоғамына жақсылық ұрығын себетін ұрпақ өргізген адамдарды айтамыз. Адамзатқа үлгі cолар болсыншы. Жақсылық деген жақсы ой ойлау, жақсы сөз айту емес пе? Ылғи да жақсы сөз айтатын адамдар бейбіт өмірдің бастаушысы.

Сәбит ағам мен Зүбайра апай туралы ойлағанда менің басыма ылғи да осындай ойлар келе бастайды. Ағай 90-жылдардың басында Қызылорда қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы қызметінде еді. Қоғамның кеңсесі облыстық теледидар орналасқан ғимараттың бірінші қабатында болатын. Сәбит ағам сол кеңсеге асықпай-аптықпай кіріп келе жататын, асықпай-аптықпай шығып бара жататын. Облыстық теледидардың редакторы болып жұмыс істеп жүрген мені інім деп бауырына тартқанын қалай ұмытайын?! Ақыл-кеңесін аямайтынын, алғаш танысқан-біліскен кезден-ақ жылы сөзінен, ыстық ықыласынан кенде етпегенін қалай айтпайын? Сол жылдарды ойласам, ағайдың жылы жүзі, ұстамды қалпы көз алдыма көлбеп келе қалады. Ел ағасы елу жасқа толған кезі екен. Осы байыпты қалпынан айнымай аман-сау сексен жасқа да жетті. Кейін ағалы-інілігіміз Алматыда жалғасты. Мен Қызылордадан Көкшетау кетіп, одан айналып Алматыға 1996 жылы көшіп келдім. «Ана тілі» газетіне журналист болып жұмыс істеп жүрген жылдары, ұмытпасам, 1999 жыл болар, кездейсоқ Көк базар маңынан ұшырастырып қалайын. Шұрқырасып, қауышып жатырмыз. Алматыға қоныс аударған кезі екен. Содан бері ол аға, мен іні болып аралас-құраластығымыз үзілмепті. Көптеген жақсы адамдармен, ауыл жақтан біз сияқты көшіп келген, мен әлі араласа қоймаған, бірақ әке-шешемді жақсы білетін, сыйлайтын ағайындармен таныстырды. Ағайынның той-қуанышы мен қаза-қайғысынан қалып қоймауымды қадағалап, күні бұрын ескертіп отырады. Бұның өзі ауылдан ерте кеткен мені ағайынға жақындастыра түседі. Ағайын мен ағайынды жақындастыру жақсы адамдардың ісі. 

Сәбит ағай мен Зүбайра апайдың мінезіндей жібек мінезді, бұл кісілердің жұбындай жарасымды жұпты бұл өмірде көп көрмеген шығармын. Отбасындағы бала тәрбиесі ше? Айтпақ болғаным да осы еді ғой. Адам деген кейде сезімге беріліп, асып-тасар болар еді, шеңберден шығып, ақылын  тұсаулап,  мінез көрсетер еді... Ойлап қарасаң, бұл деген адамның әлсіздігінен, сол себепті өзін-өзі тізгіндей алмауынан ғой. Сәбит ағайдан осы күнге дейін ондай мінезін байқамаппын. Ұлдары ағайға ұқсап қалған, қыздары апайдан айнымайды. Артық сөзі жоқ. Істеген ісін ғана біледі. Бақыт еңбекте деп түсінеді.

 

Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға!

Данышпан Абайдың осы өлеңі Сәбит ағай мен Зүбайра апайдың отбасына арналғандай. Бірде маған ұлы Бауыржан мектептен соң ҚазМУ-ға оқуға түсе алмай қалған кезі жайында сөз қозғады. Сәбит ағай: «Онда бір жыл жұмыс істе», – депті. Содан Қызылордадағы «Жөндеу механикалық зауытына» (РМЗ) слесарь болып жұмысқа тұрады. Сірә, қара жұмыстың қиындығын білсін, оқудың қадірін түсінсін, нан табудың оңай емесін сезінсін дегені шығар. Бауыржан болса, ата-ана сынынан қорытынды шығарып, келер жылы өзі аңсаған ҚазМУ-дың «Филология» факультетіне оқуға түседі.

Отбасындағы бес баланың бесеуі де еңбекқор. Ата-анасы сияқты адалдыққа үйренген. Бесеуі де шаңырақ көтеріп, отбасын  құрған. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қағиданы ұстанған. 

Сәбит ағайдың өзі КСРО кезеңінде өмір сүрді. Қазақтың тілі қалай шектелгенін, діннен қалай ажыратылғанын білді, ұлт қаймағының «халық жауы» деген желеумен атылып кеткенін сезінді. «Қазақ тілі» оқулығында «...орыс тілінен енген сөздер, сол тілде қалай жазылса, қазақ тілінде дәл солай жазылуы тиіс» деген ереже мен қазақ тілінде жоқ дыбыстарды әліпбиге ендіруінің өзі басыну екенін түйсінді. Соны ерте сезінген ағай 90-жылғы Тәуелсіздіктің елең-алаңынан-ақ ұлт ағарту жұмысына кіріседі. 1990 жылы Қызылорда қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы қызметіне тағайындалғанда, бұны қызмет деп емес, саяси күрес деп ұғынып, іске белсене араласады. Содан былайғы істеген ісінің барлығы еліміздің Тәуелсіздігін нығайтуға бағытталады. Ұлттың тілін қорғау өзін қорғаумен тең. Жүрген-тұрған жерінде тіліміздің қамын жеп, насихатын айтып отырады. Ана тілін менсінбей асып-тасқан қазақтың бетін қайтарып тастағанының да куәсі болдым. Бұдан бірер жыл бұрын Алматыдағы Сац атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында үлкен жиын болып жатты. Залда лық толып отырғанның бәрі қазақ. Сахнаға шыққан жігіт кенет желпініп, сөзін орысша бастап кетіп еді. Ол да Атыраудың қазағы. Сәбит аға да, мен де ол жігітті бұрыннан танитынбыз. Қазақша жақсы сөйлей алатынын да білеміз. Ағай сол арада орнынан ұшып түрегеліп, әлгі суырылып сөйлей жөнелген жігітті тыйып тастады. Қазақша сөйлеуін талап етті. Зал гүрс-гүрс қол шапалақтап ағайды қолдап жатыр. Анау амалы түгесіліп, қазақшаға көшуге мәжбүр болды сонда.

Үйде де талап осы. Теледидардан Ресейдің «Маша и медведь»  мөлтекфильмін көріп, тілі  орысшаға икемделген немерелер де ата-әжесіне келгенде қазақша сөйлеуге тырысады. Осыны көргенде «Отан отбасынан басталады» деген сөздің жәй ұйқас үшін айтылмағанын ұға түсесің. Әрбір ата-ана осы кісілер сияқты өз балаларын ана тілінде баулыса, мәселе тап бүгінгідей күрделеніп кетпес еді-ау деп ойлайсың. 

Тілін сүйген адам ұлтын да сүйеді. Орыс мектебінде оқыған кейбір қазақ жігіттері бүгінгі басқыншы Путиннің пиғылын қолдап, Ресей-Украина соғысында Ресейдің жеңісін тілейтінін әлеуметтік желіден оқып, жағамды ұстадым. Тілі жаудың өзі жау деген, міне, осы. 1990 жылдары Сәбит ағам жер-жерде қазақ тілі үйірмелерінің ашылуына атсалысып, ұрпағымыз нағыз тәуелсіз елде өмір сүрсін деген ниетпен ісқағаздарының қазақша үлгісін жасады. Оны жеке кітапша етіп шығарып, орысша-қазақша сөздік құрастырды. «Қазақ тілі» қоғамы атынан мекемелерге қазақша әрпі бар жазу машинкаларын сонау Украинадан алдыруға күш салғаны қазір отыз жыл бұрынғы тарихқа айналды. Алғашқы жылдары ана тіліміз мемлекет тарапынан тәп-тәуір қолдау тапқанымен, соңы сұйылып, сиырқұйымшақтанып кетті. «Балаларын орыс мектебіне беретін ата-аналардың көбейіп кеткені содан» деп күйінеді Сәбит ағам. Осы мәселені көтеріп газетке былтырлары көлемді мақала да жазды. Сөзімнің соңында  жақсы ағамыз бен жақсы апайымызға тек амандық тілеймін!

 

 

ШАРГҮЛ ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ
27.07.2023

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНДА ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМ САХНАЛАДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 24
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАСТАРЫ ҮШІН БИЫЛ АРНАУЛЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНА 15 500 ГРАНТ БӨЛІНЕДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 24
ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ҚАЗЫҒҰРТТА КӘСІПКЕРЛІКТІ ЖАНДАНДЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 30
 СОЗАҚ АУДАНЫ ӨНЕРКӘСІП ӨНІМ КӨЛЕМІ БОЙЫНША ОБЛЫСТА КӨШ БАСТАП ТҰР
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 02.05.2024 26
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА БІРНЕШЕ АУЫЛҒА ГАЗ БЕРІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 24

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1184
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7231
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11095
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7295
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7439