Ұлт болашағы – уызына жарыған ұрпақ қолында

Ұлт болашағы –  уызына жарыған ұрпақ қолында

Ел анасы, қоғам қайраткері, ұлт руханиятының жанашыры, «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры Сәуле Мешітбайқызы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетовпен кездесті. Білім саласын ел ертеңі, ұлт болашағы деп білетін Сәуле Мешітбайқызы көпшіліктің көңілін күпті еткен аралас мектеп проблемасынан бастап, балабақшалар мен жоғары оқу орындарына дейінгі білім саласындағы әлі күнге дейін  шешімін таппай, қордаланған түйткілді мәселелер жөнінде ұсыныс-пікірін білдірді.

 – «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Бүгінгі қазақтың бесігі – балабақша. Балабақшаларды түгел қазақшаламайынша, қазақ тілінің күні тумайды. Тілсіз, ділсіз ұлтқа айналып кетпейік. Қылышынан қан сорғалаған кеңес заманында өлмеген қайран тілімді, өз аузымыз өзімізге жеткенде «өз қазағым өлтіріп жатыр», «сексеуіл саясатын» өз ұл-қыздарым жүзеге асырып жатыр, әттеген-ай», – деп, ел болашағын тілмен байланыстыра, ұлттық педогогика, педагогика, ұлттық тәрбие, ұлттық философия ерекшеліктерін білім беру саласынлағы әлемдік озық тәжірибелер мен заман сұранысы негізінде қолдану керектігіне тоқталды. Сонымен қатар, мектеп директорларының қазақ тілін білуі, ер мұғалімдер санын арттыру, сауатсыз оқулықтар мен мектептерде әлем әдебиетін оқыту мәселесін де ұмытпады. Сала мамандарына ғана аян, былайғы жұрт ұға бермейтін вертикальді басқару, ротация институты мәселесі де назардан тыс қалмады. 

Сәуле Мешітбайқызы көп жылдар білім саласында қызмет еткен ардагер ұстаз екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Сондықтан білім саласының ұңғыл-шұңғылын, бала психологиясын жақсы біледі. Ел ертеңін тіл мәселесімен ұштастырып, ұрпақтың ұлтқа қызмет етуі балабақшадан, тіпті құрсақтан басталуы керек екеніне алаңдауының да мәні осында. Иә, алдымен баланың табиғи болмысын, ұлттық мінезін, тәуелсіз ойлау қабілеті мен көзқарасын қалыптастыру керек.    

Министр де Сәуле Мешітбайқызының сөзін мұқият тыңдап, өзінің жасап жатқан жұмысы және күтілетін нәтижелер жайлы жоспарымен таныстырды. Сәуле Мешітбайқызының білім саласындағы проблеманы терең қозғап, пікір алмасуына алғысын айтып, «Кейбіреулер секілді ұсақ-түйекті сөз қылмай, білім саласындағы кесек-кесек мәселелерді көтергеніңізге қуанып отырмын. Ұлт болашағы жолында шаршамаңыз», -деді. 

Асхат Аймағанбетов өзі де ұстаз, облыстық білім басқармасын басқарған, білім саласының төменнен жоғарыға дейінгі барлық сатысынан өткен білікті маман. «Ел мақтаған...» дегендей, Асхат Аймағанбетов пен Сәуле Мешітбайқызының рухтас, пікірлес елге, ұлтқа қызмет ету жолындағы арман-мұраттарының үндес екеніне куә болдық. Бастысы айқайлап, ұрандатпай ұлт болашағы жолында «Ақырын жүріп, анық бас...» деп хакім Абай өсиет еткен үдеден шығу...   Екеуара пікір алмасу «қазаққа қызмет» мақсаты тоғысында түйісіп, бүгінгі істеліп жатқан жұмыс жарқын болашақтың «қазығын қағу» жолындағы қадамдар екенімен түйінделді. Алаш арысы Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету, білімнен емес мінезден» деген... 

PS: Газетіміздің алдағы нөмірінен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетовпен сұхбатымызды оқисыздар.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
05.05.2022

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 860
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6930
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10768
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7002
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7141