Ұлттық құндылық ана әлдиінен басталады

Ұлттық құндылық ана әлдиінен басталады

     «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» демекші, тәрбиенің мықты іргетасы отбасында қаланады. Ана мен баланың арасындағы негізгі байланыс бесік жыры деуге болады. Бесіктегі баласына ана әлдиін, бесік жырын айтпаған қазақ әйелі жоқ шығар.  Жер аударылып келген поляк революционері А.Янушкевич өз естеліктерінде «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», – деп таңдана жазған екен. Мұның басты себебі баланың бесік жырын тыңдап өскендігінде жатыр. Бесік жыры – балаға берілетін алғашқы тәрбие. Өйткені баяу ырғақпен айтылған анасының әлдиі туғаннан баланың құлағына сіңеді. Бесіктегі баланы әннің ырғағымен тербетеді. Бесік жырының тұрақты нұсқасы жоқ.

Әлди, әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке, жат, бөпем,

Бармақтарың майысып,

Түрлі ою ойысып,

Шебер болар ма екенсің?!

 Таңдайларың тақылдап,

Тыңдаған жұрт мақұлдап,

 Шешен болар ма екенсің?!

 Бұл бесік жырының бір түрі ғана. Осындай әдемі әуенмен астарында ізгі тілегі бар бесік жырын тыңдаған бала шебер болуға да, шешен болуға да ұмтылып өседі. Баланың бойына әсерлі әуен, сұлу сөзбен айтылатын ананың әлдиі ана сүтімен қосылып осылай сіңеді. Бесік жырының толып жатқан түрі бар.

        Сәбиінің аман өсуінен бастап, болашақ өміріне деген тілегі, сенімі, ниеті әдемі әнге шумақ болып өріліп, анасының айтуымен балаға жетеді. Тіпті алыстағы төркініне деген сағынышын да бөпесіне айтып, баласымен сырласа отырып «әй, әй, бөпем, артта қалған елімді көрер ме екем…» деп іштегі шерін бесік жырына қосқан. Анасының еліне деген сағынышы бөпеге беріліп, ол анасын аяйтын, ардақтайтын, мейірімді әрі жанашыр болып өседі екен. Бүгінде үлкен сахналарда да бесік жыры естіліп қалады.

Тәй-тәй басып, бөпешім, жүргенің қандай?

Көзқуаныш, көкешім, күлгенің балдай.

Аспандағы ай-күнді аламын дейсің,

Асқар таудай айбынды боламын дейсің.

Әлди, әлди, ақ бөпем,

Сендей сәби жоқ, көкем.

Анам-әкем дейсің бе?

Тілің тәтті екен.

Әлди, әлди, ақ еркем,

Бойжетерсің сен ертең.

Мақтанышы елімнің

Өзің бол, еркем! – деп жырлаған ақын Қ.Сарин.

 

 Бөпем менің қайда екен?

 Қыздарменен тауда екен,

Тауда неғып жүр екен?

Алма теріп жүр екен,

Қызыл алма қолында

Қыздар оның соңында,

Жүгіріп-жүгіріп жүр екен, – деген сияқты есте сақталатындай халық әніне салып айтуға болады. Бала бесік жырын тыңдап маужырап ұйықтағанды жақсы көреді. Әуен, саз деген – құдірет. Қазақ баласының тілінің ерте шығып, өнерге үйір болуының бір ұшы осы бесік жырында жатыр. Бесік жыры арқылы баланың тілі ерте шығатынына бүгінде мән бермейміз. Бесік жырын тыңдап өскен баланың есте сақтау қабілеті жақсы жетілетініне көңіл аудармаймыз. Бүгінгі ұрпақ шешендігінен, әншілігінен, ақындығынан, сабырлылығынан, парасаттылығынан ажырап барады. Бұл да алаңдатарлық жай. Қазақ халқы бала тәрбиесіне үлкен мән беріп, оған ерекше көңіл бөлген. Себебі, ол баланы отбасының және өмірдің жалғасы мен болашағы деп санаған. Бүгінде бала жетектеген ата, немересіне ертегі айтып отырған әже кезіктірсек, таңырқамай, сүйсінбей өте алмайтынымыз бар. Бауыржан Момышұлы бір сөзінде: «Мен үш нәрседен қорқамын: бірінші – баласына бесік жырын айтпаған анадан, екіншісі – немересіне ертегі айтпаған әжеден, үшінші – бір-бірімен қазақша сөйлеспеген қазақтардан... Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын… «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Немересіне ертегі айтып беретін әженің азаю­ынан қорқамын. Дәмді, дәстүрді білмейтін балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке-шеше жоқ», – деген екен. Жаудың оғынан қорықпаған батыр атамыз ұлттық құндылығымыздан айырылып қаламыз ба деп қорыққан. Одан бері қаншама уақыт өтті…Қазіргі қоғамда да ұлттық құндылығымызды сақтап қалу мәселесі өзекті болып отыр. 

Қазақ халқы қашан да ұрпағына ұлағатты, саналы тәрбие бере білген. Ұлтжанды ұл, қылықты қыз тәрбиелеген. Бүгінгі заманның бір әттеген-ай дегізетін тұсы – асыл құндылықтарымызды дәріптемей, ажырап қалып жатқанымыз. Бесік жырын шетелдің даңғаза әуеніне алмас­тырып, балаларымыз ертегінің орнына айпад пен айфондағы атыс-шабыс ойындар мен мән-мағынасы жоқ мультфильмдер көретіндігі.

Бүгінгі балалар Алпамыс, Ер Төстік пен Тазша баланың кім екенін білмесе де, өзге елдің  мультфильм кейіпкерлерімен жақсы таныс. Бұған жандүниелері тап-таза балалардың еш кінәсі жоқ деп ойлаймын. Бұған сәбиін әлдилеп тербететін аналар, ыңылдап ән айтып еміренетін әжелердің азайғандығы, бесік жырын білмейтін аналардың көбейгендігі себеп болуы да мүмкін. Көргені көп қариялардың тәрбиесін алған бала мен балабақшада тәрбиеленген бүлдіршіннің айырмасы жер мен көктей десек артық айтқандық емес. Балабақша – ата-ана жұмыстан қол үзбес үшін ойластырылған заманның қажеттілігі. Балабақшаның тәрбиесі ата-әже тәліміне балама бола алмайды. Балалар бақшасында балғындардың бірдей тамақ ішетіні, бір өлеңді жаттайтыны, тіпті, бір уақытта ұйықтап, бір уақытта оянатыны, яғни жалпыға бірдей тәрбие берілетіні белгілі. Сондықтан онда баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуы, өзіне ғана тән болмысын сақтап қалуы қиындау. Ал қариялардың бауырында өскен бала жеке тәрбие алады. Ата мен әже тәрбиелеген баланың, ең алдымен, тілі тез шығады. Өйткені ата мен әже бүлдіршінмен үлкен адамша сөйлесіп, әңгіме-дүкен құрады. Қарттардың тәрбиесін көрген бала сөздің қадірін біледі, орнымен сөйлеуді меңгереді. Немересін баласынан ыстық көретін ата-әжелеріміз бұрындары кішкентай қарадомалақтарын бір елі қастарынан тастамайтын. Бала үнемі үлкендермен бірге жүріп, олардың өнегелі әңгімелерін, тарихтан шерткен сырларын, ән-жырларын, шежірелерін тыңдап өскен. Көпті көрген қарияларымыз немересін жырмен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен еліткен. Елін қорғаған батырдың ерлігі мен өрлігін өнеге еткен. Осылайша бала ерте жастан-ақ тарихты, халықтың ауыз әдебиетін біліп өсетін.

Балаға ертегі айтып беру бүлдіршін ертегіні ұйып тыңдап, айтқанға құлақ асатын, үлкендердің сөзін екі етпейтін қасиетті бойға сіңіреді. Балаға айғаймен, ұрыспен үйрете алмаған істерді ертегінің көмегімен сіңіруге болады. Егер бүлдіршін бірдеңе бүлдіріп қойып, өз әрекетінің дұрыс емес екенін ұқпай жүрсе,  ұқсас оқиғалы ертегіні ойдан құрастырып айтудың маңызы зор. Кейіпкерлердің әрекетін салмақтау арқылы бала өз ісінің ақ-қарасын ажыратар еді. Ертегінің осы және өзге де қасиет­терін ескерген Еуропа елдері мен Ресей қазір ертегі терапиясына мән бере бастады. Тәрбиенің бұл түрін балаларды дамыту орталықтарында кеңінен қолдануда.

Әже деген атты абыроймен алып жүрейік

Нұржамал Омарова, зейнеткер: 

      – Бала күнімде әжемнің бауырында өстік. Күнде ертегі тыңдамай ұйықтамайтынбыз. Бүгінде алпыстың алтауына келсем де сол баяғы ертегілер есімде. Есіме түсіріп, немерелерім келгенде айтып беруге тырысамын. Немерелеріме орыс тілін үйреткен жоқпыз, бірақ мультфильмдер арқылы қазір орысшалары тәп-тәуір. Мен естіп білмеген кейіпкерлердің атын айтып ойнап жүреді. Қазақ ертегілеріндегі батырлардың бірін білсе, бірін білмейді.  Ұлттық тәрбиеден ажырап қалмасын деп, ертегі тыңдату үшін кейде тәтті беріп алдаймын. Естерінде қалсын деп, өзім айтып болған соң мазмұнын сұраймын. Меніңше, заман талабы деп кері кеткеннің бәріне көз жұма беруге болмайды. Білгенімізді үйретпесек, кезінде қариялардан естігенімізді немеренің құлағына құймасақ, әже деген ардақты несіне иемденіп жүрміз?!    

 Балаларыма ертегі айтып көрмеппін

  Мадина Иманбаева, заңгер:

      – Балаларыма ертегі айтып көрмеппін. Жай күндері жұмыстан кеш келеміз. Ал демалыста үй жинау, кір жуу, қонақ күтумен-ақ уақыт өтіп кетеді. Қазақтың той-думаны да көп. Ағайын-туыстың қуанышынан уақыт артылмайды. Үлкен ұлым мен қызым екі жасынан бастап балабақшада өсті. Ал кенже ұлымды балабақшаға орналастыру қиын болғандықтан, ауылдан анамды шақырттық. Енем қайнымның балаларынан шыға алмайды, біздің үйге айына, жылына бір келеді. Анамның да балама ертегі айтқанын көрмеппін. Тамағын дайындап, мезгілімен ұйықтатып, бір мезгіл серуендетіп келеді. Басқа уақытта компьютерден сүйікті мультфильмін қосып береді де, өзі алаңсыз сериалдарын көре береді. Анда-санда көз қырын салып қойса болды, ұлым мазасыз емес. Дегенмен «Әлдиді» айта бермегеніміз – біздің зор кемшілігіміз. 

 Енем немерелерін ертегі айтып өсірді

       Бағлан Ботпаева, зейнеткер:  

     – Замандастарымның аузынан «Қазір ертегі тыңдайтын бала жоқ қой. Қолдарына ұялы телефон беріп қойсаң болды» деген сөзді көп естимін. Егер ертегі айтатын әже болмаса, оны тыңдайтын бала қайдан болмақ?! Менің жасым жетпіске таяды. Жеті балам бар. Солардың барлығын да енем өзі арқалап, ертегі айтып өсірді. Қазір жетеуі де өз саласының білікті мамандары. Олардың азамат болып қалыптасқанына ертегінің тигізген септігі зор деп ойлаймын. Енемнен көргенді бүгін мен де қайталап жүрмін. Немерелерім мектептен келгенше кітаптан бір ертегі оқып қоямын. Сосын кешкісін тамақ ішіп алған соң, оларды теледидар алдына телміртпеймін. Бірден ертегі айтуға кірісіп кетемін. Мен үйде жоқ кезде: «Ертегі айтыңдаршы. Әжем сияқты», – деп әкесі мен анасының есін шығарады екен. Айтпағым, баланың санасын шырмады деп ғаламторды, телефонды күндемей, өз әрекетімізді, баламен қарым-қатынасымызды жөнге келтірген жөн.   

 Ұрпағын ата жолымен тәрбиелейтін қариялар көбейсе...

Алтынай Мақажанова, зейнеткер:

– Немерелеріме ертегі айтқым келеді. Бірақ менің айтқан ертегімнен оларға орыс тіліндегі мульфильмдер артық. Маша мен аюды артық көреді. Балабақшаның барлығы орысша. Немеремнің тілі қазақша шыққан еді. Балабақшаға барған соң орысшаға үйренді. Теледидардан көрсететін мультфильмдердің көбі орысша. Қазақшаға қызықпайды. «Балапанды» мүлдем көрмейді. Бұл жағдайға, бірінші, өзіміз, екінші, қоғам кінәлі деп есептеймін.

Қазір қала балабақшаларында орыс тобының жағдайы қазақ тобына қарағанда жақсырақ. Сол үшін орысшаға бердік дейтін ата-аналар да бар. Қаланың «заманауи» әжелері немерелеріне ертегі айтпайды. Бауыржан Момышұлының  Қызтумас әжесі ертегі мен әлди әнді көп айтқандығын батыр атамыздың естеліктерінен білеміз.  «Арада неше заман өтті! Қызтумас апамның сүйегі әлдеқашан қурап кетті. Апамыздың әлди ән айтқан үні әлі тұр құлағымда» деп еске алады Бауыржан Момышұлы. Сол әженің тәрбиесінен Бауыржан секілді батыр ержетті. Зере әженің ертегісімен Абай, Айғаным әженің ертегісімен Шоқан да өсті. Ұрпағын ата-бабаларымыздың жолымен тәрбиелейтін қариялар көбейсе, ұлтын сүйетін, нағыз патриот жастар өсіп шығады.

Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА
16.02.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНДА ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМ САХНАЛАДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 29
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАСТАРЫ ҮШІН БИЫЛ АРНАУЛЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНА 15 500 ГРАНТ БӨЛІНЕДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 26
ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ҚАЗЫҒҰРТТА КӘСІПКЕРЛІКТІ ЖАНДАНДЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 34
 СОЗАҚ АУДАНЫ ӨНЕРКӘСІП ӨНІМ КӨЛЕМІ БОЙЫНША ОБЛЫСТА КӨШ БАСТАП ТҰР
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 02.05.2024 28
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА БІРНЕШЕ АУЫЛҒА ГАЗ БЕРІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 28

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1192
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7239
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11103
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7303
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7448