ҮШ АУЫСЫМДЫ МЕКТЕПТІҢ ЗАРЫ

ҮШ АУЫСЫМДЫ МЕКТЕПТІҢ ЗАРЫ

Жақында біздің ұжымның басшысы Сәуле Мешітбайқызы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың қабылдауында болып, екеуара келелі сұхбат жүргізілді. Осы әңгіме барысында үш ауысымды мектептердің мәселесі кеңінен сөз етілді. Өздеріңіз білесіздер, бұл көкейтесті мәселеге Президентіміз де зор алаңдаушылық танытып отыр. Біздің газетіміздің «Аманат» партиясы және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен «Ауыл – ел бесігі» атты экспедициямыз бар. Бір қуанышты жағдай, биыл осы экспедициямыздың қатарына Оқу-ағарту министрлігі де қосылуға ниет білдірді. Жыл сайын республикамыздың түкпір-түкпірін аралайтын экспедициямыз ауыл мектептерін де көзден таса етпейді. Олардың өнегелі істерімен қатар проблемаларын да әрқашан көтеріп келеді. Міне, біздің экспедициямыз басталып кетті. Өткен жексенбіде (3 қыркүйекте) Сәуле Мешітбайқызы Астанадан арнайы келіп, Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Кемертоған ауылында болып, бірнеше журналистермен бірге аралады. Үлкен де іргелі ауылда бір ғана (Кемертоған орта мектебі) мектеп бар екен. 1200 орынды мектепте биыл 5148 оқушы қабылданып отыр. Үш ауысымда оқиды. Біз мектеп ұжымымен (директоры Нақысбеков Дархан Сатылғанұлына) жүздесіп, көкейтесті мәселелерімен кеңінен таныстық. Сұрақтармен өрбіген әңгіме барысында жанға батар көптеген өзекті мәселелер ортаға салынды. Дархан Сатылғанұлы осы білім саласында (оның ішінде 18 жыл басқармада қызмет істеген) жемісті еңбек еткен азамат. Директордың көкейтесті мәселелер мен кемшіліктерді жылы жауып қоймай, ашына айтқан шыншылдығы арқасында көп жайтқа қанықтық. Ол Жамбыл мен Іргелі ауылдарындағы үш ауысымды мектептерде жұмыс істепті. Тәжірибесі мол. Әңгіме тізгінін сауалдар арқылы өріп, Дархан Сатылғанұлына берелік.  

1200 ОРЫНҒА 5148 ОҚУШЫ ОҚИДЫ

– Иә, біздің мектеп 1200 орынды. Бірақ, өкінішке қарай, биыл 5148 оқушымыз 201 сыныпта оқуға мәжбүр. 311 мұғаліміміз бар. Жалпы «7 жасқа толған» мектебіміз жақсы, сапалы салынған. Егер бәрі де заңды түрде болса, жағдайымыз жаман болмас еді. Есептеп көріңіз: бір орынға 4,4 баладан келіп тұр. Шындығында, 4 ауысымдық мектеп. Сағат 7:30-да бірінші ауысым басталса, екінші ауысым 11:30-да, ал үшіншісі сағат 15:40-та басталады. Оны 19:35- те аяқтаймыз. Шүкір, қазір 1-сыныпқа оқушылар көптеп келуде. Өткен жылы 650 бала келсе, биыл 600 бала келді. Яғни 22 сынып.

– Сонда алғашқы ауысымға келетін бала таңғы алтыда тұру керек. Тіптен обал емес пе? Ал түс ауа келген балалар әбден шаршап, сүлесоқ келітіні сөзсіз ғой. Кемертоған – үлкен ауыл. Басқа мектеп жоқ па? – деп, біз сөзге араластық.

– Обал, бірақ қолдан келер басқа шара жоқ. Әзірге бір-ақ мектеп. Бізде Кемертоғаннан ғана емес, көрші ауылдардан да оқушылар қатынап оқиды.

– Оларды тасымалдау жұмысы қалай жүзеге асырылады?

– Біздің мектептің 6 автобусы бар. Барлығы 12 автобус. Мұндай игі көмекті аудандық білім басқармасы беріп отыр. 2300 оқушы басқа ауылдардан келеді. Солардың бірнешеуін атап кетейін. Ол ауылдарға арнайы барып, жеке таныстым. Мысалға Алтынтөбеден 91 оқушы, Байтөбеден 110, 19-шы километрден 115 және басқа ауылдардан да оқушыларымыз бар. Негізінде 12 автобус аздық етеді.

 

КОРИДОРДАН АШЫЛҒАН 7 КАБИНЕТ

– Ол ауылдарда мeктеп салынады деген жоспар бар ма?

– «Асыл арманда» мектептің құрылысы басталғанмен, биыл үлгермеді. Бізді қинайтын зор мәселе – кабинеттердің жетіспеушілігі. Коридордан 7 кабинет жасақтадық. Шіркін, қосымша кабинеттер болса, біздің атқаратын, балаларымызды сусындататын шаралар көп. Мәселен 8 бағытта үйірмелер ашсақ. Домбыра, театр, өлкетану т.б. «Әттең, тонның келтесі-ай!..» деген осы. – Өткен жылы келгенімізде мектеп қабырғалары қоңырқай түспен боялып, еңсені басып тұратын. Қазір ашық түс, қазақтың оюларымен әдіптеліпті. Қабырғаларда алты алаштың арыстарының, тәуелсіздік үшін күрескен тұлғалардың, батырлардың, данышпандарымыздың суреттері ілініпті. Мұның өзі зор тәрбие ғой. – Дұрыс байқапсыздар. Қолымыздан келгенше балаларымыздың жан дүниесін байытып, рухты етіп өсірсек деген арманымыз бар. Тағы да ойда жүрген жоспарлар көп. Бірақ бәрі қаржыға келіп тіреледі. Осы жерде тек біздің ғана емес, мектептердің мынадай проблемасы бар. Ол – мемлекет тарапынан қаржыландыру жағы. Сіздерден өтініш – қаржыны мектептердің өзіне тікелей аударса. Әрине, ағымдағы жұмыстарға деп азын-аулақ қаржы аударылады. Ол не болады? Мектеп үшін бір жақсы іс жасағың келгенде қаржы жоқтығы қолыңды байлайды. Зор өтініш бұл біздің мектептің ғана емес, республикамыздағы барлық мектептің зарын жоғарыға жеткізіп, жүзеге асыруға көмектессеңіздер екен. – Дұрыс айтасыз, бұл мәселе бұрын аудан арқылы шешілетін. Төтенше жағдай орын алса, қаржыны мектепке немесе тиісті орындарға оп-оңай аударып, түйін лезде шешілетін. Енді бірдеңе бола қалса, сонау облысқа хабарлап қана қаржы мәселесін шешетін болды. Бұл дұрыс емес. Әлбетте, жемқорлықты тыю үшін осы әрекетті жүзеге асырған болу керек. Алайда тиімсіз ғой. 

Мектебіңізде белгілі адамдармен кездесу өтіп тұра ма?

– Өте дұрыс сұрақ. Мәселен Сәуле Мешітбайқызы сізбен танысқан соң мен оқушылармен, мұғалімдермен кездесу жасағым келіп отыр. Айтар әңгімеңіз арналы, үнемі мектептерді, елді аралаған соң ба, білгеніңіз бен білігіңіз мол екен. Сондай-ақ ақын-жазушылармен кездесулердің оқушыларға берер тәлімі мол. Қазіргі балалар басқа-басқа, Абайды, Шәкәрімді білмейді. Олар біздің ұлттық құндылықтарымыз емес пе? Қазір осы құндылықтар жайлы жер-жерде жақсы шаралар өтіп жатыр. Бұл балалар үшін ауадай қажет нәрсе. Болашақта бұл туралы арнайы сабақ ашылатынына қуанып қалдық

 

САБАҚ УАҚЫТЫ БАР БОЛҒАНЫ 30 МИНУТ

– Дархан Сатылғанұлы, осындай келелі жүздесулерді, кездесулерді шынында да мектепте жиі-жиі өткізу керек. Бірақ үш ауысымды мектептегі мұндай жағдайда қалай өткізерсің? Таңнан кешке дейін барлық сынып бөлмелері бос емес. Әсіресе сабақ уақыты 30 минут дегенге таңғалып отырмыз. Осы қысқа уақытта сабақ толыққанды өте ме?

– Мұның бәрі шарасыздықтан істелген нәрсе. Жоғары жақ бұдан хабардар. Егер біз сабақты 40 минутқа қойсақ, ол түнгі онға дейін созылады.

– Мұғалімдерді жұмысқа қалай қабылдайсыздар? 

– Конкурс пен арнаулы комиссия құрылып, мұғалімнің біліктілігін тексеріп барып жұмысқа қабылдаймыз. Егер бір пәнге мұғалім қажет болса, хабарландыру береміз. Келген мұғалімдерді іріктеп аламыз.

– Мектепке психолог қажет пе?

– Өте қажет. Бірақ мұнда психологтар келе бермейді. Айлығы өте аз. Мұны да жоғарыға жеткізсеңіздер, осы жерде бір айтып кететін жайт, сынып жетекшісі сабақ беруді қойып, тек оқушылар тәртібімен айналысса, оны біз әдетте куратор дейміз. Сонда ол куратор сыныбының жағдайын бес саусақтай білер еді. Бұл да бір шешілмеген түйін. Қазір педагогикалық орталықтар ашылып жатыр. Осы орталықтар мектептегі көкейтесті мәселелерді шешіп отырса, шіркін!

– Қазір біз мұғалімдерді аяймыз. Себебі ата-аналар өте дөрекі, анайы. Қатты сөз айтса, мұғалімнің мәселесін майшаммен қарайды, тіпті сотқа берген жағдайларды білеміз. Осы түйінді қалай шешіп жатырсыздар?

– Ондай жағдайлар бізде де жоқ емес, бар. Ата-аналардың бәрін олай жамандай беруге болмайды. Түсіністікпен қарайтындары бар. Мектепте егер үштік одақ дұрыс жұмыс істесе, проблемалар өзінен-өзі шешілер еді. Оқушы, ата-ана және мұғалім. Мұндай әдіс бұрыннан қалыптасқан ғой. Бізде тағы бір проблема аула тазалаушы бүкіл мектепте екеу-ақ. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, олар осындай территорияны жинауға үлгере ала ма? Тағы бір шеше алмайтын түйініміз бар, оны сіздерге сырттай көрсетейін. Ұят та болса айтайын, тағы бір мәселе бар. Ол әжетхана мәселесі. Мұнда ауа тазартқыш жасалмаған. Сасып кетеді. Унитаз емес, жер әжетхана жасалуы керек еді. Бұл да бір шешілмеген түйін.

 

МЕКТЕП АЛДЫНДАҒЫ САПЫРЫЛЫС

Сыртқа шықтық. Мектеп ғимаратының тура алдында үлкен көше бар. Машиналар әрлі-берлі өтіп жатыр. Мектеп ауласы өте тар екен. – Бүгін жексенбі. Ал жай күні келсеңіздер, мына тар алаңда үлкен сапырылыс пайда болады. Біздің 12 автобустың өзі біраз орынды алады. Ата-аналардың машиналары қаптап келеді. Қоғамдық көлік №53 автобустың соңғы аялдамасы әкімшілік тарапынан осы мектептің алдына бекітіліпті. Көрдіңіз бе, қандай зор проблема! Мына жерден өзіміздің автобустарға орын дайындап жатырмыз. Ол да амал жоқтықтан жасалған әрекет. Мұндағы қарбаласты Қарасай ауданының әкімі келіп көрді. «Бірдеңе жасаймыз» деді де, кетіп қалды. Содан ол оралған жоқ. Және еш әрекет жасамады. Ең бастысы мұнда балалардың қауіпсіздігі алаңдатады. Ертең бірдеңе бола қалса, кім жауап береді? Үш ауысымды мектепке деген бұл соққы үстіне соққы. Мектеп директорының айтқан мәселелері жүрегімізді ауыртты. Ол қалай жөнделеді? Біздіңше, Үкімет ұсақ-түйек деп қарамай, үш ауысымды мектептің жағдайын тезірек шешуге тырысу керек. Ойлаңыз, статистика бойынша үш ауысымды мектеп саны – 150. Біздіңше, бұл статистика дұрыс емес. Тек Алматы облысының өзінде қаншама осындай мектептер бар. Бәрінде де жоғарыда айтқан көкейтесті мәселелер бар. Солтүстіктің ауылдарында алып-алып мектептер жетерлік. Бірақ оларда мектеп саны аз. Тіптен кейбір мектептер қаңырап бос қалып жатыр. Әуел бастан мұндай мәселе дұрыс шешілмеген. Оңтүстік өңірлерде, шүкір, бала саны артып, сыймай жатыр. Үкімет жоспар жасағанда осы мәселені тереңнен шешпегеніне таңымыз бар.

 

ЕРТАЙ АЙҒАЛИҰЛЫ
07.09.2023

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1102
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7149
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11000
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7212
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7357