Журналист болдың ба, онда ұлт мүддесін қорғауға тиіссің!

Журналист болдың ба, онда ұлт мүддесін қорғауға тиіссің!

Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар, бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап та жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол – кісілік келбет, азаматтық тұлға. Өзінің өнегелі өмірі мен 50 жылдан астам уақытын қазақ баспасөзіне арнап, ерен еңбек еткен газетіміздің бас редакторы Ертай Айғалиұлы мерейлі 70 жасқа толуына орай, назарларыңызға қазақ баспасөзінде өзіндік орны бар ол кісімен сұхбатымызды ұсынып отырмыз.

– Ер-аға, былтыр газеттің 30 жылдығы өтті, биыл 70 жасқа келіп отырсыз, газеттің бүгініне үңілмес бұрын, тарихынан сыр шертсек.

– Былтыр қасиетті жыл болды, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы болды, Ахаңның «Газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі», Алаштың тағы да бір алыбы, зиялысы Міржақыптың да «Қай елдің баспасөзі мықты болса, өзі де мықты» деген керемет сөзі бар ғой. Тарихқа үңілетін болсақ, «Qazaqstan dauiri» газеті тәуелсіздіктің қарлығашы деп аталады. Бір қызығы, бұл газет егемендігімізді алғаннан кейін тура бір ай, бір күннен кейін тіпті Қазақстандағы ресми Түркия елшілігі ашылмай тұрып дүниеге келді. 1992 жылы 17 қаңтарда «Qazaqstan dauiri» газетінің алғашқы нөмірі жарыққа шықты. Ол кезде атауы басқаша еді. ХХ ғасырда баспасөзге жақсы көңіл бөлетін, қуаты өте күшті болды. Сол кезде алғашқы атауы «ZAMAN Қазақстан» болатын, бұл 1992 жылы сол кездегі Түркия президенті Тұрғыт Озалдың «ZAMAN» деген әзірленген жобасы еді. Бұл жоба бүкіл Түркі елдерін қамтыды, біздегі «ZAMAN Қазақстан» сияқты, «ZAMAN «Kyrgyzstan», «ZAMAN» Turkmenistan» «ZAMAN Azerbaygan» т.б. елдерде Түркі елдерінің арасында алтын көпір болып, әлемге таныту мақсатында шығып жатты. Бізде ол кезде республикалық газеттер көп, бірақ халықаралық газет жоқ еді. 

– Отыз жылдық ғұмыры бұралаңсыз, қиындықсыз болмаған шығар. Сол бір қиын-қыстау сәттерден қалай шыға білдіңіз?

– Рас, оңай болған жоқ. Өткен күн – тарих. Арасында газеттің уақытша жабылған кездері де болды. Құлаған да, құлдыраған да шақтары болыпты. Алайда үнемі еңсесін тіктеп, ел қамын шырқырап жазудан танбапты.

– Сізден бұрын қанша редактор қызмет етті, өзіңіздің осы газетте еңбек еткеніңізге қанша жыл болды?

– Алғашқы редакторы – қазақтың белгілі қаламгері, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Қалтай Мұхамеджанов. Оның газетіміздің ашылуына қосқан үлесі зор. Тәуелсіздігіміздің алғашқы қиын жылдарына қарамастан, журналистердің бір ошағын ұйымдастырып, екі жыл газетті басқарды. Кейінгі жылдары газет аз уақытқа белгілі себептермен шықпай қалды. Еліміздің де, түркі мемлекеттерінің де болашағы үшін қажет басылым ретінде «Қазақстан-ZAMAN» газетінің қайта жарыққа шығуы қажет еді. Сол кезде басылымды қайта жандандыруды Болат Бодаубаев қолға алды. Кейін оны елге танымал еткен тағы бір бас редактор қаламгер, жазушы Жұмабай Шаштайұлы. 2001 жылдан бастап Марат Тоқашбаев басқарды. Газет ғұмыры да адам өмірі секілді, бірде биікке шықса, бірде ылдиға төмендейді. Мәкеңнің кезінде газет өзіндік өрнегін қалдырды, көлемі 32 бетке жетті. Ол кісінің бастамасымен «Мөлдір бұлақ» журналы да дүниеге келді. Ал мен 2005 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін бас редактор қызметін атқарып келемін. Қарап отырсаңыз, 17 жылдан астам уақытта аз еңбек еткен жоқпыз, газет жұмысын жандандыруды елмен араласудан бастадық. Басшылармен де, қосшылармен де тілдесіп, елеулі мәселелерді күн тәртібіне шығара бастадық. Халықтың жанайқайын жаңғырттық. Шаруалардың күйзелісін, кем-кетігін жоғарыға жеткізуге тырыстық. Әсіресе Ауыл шаруашылығы министрлігі мен сол кездегі «Нұр-Отан» партиясымен бірлесіп жасаған экспедицияның пайдасы зор болды. Сол заманда 7,5 мың ауыл, 162 аудан, 14 облыс бар еді. 14 облысты жылына екі рет аралаймыз. Не өзгеріс болғанын қадағалаймыз. Нәтижеге үңілеміз. Осы уақытқа дейін санасақ, біздің газет ұжымы 6,5 мың шалғайдағы ауылдарды аралапты. Аз ба, көп пе, өзіңіз саралаңыз. Осылайша бұл халық газетіне айналды. 

– Газеттен бөлек енді өзіңіздің шығармашылығыңыз бар, Жазушылар одағының мүшесісіз, сол жеке шығармашылығыңызға тоқталып өтсек.

– Журналистика деген жалпы өзі бір үлкен құбылыс, журналистикадан шыққан үлкен атақты жазушылар көп. Солардың ішінде «Қазақ әдебиеті» газетінде менің ұстазым болған Шерхан Мұртаза, сонымен қатар Оралхан Бөкей, Сейдахмет Бердіқұлов сияқты қаламгерлердің көзін көріп, шәкірті болдық, мен де өзімді солардың шәкірті деп санаймын. Бірақ Шер-ағаның «журналистика – жазушының қас жауы» деген бір сөзі бар еді. Сол кезде «неге ол қас жауы болу керек» деп ойлайтынмын, сөйтсем, журналистика алтын уақытыңды ұрлап алады да, көркем әдебиетті жазуға уақытың аз қалады екен. 

Біз қазір көбінесе Семей полигонын айтамыз, ал шын мәнінде бізде басқа да полигондар көп. «Азғын-Нарын» деген полигон бар, мен сол полигонда болып, жергілікті халықпен сөйлесіп, шынайы оқиғаға негізделген «Қара жапырақтар» деген роман жаздым. Мен өзім «қазақта мәдениет жоқ, қазақ надан, бұрын қазақта қала болмаған» деген пікірлерге қарсымын. Сондықтан бізде бұрын қалайша қала болмаған деп іздендім. Атыраудан 50 шақырым жерде Сарайшық деген қала бар, XV ғасырда әлемдегі ең сұлу қалалардың бір болған, сол жайлы «Сарайшық ханшасы және Иван Грозный» деген роман жазып шықтым. Одан кейін бес уақыт намаз оқитыным бар, Меккеге қажылыққа барғанмын, сөйтіп Алла алдында кішігірім парызымды орындайыншы деп «Мен саған ғашықпын!» деген роман жаздым. Солай-солай қол босай салған кезде, түнде болсын, таңда болсын отырып, шабыт оянған кезде халыққа кішкене болсын пайдамыз тисе екен деп, осындай дүниелерді жаздым.

– Жоғарыда кешегі алыптар Шер-ағаның, Сейд-ағаның шәкіртімін дедіңіз. Бүгінде өзіңіз шәкірт тәрбиелейтін жастасыз. Өзіңіз шәкірт тәрбиелейсіз бе? Жас журналистерге қандай ақыл-кеңес айтасыз?

– Біздің қазақ баспасөзінде газет өзі көп емес, міне бүгін 70 жасқа жетіп отырмын. Сонда қарап отырсам, 50 жылдан астам уақыт осы қазақ баспасөзінде еңбек етіп, маңдай терімді төктім. Біздің кезімізде компьютер, ғаламтор, әлеуметтік желі деген нәрсе болған жоқ, бірақ біз халық арасында жүруге тырыстық, қандай да бір оқиға болса, соған жетіп барып, соны бірден күнімен, түнімен болсын ұйықтамай сол кездегі ескі машинкамен теріп жазатынбыз. Халықпен байланысымыз жақсы болатын. Қазір журналист болам деген жастар көп келеді, бірақ солардың бір кемшілігін айтып өткім келеді. Мен өзім кейде студенттерге барып сабақ беретінмін. Сонда сөздік қоры, тіл байлығы аз, екі сөздің басын құрай алмайтын жастарымыз кейде журналист болғым келеді дейтін. Солар «пәленше журналисті білесің бе? Пәленше жазушыны білесің бе? Қандай кітап оқып едің? Қандай газеттерді білесің?» деген сұрақтарға жауап бере алмай жатады. Өйткені кітап оқымайды, газет оқымайды. Солар енді көбінесе теледидардың, әлеуметтік желінің жұлдызы болам дейді, ал одан бұрын оқуды, жазуды үйрену керек деп ақыл айтар едім. Журналисті Алла Тағала ерекше жаратқан, жазу деген де үлкен қасиет, өнер, бірінші сол өнерді меңгерсе екен деймін.

– Рақмет, аға, газетіміздің де «Келешек үшін бәріміз жауаптымыз!» деген әдемі ұраны бар. Сіздің де келешек үшін жасаған талай еңбегіңіз бар, сіздің мерейлі тойыңызбен құттықтай отыра, өзіңізге зор денсаулық, мол бақыт, шығармашылық табыс, абыройыңыздың арта беріп, еңбегіңіздің жемісін көре беруіңізге тілектеспіз! 

Сұхбаттасқан – РАУАН МУТАИР
09.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 356
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6462
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 8170
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6541
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 6677