Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал, арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады», – деді Президент. Оның айтуынша, Әділетті Қазақстан және адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. «Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге, жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы. Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары туралы, олардың бір-бірінен ажырағысыз егіз құндылық екенін Президент осыған дейін де бірнеше рет айтты. Жолдауда оның мәнін, маңызын тарқатып түсіндірді.
– Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы. Тағы да қайталаймын: Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, әділдік орнайды. Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз. Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақырамын. Берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етсек, Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық деген – осы! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы қасиеттер әрбір азаматтың, әсіресе, жастардың бойынан табылғанда ғана мақсатымызға жетеміз. Отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр адам мақсатына жетеді.
– Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер. Мен бұл туралы ұлттық құрылтайдың екінші отырысында нақты айттым. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Саяси реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен жүзеге асырылып жатыр. Бұл тұжырым – қоғамымыздың мызғымас тұғыры. Реформалардың мазмұны жан-жақты толыға бермек. Жалпыұлттық ынтымақты және билік пен қоғамның серіктестігін нығайта береміз», – дей келе: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды. Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы. Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл – еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу. Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ», – деп нақты айтты. С о н д а й - а қ ж а л п ы ха л ы қ т ы қ референдумда ортақ қабылданған ко н с т и ту ц и я л ы қ өзгерістер Әділетті Қазақстанның символына айналатынын жеткізді. «Біз Ата Заңымызда «жер мен табиғи ресурстар – халықтың меншігі» деген басты қағидатты бекіттік. Бұл құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы», – деді Президент. Мемлекет басшысы әділетті қоғам орнатудың басты бағдары ретінде елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру мәселесіне айрықша тоқталды. «Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа жаңа, әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс», – деп атап өтті. Шындығында, елдің тұрмыстық жағдайы түзелмей, өзге салада жетістікке жетуіміз неғайбіл. Экономика саласында қордаланған түйткілдер баршылық, еліміздің әлі күнге шикізатқа тәуелді болып отырғаны, еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз екені жасырын емес. Ұлттық табыстың игілігін елдің бәрі бірдей көруі үшін оның нақты жолдарын қарастыру қажеттігі анық. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру, сонымен қатар шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру – кезек күттірмейтін заман талабы.
ОНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАҒДАРЫ ҚАНДАЙ?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында нақты экономикалық дамудың алғы шарттарын атап өтті. «Қадірлі отандастар! Еліміздің экономикасын дамытуға қатысты бүгін айтылған жоба-жоспардың бәрі нақты зерттеліп, есептеліп жасалды. Бүкіл экономикалық жүйені шұғыл түрде түбегейлі қайта қарап, өзгерту арқылы елімізді өркендетеміз, халықтың әл-ауқатын арттырамыз. Реформаның басты мақсаты – экономикамыздың тұрақты өсімін 6-7 пайызға жеткізу және 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайту, яғни 450 миллиард долларға жеткізу. Әрине, бұл – ауқымды әрі күрделі міндет. Бірақ біз еліміздің байлығын, табысын азаматтарымыздың арасында әділ бөлуіміз қажет. Бір сөзбен айтқанда, экономикалық өсімнің игілігін әрбір азаматымыз көруі керек. Бұл – принципті мәселе. Еліміздің болашағы баянды болсын десек, бұл стратегиялық міндетті қалайда орындауға тиіспіз. Мен еліміздің даму бағдары туралы пайымдарымды үнемі айтып жүрмін. Соны тағы да қайталағым келеді. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз. Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет. Өкінішке қарай, құқық қорғау мекемелері және аймақ басшылары осы жұмысты дұрыс атқармай отыр. Басқа сөзбен айтқанда, заң үстемдігін қамтамасыз етпейді. Соның салдарынан қоғамымызда ұдайы келеңсіз оқиғалар болып жатады. Мысалы, даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретін болды. Тағы да айтамын: біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек. Алдымызға қойған биік мақсатқа жету оңай болмайды. Бірақ бүкіл ел болып кіріссек, бұл – қолдан келетін шаруа. Халық, бизнес және билік өкілдері бар күш-жігерін жұмылдыруы керек. Сонда ғана мемлекетіміздің қазіргі даму үлгісін түбегейлі өзгерте аламыз, кедергінің бәрін жеңеміз. Жалпы, әлемдегі ахуалдың күрделі екенін көріп отырсыздар. Барша адамзат түрлі сын-қатермен бетпе-бет келуде. Көптеген ел табиғи апатты, электр қуаты мен азық-түлік тапшылығын бастан өткеруде. Мамандардың айтуынша, биылғы шілде әлем тарихындағы ең ыстық ай болды. Көптеген елде инфляция өршіп, қымбатшылық болып жатыр. Мемлекеттер арасында түрлі текетірес, қарулы қақтығыс белең алды. Босқындардың саны 110 миллионнан асты. Мұның бәрі Қазақстанға да салқынын тигізеді. Бірақ біз жаһандық дүрбелең дәуірінде өз бағдарымыздан адаспаймыз. Әрине, даму жолымыз әрдайым теп-тегіс, даңғыл болмайды. Ешкім де сырттан келіп, Қазақстанды көркейтіп жібермейді. Ол үшін еліміздің әрбір азаматы заман талабына сай болуға тиіс. Жалпы, халқымыз осындай дағдарыс кезінде біртұтас болуы керек. Басқа жол жоқ. Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында нақты айттым. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады. Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы. Тағы да қайталаймын: Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, әділдік орнайды. Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз. Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақырамын. Берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етсек, Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық деген – осы!».
ПРЕЗИДЕНТ САЯСАТЫН КІМ ҚАЛАЙ ТҮСІНЕДІ? Әділетті Қазақстанды қайтсек құрамыз? Ол үшін не істемек керек? Бұған да нақты жауап берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында бұл мәселеге арнайы тоқталды.
«Қазақстан – осы геосаяси аймақта саяси жүйесін қысқа мерзім ішінде түбегейлі өзгерткен бірден-бір мемлекет. Тың өзгерістердің арқасында саяси реформалардың Қазақстанға ғана тән ерекше үлгісі қалыптасты. Келешекте де оның мән-маңызы арта бермек. Алайда қолда бар жетістікке тоқмейілсіп отыруға болмайды. Алда ұзақ жол, ауқымды жұмыс бар», – деді ел Президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылу керек. Ал, түпкі мақсатымызға жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. «Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер. Бір сөзбен айтсақ, пиғыл өзгермесе, ештеңе де өзгермейді», – деді Қ.Тоқаев. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин: – Еліміз Тәуелсіздігін жариялап, шекарасын шегендеп, мемлекеттік институттары мен заңнамалық базасын қалыптастырғаннан кейін ұлттың саяси миссиясы аяқталды деп санайтындар бар. Бұл – түбірімен жаңсақ пікір. Алдымызда қастерлі тәуелсіздігімізді қорғау, мемлекетімізді дамытып, оны қуатты елге айналдыру, сондай-ақ халықтың әл-ауқатын арттыру секілді маңызды міндеттер тұр.
Бірегейлігімізді және өзіндік өмір салтымызды сақтау – ішкі саясатымыздың күн тәртібінде тұрған басты міндет. Бұл – бізді басқа елдерден, басқа халықтар мен басқа мәдениеттерден ерекшелеп тұратын құндылықтар, яғни жұртымыздың тамыры терең шежіресі, көп ұлтты, көп тілді сипаты, діни толеранттылығы және мәдениетіміздің әр алуандығы, бір-бірімізбен тіл табыса білуіміз, өзара қолдау көрсетуіміз және ырысты ынтымағымыз. Осының бәрі тұтаса келгенде, Қазақстанның өмір салтын танытады. Бір сөзбен айтсақ, біз озық ойлы ұлт ретінде әрдайым стратегиялық бағдарымызды берік ұстанып, ұлттық мүддеміз бен өмір салтымызды дәйекті әрі табанды түрде қорғауымыз керек.
Біз сырттан келетін арандатушыларға ілесіп, жат ақпарат пен идеологияның жетегінде кетпегеніміз жөн. Ішкі саясатта тек өзіміздің күн тәртібімізді басшылыққа алуымыз қажет. Бұл – біреуге немесе бірдеңеге қарсылықтың емес, керісінше, игілік пен ырыстың жолы. Біздің ішкі күн тәртібіміз жасампаздыққа негізделген, ол жаңа қоғам құруды, жан-жақты жаңғыруды және реформалар жүргізу мақсатын көздейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің өз ұстанымдарын және ұлттық мүддесін бәрінен биік қоюы қажеттігін бірнеше мәрте атап өтті. Мәселен, жуырда Сингапурға сапары кезінде арнайы дәріс оқып, біздің бүкіл әлеммен өзара ынтымақтастық орнатуға ашық екенімізді, бірақ Қазақстанның заңды құқықтары мен мүддесін қорғауға келгенде ешқашан қарап қалмайтынымызды қадап айтты. Президент еліміздің бейтарап ұстанымы қақтығыс пен мәжбүрлеуді емес, дипломатия мен диалогті жақтайтын саналы таңдау екенін атап өтті. Қазақстан ішкі және сыртқы саясатын біреуге ұнау үшін немесе қандай да бір үрдіске ілесу үшін жүргізбейді. Біз, ең әуелі, ұлт мүддесін, төл ұстанымдарымызды басшылыққа аламыз. Жаһандық саясатта көңілшектік пен аңғалдыққа жол беруге әсте болмайды. Көп векторлы немесе бейтарап саясат жүргізу оңай әрі ыңғайлы деген пікір бар. Бұл шындыққа жанаспайтын дилетанттық тұжырым деуге болады. Қазақстан көп векторлы, салиқалы саясат жүргізіп отыр. Мұндай саясат ұстану, әсіресе жер жүзі сан тарапқа бөлінген қазіргі кезеңде өте қиын және орасан зор күш-жігерді талап еді. Осындай саясат жүргізу оңай емес екені анық. Бірақ геосаяси орнымызды ескерсек және еліміздің мүддесін ойласақ, бұдан басқа жол жоқ. Сондықтан қазіргідей қиын кезде ұлттық мүддемізді қорғап, өз ұстанымдарымызды сақтау үшін ел бірлігін және қоғамның тұтастығын нығайта түсу айрықша маңызды. Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық қызметкері Сейдалы Дүйсебайұлы: – Елдің былтырғы қоғамдық-саяси өміріндегі алуан түрлі оқиғалар мемлекет дамуының жаңа бағыт, жаңа арнаға қарай бет түзуіне себеп болды. Мемлекет басшысы өткен жылы 16 наурыз күні «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған болатын. Биыл осы Жолдауға 2 жыл толып отыр. Жолдауда тың әрі ірі экономикалық және саяси реформалар іске асатыны айтылған болатын. Атап айтқанда, Президенттік өкілеттілігін қысқарту, өкілді билік тармағын қайта құру, сайлау жүйесін жетілдіру, партиялық жүйені дамыту, құқық қорғау институттарын күшейту, БАҚ-тың бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту, әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру сынды тың бастамалар көтерілді. Бүгінде еліміз жаңа саяси кезеңнің алдында тұр. Бұл бағыттағы маңызды қадам Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы болмақ. Әділетті Қазақстанға жаңа сайлау жүйесі міндетті түрде қажет және бұл өте орынды. Өйткені ол тікелей ел болашағы мен сындарлы саяси шешімдердің қабылдануына әсер ететін факторға айналды. Мұны Президент өз Жолдауында айтып, сайлаудың мақсаты мен міндетін, бұған қоса өткізу уақыты мен жүйесін айқындап берген еді. Мемлекет басшысы елде аралас сайлау жүйесін енгізуді құп көріп, пропорционалды және мажоритарлық сайлау жүйесін бірге қолдануды ұсынды. Мемлекет басшысы ұсынған өзгерістерге байланысты ел Президенті өзінің өкілеттігін атқару кезінде партияға мүшелігін тоқтатты. Бұдан былай Президентке 7 жылға және бір рет қана сайлануға құқық берілді. Суперпрезиденттік жүйеден арылып, Парламенттің құзыреті нығая түспек. Бұдан өзге, саяси партияларды тіркеу жеңілдеді. Мәселен, бұған дейін партияны тіркеу шегі 20 мың адам болса, қазір 5 мың адамға азайды. Сондай-ақ, биылдан бастап Мәжіліске депутаттар 70 пайыз партиялық тізіммен енсе, 30 пайыз мажоритарлық тәсілмен сайланып жатыр. Ал мәслихатқа депутаттар 50 пайыз партиялық тізіммен, 50 пайыз мажоритарлық жолмен енгелі отыр. Ал аудан-қала мәслихаттарына 100 пайыз мажоритарлық тәсілмен сайлауға түсуде. Бұл да сайлау жүйесіндегі елеулі өзгеріс деп білемін. Жаңа қадамға толы тың саяси әрі экономикалық реформалар әлі де алдағы уақытта жүзеге аса бермек.
ТҮЙІН: «Қоғам өмірінің барлық саласы заңмен, құқықтық нормалармен реттелетін мемлекет – әділетті мемлекет. Бұндай қоғамда әділеттілік дегеніміз – ең алдымен адалдық», – депті Америка Құрама Штаттарын құрушы саяси қайраткерлердің бірі, ойшыл философ Бенжамин Франклин. Қазақ топырағында дүниеге келген ұлы ойшыл әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты трактатында: «Адамдардың бір-біріне көмектесуін мақсат еткен ел – ізгі, кемелденген ел», – деп жазып қалдырыпты. Ендеше ең алдымен билік органдары халыққа қарайлауы қажет. «Әлемнің екінші ұстазы» атанған ғұламаның «Озық әрі өркениетті елдердің негізгі тірегі – әділетті қоғам мен парасатты адамдар» деген сөзі – Жаңа Қазақстанды қалыптастырудың негізіне алынуы тиіс тұжырым. Дамыған елдер қатарына ұмтылған қоғамның басшылыққа алар басты қағидасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан әділетті Қазақстан болады» деп кесіп айтуы халықтың және ел болашағына алаңдайтын қайраткер азаматтардың жауапкершілігін арттыра түсері сөзсіз!