Әлеуеті артып келе жатқан аймақ

Әлеуеті артып  келе жатқан аймақ

20 қараша күні Астанадағы ОКҚ алаңында ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен «Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» баспасөз мәслихаты өткен еді. Бұл Нұрымбет Аманұлының облыс әкімі ретінде ОКҚ-де алғаш рет журналистер алдында жасаған баяндамасы еді.

 

Шығыстың шырайы кіріп келеді

– Шығыс Қазақстан 2025 жылға тек статистикада ғана емес, тұрғындардың өміріндегі нақты өзгерістерде де байқалатын қарқынмен қадам басты. Өңір экономикасы тұрақты өсім көрсетуде. Бюджеттің өзіндік кірістері 13%-ға өсіп, 200 млрд теңгеге жуықтады. Бұл – жай ғана сан емес, мыңдаған отбасы үшін жаңа жұмыс орындары, тұрақтылық және сенімділік. Облыста 23 мың жұмыс орны ашылды, оның 17 мыңы – тұрақты. Жұмыссыздық деңгейі 4,6% шамасында сақталып отыр, орташа жалақы 9,5%-ға өсті.

Жыл қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім 5,5 трлн теңгеден асады деп күтілуде. Бұл Шығыс Қазақстан ұзақмерзімді дамуға, инвестиция тартуға және тұрғындардың өмір сапасын нақты жақсартуға бағытталған жаңа экономикалық контур қалыптастырып жатқанын көрсетеді. Негізгі назар негізгі капиталға инвестиция тартуға бағытталған. Өңір ШҚО-ның инвестициялық тартымдылығын арттыру, әлеуетті инвесторларға қолайлы жағдай жасау, әкімшілік кедергілерді азайту және перспективалы бизнес-идеяларды қолдау бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

Бүгінде облыстың инвестициялық портфелінде құны бір трлн теңгеден асатын 81 жоба бар. Оның 64-і іске асырылуда, ал жалпы сомасы 55 млрд теңгені құрайтын 15 жобаның биыл іске қосылуы жоспарлануда. Бұл – 400-ден астам жаңа жұмыс орны, жаңа кәсіпорындар, жергілікті өндірушілер мен мердігерлер үшін сұраныс, шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер, – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Аманұлы. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше көңіл бөліп отырған бір саласы инвестицияларды көптеп тарту болып отыр. Президент тапсырмасын орындау, аймақтың әл-ауқатын жақсарту мәселесіне облыс әкімшілігі ерекше көңіл бөліп отырғандығын баяндама барысында аңғарғандай болдық.

– Инвестициялық жұмысқа ерекше серпін берген «Алтай Инвест» форумы осы күзде өтіп, 10 елден 300-ден астам қатысушыны жинады. 740 млрд теңгеге 40 меморандумға қол қойылды. Бұл өңірдің Қазақстандағы ең перспективалы инвестициялық алаңдардың біріне айналып келе жатқанын дәлелдейді. Өңір тау-кен металлургия кешенін дамытуға айрықша мән береді. Себебі бұл – өңір экономикасының негізгі саласы, жұмыс орындарының едәуір бөлігі мен салық түсімдерінің тірегі. Қазір Ново-Лениногор, Долинное, Чекмарь және басқа да перспективалы учаскелерді игеруге дайындық қызу жүріп жатыр. Тарбағатай ауданында тау-кен байыту комбинатының құрылысы, Ұлан ауданында «Алатау Литий» мен Creada Corporation жобалары жүзеге асырылуда.

Шығыс – сирек жер металдарының басты орталығына айналуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, литий – «екінші мұнай». Хвостохранилищелерден бағалы металдарды техногендік түрде өндіру экологиялық және жоғары технологиялық жаңа бағыт ашады. Өңір атом саласында да позициясын нығайтып келеді: «Үлбі-ТВС» кәсіпорны жобалық қуатында жұмыс істеп, ұлттық атом энергетикасы үшін негізгі отын жеткізушісі болуға дайын. Бұл – болашақтың саласы, ал Шығыс Қазақстан оның дамуының ортасында тұр. Елдің сыртқы экономикалық саясаты да жаңа мүмкіндіктер ашуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары нәтижесінде әлемдік жетекші компаниялармен келісімдерге қол қойылды. Шығыс Қазақстан үшін бұл – халықаралық уағдаластықтарды нақты өндірістерге, экспорттық келісімдерге және жаңа жұмыс орындарына айналдыру мүмкіндігі. Өңір Президент бастамалары аясындағы жобаларды іске асыруға кірісіп, 2030 жылға бағытталған даму стратегиясын қалыптастыруда, – деді облыс басшысы.

– Шығыс Қазақстан – табиғи ресурстар, өнеркәсіптік қуат және адамдардың таланты бірегей өсу платформасын қалыптастыратын аймақ. Мұнда әлемдік деңгейдегі кәсіпорындар жұмыс істейді: «Қазцинк», Өскемен титан-магний комбинаты, Үлбі металлургия зауыты. Ауылшаруашылығында облыс күнбағыс егісі бойынша көш бастап, елдің өсімдік майына деген сұранысын толық қамтамасыз етеді. Алтай балы халықаралық брендке айналды, ал ет-сүт бағытының дамуы фермерлер мен қайта өңдеу кәсіпорындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отыр, – деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.

Өнеркәсіп саласында индустриялық және агропарктер құруға, бос тұрған алаңдарды тиімді пайдалануға, ауылшаруашылығынан бастап тау-кен секторына дейінгі негізгі салалар үшін техника мен жабдық өндіруге жеке инвестиция тартуға басымдық беріледі. Бұл жергілікті өндірістің дамуына, бизнес үшін жаңа тапсырыстарға, қазақстандық мазмұн үлесінің артуына және импортқа тәуелділіктің төмендеуіне ықпал етеді.

Энергетикада басымдық шағын ГЭС-терге беріледі – экологиялық таза, тұрақты және сенімді нысандар. Ауылшаруашылығында – егіс алқаптарын әртараптандыру, жоғары рентабельді дақылдарға басымдық беру, суармалы жерлерді кеңейту және цифрландыру. Шығыс Қазақстан экологиялық таза, терең өңделген өнімге басымдық беруде.

Логистиканы дамыту – стратегияның тағы бір маңызды бағыты. Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия түйіскен жерде орналасқан өңір Еуразияның жаңа көлік дәлізін қалыптастыруда. Шекара өткелдерін жаңғырту, теміржол және автокөлік бағыттарын жандандыру, су көлігін қайта дамыту мүмкіндігі – мұның бәрі бизнес үшін жаңа перспективалар ашады.

Өскемен маңында ірі көлік-логистикалық хаб құру қарастырылуда. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен Катонқарағай және Зайсан аудандарында екі әуежай салу жоспарлануда. Жаңа әуе айлақтары туристер ағынын қамтамасыз етіп, жаңа логистикалық тізбектерді қалыптастырады.

Аймақ басшысы баяндамасында өзге де мүмкіндіктер жайлы тоқталып өтті.

– Туризм – Шығыс Қазақстан облысы экономикасын дамытудың негізгі бағыттарының біріне айналып отыр. Аймақта бұл саланың төрт кластері айқындалған: Катонқарағайдағы wellness-туризм; Марқакөлдегі экологиялық туризм; Риддердегі тау-шаңғы туризмі; Өскемен мен қала іргесіндегі аудандардағы демалыс күндері туризмі. Бұл бағыттар инвестиция тартуға, инфрақұрылымды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Қыстың ерте түсуі мен қардың мол жаууы тау-шаңғы туризмі үшін ерекше жағдай жасайды. Риддер маңында жыл бойы үзіліссіз жұмыс істейтін «Анатау» кешені салынып жатыр, ол тау туризмі мен спортшыларды даярлау орталығына айналмақ. PanaAsia қонақүй компаниясы халықаралық стандарттарға сай заманауи қонақүйлер салады.

Медициналық туризм де қарқынды дамып келеді. Онкология және хирургия орталығы базасында ЧЕК-АП қызметтер көрсетіледі. Оның бағасы Өскеменде 500 АҚШ долларын құраса, Кореядағы бұл қызметтердің құны 5-10 мың доллар аралығында. Туристерді тартуға AltaiFest және «Шығыс Салбурыны – 2025» этномәдени фестивалі сияқты имидждік жобалар ықпал етеді. Фестивальге Қазақстаннан, Ресейден, Қытайдан, Испаниядан, Венгриядан, Моңғолиядан және Қырғызстаннан келген 148 бүркітші қатысты. Олардың өнерін тамашалау үшін 10 мыңнан астам көрермен жиналды, – деді Нұрымбет Аманұлы.

Астанадан шалғайда жатқан шығыстың тауы мен даласында, ауылы мен қаласында әлі де шешімін таппай отырған талай проблемалар бар. Соның бірі – интернет байланысының толық қамтылмай отыруы еді. Бұл жайында үнемі айтылып келе жатыр. Ендігі жерде осы қиыншылық та шешімін табатын болыпты. Көңіл көншітетін жаңалықты кезекті брифинг барысында әкімнің өз аузынан естідік.

– Шығыс Қазақстанда тұрғындарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда өңір тұрғындарының 97%-ы интернетке қосылған. Биыл тағы 56 ауыл интернетпен қамтылады, ал қалған халқы аз 66 елді мекен 2027 жылға дейін республикалық «Жол картасы» бойынша интернетпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар республикалық маңызы бар жолдар бойында заманауи цифрлық инфрақұрылым құру жұмыстары қолға алынған. Келесі жылы 22 антенна-діңгекті құрылым салу жоспарланған. Бұл өңірде байланыспен қамту сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, – деді облыс басшысы.

 

Біздің пайым

 

Кезекті брифинг өз мәресіне жетті. Әкімнің баяндамасындағы көңіл көншітетін дәлелдер мен дәйектерді мақаланың алғашқы бөлігінде назарларыңызға ұсындық. Ойымызда қалған кейбір деректерді салыстырып та көрдік. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ШҚО-ға 768 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылғаны туралы жазғанбыз. Ал облыс әкімі кезекті баяндамасында «облыстың инвестициялық портфелінде құны бір трлн теңгеден асатын 81 жоба бар» дегенді айтты. Бір жылдағы артқан көрсеткішті өздеріңіз есептей беріңіздер.

Негізінде ШҚО шынымен де әлеуеті зор өңір болып табылады. Бұл өлкеде өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының берік негізі қаланған. Сондықтан өндірісті өркендете түсуге мүмкіндігі мол болмақ. Соңғы жылдары ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар көбейіп келе жатыр. Соның ішінде шемішке майын тартатын зауыттарды ерекше айтуға болады. Сондай-ақ шығыстың бренд ретінде аталатын омарташылық кәсібі мен басқа аймақтарда кездесе бермейтін бұғы шаруашылығы еліміздің іші-сыртына танымал болып келе жатыр. Ал, алдағы уақытта өңірдің әлеуметтік-экономикалық тынысын онан ары аша түсетін тың жобалар басталғалы тұр. Соның бірі – «ТрансАлтай диалогы». Бұл туралы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы тамыздың соңында Қытайда өткен ШЫҰ-ның саммитінде сөйлеген сөзінде арнайы тоқталғаны бар.

– «ТрансАлтай диалогы» бастамасының жүзеге асырылуына үлкен үміт артамыз. Аталған жобаға Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия елдері қосылып, Еуразиядағы «Алтай» аймағының жер көлемі, халық саны, экономикалық қуаты секілді бірегей әлеуетін тиімді пайдалана алады. Ірі жобалар мен жоспарларды іске асыру үшін мемлекеттер арасындағы көлік байланысын нығайтып, транзиттік-тарифтік стратегияға сай келетін тәсілдерді ойластыруымыз керек. Бұл мәселе Ақтау қаласында қараша айында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының порттары мен логистикалық орталықтары басшыларының алғашқы форумындағы келіссөздер мен пікірталастарға арқау болуы мүмкін», – деген еді Президент. Бұл іске асатын болса, шығыстықтар шапағатын көретін жобалар болары сөзсіз!

Шығыстың тұмса табиғатына таңданбау мүмкін емес. Бертінге дейін сондай мүмкіндіктерді толық пайдалануға, ел игілігіне жаратуға жолдың қиындығы біршама кедергі болып келгені белгілі. Дегенмен, соңғы жылдары аяқталған ірі жобалар облыстың туризм саласына кәдімгідей серпін беріп жатыр. Бұл ешқандай жарнамасыз, боямасыз көзбен көрген шындықтарымыз еді. Бұқтырмадағы көпір мен Омбы – Майқапшағай күре жолы құрылысының толық аяқталуы шығыстықтарды қуанышқа бөлеген елеулі жаңалықтар ретінде тарихқа еніп барады. Ендеше, шығыста туризмнің жаңа дәуірі басталады деген сөз.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
27.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

«Ұлттық баспасөзге  деген сенім мен құрмет үзілмесін!» деген ел Президентінің пәрменін аяққа таптаған кім?
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері - 28.11.2025 34
Ымырт ерте үйірілетін өлке
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2025 23
Әлеуеті артып  келе жатқан аймақ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 27.11.2025 31

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 20381
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 20209
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 35317
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33884
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37735