«Қазақстанда азық-түлік бағасы өсіп, халықты қымбатшылық қысып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев айтты», – деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол депутаттық сауалын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Иргалиевке жолдады.
– Маған «Өтірікті сендіріп айтудың өзі өнер» деген сөзді Статистика бюросы тура мағынасында түсінетіндей көрінеді. Олардың ресми мәліметін оқысаң, Қазақстанда орташа жалақы Еуропаны өкшелеп қалған, ал жұмыссыздық көрсеткіші бойынша Скандинавия елдерінен еш кем түспейміз. Дәл қазір қазақстандықтардың ең басты проблемасы – азық-түлік бағасының шарықтауы. Қымбатшылық қарапайым халықты алқымдап тұр. Бірақ Ұлттық статистика бюросы 10 жұмыртқа – 490 теңге, айранның литрі – 390 теңге, пияз – 182 теңге, ал қияр мен қызанақ бағасын 1000 теңгенің көлемінде дейді.
Статистика бюросының мәліметінше, биыл наурызда азық-түлік бағасы шамамен 21%-ға өсіпті. Шындығында, мәселе одан әрі ушығып тұр. «AMANAT» партиясының өкілдері жуырда Қазақстан бойынша азық-түлік бағасына мониторинг жүргізді. Нәтижесінде, пияздың бағасы – 350 теңге, қияр мен қызанақ – 1600 теңге, ал жұмыртқаның бағасы 600 теңге, яғни 1,5-2 есеге дейін 70-100%-ға бағаның шарықтағаны байқалады.
Біріншіден, қазір дүкенге баруға қорқасың, баға күн санап өсіп жатыр. Мысалы, 3 адамнан тұратын отбасы бір апталық тамағына ең кемі 40-50 мың теңгенің арасында ақша жұмсайды. Әлеуметтік жағдайы қиын, көпбалалы отбасылар туралы айтуға қысыласың, – деді ол.
Депутат жалақыға қатысты ресми мәліметтерге де күмән келтіріп:
– Қазақстандағы орташа жалақы 339 мың теңге болса, халықтың жан басына шаққандағы табысы – 166 мың теңге. Шынын айту керек, бұл цифрларға қарапайым халық сенбейді. Ең төменгі жалақы 70 мың теңге болатын қоғамда, орташа жалақының одан 5 есеге көп болуы мүмкін емес.
Соңғы 3 жыл бойы Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы халықтың небәрі 4,9%, яғни 450 мың адам жұмыссыз деген мәлімет берген. Жас азаматтардың кемі 750 мыңы жұмыссыздар қатарында. Бұл ресми статистикалық көрсеткіштен 10 есеге көп.
Мен жоғарыда ел білетін мысалдар келтірдім. Ал негізінде, экономикалық өсім, өндірістің дамуы, тұрғын үйлердің салынуы, ауылшаруашылығынан өнім алу сияқты көрсеткіштер бойынша сұрақтар асып жығылады.
Үкімет тарапынан қабылданған шешімдердің әлсіздігі көбінде қате мәліметтерге сүйенудің негізінде болып отыр. Ұлттық бюро жүргізетін статистика барынша шынайы, халықтың әлеуетін ашық көрсетуге тиіс. Сонда ғана қазақстандықтардың тұрмысын жақсарту, табысын арттыру мүмкін болады, – деп сөзін түйіндеді.