Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын орындау аясында Үкімет экономиканы әртараптандыру, отандық өндірісті ынталандыру және офтейк-келісімшарттар жүйесін толық іске қосу бойынша бірқатар жүйелі шаралар қабылдады.
Үкімет өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін заңнаманы жетілдіру, әкімшілік кедергілерді азайту, жеңілдетілген қаржыландыруды бөлу және отандық өндірісті ынталандырудың жаңа құралдарын енгізу жөнінде шаралар қабылдады. Машина жасау, мұнай химиясы, металдарды терең өңдеу және автомобиль жасау сияқты келешегі бар салаларға ерекше назар аударылады.
Соның нәтижесінде жартыжылдықтың қорытындысы бойынша аталған секторда жиынтық көрсеткіші 105,1% болатын оң динамика байқалады. ЖІӨ-ге қосқан үлесі бойынша өңдеу өнеркәсібі бүгінде тау-кен өндірісі мен саудадан кейінгі үшінші орынды сақтап отыр – 13,3%.
Заңнамадағы өзгерістердің арқасында өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары мен ірі тау-кен өндірісі компаниялары бастапқы алюминий мен мыс шикізатын ішкі қайта өңдеуді қамтамасыз ететін 25 келісімге қол қойды.
Экономика және Құқық институтының маманы, экономист-ғалым Жанар Күнтуғанқызы: «Экономиканы әртараптандыру қағаз жүзінде қалмауы керек. Мысалы, еліміздегі логистика саласында қиындықтар бар. Шағын және орта бизнес өнімдерін экспортқа шығаруға кедергі көп. Кедендік мәселелерде қиындықтар бар. Мұның барлығын сауатты, қалыпты бір бағытқа түсірмей экономиканы әртараптандыра аламыз деу қиын. Жаңа салық саясатын ұстанып отырмыз. Бұл мәселелер бизнестің табыс табуына, дамуына кедергі келтірмеуі қажет. Осының барлығы әлі де зерттеуді қажет етеді. Сондықтан нақты мына-мына бағыттар экономиканы әртараптандырады деп айту қиын. Біз қазір экономиканы әртараптандыруды экономикадағы шағын бизнестің үлесін көбейту деп қана ойлап алғандай көрінеміз. Ал ол шағын бизнестің қолына арзан несие беру, мемлекеттік қолдау жағы әлі де кемшін. Мысалы, елдегі шағын бизнеспен айналысатын 100 кәсіпорын болса, олардың 80 пайызына экспортпен айналысу тиімсіз. Логистикалық шығыны бар, кедендік алымы бар, салық мәселесі бар, солардың барлығы оларға кедергі келтіреді. Міне, осы жайттарды реттеп алмай экономиканы бес-алты жылдың ішінде әртараптандырып жібереміз деу қиын», – дейді.
Абай облысында жаңа мыс балқыту зауытының жобасы жүзеге асырылуда. Ірі кәсіпорынды іске қосу шеңберінде 2029 жылға дейін мыс өндіру көлемін 450 мыңнан 750 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған.
«Qarmet» ЖШС кеңейту және арнайы мақсаттағы болат өндіру («Казахсталь») бойынша жаңа жобаларды іске қосу есебінен болат өндірісін 10 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар ERG компаниясы BAOWU Steel компаниясымен бірлесіп Рудный қаласында ыстық брикеттелген темір өндірісін іске қосуды көздеп отыр. Темір кені шикізатын тереңдетіп өңдеу болат өндірісі үшін 100% шикізат базасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Машина жасау саласында теміржол кластерін одан әрі дамыту жоспарланып отыр, жұмыс істеп тұрған өндірістерде теміржол көлігі мен магистралды жолдарға арналған өнімдердің толық желісін: ұсақ бұйымдардан бастап жартылай ашық жүк вагондарына дейін игеру көзделген. Осы жобаларды іске асыру 2030 жылға қарай теміржол машинасын жасаудағы локализация деңгейін 50%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Мұнай-газ машинасын жасауда сорғылар мен компрессорларға, крандарға, клапандарға, вентильдерге, құбырларға арналған арматуралар, бактар мен цистерналарға арналған бөлшектер өндірісі жолға қойылған. Таяу арада бекіту арматурасы, сорғы, компрессорлы және гидроциклонды жабдықтар, бұрандалы сорғы жүйелері өндірісі іске қосылады және мұнай-газ жабдықтары өндірісі кеңейтіледі.
Автомобиль жасауда көлік құралдарын құрастырудың неғұрлым күрделі деңгейіне кезең-кезеңімен көшу қолға алынған. Автоөндірушілер 2027 жылға қарай шағын торапты құрастыру (CKD) үлесін жалпы өндіріс көлемінің 50%-на дейін біртіндеп жеткізу міндеттемелерін орындауда. Автокомпонентті базаны дамыту шеңберінде Қостанай мен Алматы қалаларының шағын өнеркәсіптік аймақтарында орындықтар, пластик бөлшектер мен мультимедиялық жүйелер өндіру жобалары іске асырылуда.
Құрылыс индустриясында отандық өндірушілер бүгінде ішкі нарықтың базалық құрылыс материалдарына деген қажеттілігін жабады: бетон бойынша – 100%, цемент бойынша – 93,7%, құрғақ құрылыс қоспалары бойынша – 98,3%. 2029 жылға дейін 170 жаңа жобаны, оның ішінде санфаянс, еден жабындары, талшықты цемент панельдері, тұсқағаздар, керамика плиткалары, қаптау кірпіштері, жылу оқшаулағыш, шатыр және қасбеттік материалдар өндірісін іске асыру жоспарлануда. Бұл құрылыс индустриясындағы жергілікті қамту үлесін 85%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Саран қаласындағы «Silk Road Electronics» ЖШС жұмыс істеп тұрған кәсіпорны базасында қытайлық HKC Corporation компаниясы және оңтүстіккореялық Samsung Electronics сияқты жаңа инвесторларды тарту есебінен тұрмыстық техника өндірісін ұлғайту жұмысы жалғасуда.
Мемлекет басшысының реттелетін сатып алулардағы отандық тауарлар көлемін ұлғайту және офтейк жүйесін толықтай іске қосу жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында былтыр отандық өндірушілер өз өнімдерін сатуға жалпы сомасы 66 млрд теңгеге 179 ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасты.















