Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Есет батыр тұрғын үй алаңындағы 900 орындық жаңа мектепті қарап шығып, жалпы білім беретін мектепті пайдалануға беру бойынша жүргізілген жұмыстардың сапасын тексерді. Бүгіннен бастап мұнда сабақ басталып, 650 оқушы партаға отырды.
Еске салайық, бұдан бұрын облыс әкімі Ақтөбедегі құрылысы проблемалық нысандарды аралау кезінде аталмыш мектепке барған болатын. Сол кезде Е.Тоғжанов мердігердің салғырттығын сынаған: ғимарат 2019 жылы тапсырылу керек болатын, алайда жұмыс өндірісінің мерзімі бұзылған. Мердігер жұмысты қанағаттанарлықсыз ұйымдастырып, жөндеу жұмыстарымен 150 адам емес, 25 жұмысшы айналысқан. Өңір басшысы компания басшысына жұмысты жеделдетіп, мектепті қысқа мерзім ішінде пайдалануға беруді тапсырды.
Жаңа мектеп Есет батыр тұрғын үй алабында жұмыс жасап тұрған мектептердің бірінің үш ауысымды білім беру мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Бүгін білім ордасы 3 және 4 шағын ауданда, сонымен қатар, көрші Қызылжар тұрғын үй алабында тұратын оқушыларды қабылдады. Бұған қоса, спорт және акт залындағы болар-болмас ішкі әрлеу жұмыстары қалды.
Е. Тоғжанов: «Бұл жұмыстар оқу процесіне кедергі емес, сондықтан, оны 3-7 күн аралығында аяқтау керек. Бастысы – сапасы»,- деп атап өтті.
Аумағы 12 мың м2 болатын ғимаратты салуға және жабдықтауға мемлекет 1,5 млрд. теңге жіберді. 58 дәстүрлі оқу кабинеттерінен бөлек, заманауи талаптарға сай дайындалған робот техникасы, кеңейтілген физика, химия және биология зертханалары бар. Мектеп сондай-ақ, оқушылармен қатар, мұғалімдерге де оқу процесін тиімді басқаруға қажет жаңа компьютерлік жүйелермен, мультимедиялық кабинеттермен, интерактивті электронды тақталармен, инновациялық бағдарламалар құралдарымен жарақтанған. Кітапхана қоры, оқу-әдістемелік құралдармен, классикалық және көркем әдебиетпен, отандық басылымдармен, медиатекамен толықты. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнекамералар мен турникеттер орнатылды. Сондай-ақ, ерекше білім алуды қажет ететін балалар үшін де жағдай жасалған – логопедтік орындар, арнайы крандар мен дәретханалар қарастырылған.
Ата-аналар Е.Тоғжановқа ұзаққа созылған мәселені қысқа мерзімде шешіп бергені үшін алғыстарын білдірді.
«Сізге алғысымыз шексіз. Сіздің тапсырмаңыздан кейін құрылыс компаниясы тәулік бойы жұмыс жасап жатыр. Балаларымыз заманауи мектепте білім алатын болды»,- деді олар кездесу кезінде.
Облыс әкімі 4 шағын аудан тұрғындарынан балалары оқуға екі аптадан кейін барғандары үшін кешірім сұрады.
Өңір басшысы: «Түрлі себептерге байланысты аталмыш нысанның құрылысы бірнеше жылға созылып, 3, 4 шағын аудан тұрғындарына проблема туғызған. Біз мердігерге соны орындасын деп талап қойдық. Спорт және акт залдарында істейтін жұмыстар бар. Соны осы аптада тапсырамыз деп уәде беріп отыр»,- деп уәде берді.
Еске салайық, өңір басшысы Е.Тоғжанов салалық басқармаларға апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептердің мәселесін екі жыл ішінде жоюды тапсырды.