Мойынқұм ауылының шаруалары мен кәсіпкерлері мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтың нәтижесін сезінуде. Алыс ауылға жол түскен сайын елді мекендерде төрт-түліктің саны жылдан жылға көбейіп жатқанын көреміз. Егін шаруашылығы да дамыған. Кім-кімнің де жағдайы бар мал ұстауға, жер жыртып егін салуға, бақша өңдеп өнім алуға қолайлы ауылда тұрғысы келеді. Мойынқұм ауылдық оуругінде өткен жылы 9 130 адам тұрса, биыл тұрғындар саны 9163 адамға артқан. Бес аула қосылып, 2 314-ке жеткен.
– Біздің ауылдық округтің жер көлемі 183 380 гектар алқапты алып жатыр. Ауыл шаруашылығы мақсатында 14 103 гектар жер болса, оның 152 гектары егістік жер, жайылым – 27 376, 3, шабындық – 4 376,7, орман қорының жері – 117 733 гектар, 64 шаруа қожалығы мал және егін шаруашылығымен айналысады. Биыл округ бойынша 24 шаруа қожалығы 73 миллион 425,1 мың теңге субсидия алды. Оның ішінде – мал шаруашылығы бойынша 13 жеке шаруашылық құрылымы – 34 миллион 237,6 мың, инвестициялық субсидия бойынша – 7 шаруашылық – 31 миллион 850 мың, техникаға – 4 шаруашылық 7 миллион 337,5 мың теңге. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша төрт азамат – 2 200, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасымен 63,8 миллион теңгені алты азамат иеленді. Қайтарымсыз грантты екі кәсіпкер 1 225,2 миллион теңгеден иеленді, – дейді Мойынқұм ауылдық округінің әкімі Мақсат Мыңбаев.
Мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай қамқорлық пен малға қолайлы мекенде төрт түлік санының да қатары артып келеді. Биылғы қыркүйектегі мәліметке қарағанда мүйізді ірі қара – 11 963, қой-ешкі – 29 617, жылқы – 2 144 және түйе 142-ге жеткен. Малдың қай түрі болмасын өткен жылға қарағанда едәуір көбейген.
Ауылдағы үй іргесіне жеті гектар жүгері, бес гектардан картоп пен көкөніс, екі гектарға бақша дақылдары, бір гектарға күнбағыс және он екі гектарға жоңышқа егіп, әжептәуір өнім алған. Мойынқұмдықтар кеңес заманында шөл және шөлейтті аудандар қатарына жатқызылып келген шалғай өңірден осылайша есік алдарынан-ақ мол өнім алып отыр. Бұған үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану мақсатында «Ақиық» каналы және арық жүйелерін күл-қоқыстан тазалаудың да септігі тиген. Ауылдық округ бойынша су реттеуші мұрап жұмысқа алынып, тұрғындарға ағын су рет-ретімен беріліп, жаз айларында бау-бақшаларды қажетті сумен қамтамасыз еткен.