Жуырда Үкімет үйінде Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өндірісте қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және еңбек саласын цифрландыру мәселелері қаралды.
Премьер-министр Мемлекет басшысының 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялап, еңбек адамының беделін арттыруға қатысты нақты міндеттер қойғанына тоқтала келіп, өндірісте еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселесі басты назарда екеніне атап өтті.
Отырысқа қатысқан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және еңбек саласын цифрландыру туралы айтты. Өз сөзінің басында ведомство басшысы бүгінгі таңда еңбек қауіпсіздігін қорғау және қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтті.
«2024 жылы жазатайым оқиғалардан 1408 адам зардап шекті, оның ішінде 202 адам қайтыс болды. 445 мыңнан астам жұмыс орны әлі де зиянды немесе қауіпті деп саналады. 15 976 азамат кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылған: оның ішінде кәсіптік аурулар бойынша – 8 204 және өндірістік жарақаттар бойынша – 7 771 адам. Бұл сандар еңбекті қорғау саласындағы тәсілдерді одан әрі жүйелі жаңарту қажеттігін айғақтайды», – деді Светлана Жақыпова.
Еңбек министрлігінің басшысы ведомство ресми бақылаудан тәуекелдерді басқаруға көшуге, профилактиканы күшейтуге және қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыруға бағытталған шаралар туралы хабардар етті.
Ең алдымен, тәуекелге бағдарланған қадағалауды дамыту және еңбекті қорғауды цифрландыру. 2024 жылдан бастап 80 көрсеткіш негізінде өндірістік тәуекелдердің деңгейі жоғары кәсіпорындарды автоматтандырылған режимде айқындауға мүмкіндік беретін Еңбек тәуекелдерінің картасы енгізілді, оның 23-і еңбек жағдайларына негізделген.
«Осы ақпараттық жүйені енгізу басталғаннан бері жоғары тәуекел аймағынан 3 мың кәсіпорын шығарылып, 90 мыңнан астам қызметкер қамтылды. Тәуекел деңгейі жоғары кәсіпорындар саны 2 589-дан 1 799-ға дейін қысқарды. Еңбек тәуекелдерінің картасы ықтимал бұзушылықтардың себептерін жоюда жұмыс берушілерді қолдауға күш салу арқылы инциденттік ден қоюдан проактивті профилактикаға көшуге мүмкіндік берді», – деп атап өтті министр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде елімізде өндірісте жарақат алу деңгейі төмендегенін баяндады. Мәселен, 2025 жылдың 1 мамырындағы мәлімет бойынша, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда еліміздің кәсіпорындарында өндірісте жарақат алу жағдайы 16,9%-ға төмендеген.
ҚР Премьер-министрі мұнымен тоқтап қалмай, еңбекті қорғау мәселелерін заманауи тәсілдерге негіздеуді тапсырды.
«Адам өмірі мен денсаулығы – ең басты құндылық. Сондықтан еңбекті қорғау жүйесі жұмыс орнында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи тәсілдеріне негізделуі керек. Мемлекет басшысы кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мәселелерін шешуді нақты тапсырды. Ерте ескерту және хабарлау жүйелері апат қаупі туындаған жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Жазатайым оқиғаларды азайту үшін жұмыс берушілер жарақаттануға, әсіресе адам өліміне алып келетін жағдайларды болдырмайтын еңбек қауіпсіздігін, автоматтандыру мен цифрландыруды қамтамасыз етуге міндетті», – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр еңбекті қорғау шараларын ұйымдастырудың бірыңғай тәсілін әзірлеу қажеттігін және бұл барлық мемлекеттік органдардың, әкімдіктер мен кәсіпорындардың бірлесіп атқаратын ауқымды жұмысына айналуы тиіс екенін атап өтті.
Еңбек заңнамасының бұзылуына қатысты, оның ішінде Кәсіпорындардың цифрлық картасын пайдалана отырып, мониторинг жүргізуді күшейтуге баса назар аударылды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1 желтоқсанына дейін еңбекті қорғау саласындағы біртұтас цифрлық экожүйені құруды қамтамасыз ету тапсырылды.
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1 қарашасына дейін жұмыс берушілердің өндірісте жарақат алу фактілерін жасыруына жол бермеу бөлігінде заңнамалық түзетулер әзірлеу тапсырылды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жұмыс берушілермен бірлесіп, жыл соңына дейін өнеркәсіп орындары мен құрылыс секторында өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғауға арналған арнайы жабдықтарды міндетті түрде орнатуды қамтамасыз ету жүктелді. Төтенше жағдайлар министрлігіне осы жылдың соңына дейін кәсіпорындарға өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларына сәйкестігі тұрғысынан тексеру жүргізу тапсырылды.