Өңірдің бренді болған фестиваль биыл отыз екінші рет жалауын көтерді

Өңірдің бренді  болған фестиваль биыл отыз екінші рет жалауын көтерді

Өткен аптаның соңы Ұлытау жұртшылығы үшін нағыз өнер мерекесіне айналды. Облыс орталығында өңірдің брендіне айналған «Ұлытау үні» фестивалі ХХХІІ жалауын көтерді. Жошы Ұлысының 800 жылдығы мен саңлақ ақын Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жылдығын арқау еткен осынау өнер додасына еліміздің әр аймағынан шашасына шаң жұқтырмаған айтыскер ақындар мен өнердің жілігін шағып, майын ішкен виртуоздар қатысты. Әрине, жергілікті қаламгерлер мен өнер тарландары да тасада қалған жоқ. 

 

Фестиваль шымылдығы «Ғасырлар аманаты» деп аталған көрме-көрсетіліммен түрілді. Жиналған жұртшылық Қорқыттан қалған қыл қобызды қолынан тастамаған Ықылас Дүкенұлымен, аққудың үніне үн қосқан Тайжан Қалмағамбетовпен, күй атасы атанған Құрманғазы Сағырбайұлымен, атақты күйші Дина Нүрпейсовамен, Арқаның ақтаңгері Біржан сал және ақын Сарамен жүздесіп, олар жайлы өмірдеректер тыңдап, күйлері мен жырларын тамашалады.

Біз осы көрме-көрсетілімде жүрген, «Ұлытау үні» халық шығармашылығы фестивалінің негізін қалаушылардың бірі де бірегейі, ҚР Мәдениет қайраткері Қайырбек Сәдуақасовты жолықтырып, әңгімеге тарттық. Аталмыш өнер мерекесінің қалай өмірге келгенін майын тамыза айтқан ағаның әңгімесінің ұзын-ырғасын бір ауыз сөзбен түйіндер болсақ былай:

– 32 жыл бұрын осы өлкедегі өнерпаздардың соншалықты көп екендігіне көзім жеткеннен кейін міндетті түрде осылай жарқыратып өткізуді өзіме парызым деп есептедім. Бірнеше ән жазып, осында алғаш тұсауын кескенбіз. Содан бері келе жатқан жас таланттардың әрқайсысы ерекше мәнерімен ескі дәстүрлі өнерді ұмытпай жүргеніне мен өте қуаныштымын. Мен бақытты адаммын деп есептеймін, – деді Қайрекең ағынан жарылып.

Көрме-көрсетілімнен соң фестивальдің салтанатты ашылуы болды. Облыс әкімінің орынбасары Алмаз Ыдырысов жұртшылықты өнер мерекесімен құттықтап, байқауда бақтарын сынайтын өнерпаздарға сәттілік тіледі. 

Салтанатты шарада «Өнер патшалығы» әміршісінің Жарлығы оқылып, Халық шығармашылығының республикалық фестивалі ресми түрде ашылды.

 

 

 

Бап пен бақ сынға түсті

 

Сонымен, фестивальдің шымылдығы түріліп, жұртшылық жырдан маржан дестелеп, орамды ой, өткір қалжың айтуда алдарына жан салмайтын ақындардың сөз сайысын тамашалады. Алайда бұл жолғы айтыс бұрынғылардан мүлдем басқаша форматта өтті...

Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын тыңдармандардың есінде болар, сонау сексенінші жылдары теледидардан командалық айтыс көрсетілген еді. Екі өңірдің ақындары алқа-қотан отырып, айтыстың әр түрінен сөз қағыстырып, бақ сынасатын. Сол үрдіс араға жылдар қалып қайта оралды. Бүгінде елімізде осы командалық айтыс жүріп жатыр. Соның кезегі қанаттас жатқан қос облыс – Ұлытау мен Қостанай облысына келген еді. Сол жыр додасы өміршең өнер мерекесі –  «Ұлытау үні» фестиваліне дөп келді. Өнер додасында Ұлытау және Қостанай облысының ақындарынан құралған қос команда сөз сайыстырды. Мұнда ақындар «Қайым айтыс», «Қыз бен жігіт айтысы», «Түре айтыс» және «Сүре айтыс» сынды түрлері бойынша жұптасты. Соз додасы арасында дәстүрлі әншілер, жыршы, термешілер мен күйшілер де бақ сынасты.

Бес өнердің басы біріктірілген жарыста Ұлытау облысының намысын Төлеген Жаманов, Сағынбай Мәлібеков, Сырым Нығызбай, Бекзада Достиярова, Өміржан Көпбосын, Ардақ Мұқыш, Думан Саматұлы, Жалын Сыздықов қорғаса, Қостанай облысынан Айбек Қалиев, Абзал Алпыс, Айбар Рағатов, Данияр Рысбеков, Жібек Шаһмардан, Манапбек Кәдіров, Батырлан Сағынтаев, Қыдырбек Қиысқанұлы атты ақындар өнерлерін ортаға салды.

«Отан», «Құрмет» ордендерінің иегері, ұлық өнер жанашыры Жүрсін Ерман төрағалық еткен қазылар алқасы ақындардың өнеріне төрелік жасады. Нәтижесінде 193 ұпаймен Қостанай облысының ақындары командалық айтыстың келесі кезеңіне жолдама алды. 

Айтыс соңында күйші, жыршы, термешілерге 250 мың теңгеден, ақындарға 500 мың теңгеден қаржылай сыйақылардың сертификаттары берілді. 

 

Мультиаспапшылар сайысты

 

Халық шығармашылығының Республикалық XXXII дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалі Жошы Ұлысының 800 жылдығына арналған «Алтын орда аманаты» атты Республикалық мультиаспапшылар байқауымен жалғасты. Байқауға еліміздің әр түпкірінен 12 өнерпаз қатысты. Қазақстан тарихында алғаш рет мультиаспапшылар байқауы «Ұлытау үні» фестивалінде жалауын көтерді.

Байқаудың бір ерекшелігі – бір өнерпаз бірнеше аспапта шығармалар орындайды. 

– Мысалы, домбырашылар болса – оған тек домбырашылар, қобызшылар болса – тек қобызшылар қатысады, ал мульти дегенміз – көп аспапта орындалатын деген сөз. Осы бастама үшін Жезқазғанға ризамын, өнерлі жастар келіп жатыр, – дейді қазылар алқасының төрағасы Еділ Құсайын. 

Өнер байқауына келгендердің бірі – Әйгерім Қараменова. Бірнеше ұлттық аспапты меңгерген әмбебап өнерпаз Атырау облысының намысын қорғап келіп отыр. Оның алғашқы музыкалық аспабы – домбыра. Кейін жетігенді меңгерген. Содан кейін сазсырнай, шаңқобыз, шеңкілдек секілді аспаптарда ойнауды үйреніп, еркін меңгерген. 

– Мультиаспапшылардың конкурсы бірінші рет болып жатыр. Жоғары деңгейде өтуде. Қазылар алқасында үлгі тұтар ағаларымыз отыр. Өте қуаныштымын! – дейді Әйгерім ағынан жарылып.

Бір емес, бірнеше аспапты меңгерген тағы бір өнерпаз – Қызылордадан келген Руслан Бурабаев, ол өзінің шығармаларын орындады. 

Ал, Ұлытау өңірінің намысын Азамат Бақия қорғады. Бір айта кетерлігі, бүгінгі өнер көрсеткен өнерпаздардың қолындағы аспаптарының 90 пайызы осы Азаматтың қолынан шыққан аспаптар.

– Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін және өзім де ойнап шықтым. Дәл осы сайыс болашақта жалғасын тапса екен деймін. Өйткені бірінші байқаудың өзі мықты өтіп жатыр.  Дәл осы жанр әлемге алып шығатын жанр, – дейді Азамат.

Расында да, ұлтымызға тән музыкалық аспаптардың барлығы қастерлі. Демек, әлемге осы аспаптарды шығаруға мүмкіндік осы «Ұлытау үні» фестивалінің еншісінде. Осылайша, ұлттық аспаптарды ұлықтаған жастардың өнерлерін дүйім жұрт тамашалап, өз бағасын берді. 

Түске дейін бірінші кезеңде іріктелген жүйріктердің жүйрігі екінші бөлімде анықталды. Бас жүлде Ұлытау облысының өнерпазы Азамат Бақияда. 

 

 

Берекенің ән кеші

 

«Ұлытау үні» фестивалі аясында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Т.Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясының ардагер әншісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Береке Көшеновтің шығармашылық кеші де өтті. 

1974 жылы арнайы шақыртумен Жезқазған қаласына келіп, облыстық филармония жанынан құрылған «Жезкиік» ансамбліне әнші болып орналасады. Бұл – дарынды әнші Береке Көшеновтің кәсіби өнердегі жемісті жылдарының бастауы. Өмірінің жарты ғасырын ән өнеріне арнаған сахна саңлағының 50 жыл ғұмыры  биыл 70  жылдығын атап өткелі отырған Жезқазған қаласымен тығыз байланысты. Бір ұжымда осыншама уақыт тапжылмай қызмет еткен ол «Ұлытау», «Жезкиік» ән-би ансамблінің құрамында шетел шарлап, Ресей, Германия, Испания, Литва, Өзбекстан, Қырғызстан сахнасында қазақ әнін шырқап, тыңдарманын тәнті етті.

Кеште Береке Көшеновтің әні мен сөзіне жазылған әндер шырқалды. Облыс әкімдігі шапан жапты, қала әкімдігінің Алғыс хаты берілді, Жаңаарқа халқы мен филармония ат мінгізді.

Өзі айтқандай, Береке ағамызды ән өнеріне алып келген күш,  біріншіден, Алла бойға дарытқан дарын, екіншіден, қазақтың айтулы композиторларының ғажайып сырлы, сұлу әндері.

– Репертуарымда 200-ге тарта ән бар. Басты-басты әндерді айтып шықтым. 75 жасымда кәдімгідей, еркін, өзім өмірімнің әр белестерінен әндер салып кеш өткізем. Қас қағым уақыт екен, 75 жасқа қалай келгенімді де білмей қалдым, – дейді Береке Көшенов ағынан жарылып.

Береке Көшеновтің «Алдыңда жүрмін ән салып» атты кеші көрерменге керемет кеш сыйлады. Шығармасын шәкірттері шырқап, кездесудің шырайын кіргізді.

 

 

 

Ақынға құрмет көрсетілді

 

Қазақстанның Құрметті журналисі, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, Ақпарат саласының ардагері Мағзұмбек Машайықұлының есімі ұлытаулықтарға етене таныс. Тұтас ғұмырын туған жерінің тарихын зерделеп, көрген-білгенін қағазға түсіріп, мәйекті мақала, өрелі өлең еткен Мағзұмбек ақын 85-тің биігіне шықты. 

«Ұлытау үні» фестивалі бағдарламасына енген «Өлеңмен өрілген өмір» атты шығармашылық кеш – ақсақалдың ғибратты ғұмыр жолының айқын көрінісі... 

– Қаламды серік еткен саналы ғұмырыңызда Ұлытау өлкесін жырға қосып, өңірдің тарихына өз қолтаңбаңызды қалдырып келесіз. Ал бүгінде өзіңіздің жүріп өткен жолыңыз, ақпарат саласында сіңірген еңбегіңіз айрықша...

Бұл – облыс әкімі аппаратының басшысы Абзал Жайлыбаевтың жүрекжарды сөзі. Осындай ақжарма тілекпен басталған ақын кеші алқалы елді өзіне баурап алды. Сахнаға Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабеков пен мәслихат төрағасы Ахат Құрмансейіт, аудандық ардаргерлер кеңесінің төрағасы Әлімбек Жандарбеков және Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина көтеріліп, кеш иесіне деген сый-құрметтерін жасады.

– Ұлытау ауданының құрметті азаматы Мағзұмбек ағаның кеші Ұлытау ауданына ғана емес, Ұлытау өңіріне ортақ кеш! Ағамызға ұзақ ғұмыр тілейміз! – деген Ұлытау ауданының әкімі  Аманжол Мырзабековтың сөзі тұтас өңір жұртшылығының тілегіндей болды.

Кеш барысында ақын Мағзұмбектің жырлары оқылып, журналист Мағзұмбектің сырлары шертілді. Өлкетанушы Мағзұмбектің өзге де қырлары ашылды.

Тіршілігінде тілшілік қызметіне адал болған қаламгердің қаламы әлі де қолында. Алақанға салған халқына ақ жүректің алғысын айтқан ақсақал кеш соңында өңір дамуына деген тілегін жеткізді...

Ұлытаудың ұлының шығармашылық кеші «Ұлытау үнінің» көрігін қыздырып, мәртебесін асырды. 

 

 

 

Түйін:

Үш күн бойы Ұлытау сахнасын дүбірге бөлеген «Ұлытау үні» фестиваль жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің қатысуымен өткен гала-концертпен қорытындыланды. 

– Міне, бүгін үш күнге жалғасқан фестиваль мәресіне жетті. Фестиваль жыл сайын өзгеше форматта өтуде. Сахнада шырқалған әсем ән-күй құлақтан кіріп, жүрекке жетті. Өңірдің өміршең өнер мерекесі алдағы уақытта да жалғаса бермек, – деді Ұлытау облысы әкімі аппаратының басшысы өнер фестивалін қорытындылай келіп.

 

ІЗТАЙ БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Ұлытау облысы

 

10.06.2024

Ұқсас жаңалықтар

МҰХАММЕДСАБЫР ЖОЛДАМАҒА ЖАҚЫНДАЙ ТҮСТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 29.06.2024 1389
НҰРЛАН ИМАМ САРЫСУ АУДАНЫНДА БОЛДЫ
Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі - 25.06.2024 28
САЛА МАМАНДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Бақытжан Жәнібеков , Шу ауданының әкімі - 24.06.2024 127
ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА 6 «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» САЛЫНАДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.06.2024 136

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 882
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 451
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 1751
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 1384
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 2525