Қазақтың алтын баласы

Қазақтың алтын баласы

Димаштың концертіне әлемнің түкпір-түкпірінен 35 мың көрермен келді

 

Қыркүйектің 23-і. Алматыдағы Димаштың концерті. Тарихи сәт. Өйткені Димаштың есімі тарихта алтын әріппен жазылып қалатыны, тірідей аңыз екені сөзсіз. Бұндай тарихи оқиғаның біз де куәгері болып қайттық. Бұл кештен алған сезім, әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. «Мың рет естігеннен бір рет көрген артық» деген осы болар. Димаштың үнін жанды дауыста естіген расымен де адам баласын ерекше сезімге бөлеп, қанат бітіріп, құдды бір аспанға қалықтатып алып кететін секілді. Жер бетінде 8 млрд адам болса, оның ішінде қаншама ел, қаншама ұлт, дін болса да, соның барлығын бір аспан астына жинап, адамдар арасында діни наным мен шекара сызығын ысырып тастап, жанының сұлулығы мен дауысының тазалығына ғана ден қойып, әлемдік деңгейдегі әншіге айналған Димаш Құдайберген Алматыда алғаш рет жеке концерт берді. Қазақ елінің көк аспаны көктегі періштенің үнін естігендей кеңістіктен саулаған сұлу саздың сиқырынан арыла алмаған көрермені әсерін әлі айтып тауыса алар емес. Орталық стадионға жиналған 35 мың адам, сыртта кіре алмай қалған мыңдаған адам, 68 елден келген шетелдіктер тамсанып, қазақ еліне риза болып қайтты. Төрт сағат бойы концертін қазақ және ағылшын тілдерінде өзі жүргізіп, тірі дауыста ән айтып, би билеп, тер төгу бір әртістен қаншама қажырлылықты қажет етеді десеңші! 68 елден келген меймандар тұтас бірауыздан шығып тұрғандай қазақ тілінде қосыла ән шырқаған кезде кеудеңді мақтаныш сезім кернеп, денең тітіркеніп кетеді екен. Димаш қазақ, орыс, ағылшын, қытай, француз тілдерінде ән шырқады, домбыра, электргитарада, барабанда, басқа да аспаптардың құлағында ойнады, тыңдарманына 31 әнін жүрегімен тарту етті. 

Очередной фурор: Димаш Кудайберген дал концерт в Риге

Ертеңгісін 24-і күні «Алматы аренада» фан-кездесу өтті. Бұл кеште Димаш келген халықпен тілдесіп, сұрақтарына жауап беріп, өзінің отбасымен, жақын достарымен, іні-қарындастарымен таныстырды. Сондай-ақ бұл кеште «Бір аспанның тарихы» атты әнінің жаңа бейнебаянының тұсауын кесті. «Жер бетінің халқы ұлтқа, дінге, нәсілге бөлінеді, бірақ біз бәріміз бір планетаның балаларымыз және бір аспанның астында өмір сүреміз. Өмір – ең бағалы құндылық. Бірде-бір қасиетті кітап адамдарды қырып-жоюға шақырмайды. Біз достасуды үйренуіміз керек, бірді-екілі адам үшін миллиондаған балалар жапа шегіп жатыр. Бірлік болсын әлемде, жер шарының болашағы біздің қолымызда!» – деп, ортақ ғаламшардағы барлық тыңдарманын бірлікке шақырды. Бейнебаянның режиссері Алина Верипя бейнебаянға кішігірім түсіндірме беріп кетті. «Клип бірнеше бөлікке бөлінген. Оның біріншісі – балалық шақ. Басты кейіпкер, оның досы мен ғашығы, балалық шақ оқиғалары, мәңгілік достықтың нышандары байланыстырады. Бір күні досы бас кейіпкерді суға батып бара жатқанда құтқарып қалады. Бұл балалар хикаясында қазірдің өзінде бәсекелестік бар, өйткені ұлдар бір қызға ғашық, ол біреуін таңдайды. Екіншісі белгілі бір психологиялық күйзелісті бастан кешіріп, балалық шақтағы проблемаларды ересектердің тоталитаризм мен күрес әлеміне ауыстырады. Президент болғаннан кейін антагонист құтқарушы соғыс идеясын жүзеге асырады: «Тек соғыс бізді бейбітшілікке жетелейді. Жүрегінен тек мықтылар ғана махаббат таба алады. Сен әлемге еркіндік беретіндей күшті болуың керек. Әр қала, әр үй бір дүние. Біз дайын болғандардың бәрін жетелейміз. Осы жаңа өмірді баста. Қарсы келген жанға қасымызда орын жоқ. Мен бостандықты таңдаймын. Басты кейіпкер де бірлік, татулық туралы, бірақ жақсылық пен махаббат призмасы арқылы әңгімелейді. Соғыс процесінде ол абдырап, есеңгіреп қалады, бірақ ол өз отбасын – жүкті әйелін (бала кезінен сол қызды) және қызын құтқаруы керек. Үйге келген ол өлген адамдардың суретінен шошып, оның отбасының да қайтыс болғанын түсінеді. Бұл драманы басынан өткергеннен кейін ол кек алу үшін бала кезіндегі ескі досына қарай жол тартады. Дегенмен, кейіпкердің әйелі әлемді құтқара алатын ерекше ұл туылуы керек екенін білетін адамдардың көмегімен аман қалады. Бұл бейбітшілік үшін біріккен түрлі ұлт пен конфессияның өкілдері», – деді режиссер. Сонымен қатар діндарлардың тағы бір параллель сызығы туралы айтты. «Діндар адамдардың параллель сызығы – бұл әртүрлі дін өкілдері, олар бірігіп, осы әлемді нұрландыратын Аспан көзін ашатын қандай да бір билік орнына баратын қиын жолмен келе жатқан адамдар. Біріктіру арқылы олар ұлына ортақ энергия жасайды. Бас кейіпкердің ең жақсыға деген үміті мен сенімі сияқты дүниеге келеді. Олардың жолы – жалпы сенімнің символы, өйткені ол әрқашан сынақтардан өтеді. Ақиқатқа барған кезде біз біраз сабақтардан өтеміз, ал біздің Құдайға барар жолымыз қиын, бірақ біріксек қана жетеміз. Бұл клип соғыс туралы емес, бейбітшілік туралы. Мұндағы соғыс – бір-бірімізге деген сүйіспеншілікті жоғалтсақ, не болатынын көрсететін құрал. Бұл ұрпақтарымыздың өмірін, сүйіспеншілігін, достығын, жерін сақтау үшін ұлттық, әлеуметтік, діни ұстанымдар бойынша бір-бірімізді бөлуді тоқтату, бірлікке шақыру туралы», – деп сөзін түйіндеді режиссер.

«Қазақ тілінің қадірін ұмытпайық!» 

Бұл кеште Димаштың тіл жайлы айтқаны да халықтың мерейін өсірді. «Ана тілімізді, тіл мәселесін қазіргі таңда қозғамау мүмкін емес, дұрыс емес деп ойлаймын. Біздің болашағымыз тікелей өзімізге байланысты, біздің жастарға байланысты. Өскелең ұрпақ қандай дүниетанымда болады, қандай мәдениетті бойына сіңіреді? Жалпы қазіргі ең басты айтылатын мәселе барлық тілге ерекше құрметпен қарауымыз керек, бірақ дегенмен де қазақ тілінің қадірін ұмытпайық! «Ана тілің – арың бұл, ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте». Басқалардың тіліне де, өзге ұлтқа да құрмет көрсетуіміз керек, бірақ өз ана тілімізге құрметіміз арту керек», – деп, Димаш залда отырған қазақтарды бір рухтандырып жіберді. «Әр мемлекетте өтіп жатқан концертім ерекше ұмытылмас күн деп ойлаймын. Алматыдағы концертім отандастарыма, ағайындарыма беріп жатқан ең алғашқы емтиханым деп айтсам болады», – деді Димаш Құдайберген. Біз де, халық та Димашымызға: «Аллам жар болсын! Әлемді әніңмен таңқалдыра бер!» – демекпіз.

 

 

Рауан МУТАИР
30.09.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 44
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 145
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 40
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 47
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 57
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 45
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 140
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 145
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 332
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 325
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 948

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9023
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8419
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11647
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9403
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10629