Сот жүйесі – қоғамдағы ең маңызды мәселелердің бірі. Себебі адам құқығы мен қоғам тыныштығы алдыңғы орында тұрмақ. Сондықтан да сот жүйесі қызметін жүзеге асыру – дамушы елдерге тән міндет. Сот жүйесі реформаланса,сан салалы қоғамдық талаптарға да әсері күшті. Сот жүйесінің қызметі әсер етпейтін орган жоқ. Әділдік салтанат құру үшін де бұл салаға жүгінетіндер көбейіп тұр.
Қазақстан Республикасы егемендігін жариялаған кезден бастап жүзеге асырыла бастаған саяси, əлеуметтік жəне экономикалық өзгерістер ұлттық құқықтық жүйенің, соның ішінде сот құрылымы мен сот ісін жүргізудің қалыптасуына жол ашты. Сол жылдардан бастап сот саласында мемлекеттік биліктің өз алдына дербес бір тармағы – сот билігінің қалыптасуына жол салған түбегейлі өзгерістер жүзеге асты.
Сот жүйесі – түрлі деңгейдегі соттардың жиынтығы. Бұл материалдық және процессуалдық заңнамада белгіленген қатаң тәртіппен жұмыс істейтін иерархиялық жүйе болып табылады. Қазіргі қоғамда көптеген сот жүйелері бар. Сот жүйесі құрамына азаматтық, қылмыстық, әкімшілік, әскери, шіркеулік, сауда т.б. сот істері кіреді. Сот жүйесін көбіне конституциялық сот қызметін атқаратын Жоғарғы сот органы басқарады. Кейбір елде бірнеше сот жүйесі болады. Мысалы, Ресейде жалпы соттар, шаруашылық соттар және конституциялық соттар бар. Сот жүйесінің біртұтастығы түрлі деңгейдегі барлық соттардың ұйымдастыру және жұмыс істеу қағидаларының, міндеттерінің, соттарды қаржыландыру тәртібінің біркелкі болуынан, бірыңғай тәртіпте сот төрелігін атқарып, заңдарды бірыңғай қолдануынан және судьялардың құқықтық мәртебесінің бірдейлігінен көрініс табады. Қазақстан сот жүйесі әкімшілік-аумақтық бөлініске орай құрылады.
Тәуелсіздік жылдары сот жүйесін дамытудың бірқатар негізгі нәтижелеріне соттардың тәуелсіздігі мен судьялардың мәртебесі айрықша бекітілуі, сот құрылымы мен сот ісін жүргізуде түбегейлі өзгерістер орын алды.
Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы заңның бірінші бабында сот жүйесі былай нақтыланған:
1.Қазақстан Республикасында сот билiгi тұрақты судьялар, сондай-ақ заңда көзделген жағдайларда және тәртiппен қылмыстық сот iсiн жүргiзуге тартылған алқа заседательдерi арқылы соттарға ғана тиесiлi.
Қазақстан Республикасында сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады. Соттың ерекше өкiлеттiгiн басқа органдарға берудi көздейтiн заң актiлерiн шығаруға тыйым салады. Ешқандай өзге органдар мен тұлғалардың судья өкiлеттiгiн немесе сот билiгi функцияларын иеленуге құқығы жоқ.
Сот iсiн қарау тәртiбiмен қаралуға тиiс өтiнiштердi, арыздар мен шағымдарды басқа ешқандай органның, лауазымды немесе өзге де адамдардың қарауына немесе бақылауға алуына болмайды.
2. Сот билiгi Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуге қызмет етедi.
Әркiмге мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды және өзге де адамдардың Республиканың Конституциясында және заңдарында көзделген құқықтарға, бостандықтар мен заңды мүдделерге нұқсан келтiретiн немесе оларды шектейтiн кез келген заңсыз шешiмдерi мен iс-қимылдарынан сот арқылы қорғалуға кепiлдiк берiледi.
Ешкiмдi де оның iсiн заңның барлық талаптары мен әдiлеттiлiктi сақтай отырып құзыреттi, тәуелсiз және алаламайтын соттың қарау құқығынан айыруға болмайды.
Сот билiгi азаматтық, қылмыстық және заңда белгiленген өзге де сот iсiн жүргiзу нысандары арқылы жүзеге асырылады.
3. Судьялар сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және тек Конституция мен заңға ғана бағынады. Судьялардың мәртебесi мен тәуелсiздiгiне нұқсан келтiретiн заңдарды немесе өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдауға жол берiлмейдi.
Соттың сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi қызметiне қандай да бiр араласуға жол берiлмейдi және заң бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. Судьялар нақты iстер бойынша есеп бермейдi. Сот iсiн жүргiзудiң белгiленген тәртiбiне қарамастан берiлген сот iстерi бойынша, сондай-ақ соттың құзыретiне кiрмейтiн мәселелер бойынша өтiнiштердi сот қараусыз қалдырады немесе тиiстi органдарға жiбередi.
Сотқа немесе судьяға құрметтемеушiлiк бiлдiру заңда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Сот актiлерi мен судьялардың өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыру кезiндегi талаптарын барлық мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары, жеке және заңды тұлғалар орындауға мiндеттi. Сот актiлерi мен судьяның талаптарын орындамау заңмен белгiленген жауапкершiлiкке әкеп соғады.
Қазіргі таңда электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі енгізіліп, сот ісін жүргізуде заманауи бағдарламалық өнімдер пайдаланылып, ақпараттық технологиялар арқылы Қазақстан халқына көптеген ақпараттық қызметтер көрсетіліп, Республиканың сот жүйесінің тиімділігін, қолжетімділігі және ашықтығын одан әрі арттыруға қажетті жағдайлар жасалған.