Ұлттық құрылтайды ақиқат алаңы деп тануға бола ма?

Ұлттық  құрылтайды ақиқат алаңы деп тануға бола ма?

Ұлттық құрылтайға халық үлкен сенім артты, үкілеген үміттің шоғын маздатып, елде әділеттілікті орнатады деп күтті. Әділетті Қазақстанның қазанын бұрқ-сарқ қайнатар жалындаған адуын күші болар деп сенді. Сенім ақталды ма? Үміт жанды ма? Өздеріңіз білесіздер, бірінші Құрылтай қасиетті Ұлытауда өтті. Екіншісі киелі Түркістанда дүрілдеп өтті десе де болады. Қос Құрылтайға да небір «сен тұр, мен атайын» деген жақсы мен жайсаңдар қатысты. Қадау-қадау ойларын ортаға салған олар ойларын күлбілтелемей жеткізе алды ма? Осы аптада белгілі математик, ғалым, қоғам қайраткері Асқар Жұмаділдаев көп алдында Құрылтайда айтқан уәжінің жүзеге асып жатқанын мәлімдеді. Сөз жоқ, бұл жақсы нышан, қуанышты хабар. Себебі бізде сөз көп. Бірақ нәтижесі шамалы. Ал мынау діттеген ойдың іске айналуы көңілге үміт ұялатады.

Ел Президенті де Ұлттық құрылтайға зор сенім артып, оған тікелей қамқорлық жасап отыр. Құрылтай делегаттары да аспаннан түскен жоқ. Әртүрлі мамандық иелері. Елдің жағдайын күнде көріп, біліп жүрген көзі қарақты, есімдері елге мәлім жандар, қоғам қайраткерлері. Құрылтайға қатыстың ба, саған зор сенім артты ма, ақиқатты арыстандай ақырып айт, шындықты шырылдатып ортаға сал! Мінбер тұр сені күтіп. Айта алмасаң – саған серт, орындалмаса – ел басшысына серт! 

Біздіңше, Құрылтай – қалың елдің үнін жеткізетін қасиетті де киелі ұлы шара. Қысқасын айтқанда, әр Құрылтайды халық асыға күтіп, айыз қандырар шындық алаңында елең еткізер ақиқат пен шындықтың атойлағанына куә болуы тиіс. Құрылтай ел тағдырын қапысыз шешіп жатса ғана үдесінен шыққаны. Ондағы айтылған алмас ойлар аңыз болып қалың бұқараның аузында жүруі тиіс. «Өткен Құрылтайларда ештеңе айтылмады» деп, ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Көп нәрселер, жайттар, көкейтесті мәселелер, кемшіліктер айтылды. Бірақ солардың насихатталуы кемшін бе, халық құлақтанбай жатыр. Әрбір айтылған сөз, уәж, сын халыққа жария етіліп, оның орындалуы жарқырап көрсетілуі тиіс. Сонда ғана халық Құрылтайға сене бастайды. Сонда ғана Құрылтай болған кезде қалың бұқара құлағын тігіп, келесі Құрылтайды тағатсыздана күтеді.

Бүгін біз «Ұлттық құрылтай үні» атты айдар ашып отырмыз. Алдағы уақытта не көтерілді, қандай нәтижесі болды, сіздерді құлағдар етіп отырамыз. Сәт сапар!

 

 

ЕРТАЙ АЙҒАЛИҰЛЫ
25.08.2023

Ұқсас жаңалықтар

Баянды бастамалар жылы – Берік Уәлимен сұхбат
Автор Гүлнұр Ғазизқызы, «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі - 28.12.2023 1023
ШЫМКЕНТТЕ 3 ЖЫЛДА 472 КӨШЕ ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛДЫ
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі - 25.07.2023 2898

Топ жаңалықтар

1
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 6373
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 5701
3
Оразай би ҚОЖАГЕЛДІҰЛЫ. Әшімжанның әкесі.
Show more
Жанарбек Әшімжан ФБ парақшасынан - 2023-06-01 5941
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 5786
5
Өміріңді сақтандыр, өкінбейсің!
Show more
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы - 2023-05-31 5669