Қазақстан тәуелсіздіктен бері қарайғы кезеңде түрлі реформаларды сәтті жүзеге асырып келе жатыр. Реформа дегенде ең алдымен экономикалық сала еске түсетіні бар. Дегенмен біздің ел халық денсаулығын, әлеуметтік ортаның тазалығы мен қоғам амандығын сақтауда экономикалық саланы «кейінге ысыра тұратындығын» мақтанышпен айта кеткен жөн. Бұл жағында біз әлемдегі алпауыт елдердің өзіне үлгі болар талай шараларды қолға алып келе жатырмыз. Бұл сөзімізді оқығанда кейбір адамдар «өз халқының денсаулығына зиян тигізетін шараларды қабылдаған мемлекеттер де бар ма?» деген оймен мысқылдап жымиюы да бек мүмкін. Біз бұған көптеген мысалдар келтіре аламыз.
ШЕТЕЛДЕРДЕ ЖАҒДАЙ ӘРТҮРЛІ
Мысалы шығыстағы көршіміз Қытай елінде алкогольді ішімдіктер мен темекі өнімдерін саудалауға, тұтынуға біздегідей шектеулер қойылған жоқ. Заң жүзінде ішімдік ішу мен темекі шегуге шектеулер 18 жас деп белгіленгенімен, саудаға салу жағы біздің елдегідей жүйеге түсе қойған жоқ. Қытайда жалған арақ пен темекі өндірушілерді қатаң жазалайтыны болмаса, арақ-шарап пен темекінің саудасы азық-түлік, киім-кешектің саудасынан бір кем емес деп айтуға болады. Тәулік бойы сатыла беретін бұл өнімдерді адамдар мектеп пен балабақшалардың іргесіндегі дүкендерден ешқандай шектеусіз сатып ала береді. Бұл елде ең қатаң қадағаланатын зат есірткі болып табылады. Әдетте 50 грамм героинмен ұсталған адамды қылмыстық құрамына қарай өлім жазасына дейін кесуі мүмкін.
Алкоголь және шылым шегу мәселесіне терең үңіліп талдау жасайтын болсақ, әлем елдерінде ала-құла жағдайдың бар екендігін аңғаруға болады. Мәселен жер шарының арғы бетінде жатып, бүкіл ғаламға демократия мен тәртіптің үлгісін көрсетуге дайын тұратын АҚШ-тың жағдайы тым күрделі.
Бұл елде заң бойынша алкогольді ішімдіктерді тұтынуға 21 жастан жоғары азаматтарға ғана рұқсат етілетін болса, темекі шегудің жас шектемесі – 18 жас. Кейбір штаттарда темекіге тыйым салу жасын 21-ге көтеруді қолдайды. АҚШ-та ішімдік пен темекі өнімдерін сатуға, тұтынуға қатысты кейбір ережелер мен шектеулер бар. Мысалы алкоголь мен темекіні жарнамалауға тыйым салынған әрі қоғамдық орындарда темекі шегуге болмайды. Яғни заңдық қадағалау мен шектеулер сақталған.
Алайда АҚШ – нашақорлықты тізгіндеуге түбегейлі күрес аша алмай келе жатқан мемлекет. Ұлттық нашақорлық статистикасы орталығының белгілемесіне сәйкес АҚШ-тағы есірткі түрлері алкоголь, марихуана, кокаин, фентанил, опиоидтер (негізінен бақыланатын психотроптық заттар), рецепт бойынша берілетін стимуляторлар және метамфетамин, амфетаминдер және героин қатарлы сегіз түрлі затты қамтиды.
Талай жылдан бері Америка Құрама Штаттарындағы федералды және жергілікті үкіметтер есірткі мәселесін қатаң бақылаймыз деп мәлімдегенімен, олар әртүрлі мүдделі топтардың лоббиіне байланысты маңызды шараларды қолдана алмай келе жатқан мемлекет. 1960 жылдары танымал Хиппи қозғалысы және ол жасаған хиппи мәдениеті Америка Құрама Штаттарында, соның ішінде «есірткі мәдениеті» кең етек алды. Хиппи мәдениеті – есірткіні бүкіл қоғамға насихаттайтын және марихуананың есірткі емес, адам ағзасы үшін зиянсыз екенін насихаттайтын идеологиялық бағыт. Ол марихуананы қоғамда мойындау және пайдалануды заңдастыру үшін теріс пайдалануды насихаттайды. 1980 жылдардың ортасына қарай есірткіні заңдастыруға шақырулар бірте-бірте бәсеңдеді, бірақ Америка Құрама Штаттарындағы есірткіге тәуелділік мәселесі түбегейлі өзгерген жоқ. 1990 жылдардан бастап АҚШ-та есірткіні заңдастыруды жақтау қайтадан өсті. 2014 жылы Колорадо штаты марихуананы заңдастырды. Осыдан кейін кейбір қылмыстық топтар Колорадо штатында марихуана өсіріп, кейін оны басқа штаттарға тасымалдап сатуды бизнес көзіне айналдырып алды. Осылайша АҚШ қоғамында миша былыққан жағдай барлығына жетті. Пайданы көздеген мүдделі топтар ел ішінде «марихуана зиянсыз» деген ұғымды сіңіру үшін барын салып жатыр.
НӘТИЖЕЛІ КҮРЕС
Қазақстан алкогольді ішімдіктер мен шылым шегу мәселесіне жыл өткен сайын бақылауды күшейтіп келе жатыр. Біздің елде халық денсаулығын жақсарту мақсатында салауатты өмір салтын ұстануды дәріптеу мемлекеттік идеологияның бір бөлігі болып табылады. Сондай-ақ құқықтық негіздері де нақтыланған. Бұдан бөлек түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында алкоголь, шылым секілді өнімдерді тұтынудан бас тартуға шақыратын түрлі шаралар бүкіл республика аумағында жыл бойы жүргізіліп отырады. Заң талаптарының атқарылуын қадағалау ішкі істер органдары мен қатысты мекемелердің қатысуымен жүзеге асырылып жатыр.
Қазақстанда қоғамдық орындарда алкоголь ішу, алкогольді заңсыз бөлшек саудада сату, мас күйінде көлік жүргізу фактілері қатаң бақыланады. Бұдан сырт шылым шегуге де көптеген тыйымдар белгіленген. Мұндай нашар әдеттердің барлығы Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан дайындалған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жобаларының шеңберінде нақтыланғандығын айта кету керек.
Кәмелетке толмағандардың (18 жас) мамандандырылмаған сауда орындарында алкоголь өнімдерін бөлшек саудада сатуға және алкогольді ішімдіктерді пайдалануына тыйым салынған.
Кәмелетке толмағандардың алкогольді пайдаланғаны үшін ата-аналарының немесе кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің әкімшілік жауапкершіліктері енгізілген.
Әкімшілік кодексіне мейрамханаларда, барларда және дәмханаларда алкоголь өнімдерін 23-00-ден келесі күні сағат 8-00-ге дейін, этил спиртінің көлемдік үлесі отыз пайыздан асатын алкоголь өнімін 21-00-ден келесі күні сағат 12-00-ге дейін олардың аумағынан тыс алып шығып бөлшек саудада сатқаны үшін жауапкершілікке тарту бөлігінде нормалар енгізілген.
Оқу орындары мен білім беру мекемелерінен 100 метр радиуста алкоголь ішімдіктерін сатуға тыйым салынған.
Бұдан бөлек алкоголь өнімдеріне баж салығы жоғарылатылғандығын да айта кеткен жөн. Ал шылым шегу мәселесінде де осыған ұқсас шектеулер енгізілген. Яғни кәмелет жасқа толмағандарға темекі өнімдерін сатуға тыйым салынған. Темекі қорабының сыртына оның зияндылығын айғақтайтын фото-суреттер мен ескертулер жазылған. Сондай-ақ баж салығы белгілі деңгейде жоғарылатылған. Біздің елде кәмелеттік жасқа толмағандарды сақтандыру жағы ғана құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етіліп отыр деу бағалауға келмейді. Мұнда әлеуметтік орындарда шылым шегуге тыйым салу мәселесі де қатаң қадағаланады.
2020 жылғы 7 шiлдеден бастап қоғамдық орындардағы пассивтік шылым шегуден қазақстандықтарды қорғауды көздейтін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс күшіне енді. Мысалы «ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексінің 110-б. 5-т. 10 тармақшасына сәйкес – темекі шегуге үй кіре берістерінде, сондай-ақ білім беру ұйымдарында, сондай-ақ кәмелетке толмаған адамдардың демалуына арналған ұйымдарда, денсаулық сақтау ұйымдарында, қоғамдық тамақтану орындарында, кинотеатрларда, театрларда, цирктерде, концерт, көру және көрме залдарында, спорт ареналарында және көпшіліктің демалуына арналған басқа да жабық ғимараттарда, соның ішінде түнгі клубтарда, дискотекаларда, мұражайларда, кітапханаларда және лекторийлерде, пойыздар мен теңіз және өзен көлігі кемелерінде белгіленбеген жерлерде, әуе кемесінің бортында, жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыру кезінде автобустар, шағын автобустар, троллейбустар, таксилер және қалалық рельстік көлік салондарында, әуежайлардың, теміржол, автомобиль және су вокзалдарының ғимараттарында, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда, жұмыс орындары болып табылатын үй-жайларда тыйым салынады» деп ашық белгіленген.
PS: Осындай шектеулер мен қоғамдық іс-шаралардың нәтижесінде қазақстандықтар арасында жыл өткен сайын алкогольге, шылымқұмарлыққа тәуелді болу сынды нашар әдеттер азайып келе жатыр. Салауатты өмір салтын ұстану, халық денсаулығын сақтау жолында қолға алынып жатқан бұл шаралардың жүзеге асырылуы барысында ішкі істер органдарының үлесі зор екендігін айта кеткен жөн.
ЕРҚАЗЫ СЕЙТҚАЛИ