Референдум

Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру – заман талабы

Халықтың қаржылық сауаттылығын  арттыру – заман талабы

Бүгінде қарапайым халықтың қаржылық сауаты кемшін. Бұл фактор күнкөрістен артылған қаржысы қор жинауға мүмкіндік беретін әрбір үшінші отандасымызға ақшасын сандықта сақтауға мәжбүрледі. Басқаша айтқанда, жиған-тергенім құнсызданып кетеді деген қорқыныш халықтың санасынан әлі сейіле қойған жоқ. Осы жерде айта кетер бір жайт, қаржы секторындағы 1990 жылдар мен қазіргі жағдайдың арасы жер мен көктей. 2000 жылдардың бас кезінде кейбір банктер жабылып қалғанда салымшылардың қаржысы мемлекет кепілдендіретін қор арқылы қайтарылды. Бүгінде ішкі нарықтағы банктердің бәрі сол қорға мүше. Егер банк банкрот болса, салымшылардың қаржысын қайтару үшін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорында жинақтау негізінде арнайы резерв құрылған. Бұл депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің үш ай сайынғы жарналары есебінен толығып отырады. Қор өкілдері қажет жағдайда кепілдік берілген өтемді төлеу үшін Қордың меншікті қаражаты да пайдаланылуы мүмкін екенін айтады.

Сарапшылар қаржылық сауаттылыққа ең алдымен халықтың мүдделі болуы керектігін айтады. Күні кешеге дейін қаржы сауатын ашатын бағдарламалар мен газет-журналдарда, басқа да басылымдардағы ақпараттар қарапайым халық үшін жеткіліксіз деген себептер айтылып келді. Бұл фактор алданып қалған немесе несие алатын кезде келісімшарттарды оқымай, барлық шарттарына көз жұмып қол қоя салатын салымшыларды ақтап алмайды. Қазіргідей ақпаратты технологияның заманында өзіңе қажетті ақпаратты ғаламтордың кез келген қуысынан суырып алуға болады. Тек құқыңды қорғап алуға төтеп беретін ерік-жігерің мен ықылас болса болғаны. Халықтың қаржылық сауаты банк несиесі немесе депозит несиесі туралы келісімшарттарға қол қояр сәттен басталатынын сарапшылар да жиі айтады.

Қоғамның қаржылық сауаттылығы Үкіметті де, Ұлттық банкті де ойландыратыны түсінікті. Бүгінге дейін бұл мәселені кезең-кезеңге бөліп, оның деңгейін көтеруге қатысты ұстанымын нақты және көпшілікке түсінікті құжаттармен айқындап келді. Халықтың қаржылық сауатын көтеруге бағытталған тұжырымдамасын іске асыру қаржылық қызметтерді тұтынушылардың білімін, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды жақсартады деген үміт бар.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (АРРФР) зерттеуіне сәйкес, халықтың қаржылық сауаттылығының негізгі көрсеткіштері бойынша сауаттылық индексі 40,5% құрады. Бұл ретте ең осал буын «меншікті қаржы қаражатын басқару» – 38,6% көрсеткішін көрсетті.

Респонденттердің үштен бірі – 30,2%-ы қаржы қаражатын бөлу туралы шешімді дербес қабылдайды және ол 50-63 жас санатындағыларға тән. 30-49 жас аралығындағы респонденттердің 35,6%-ы өз ақшасын ата-аналарына сеніп тапсырады. Әрбір бесінші респондент жұбайына/зайыбына береді, 18,2%-ы ғана ортақ бюджет жүргізеді.

Жалпы алғанда, қаржылық сауаттылық,  бұл – сіздің ақшаңызды қалай дұрыс басқару керектігін түсіну, ақша табу, жұмсау, сақтау, жинақтау, инвестициялау, көбейту және т.б. – дейді қаржы сарапшысы Валентина Дрофа.

Оның айтуынша, қаржылық сауаттылық кез келген мемлекеттік экономикалық саясаттың маңызды элементі болып табылады және оны арттыру халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсартуға әкеледі.

«Қазақстанда бұл тақырып ерекше маңызға ие, өйткені халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін жоғарлату керек, бұл елдің экономикалық әл-ауқатына айтарлықтай әсер етеді».

Сарапшы Қазақстандағы қаржылық сауаттылық индексі ТМД елдері бойынша орташа көрсеткіштен төмен екенін, ол 55% ға бағаланатынын түсіндірді. Қазақстандықтардың міндетті емес қажеттіліктерге несие алуға бейімділігі жағдайға біршама теріс әсер етеді.

«Белсенді несиелеудің өзі экономика үшін оң және теріс салдарға әкелуі мүмкін. Адамдар үй сатып алу немесе бизнес бастау үшін несие алған кезде, бұл елдің экономикалық өсуіне ықпал етуі мүмкін. Алайда, егер адамдар тұтыну тауарларына негізсіз несие алса, оларды қайтару мүмкіндіктерін мұқият бағалауы керек. Қаржы саласындағы сауатсыздық жеке адамдар үшін де, жалпы экономика үшін де күрделі мәселелерге әкелуі мүмкін», – деп түсіндіреді Валентина Дрофа.

Нағашыбай Қабылбек
12.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23872
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23546
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 40703
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36979
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41222