Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай Алматы қаласы, Алатау ауданында орналасқан №26 жалпы білім беретін мектепте «Әлі талай жыр болып жазылармын...» атты әдеби-сазды кеш өтті. Аталған іс-шара мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, соның ішінде Базарбекова Меруерт,Иманқұлова Гүлмира, Сисенова Мейрамгүл, Пралиева Индираның ұйымдастыруымен өтті.
Мектебімізде төрт мыңға жуық бала бар, олар үнемі кітапханамен байланыста. Қаңтар айының соңына қарай мектебімізде Мұқағали оқуын өткізіп, ауданға шығатын жүлдегерлер дайындайды. Жүзденжүйрік, мыңнан тұлпарларды анықтап, аламанға қосамыз. Мұның бәрі мұғалім мен оқушының бірлесе жұмыс істегенінің жемісі деп білеміз. Мектепте ақиық ақынға арналған әдеби кеш өткіздік. Ақын сөзіне жазылған әндер орындалды, саңлақ әнші балаларымызды сахна төріне шығардық. Мұқағали поэзиясын тамылжыта оқып, көрерменге ой салған шәкірттеріміз бар. Ақын өмірінен өлеңдерін келтіре отырып, көрініс қойдық. Ол үшін актерлық шеберлігі басым балаларды іздеу оңай болмады.
Мұқағали рөлін 11 «А» сынып оқушысы Қаржауов Нұрбақыт керемет ойнап шықты. Көпшілік шын Мұқағалиды көрдік деп пікірлерін айтып жатты. Ол оқушы да болашақта өнер саласын таңдап отыр екен.Болашағынан үміт күтетін бала деп таныдық.Мерекелік кештің басты мақсаты – оқушыларға ақын өлеңдерінің өміршеңдігін дәріптеу, ақын өлеңдері арқылы оқушыларды шығармашылыққа баулу,тұлғалық сезім мәдениетін қалыптастыру.
Мұқағали жырлары ғасырдан ғасырға кететін мұра ғой. «Таулар алыстаған сайын биіктей береді» демекші, оқушы жүрегін өзіне тартып, оқырманын көбейте түсетініне сенімдіміз.
Меруерт Базарбекова