Ассалаумағалейкум, құрметті «Qazaq-stan dauiri» газетінің ұжымы!
Жылқы жылы баршаңызға зор денсаулық, шығармашылық табыс, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге береке әкелсін. Басылымның үшінші санында ашылған «Мемлекеттік тілде сөйле» атты жаңа айдар – қоғам үшін аса өзекті әрі уақытылы бастама деп білемін. Осы орайда өз ойымды білдіруді жөн көрдім.
Мемлекеттік тіл – ұлттың абыройы, елдегі барша халықты біріктіретін рухани өзек. Тіл – жай ғана қарым-қатынас құралы емес, ол – тарих, дәстүр, таным, ұрпақ жалғастығы. Дегенмен, тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асса да, мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны әлі де толық айқындалды деп айту қиын.
Кейбір халықаралық тұлғалардың Қазақстан туралы пікірлері де ойландырмай қоймайды. Шетелдік кәсіпкерлердің бірі: «Өз елінде тұрып, өз ана тілінде толық өмір сүре алмай отырған халықты көрдім» деген мазмұндағы пікір айтқаны бар. Мұндай сын бізді намыстандыруы тиіс. Өйткені ана тілінде сөйлеу – әр азаматтың табиғи құқығы әрі парызы.
Қоғамда мемлекеттік тілді дамытуға қатысты сылтау да, немқұрайлық та кездеседі. Үлкен қызметтегі, бизнестегі азаматтардың өзара өзге тілде сөйлесуі жиі байқалады. Мемлекеттік деңгейдегі жиындарда да қазақ тілі мен өзге тіл аралас қолданылып жатады. Әрине, көпұлтты ел болғандықтан түрлі тіл білу – артықшылық. Алайда мемлекеттік тілдің мәртебесі нақты іс жүзінде көрініс табуы керек. Егер жоғары лауазымды тұлғалар барлық ресми ортада қазақ тілінде таза сөйлесе, бұл бүкіл қоғамға үлгі болар еді.
Тілдің болашағы ең алдымен ауылмен байланысты. Ауыл – қазақы тәрбиенің, салт-дәстүрдің, ана тілінің алтын бесігі. Қазіргі таңда инфрақұрылым жақсарып жатқанына қарамастан, ауылдан қалаға көшу үрдісі тоқтар емес. Жастардың барлығы дерлік жоғары оқу орнына ұмтылып, ауылда еңбек етуді екінші кезекке ысырып қоюда. Әрине, білім алу – маңызды. Бірақ білім мен ұлттық тамырды ажыратпау қажет. Бұрын да халық ішінде білімге бейімі бар жастар оқып, елге қызмет еткен, ал басқалары ауылда қалып, шаруашылықпен айналысып, ұрпақ тәрбиелеген. Бұл – табиғи тепе-теңдік еді.
Бүгінде отбасы институтының әлсіреуі, ажырасу санының артуы да алаңдатады. Ауылдарда үйленбей жүрген азаматтар көбейіп келе жатқаны рас. Мұның бәрі – әлеуметтік, экономикалық әрі рухани факторлардың жиынтық нәтижесі. Сондықтан мәселенің салдарымен емес, себебімен күресу қажет.
Басқа этностардың өз тілін, дәстүрін берік сақтап, ұрпағын соған сай тәрбиелеп отырғаны үлгі боларлық жағдай. Олар үшін отбасы – басты құндылық, тіл – күнделікті өмірдің өзегі. Бізге де ұлттық идеологияны, рухани тәрбиені күшейту маңызды.
Ұлттық стратегиялық бағыттарды жетілдіру – уақыт талабы. Руханиятты сақтау, жер-су атауларын құрметтеу, қорғаныс қабілетін нығайту, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу – мұның бәрі тілмен тікелей байланысты. Тіл бар жерде – рух бар. Рух бар жерде – бірлік бар.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік тіл мәселесі – тек тіл мамандарының емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Президенттен бастап қарапайым азаматқа дейін қазақ тілінде сөйлеуді өмірлік ұстанымға айналдырса ғана нақты өзгеріс болады. Барлық ұлт өкілдері Қазақстанды ортақ Отан деп қабылдап, мемлекеттік тілге құрметпен қараса, еліміздің болашағы нұрлы болмақ.
Тіл тағдыры – ел тағдыры.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін сөзбен емес, іспен көтерейік!
Әбітбек Жаңбыршы















