ХХ ғасырдағы қызыл империяның дүрбелеңі қазақ халқын демографиялық жағынан да, мәдени-әлеуметтік тұрғыдан ойсыратып кетті. Бүгінде өртеңге шыққан өлең шөптей халқымыз ес жыйды, етек қымтады. Шетелдегі қазақ бауырларымызда сондай күйді кешіп, ата-бабасының тарихы мен көрген азабын, шежіресін енді ортаға сала бастады.
Бүгінде Еуропаның ең озық елінде тұрып жатқан Қажыакпар Аюби бауырымыз да соның бірі. Ауғанстанда туып-өсіп, Данияға тұрақтаған. Қажыакпармен сұхбаттасудың сәті түсті. Оның айтқан естелігі мен әңгімесі бір кинофильмге жүк боларлық мәлімет екен. Соны барынша қысқартып беруге бекіндік.
· Акпар бауырым, туған жерің Ауғанстан екен, содан-ақ ғұмырбаяныңда қызғылықты шежіре барын аңғаруға болоады. Әңгімені ата-тектен бастасақ. Ата-бабаң қай өлкеден?
· Менің аталарым Қызылорда облысының Қармақшы ауданында тұрыпты. Шөмекейден тарайтын Аю атаның ұрпағы болып келеді. Өзім әрине атамды көрген жоқпын, ал әжемнің айтуынша, Орынбордың базарына барып мал сатып, керек-жарақ, қант-шекер сияқты азық сатып әкеледі екен. Ол енді төңкеріс дәуірінің қарсаңы болса керек. Нақтысын білмедім, әжем Ақтөбе жақтан болуы керек, сол қалаға қайын жұртын сағалап алыс сапарға шығып жүргені содан болар.Айттыра келгенде, әжеміз киізүйдің жабығынан сығалап, келген екі жігітке қайсысы екен деп қарайды екен: біреуі қараторы, енді бірі шикіл сары болса керек. «Ішімнен қараторыны таңдап, болашақ күйеу сол болса екен деп тілесем, ол болмай шықты, сөйтіп мені сары жігітке беріп жіберді» – деп отыратын әжеміз. Ол кезде солай айттырып үйлене береді ғой. Сонымен тұрған мекендері негізінен Қазалы болса керек, сол туралы көп айтатын.
Осылай өмірлерін бастағанда, төңкеріс болады, қазақ та қызыл мен аққа жарылды. Содан қайныағасы ма екен, бір туысы қызыл жаққа шығады. Сөйтіп бұлардың мүліктерін тәркілегенде, төркінінен жасаумен келген әдемі қамзолын әлгі кісі алып кетіпті. Әжеміздің сол мықтап есінде қалса керек. Ата-анасының көзі, тастап кет десе де болмапты. Осылайша қазақтың өз қолымен қызыл өкімет қазақты талауға түсіріпті. Шамасы, қызыл өкіметке өткендер жарлы-жақыбайлар, байға қызмет еткен кедейлер болса керек.
Қазыр де қазақ бай мен кедей болып, өзара көз аларту болып жатыр ғой, ол кезде мүлдем қақ жарылғасын осындай саясат болатыны белгілі ғой.
· Ата-әжеңіз қандай кісілер еді? Ол кез қызыл қырғынның, төңкерістің заманы ғой, естіген білгенің болса, жақсы мәліметпен тарихымыз толыға түсер. Әсіресе, елден үдере көшудің өзі небір қиындыққа толы шежіре болар...
· Менің атам Бұқарадан діни білім алған, молдалығы бар, мұсылманша сауатты болса керек. Аты Базарбай екен, оны молда Базар атапты жұрт. Әжемнің есімі – Ханшагүл болатын. Содан атамның бір жақыны келіп, бүгін көзіңді құртпасаң, кешкісін қызылдар сені ұстайды депті. Ол кезде күн батқасын осындай бас көтерер, сауатты адамдарды алып кете береді екен.Оның арты соттау, ату болып түбірімен құрып кете беріпті. Содан атам ауылдың сыртындағы қаптаған жыңғыл деген бұталы өсімдікті бірнеше күн бе, ай ма, білмедім тасалап, тығылып жатыпты. Соған түн ішінде барып әжеміз тамақ апарып береді екен. Жағдай осылай ушығып, елдің іші ығы-жығы болғасын, атам айналасына сенімді ағайыны мен дос-жаранын жинастырып, ақылдасып, бір күні түнделетіп, «ұрышырақ» аталатын сығырайған шырақ жағып, түн жамылып ауылдан шығып кеттік дейді. Бұны еміс-еміс есінде қалғанын айтатын әкем ол кезде үш-төрт жасар ма екен, әйтеуір оның қарындасы алты айлық болса керек.
Үдере көшкен бұл топтың басшысы Тақан ата болыпты, ол кісі жүректі де, білекті болса керек. Шамасы атамыздың жамағайыны болар, нақтысын айтпады. Ұрышырақты жолға түсіріп, ауылдан ұзағасын, көшті ұзатып салып, ол кісі жалғыз өзі тосқауылға қалады: соңдарынан қуғыншы болса, содан қорғану үшін. Содан бұлардың соңына екі орыс, бір қазақ түскен екен. Біраз жүріп, әбден шаршап әлгілер тынығуға жатқанда, Тақан ата тарпа бас салып, үшеуін де бауыздап өлтіреді. Оларды көміп, қару-жарағын алып, аттарын жетектеп көшке қосылады.
«Күндіз тауды, жыра-жықпылды тасалап, жатамыз да, күн бата шығамыз» деп отыратын әжем. Бір жерге келіп, әкемнің алты айлық қарындасының жаялығын ашып қараса, бөксесі құрттап кетіпті... Әлгі апекеміз, әйтеуір, содан да аман қалыпты. Ол кісі жақсы мен жаманның бәрін де көріп, Данияға келгесін екі жылдан кейін қайтты.
Ал енді жолдағы қиындық өз алдына, жолда осындай көш бір біріне қосыла ұлғая береді, шекарадан өтетін кез келеді. Жол қиындығына шыдамайды деп, кішкентай баланың етегіне құм түйіп, ойнатып, далаға тастап кететіндері де болған. Сондай жағдай менің әкеме де төнсе керек... Ол кезде әкемнің жасы төртте дегенді айтады, бірақ ол Ауғанстанға өткендегі жасы ма, елдегі жасы ма, білмедім. Әкемді де ойнатып, алдына құм өңгертіп, атам тастап кетпекші болған... Бірақ әжем тастамай отырып алған, «бір ұл, бір қызды қайтсем де өзіммен алып жүремін, болмаса өздерің кете беріңдер, мен осында қаламын» депті. Атам амалсыздан ұлын тастамай алып жүріпті. Жолдың қиындығы адам шыдауға болмастай ауыр болған ғой. Жолда аштыққа ұшыраған, тіпті шөптің тамырын жеуге мәжбүр болған. Ол жерде де талай адам аштық пен аурудан өлген.
Өйткені олар бірнеше жылдай қазырғы өзбек жерінде қалған Үшқұдықта тұрақтаған.Содан Бұқара мен тағы бір қаланың арасында күнкөріс үшін көмір тасып күнелтуге мәжбүр болыпты. Көмір тасып сатыпты. Көмір керуенін де сол Тақан ата жетектеп, басшы болып атқарса керек. Сол көмір керуеніне Тақан атаға тапсырып, бір кемпір жалғыз баласын қосып жібереді. Қай маң екенін айту қиын, әлгі жалғыз жетім баланың түйесі бір түнде жоғалып кетеді, ол кезде ұры көп қой... Содан Тақан ата ізімен қуып барса, әлдебір тау етегінде бір атты, түйелі кісіні табады. Барса, еңгезердей сарт екен: «Әй, қазақ, ажалыңа келдің бе?» деп қарсы шығады. Тақан ата анаған ұрлаған түйені қайтаруды талап етеді, көп ұзамай екеуі алысып кетеді. Әлгі ауған біздің атамыздан екі есе зор болса керек, әл бермейді. Тақан атаны әлгі ұры астына алып, қылғындыра бастайды. Бірақ Тақан атаның мәсісінің қонышында ылғи бәкісі жүреді екен, сол пышағын суырып алып, еңгезердей сарттың сатанына екі-үш рет сұғып алуға күші жетеді. Әлгі «аһ» деп аунап түсіпті. Тақан ата оны өлтірмей, тастап кетпей, бір төсеніші бар екен, соған әлгіні жатқызып, жарасын таңып, өзін байлап, бүркеп, атқа өңгеріп, тиеген жүк құсатып алып жүріп кетеді. Өзі жаяу жетектеп, ашығып келе жатса, бір қойшыға жолығады. Шопаннан тамақ сұрапты, ол кездегі малшылар қарынға салып қуырдақ алып жүреді екен. Содан шопанның қуырдағына аттың үстіндегі «жүгін» айырбастайды. Шопан олжаға риза болып, тамағын береді де, жүк тиелген атқа барып ашып қараса, еңгезердей сарт болып шығады. Ол Тақан атаның артынан айқай салады, бұл бұрылмастан түйені жетектеп шаба жөнеледі... Сөйтіп жетім баланың түйесін аман жеткізеді.
Тақан атаның хикаясы өте көп. Бала кезде әкемді құшақтап алып, еркелетеді екен, өзін жас басқан кезде, қолына асатаяқ ұстап жүреді екен. Айға қарап түнде «балам, мына айды саған әперейін бе?» деп әзілдейді екен. Әкем оған сондай мықты кісі болғасын, шынымен де сенетін болса керек.
Керуен келе жатқанда анда-санда ғана құдық кезігеді, сонда түбіне түсіп, суын сарқып шығаратын да сол Тақан ата болыпты. Бір күні осындай сусыраған жағдайда, қауға тартушы кісі судың бәрін өз түйелеріне беріп, құдық түбін сарқып жатқан Тақан атаның малына бермепті. Бұны аңғарған Тақан ата, әлгіге, «құдыққа енді сен түс, мен малымды суарайын» депті. Әлгіні түсіреді де, құдықтың ауызын үлкен таспен жауып, бастырып тастайды. Оған жолдастары «әй, бұны не, өлтіресің бе оны?» деп жабылады. Ол: «бұндай жолдастың барынан жоғы» дейді де, керуенді жетектеп жүріп кетеді, бірақ ол келесі керуеннің келіп, бәрібір әлгіні құтқаратынын білген екен. Әлгі құдықтан ойбай салып жатқан үстінен түскен басқа керуеншілер одан қорқып, адам ба, жын ба, деп әлгіні әуре қылып, шығарып болмайды. Сөйткен Тақан ата Ауғанға да аман жеткен. Онда да талай қызық болыпты.
Ауғанға аманжеткен қазақтар бір қотыр сарайға тап болады. Ол бұрын атқора болған ба, әйтеуір еңселі қаңыраған сарай болуы керек, адам тұруға лайықсыз пана болыпты. Ашығып зорға жеткен қазақтар соны паналапты. Жергілікті ауғандар сойған малының қалған-құтқанын, бас-сирақтарын лақтырады екен. Бұлар соны талғажау етіп күнелтіпті.
Бір күні қазақтардың бұл тірлігін бір ауған көреді де, ауылдастарына барып, «мына қазақтар адам етін жеп жатыр» деп қауесет таратады. Содан ауған жігіттер жиналып келіп, қотыр сарайға басып кіреді. Олар келіп айқай салады: «Әй, қазақтар, сендер неткен айуансыңдар, адам етін неге жейсіңдер!..» деп. Содан бұлар адам еті емесін айтса, әлгілер сенбей, ақыры жанжал шығып, ауғандар қазақтарды сабай бастайды. Төбелесте қазақтар пытырай қашады да, Тақан атамыз ғана жалғыз қалып қояды. Тепкіге түскен Тақан ата, бір қазақ кемпірге айқай салады: «бақан әкел, бақан әкел» деп. Әлгі әжеміз де қауқарлы кісі болса керек, бір бақанды атамызға ұстатады. Содан атамыз ауғандарды жапырып, жалғыз өзі сабап тастайды. Біреуінің басын жарады, қолын сындырады, аяқтарын жаралайды. Ауғандар тым-тырақай қашады. Күштері келмегесін, енді ауғанның ақсақалдары қотырсарайға келеді. Содан ауған шалдары жігіттерінің басын жарып, қол-аяқтарын сындырғасын қазақтармен қаттырақ сөйлесуге келген ғой. «Біздің жігіттерді сабағандар шықсын былай!» деп бұйырады. Содан Тақан атамыз жалғыз өзі шығады. «Оларды сабаған мен едім, жалғызбын!» дейді. Содан таяқ жегендер де оны мойындайды, бұдан соң ауған ақсақалдар өз балдарына таяқ ала жүгіреді: «бір адамнан таяқ жеген сендерде обал жоқ!» - деп кіжінеді.Сөйтіп, ауған ақсақалдары кешірім сұрап, ауған мен қазақ арасы өте жақсы болып кетеді. Бұл Герат қаласының маңы екен.
Тақан атамыздың бір әдеті бар еді дейді. Ешкімге айтпастан жоқ болып кетіп, бірнеше уақыттан соң келетін. Оны әркім әр саққа жүгіртеді екен: біреулер ойлайды, барып, орыстармен соғысып келеді екен, болмаса ауғанның басқа жеріне барып өш алып келеді деп. Біреулер оны Қазақстаннан қашып келгендерге көмектесіп келіпті деп түрлі хабар тарап жатады екен. Әйтеуір, атамыз өле-өлгенше қазақ үшін барын салып кетіпті...
· Сонда Ауғанстанға қалай жеткен? Ауғандағы өмір қалай басталыпты?
· Қызыл өкіметтен қашқан қазақтар әуелі Үшқұдыққа жиналады, содан біршама күнелтеді, көмір тасиды, басқа қылады, әйтеуір жан бағады. Осылайша қарасы молайған қазақтар бір үлкен керуен түзеп, Әмударияны бойлап, Тәжікстанның үстімен Ауғанға өтеді. Содан ауған билігіне барып, жағдайларын айтады. Тұруға рұқсат, орын, жер сұрайды. Ауғанның сол кездегі патшасы Пәкстанмен арада өте ыстық, ауа райы қолайсыз мекен бар, сол маңға жайғастырады. Сол жерде канал қазылып жатыр екен, шамасы қазақтарды соған арзан күш ретінде жіберсе керек. Бұлар амалсыз сол жерге келеді. Канал қазуға жұмысқа тұрады. Бірақ көп ұзамай, жұқпалы ауру тарап, қырыла бастайды. Біреулері оба дейді, енді бірі судан көреді. Әйтеуір, әжемнен естігенім, біреуді жерлеп жатқанда,екіншісі өліп жататын дейді. Шыбындай қырылған ғой. Ол жерден кетейін десе, ауғандар жібермеген. Сөйтіп, ретін тауып, қазақтар ол жерден де бас сауғалап қашады.
Ауғандағы қазақтар бір жерге шоғырланбай, бытырап әр маңға, әр қалаға шашырап кеткен ғой. Қысқасы, әр қазақ өз жанұясымен бас сауғалаған ғой. Сөйтіп менің атам да Гератқа келеді. Сол қалаға келіп, түрікпендермен байланысады. Сол кезде түрікпенді Жөнейт хан билепті. Түрікпенге де қызылдар кіріп, оларды екіге жарып бір бірімен соғыстырып қойған екен. Сол Жөнейт хан бар мал-мүлкімен, бағынышты халқымен Иранға өтуге мәжбүр болыпты. Бірақ сол кезде Иранның билігіне совет өкіметі қашқандарды қайтаруға көндіреді, содан парсылар түрікпендерді қызылдарға бермек болғанда, олар бұны біліп қойып, ақыры қаша шайқасып, түрікпеннің Жөнейт хандығы орыспен де, қызыл түрікпенмен де, Иранмен де соғысуға мәжбүр болады.
Содан атамыз исламша сауатты болғасын Гератта көзге түсіп, түрікпеннің ханы бізде қал деп ұсыныс жасайды. Сөйтіп, бірнеше жыл түрікпен арасында тұрады. Түрікпен бала оқытады, молдалық құрады, әйтеуір жағдайлары жақсарады. Түрікпенде мал көп, молдаға жомарттық жасап, қонақ етеді, еңбекақы береді. Сол жерде Тақан атамыздың да тағы бір хикаясы бар. Оның кең шапаны бар екен, қонақта менің атама қойған қойдың басты алады екен де, қалтасына сүңгітіп жібереді екен дейді. Сондай ірі әрі киімі де кең болып тұр ғой. Соны әкеліп менің әкеме береді екен, құлағын кесіп, көзін шығарып, құйқасын турап дегендей. Өзі үйленбей, баласыз өтіпті.
Ал әжем болса, сондай ісмер, тігінші болыпты. Өле-өлгенше қыздың жасауын әзірлеумен кетті. Қыз-келіншекке өз қолымен тіккен қамзолы керемет болатын. Сөйтіп ұзатылған қыздың талайына қамзол тігіп беріпті. Осылай жүріп ол түрікпен әйелдерден кілем тоқуды да үйреніп алады. Ал түрікпендер кілем тоқуды жасырып ұстайды екен.Бірақ әжем сығалап жүріп, бар қитұрқысын үйреніп алған. Сөйтіп жағдайлары жақсарады.
Осылай ес жыйған қазақтар Ауғанстанның бас қалаларының бірі Гератқа жинала бастайды. Сөйтіп, қаланың екі көшесіне қазақтар қоныстанып, араласады. Сол жерге менің атам да отбасымен келеді. Содан бастарын көтерген қазақтар кәсіп аша бастады. Атам болса өз ісін ашып, қаракүл, елтірі жинап, жеміс-жидек теріп байларға өткізеді. Сосын ісі ұлғайып шетелдік саудагерлерге өткізетін болыпты. Қолға түскен ақшаға қазақтарды жұмысқа салып, жұмыс беріп, әлгі шаруасын дөңгелентуге жұмсайтын. Осылайша енді менің атам «молда Базар» емес, «молда Базарбай» аталатын болды.
Сол кезде Гератқа салған үйіміз кірпіштен еді де, заңғар сарай болды, ондай үйге көптің қолы жете бермейтін. Көпшілігі саманнан соғатын. Біздің сол кең үйімізде жағдайсыз ағайындарымыз тегін тұрды.
Анам айтатын, үйді жинағанда, кілем қаққанда,сыпырғанда арасынан талай алтын-күміс ақшалар шығатын дейді, атам арасына ұсақ-түйек тиындарды тастай салатын болған ғой. Сөйтіп, атам бізге үлкен жағдай жасап кетті...
Менің атам Ауғаннан қажылыққа ұшақ шыққанда бірінші барғандардың бірі болатын. Бірақ ұшақ сирек баратын, кейін әкем мен әжем қажылыққа ұшақпен емес, машинамен ғана барды. Сонда атамның ықпалы мен қайратына кәзір қайран қаламын. Атам сол қажылыққа барып келгесін, өзімен өзі болып, есінен айрылғандай күй кешеді. Баяғы байлық пен іскерлікті басқарған жанның жағдайы момындыққа көшеді. Оны әркім әр саққа жүгіртті. Атам қажылықта бір түс көрген екен деді, біреулер жүрегі тайған екен деді...
Сол атам үйінің жанынан өткен танитын-танымайтын адамның бәрін үйге шақырып, әжеме тамақ астырып қояды екен. Қысқасы, бұдүниенің қызығын тәркі етіпті. Содан көп ұзамай атамыз қайтыс болды. Әкем де аяғынан ревматизм болып ауырды да, атамнан қалған байлық бізді талай қиындықтан аман қалдырды. Атамнан қалған күре жолдың бойына салынған сарайды талай іске жалдап, соның рахатын көрдік қой. Кейін Ауғанстанда тыныштық бұзылды, соғыс басталды. Ауғандар да екіге жарылып соғысты. Әркімөзін қорғайтын ахуал туғанда, әркімге өзін қорғауға қару керек болды, ал біздің үйде үш тапанша болатын. Қарулы адамдар күзетіп тұрса да, бір күні бір топ қарақшылар келіп, үйдегі бағалы нәрсені тонап кетті. Бір емес екі рет тонады.Қолымызда қалған-құтқан, мыс тиындар, ескі кілемдер ғана қалды.
Әлгі үйдегі тапаншаларды әкем тығып тастаған, себебі, бір рет ұйқылы ояу бір туысымызды ұры деп атып ала жаздағаны бар еді. Содан жастығының астына қару ұстамайтын болған. Ұрылардың бір тонаған кезі есімде қалыпты, масахана құрылған тақтаның үстінде әкемнің қарындасы екеуміз жатқанбыз, оның баласы болмағасын, мені бауырына басқан еді. Түн ортасында тонап, айқай шығарғандардың шуынан оянғаным бар... Әкемнің дауысы қырылдап шыққаны есімде... бір ауған қылғындырса керек. Әкемді бақшаға апарып, тамағына пышақ тақап тапаншаны сұраған ғой. Мен үрейім ұшып, тым-тырыс жатырмын... Көпшілік әкемде тапанша барын білетін, ол бейбіт заманда тапаншаны алып, бөлшектеп, майлап-сайлап отыратын. Оның үстіне атамның қару сататын да дүкені болған-ды, Чехиядан қару әкеліп сататын еді...
Алманияда бір қазақ жігіт бар, жетім болған, сол арып-ашып жүргенде, үйленер кезі екен, ақшасы болмапты; біреу айтқан ғой, Гератта мықты бай туысың бар содан көмек сұрадеп жөн сілтепті. Содан ол Гератқа келіп, біздің үйді тауып алған, келсе, атам жәшік-жәшік қару-жарақ түсіріп жатыр екен. Содан атам жөн сұрап, бұған қару түсіртіпті де, жайын ұққасын бір жәшікті ашып, ішінен екі мылтық алып беріпті: біреу қалыңдығыңа, біреуі саған деп ұстатып жіберіпті. Сол жігіт атамның мықтылығын айтып, қайран қалып отыратын.
Сөйтіп, ақ пен қызылдың дәуірі Ауғанға да жеткен ғой. Бар байлығымыздан жұрдай болдық. Екі ағам болса ер жетіп қалған, олар соғысқа бармаудан қашып,тығылып жүрді. Үйдегі қалған-құтқан дүниені әкем сатып жіберді де, екі ағамды бала-шағасымен бірге Иранға өткізіп жіберді. Өйткені, шекарада да атамнан қалған талай байланыстар мен таныстар бар болатын. Соғыстың екінші жылы мен анаммен бірге Иранға өттім, әжем қалып қойды. Ол «мен кетпеймін, шалымның өз еңбегімен салған сарайын тастап кетпеймін, сендер кете беріңдер» деді. Сөйтіп әжем көрші-қолаңмен бірге үлкен сарайда жалғыз қалды. Ақыры ол да төзе алмай Иранға өтті де, сарайды сатып келейін деп қайтадан Ауғанстанға барды.
Ол кезде дүние-мүліктің бағасы түсіп кеткен, содан біреу жары ақшасын беріп, жартысын кейін берем деп созған. Қалған ақшаны бермей, қорқытып, жаның барда кет деп, сонымен жарты ақшамен әжем Иранға оралды. Соның өзінде соғыстың талай әуселесін көріп қалдық. Талай көршіміз, жақындарымыз атылды. Және де соғыс Гераттан басталған еді ғой...
Осылайша әулетіміздегі көштің екінші сатысы Иранға ауды. Әке-шешем, әкемнің қарындасы, екі ағам бала шағасымен, бәріміз Иранға аудық. Иран қанша дегенмен тұрақты ел ғой. Көзіміз ашылды, жаңа өміріміз басталды...
· Қазыр енді еуроқазақ болдыңыз ғой...
· Иә бірнеше тіл үйреніп, әйтеуір Данияда тұрақтап қалдым. Әлемге белгілі Сименс корпорациясының қызметкерімін. Анам Данияға келген соң екі жылдан кейін 2020 жылы қайтыс болды. Анамдай болған әкенің қарындасы Данияға келгесін екі жылдан соң қайтты. Сол енді, өзіміз бас көтеріп алғасын қазаққа болсын деп, Ауған қазақтарына болысып жатырмыз. Қайда жүрсек те басты құбыламыз Қазақстан ғой, соның амандығы мен өркендеуі. Атамекен аман болсын!
· Әңгімеңізге көп рақмет.