Әлемді елеңдеткен өңірлік экологиялық саммит 22–24 сәуір аралығында Астанада өтті. Үш күнге созылған саммитте көтерілген мәселе ұшан теңіз. Көптен айтылып келе жатқан баршаға ортақ «дімкәс» климатқа қатысты проблеманы кеңінен қаузап, құдайы көрші елдерге ортақ экологиялық мәселелерді созбақтатпай бір арнаға тоғыстыруға, нақты іс-әрекеттерге қадам басып, жол картасын әзірлеуге және аймақтық ынтымақтастықты тереңдете түсуге бастамашы болды бұл жиын. Аймақтық экожүйені сақтау, су және жер ресурстарын қорғау әрі бірлесе пайдалану саммитте басты тақырыпқа айналды.
Жиын аясында әлемнің 30 елінен келген 240-тан астам қатысушы «жасыл технологиялар» мен табиғатты қорғауға арналған озық жобаларын ұсынды.
Экологиялық саммит тек мемлекет аралық талқылаумен шектелмейтіні белгілі. Оның көркін ашатын көрме. Ол жерде маңызды деген дүниелер көпшілікке таныстырылады. Соның айқын дәлелі саммиттегі RES EXPO 2026 көрмесі.
Дәл осы алаңда «жасыл экономика» нақты технологиялар мен өндірістік жобалар арқылы саммиттің беделін асқақтатты. Айта кетер жайт, Орталық Азия елдерінің зауыттары мен ірі компаниялары қоршаған ортаға келетін зиянды азайтудың тиімді шешімдерін көрмеге алып келіпті.
Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысының ашылуында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух, Грузия Президенті Михаил Кавелашвили, Әзербайжан Премьер-министрі Али Асадов, БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ли Цзюньхуа, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының директоры Ингер Андерсен, сондай-ақ БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Татьяна Молчан баяндама жасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тұрақты болашақ – ортақ көзқарас» Өңірлік экологиялық саммитінде сөйлеген сөзі жиналғандарды бей-жай қалдырмағаны анық.
«...Біз беталысы беймәлім аумалы-төкпелі кезеңде жүздесіп отырмыз. Мұның зардабы өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа, миллиондаған адамның тұрмыс сапасына қаншалықты ауыр тиіп жатқанын егжей-тегжейлі айтудың қажеті жоқ. Соның салдарынан даму жолындағы күш-жігер, күрмеуі қиын экологиялық проблемаларға жұмсалуға тиіс ресурстар зая кетіп жатыр.
Бұл ретте халықаралық қоғамдастық ерекше рөл атқарады.
Сексен жыл бұрын құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы әлі күнге баламасы жоқ, әмбебап диалог алаңы екені сөзсіз. Алайда одан бері әлем түбегейлі өзгеріске ұшырады. Жасанды интеллект бүкіл адамзат санасын жаулап, күнделікті өмірге дендеп енді. Халықаралық құқықтың негізі саналатын БҰҰ Жарғысының бұлжымас беріктігі туралы жиі айтылады. Әйтсе де, ол – қалауыңа қарай тапсырыспен алдыратын жеңсік ас емес. Керісінше, БҰҰ Жарғысын біртұтас, жан-жақты құжат ретінде қабылдау керек. Оның ережелері дәл сол қалпында танылып, мүлтіксіз сақталуға тиіс.
Сол себепті БҰҰ және басқа да ірі халықаралық ұйымдар ауқымы мен сипаты жағынан бұрын-соңды болмаған әрі болжауы қиын өзгерістер дәуіріне қадам басқан қазіргі әлемнің ақиқатын қаперге алғаны жөн. Біз БҰҰ Жарғысындағы қағидаттарды халықаралық қарулы қақтығыстарға қатысты өз ыңғайымызға қарай қолданудан аулақ болуымыз қажет. Сонымен қатар көпжақты институттарға деген сенімге селкеу түспеуі керек. Дегенмен маңызды халықаралық мәселелерді шешуге олардың абырой-беделі жетпей жатқаны өкінішті.
Менің ойымша, экология мәселесінде таңдаулыларға басымдық беру әбестік. Көп жағдайда экологиялық күн тәртібін әзірлеу немесе қалыптастыру барысында түрлі аймақтар мен елдердің, әсіресе, экономикалық әлеуетін нығайтуға ден қойған дамушы мемлекеттердің қажеттіліктері мүлдем ескерілмейді.
Алайда дамыған елдер қазіргі экологиялық стандарттарға индустрияландырудың ұзаққа созылған үдерісінің нәтижесінде жеткенін естен шығармайық. Сондықтан жаһандық экологиялық модельге көшу үрдісі әділ, теңгерімді және ынталандырушы сипатта өрбуге тиіс...» – деді.
Диалог алаңында саммиттің мақсаты да айқындалды. Экожүйелерді, су және жер ресурстарын қорғау, қалпына келтіру әрі бірлесе пайдалану бойынша кешенді саясат пен тетіктерді қалыптастырып Орталық Азия өңірінің биоалуантүрлілігін сақтауға күш салу.













