Қазақстанда халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – әлеуметтік маңызы жоғары стратегиялық міндеттердің бірі. Бұл бағыт мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі ретінде қарастырылатындықтан, бұл салаға тәуелсіздіктен бері қарайғы уақытта баса назар аударылып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаны белгілі. Бұл Президенттің аталған саланың маңыздылығын ескере отырып жасаған көреген шешімдерінің бірі еді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев су саласына қатысты мәселені үнемі бақылауда ұстап, қатысты Үкімет пен қатысты министрліктерге тапсырмалар беріп, нақты міндеттер жүктеп отыр. Мәселен, Президент Үкіметке 2025 жылға дейін ел халқын дерліктей таза ауызсумен қамту тапсырмасын жүктеген болатын. Бұдан бөлек, су ресурстарын тиімді пайдалану ісіне де баса назар аударып отыр. Бұл тұрғыда су үнемдеу технологияларын енгізуді, суды тиімсіз пайдалануды шектеуді, тұтыну мәдениетін қалыптастыруды дәріптеп келеді.
2024 жылы Президент тапсырмасымен «Қазгидрогеология» ұлттық қызметі құрылды. Аталмыш мекеме құрылған күннен бастап жерасты су қорларын зерттеу және пайдалану жұмыстарына кіріскені белгілі. Министрліктің мәліметіне жүгінсек: «Елде 4 мыңнан астам жерасты су көздері барланған, олардың бекітілген пайдалану қоры жылына 15,7 млрд текше метр шамасында. Алайда бүгінгі күні бұл ресурс бекітілген қордың бар болғаны 7-10 %-ы ғана пайдаланылуда. Жерасты сулары жеткілікті зерттелмеген, қорлардың едәуір бөлігі барланбаған күйде қалып отыр, ал олардың нақты әлеуетін айқындау үшін қосымша ауқымды зерттеулер мен бағалау жүргізу қажет», – делінген.
Президент жүктеген тапсырмалардың қатарында инфрақұрылымды жаңғырту міндеті тұр. Мұнда тозған су желілерін жаңарту, барлық елді мекендерді орталықтандырылған жүйеге қосу, ұзаққа созылған жобаларды аяқтау міндетін қойды.
Қазір Су ресурстары және ирригация министрлігі өнімді жұмыстар атқарып жатыр. Министрлік таратқан мәліметтерге жүгінсек, бүгінгі таңда республикалық меншікте халқының жалпы саны 1 млн 330 мың адам болатын 546 ауылды сумен қамтамасыз ететін 26 топтық су құбыры бар екен. Мемлекет ауылдық жерлерді ауызсумен қамтамасыз етуге барынша көңіл бөліп отыр. Себебі бұрын ауызсу тапшылығы көбіне ауылдарда байқалған еді.
2024 жылдан бастап су құбырларын жергілікті атқарушы органдарға кезең-кезеңімен беру жұмысы жүргізіліп келеді. Ал сумен жабдықтау инфрақұрылымын жақсарту мақсатында министрлік 2025 жылы республиканың 9 өңірінде сумен жабдықтау объектілерін салу және қайта құру бойынша жалпы сомасы 103,2 млрд теңгені құрайтын 30 жобаны жүзеге асырған екен.
Бұдан бөлек, ендігі жерде ескі инфрақұрылымды жаңарту, су үнемдеу технологияларын енгізу және цифрландыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл өз кезегінде суды үнемдеп, істету мәселесіне айрықша серпін беретін жоба болмақ.
2026 жылы 13 қаңтарда Үкімет отырысында баяндама жасаған Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қол жеткізген табыстар туралы кеңінен атап өтті. Ол баяндамасында: «Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген қаражат сумен жабдықтау нысандарын салу бойынша ауқымды жұмыстарды жүргізуге асыруға мүмкіндік берді. Осының нәтижесінде белгіленген мақсатты индикаторларға қол жеткізіліп, асыра орындалды. Жыл қорытындысы бойынша жоспарланған 9 жобаның орнына 15 жоба аяқталды. Нәтижесінде 1 599 шақырым сумен жабдықтау желілері және 8 су құбыры кешенінің алаңы салынды, жалпы саны 514 мың адам құрайтын 277 елді мекенде су беру және сумен жабдықтауды жақсарту қамтамасыз етілді, оның ішінде 73 елді мекен алғаш рет орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізді».
Айта кету керек, егер 2021-2023 жылдар аралығында топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша аяқталған жобалар саны бар болғаны 6 болса, соңғы екі жылдың ішінде 22 жоба аяқталып, пайдалануға берілді, бұл жалпы саны 722 мың адамы бар 326 елді мекенде сумен жабдықтауды жақсартуға мүмкіндік берді», – деді.
Әрине, қол жеткізген табыстарымыз мол. Ресми мәліметтерге көз жүгіртер болсақ, еліміз тұрғындарының мөлшермен 98-99%-ының ауызсу мәселесі шешілген екен. Мұнда қалаларда сумен қамту деңгейі 99%-дан жоғары, ал ауылдық жерлерде 97%-ға жеткен. Шөлейтті аймаққа орналасқан, негізгі су қайнарларының көбі сыртқы ағыс өзендеріне тәуелді мемлекет үшін бұл өте жоғары көрсеткіш дер едік.
Қазақстанда ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Соңғы жылдары инфрақұрылымдық жобалар саны артты, қаржыландыру көлемі ұлғайды, ал қамту деңгейі тарихи максимумға жетті. Дегенмен, кейбір ауылдарда әлі де мәселелер сақталуда. Сондықтан алдағы негізгі міндет – Президент жүктеген тапсырманы толық орындап, елдің барлық өңірін сапалы ауызсумен 100% қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмыстар тек инфрақұрылыммен шектелмейді. Су ресурстарын тиімді пайдалану, үнемдеу мәдениетін қалыптастыру және экологиялық тұрақтылықты сақтау – Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуындағы басты факторлардың бірі болып қала бермек.














