Бұл оқиға осыдан оншақты жыл бұрын болды. Бала кезден қайнатылған жүгеріні сүйсініп жейтінім бар. Ол кезде жиһаз дүкенім жақсы жұмыс жасап тұрған. Тауарға тапсырыс беретін болып облыс орталығы Шымкентке жол тарттым. Жүз елу шақырым жүріп баратын тәп-тәуір алыс жол. Базарға соғып, керек заттарымды да ала қайтпақшы болып әуелі «Алаш» базарына соқтым. Оны мұны алып шыға берістен қайнаған жүгерінің екі данасын ала шықтым. Жиһазды көтерме бағада сататын қойма қаланың екінші шетінде болғандықтан көлік тізгініне отыра салып жүгерімді кеміріп келем. Қоймаға жақындағанда ұялы телефоным безілдеп қоя берді. Сүйсініп жеп келе жатқан жүгерім де таусылуға шақ қалған. Жүгері собығын қалтаға салдым да, телефонға жауап бердім. Сөйлесіп болып байқамай телефонымды да собық салған қалтаға тастай салғам ғой, ертерек тірлігімді бітірейін деген оймен сөйтіп қалтаны қоқысқа тастай сала дүкенге кірдім. Жұмысымды бітіріп , көңілім жайланып ауылға қарай тартып кеттім. Жол-жөнекей телефонымды іздемегем ғой, үйге жетіп шай ішіп, көңіл жайланған соң ғана іздедім. Әрі-бері қарап таппаған соң қоңырау шалсам , қоңырау барып тұр. Екі үш рет қоңырау шалғаннан соң ғана бір бала жауап берді.
– Саламатсыз ба? – деп сыпайы сәлем берген жас баланың жауабына
– Амансың ба балам, сен кімсің? – деп қарсы сұрақ қойдым.
– Апай телефоныңыз қоқыста шырылдап жатқан соң көтердім , қайда апарайын? – деді жас бала.
– Айналайын, қиналмасаң сен тұрған жерден бір аялдама әріде құрбыма жеткізіп бере аласың ба? – деп өтіндім.
– Әрине, әпше, астымда велосипедім бар,– деді арғы жақтағы бала.
Шамалы уақыттан соң құрбым қоңырау шалып, бір жас бала менің телефонымды әкеліп тұрғанын айтты. Құрбыма тұтқаны әлгі балаға беріуін өтініп, «балам, ұялы телефоныңның нөмірін айта қойшы, бірлік толтырып берейін», – дедім.
– Әпше, менің телефоным жоқ, – деп күлді әлгі бала.
– Жаным-ау, онда күте тұр, қасыңдағы әпке сүйіншіңді беріп жіберсін, – дедім аптығып.
– Жоқ, әпше, рахмет, – деп жас бала тұтқаны құрбыма бере қойды. Құрбым үйіне кіріп ақша алып шықса, әлгі бала кетіп үлгеріпті.
Жаным-ау, сені тәрбиелеген ата-анаңа рахмет! Сол жерде телефонды алып кетсе де қолдан не келер еді? Осы оқиға есіме түскен сайын әлгі балаға алғысымды айтып отырам.
Міне «Шымкентский вариант» бізде осындай! Білмегендер біле жүрсін!